Лиссабонда баратын 30 жер

Лиссабонда баратын 30 жер
Гидтер 37 мин оқисыз
21.08.2026

Лиссабонда баратын 30 жер

Португалия астанасының әр жерін көрейік

Лиссабон Тежу өзенінің солтүстік жағасында орналасқан, Атлант мұхитынан 15 шақырымдай қашық жатқан қала. Редакторымыз Португалияның астанасына аяқтай барып, сіздерге көретін жерлерін тізіп шықты. 

📖 Тарихы. Рим дәуірінде Лиссабон Олисипо деп аталған. Кейін Вестгот корольдігінің құрамына кіріп, VIII ғасырдан бастап мұсылмандарға бағынған. Сол кезде қала әл-Ушбуна деп аталған.  

1147 жылы Лиссабонды Португалияның тұңғыш королі Афонсу Энрикеш басып алған. XIII ғасырда қала елдің астанасына айналды. XV–XVI ғасырларда ерекше қарқынмен дамып, Еуропадағы ең ірі порттардың біріне әрі португал теңіз экспедицияларын аттандыратын сауда орталығына айналды.  

Қаланың тарихындағы бетбұрыс кезең 1755 жылғы жер сілкінісі болды. Табиғи апаттан кейін өрт шығып, Тежу жағынан келген алып толқындар қаланы одан әрі ойсыратып тастады. Лиссабонның тарихи орталығының едәуір бөлігі қирап, кейін маркиз де Помбалдың басшылығымен қайта салынды. Сондықтан қазір мұнда орта ғасыр көше құрылымы XVIII ғасырда бой көтерген кварталдар, сарайлар, өнеркәсіп сәулет нысандарымен және заманауи ғимараттармен қатар тұр. 

Лиссабонда көретін жерлер

Белен мұнарасы

Белен мұнарасы Белен деген ауданда, кезінде португал кемелері Африка, Азия және Оңтүстік Америка жағалауларына аттанған жерде тұр. Мұнара Тежу өзенінің сағасын қорғау үшін салынған әрі Лиссабон айлағына кіретін жолдарды бақылап, қалаға келген кемелерді қарсы алуға тиіс болған.  

Ғимараттың сәулетінде бекіністердің екі түрлі үлгісі үйлесім тапқан. Бес қабатты мұнара орта ғасыр донжонына ұқсаса, оған жалғасқан, атыс саңылаулары бар аласа бастион XVI ғасырдағы заманауи әскери құрылыс болған. Зеңбіректер шеңбер сияқты қойылып, кез келген бағытқа дерлік оқ атуға мүмкіндік берген. Алайда Белен мұнарасы кәдімгі әскери бекініске ұқсамайды: қабырғаларына түрлі ою-өрнек, сәндік элементтер мен балкондар салынып, елтаңбалар қойылған. 

Қасбеттерінен тасқа қашалған арқандар мен түйіндер, армилляр сфералар, Иса алқасының крестерін, I Мануэлдің елтаңбаларын, мал-жануардың бейнелері мен күмбезді мавр мұнараларын көресіз. Өзенге қараған оңтүстік қапталында әдемі лоджия тұр. Ол қорғаныс үшін емес, кемелер келгенде немесе жолға шыққанда өткізілетін салтанатты рәсімдерге арналған. 

Бастионның солтүстік-батыс жағында көзге түсе бермейтін ерекше деталь бар — тасқа қашалған мүйізтұмсық басы. Ол Антика дәуірінен кейін Батыс Еуропа өнерінде пайда болған алғашқы мүйізтұмсық мүсіндерінің бірі саналады. 1515 жылы бұл жануар Үндістаннан Лиссабонға I Мануэл патшаға сыйлық ретінде жеткізілген. Еуропаға мүйізтұмсық әкелінгені үлкен сенсация болды, тіпті Әбрехт Дүрердің әйгілі гравюра жасауына шабыт берген. Бір қызығы, суретші жануарды ешқашан көрмеген. 

Мұнараның ішінде бұрын зеңбіректер орналасқан зал, губернатор бөлмесі, патша залы, шіркеу мен ашық терра бар. Бөлмелер шағын, ал қабаттарды тар бұрандалы баспалдақ жалғайды. Сондықтан келген туристердің қозғалысы реттеліп отырады. Жоғарыға көтерілгенде Тежу өзені, 25 сәуір көпірі, Теңіз саяхатшыларына арналған ескерткіш мен Белен ауданы көрінеді. 1983 жылы Белен мұнарасы Жеронимуш монастырымен бірге ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралары тізіміне енді. 

Біз мұнараның ішіне кіретін билет алған жоқпыз: бағасы — 15 еуро екен. Жай өрнекті тас қасбетін сыртынан тамашалаған жақсы болады-ау дедік. Ал Тежу өзенінің үстінен күн батқанын және 25 сәуір көпірін қызықтау үшін мұнда кешке келген жөн. 

Әулие Георгий қамалы

Лиссабонның тарихи көрікті жерлерінің бірі болған бұл қамал қаланың ең биік төбесінде тұр. Бекіністен Алфаманың қызыл шатырларын, қала орталығы, Тежу өзені мен 25 сәуір көпірін көруге болады.

Қамалға Әулие Георгий аты қаланы жаулап алғаннан әлдеқайда кейін берілген. XIV ғасырда патша І Жуан бекіністі рыцарлар мен жауынгерлердің қамқоршысы, әсіресе Англияда ерекше құрметтелетін Әулие Георгийге арнаған.

XVI ғасырдың басына дейін қамалдағы сарай негізгі патша резиденцияларының бірі болған. Мұнда король шетел елшілерін қабылдап, салтанатты шаралар өткізген. Үндістаннан оралған Васко да Гаманы да осы жерде отырып қарсы алған. Кейін сарай Тежу өзенінің жағасындағы жаңа Рибейра сарайына көшірілді. Ал 1755 жылғы жер сілкінісі сарай кешенінің едәуір бөлігін қиратып, бекініс қабырғаларына да зақым келтірді.

1930–1940 жылдары мұнда ауқымды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді: қабырғалар мен мұнаралар қайта жөнделіп, кейінірек салынған ғимараттардың бір бөлігі бұзылды.

Бекіністің мұнараларына көтеріліп, қаланы әр қырынан тамашалауға болады. Улисс мұнарасында камера-обскура бар. Бұл — айналар мен линзалар арқылы қазіргі Лиссабонның панорамасын дөңгелек экранға нақты уақыт режимінде түсіретін жүйе. Қамалға кіретін билеттің бағасына экскурсияның құны қосылған (17 еуро). Алайда экскурсия күн жақсы болғанда және бос орындар болғанда ғана өткізіледі.

Праса ду Комерсиу алаңы

Лиссабонның салтанатты алаңы әрі Тежу өзені жағынан қаланың тарихи орталығына кіретін бас қақпасы. Аты қазақшаға «Сауда алаңы» деп аударылады. Дегенмен португалдар оны әлі күнге дейін Террейру ду Пасу, яғни «Сарай алаңы» деп те атайды екен.

1755 жылғы 1 қарашада болған жойқын жер сілкінісінен кейін цунами мен өрт шығып, ескі сарай мен оның айналасындағы ғимараттардың басым бөлігі қирап қалған.

Праса ду Комерсиу жаңа Лиссабонның нышан қақпасына айналды. Алаңның үш жағын ұзын аркалы, бір үлгіде салынған сары ғимараттар қоршап тұр, ал төртінші жағы өзенге қарай ашық қалдырылған. Алаңның ортасында 1775 жылы орнатылған король І Жозенің ат мінген мүсіні тұр.

Өзен жағында Кайш даш Колунаш, яғни «Бағандар айлағы» тұр. Мәрмәр баспалдақ суға дейін түседі, ал екі баған бұрынғы салтанатты айлақтың орнын көрсетіп тұрғандай. Ғасырлар бойы дәл осы жерге монархтар, президенттер мен елшілер кемеден түсіп, жағаға шыққан.

Қазір бұл алаңда түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мысалы, бізге футболдан әлем чемпионатының финалын тамашалау бұйырды. Лиссабон билігі алаңға алып экран орнатып, тамақ пен су сататын шағын дүңгіршектер қойып, әлем чемпионатының финалын тегін көрсетті. Көрермендер екі топқа бөлініп, әрқайсы өз командасына жанкүйер болды. Атмосферасы ерекше әрі өте қызық еді! 

Лиссабон океанариумы

Бұл көрнекі жер Ұлттар саябағы деген 1998 жылғы Expo дүниежүзі көрмесіне арнап салынған жерде (Parque das Nações) тұр.

Ғимараттың ортасында 5 миллион литр теңіз суы құйылған алып аквариум бар. Онда акула, скат, барракуда, ұсақ балықтар үйірлері мен океанариумның ең ерекше тұрғындарының бірі саналатын айбалық бірге жүзіп жүреді. Қонақтар үлкен панорама терезелерден бір аквариумды әртүрлі қабаттан және әр қырынан тамашалай алады. Жоғарғы жақтан су бетіне түскен жарықты көрсеңіз, төменгі қабаттарда мұхит түбіне жақын тұрғандай боласыз.

Аквариумдардың шекаралары көзге бірден байқалмайды. Сондықтан барлық жануар біртұтас су әлемінде тіршілік етіп жатқандай көрінеді. Алайда шын мәнінде жыртқыштар, құстар мен әртүрлі климат аймақтарынан келген жануарлар арнайы бөгеттердің арқасында бір-бірінен бөлінген. 

Тұрақты экспозицияда шамамен 500 түрге жататын 8 000-ға жуық теңіз жануары бар.

Билетінің бағасы уақытына қарай өзгереді: ересектерге 25–29 еуро, балаларға 15–17 еуро. Қазіргі бағалар мен сеанстардың кестесі океанариумның ресми сайтында жарияланған.

№28 трамвайы

Бастапқыда қаланың ішінде жүретін кәдімгі көлік болған бұл трамвай уақыт өте келе Лиссабон символдарының біріне айналды. Оның танымал болуына түрткі болған фактор — жүретін жолы. Шағын вагон заманауи ұзын трамвайлар кіре алмайтын ескі аудандармен жүріп, тік төбелерді айналып өтеді. Кей жерде үйлерге жақын өткені соншалық — терезесінен балкондар мен азулежу тақтайшаларындағы өрнектерді анық көруге болады.

Ескі вагондар туристерге ерекше атмосфера сыйлау үшін ғана пайдаланылмайды. Олар заманауи көлікке қарағанда шағын болғандықтан, тар бұрылыстардан оңай өтіп, тік өрлерге көтеріле алады.

28E трамвайының бағыты Мартин Мониш алаңын Кампу ди Орики ауданымен және Празереш зиратының жанындағы соңғы аялдамамен жалғап отыр. Жол бойында трамвай Моурария, Граса, Алфама, Байша, Шиаду, Сан-Бенту аудандары мен Эштреладан өтеді. Бір сапардың өзінде орта ғасыр көшелерді де, XVIII–XIX ғасырларда қалыптасқан аудандарды да қызықтайсыз.

Жолдың ең көркем бөлігі Мартин Моништен жоғары көтерілгеннен кейін басталады. Трамвай Граса ауданынан өтіп, кейін Портас ду Сол шолу алаңы мен Санта Лузия шіркеуінің жанынан төмен түседі. Бұл жерден Алфаманың қызыл шатырлары мен Тежу өзенінің әсем көрінісі ашылады. Одан әрі трамвай Лиссабон соборын айналып өтіп, Байша орталығына, Луиш де Камоэнс алаңы мен Шиаду ауданына жетеді. Содан кейін парламент ғимаратының, Эштрела базиликасы мен аттас бақтың жанынан өтеді.

Жолмен бастан-аяқ жүріп өтуге 50–60 минуттай уақыт кетеді. Дегенмен жолдағы кептелістің кесірінен біраз ұзаруы мүмкін. Трамвай кәдімгі көшелермен жүретіндіктен, дұрыс қойылмаған көлікке, жол жөндеу жұмыстарына немесе көлік қозғалысының тығыздығының кесірінен тоқтап қалуы ықтимал. Сондықтан таңертең ерте келген дұрыс я Празереш зиратының жанындағы қарама-қарсы соңғы аялдамадан мінген абзал. 

Бір рет мінетін билеттің құны — 3,30 еуро. Алдын ала метро станциясынан Navegante көлік картасын толтырып алыңыз: zapping жүйесіне сай бір сапар 1,72 еуро, ал Carris/Metro көліктеріне арналған бір күндік билет 7,25 еуро тұрады. 

Аугушта көшесі

Байша ауданының басты жаяу жүретін көшесі. Коммерция алаңындағы Салтанатты аркадан басталып, Россиу алаңына аяқталады. Қазір мұнда дүкен, дәмхана мен мейрамханалар бар, көшенің бойында әртістер өнер көрсетіп тұрады.

Көшенің аты I Жозе патша мен оның augustíssimo (қадірлі) деген лауазымына қарап қойылған. Көршілес көшелерге кәсіп пен тауар аттары берілген: Rua dos Sapateiros етікшілерге, Rua dos Correeiros белдік пен әбзел жасаушыларға, Rua da Prata күміске, ал Rua do Ouro алтынға арнап қойылған. Осылай саудагерлер мен қолөнершілер кварталдарға бөлініп орналастырылған.

Көшенің ең негізгі көрікті жері — Аугушта аркасы. Сәулетшілер оны жер сілкінісінен кейін жобалай бастаған, бірақ қазіргі нұсқасы 1875 жылы ғана салынып болған. Төменде Васко да Гама, Помбал маркизі, қолбасшы Нуну Алвареш Перейра және римдіктердің Пиреней түбегін жаулап алуына қарсы тұрған Вириат бейнеленген.

1980 жылдардың аяғынан бері бұл көшеге көліктер кіре алмайды. Оның жолы ақ әктас пен қара базальттан жасалып, дәстүрлі португал кәлсада (кальсада) стилінде төселген.

Мұндай жол өте әдемі көрінеді, бірақ өте тайғақ болады. Жаңбыр жаумаса да! Сондықтан абайлап жүріңіз, әсіресе көтерілгенде не түскенде. 

Келуш сарайы

Келуш сарайы Лиссабон мен Синтраның арасында орналасқан, XVIII ғасырда салынған, қазір Португалияның ең көрнекті патша резиденцияларының бірі саналады.

XVII ғасырда сарайдың аумағы португал монархтарының кіші ұлдарына арналған Каза-ду-Инфантаду иелігінің құрамына кірді. 1747 жылы III Педру ханзада болған шағында сәулетші Матеуш Висенте де Оливейраға сонда тұрған үйін қайта салуды тапсырады. 1760 жылы Педру мен тақ мұрагері Мария үйленетіні жариялағанда резиденцияны кеңейтіп, король сарайына айналдыру жұмыстары басталды.

Сарайдың ең әдемі бөлмесі — 1770 жылдар шамасында салынған Тақ залы. Алтын жалаған өрнекті әшекейлер, айналар, хрусталь шамдар мен үлкен терезелер залды бақтың жалғасы іспетті етіп көрсетеді. Бұрыштарында атланттардың жұп мүсіндері тұр. Бастапқыда бұл залда балдар мен салтанатты қабылдау рәсімдер өткізілген, кейін ол ресми Тақ залына айналды. Қазір де онда мемлекет іс-шаралар өтіп тұрады.

Елшілер залы бұрын Серенада залы деп аталған. Мұнда III Педру пен І Марияға арнап сарай музыканттары өнер көрсеткен. Төбесіне концерт тыңдап отырған король отбасының бейнесі салынған.

Сарайдың басқа бөлмелерінің арасында Музыка залы, капелла, азулежу тақташалары жапсырылған дәліз бен Дон Кихот бөлмесі ерекше көзге түседі. Дон Кихот бөлмесі деген ат қабырғаларында Сервантестің романындағы сахналар бейнеленгенінен шыққан. Дәл осы бөлмеде 1798 жылы Португалия королі әрі тәуелсіз Бразилияның алғашқы императоры болған IV Педру туған.

Сарайдың бағы француз стилінде салынған. Түзу аллеялар, геометрия пішіндегі гүлзарлар, субұрқақтар мен мүсіндер сарай залдарының сырттағы жалғасы іспетті. Мүсіндердің ішінде Лондондағы Жон Чир шеберханасында жасалған мифология кейіпкерлерінің қорғасын мүсіндер аса қызық.

Саябақтың ең ерекше бөлігі — қабырғаларына көк-ақ түсті азулежу паннолар салынған канал. Онда айлақ, сарай, аңшылық көріністері мен сарай өмірінен алынған сәттер бейнеленген. Бұрын каналдағы су жеткілікті болғанда шағын қайықтар мен гондолалар жүзіп, түрлі қойылымдар қойылған, ал сарай қонақтары жағадан тамашалаған. Мұнда Үлкен сарқырама, субұрқақтар мен қалпына келтірілген ботаникалық бақ та сақталған.

Элевадор ди Санта Жушта

Байшаның төменгі бөлігін қаланың биіктеу тұсында орналасқан Карму алаңымен жалғап тұрған тік лифт.

XIX ғасырдың аяғында Лиссабонның төменгі және жоғарғы аудандарының биіктік айырмасы тұрғындарға ыңғайсыз болады. Ол кезде жұрт көбіне жаяу немесе ат жегілген көлікпен қатынайтын. Байшадан Шиаду ауданына жету үшін тік баспалдақтармен көтерілуге тура келетін. Осы мәселені шешу үшін инженер Раул Мезньер дю Понсар қаланың екі бөлігін жалғайтын механикалық лифт жобасын ұсынды.

Санта-Жушта лифті 1902 жылғы 10 шілдеде ашылды. Биіктігі 45 метр құрылыс екі металл мұнарадан тұрады. Оның ішінде бір-біріне қарсы салмақ ретінде қызмет ететін екі кабина қозғалады. Кабиналардың іші ағаштан жасалып, жез бұйымдар мен айналар қойылған.

Лифтімен көтерілуге ары кеткенде бір минут кетеді. Бірақ туристер көп келетін маусымда кезек күтуге тура келеді.

Қазір лифт уақытша жабық! Сыртынан тамашалап, суретке түсуге болады, бірақ ішіне мініп, көтеріле алмайсыз. 

Лиссабонның ерекше көрікті жерлерін араласаңыз, Элевадор ди Санта Жуштаның жоғарғы алаңына соғып кетіңіз. Ол жерден Байша ауданы мен Карму монастырының қирандылары жақсы көрінеді.  

Жеронимуш монастыры

Жеронимуш монастыры Лиссабонның Белен ауданында, бұрын Риштелу жағалауы болған жерге жақын орналасқан. Кезінде осы маңнан кемелер аттанып отырған. Сондықтан монастырдың архитектурасы мен декорынан теңізге арналып салынғаны көрініп тұр.

Монастырдың орнында бұған дейін Теңізші Энрике ханзаданың бұйрығына сай салынған Санта Мария ди Белен деген шағын шіркеу болған. Бір аңызға сенсек, Васко да Гама мен оның командасы Үндістан экспедициясына аттанар алдында осында дұға оқыған. Олар сапардан оралғаннан кейін екі жыл өткен соң король I Мануэл үлкен монастыр салыңдар деп бұйрық береді. Ол Португалияның жаңа теңіз державасы ретіндегі даңқын асқақтатып, Авиш әулеті өкілдерінің мәңгілік мекеніне айналуға тиіс еді.

Монастыр салуға Рим папасы1496 жылы рұқсат берген. Құрылыс жұмыстары 1501–1502 жылдары басталып, ара-тұра тоқтап тұрғаны болмаса жүз жылға жуық уақыт дегенде әрең аяқталған.

Король монастырды Әулие Иероним алқасының монахтарына тапсырған. Оның Жеронимуш деп аталғаны да осыдан. Монахтар мұнда король үшін дұға оқып, қажылар қабылдаған, алыс сапарға аттанған теңізшілерге рухани қолдау көрсеткен. Алқаның өкілдері 1833 жылға дейін осында тұрған. Сол жылы Португалияда діни қауымдастықтардың қызметі тоқтатылды.

Монастырдың ең әдемі жері — екі қабатты клуатр. Клуатр деген — айналасын төбесі жабық галереялар қоршаған ішкі аула. Оның бағандары мен аркаларына кеме, экзотик гүл, мифология жануары, патша елтаңбасы, кірес, армилла шарлары ою-өрнектері салынған. Бейнелер бірегей, бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан галереяны асықпай аралаңыз, әр ою-өрнегін қызықтаңыз. Клуатрдың батысында тұрған Фернанду Пессоаның қабіріне соға кетіңіз.

Жеронимушты аралап болған соң жақын маңдағы Pastéis de Belém кондитерлік дүкеніне соғып, әйгілі паштейштен ауыз тиіңіз. Паштейш деген — қатпарлы қамырдан жасалған, ішіне тәтті крем салынған шағын бәліш. Үстіне даршын не қант ұнтағын сепкен жақсы. Паштейшті алып кетіп, жақын маңдағы саябаққа барып жеңіз. Дүкенде отырып жеймін десеңіз, кезек күтесіз. Ең абзалы — монастырға жабылатын кезде барыңыз да, паштейш жеуге тоғызға таман барыңыз, сонда адам аяғы аз болады.  

Лиссабон соборы

Лиссабон соборы немесе Се — қаладағы әлі күнге дейін ашық тұрған ең көне ғибадатхана әрі Лиссабон патриархатының бас шіркеуі. Sé сөзі латынның sedes («тақ», «орын») сөзінен шыққан әрі епископтың кафедрасы орналасқан шіркеу дегенді білдіреді. Ғибадатхананың толық аты — Санта-Мария-Майор соборы.

Собордың құрылысы 1147 жылы король Афонсу Энрикеш Лиссабонды жаулап алғаннан кейін басталған. XIV, XVI және XVIII ғасырларда болған жер сілкіністері ғимаратқа айтарлықтай зақым келтірді. Соның ішінде 1755 жылғы жойқын жер сілкінісінің зардабы ерекше болды.

Ғибадатхананың ішінде алып бағандар, жартылай шеңбер пішінді аркалар мен күңгірт орталық неф сақталған. Бас алтардың артында готикалық деамбулаторий, шағын капеллалар мен орта ғасыр құлпытастары орналасқан айналма галерея бар. Туристер сондай-ақ жоғарғы хор, қос мұнараның арасында тұрған балкон және жәдігерлер, көне қолжазбалар, діни киімдер мен зергерлік бұйымдар сақталған қазына бөлмесін аралай алады.

Собордың басты жәдігерінің Лиссабонның қамқоршысы саналатын әулие Висентке қатысы бар. Бір аңызға сенсек, оның сүйегін қалаға жеткізген кемеге екі қарға жол бойы ілесіп ұшқан. Сондықтан Португалия астанасының елтаңбасында тұмсығы мен арт жағында құстар бейнеленген кеме бар.

Туристерге арналған билеттің құны — €7, Lisboa Card картасы барлар мен 7–12 жасар балалар €5 төлейді. Жексенбі күндері, діни мерекелерде және құлшылық кезінде соборға кіре алмайсыз.

Базилика да Эштрела

Лиссабондағы ең әдемі шіркеулердің бірі. Оның ақ күмбезі қаланың батыс бөлігі мен бірнеше шолу алаңынан анық көрініп тұрады.

Шіркеудің аты I Мария патшайымның атымен байланысты. Ол таққа отырмай тұрып-ақ мұрагерім туғанда шіркеу салдырам деп уәде берген екен. 1761 жылы Жозе деген  ханзада дүниеге келгенімен Мария бұл уәдесін таққа отырғаннан кейін ғана орындай алды. Құрылыс жұмыстары 1779 жылы басталып, он жылдан кейін аяқталған. 

Ғимараттың симметриялы қасбетін екі қоңырау мұнарасы көмкерген, ал ортасынан биік тұғырға орнатылған үлкен күмбез тұр. Шіркеудің іші сыртқы көрінісіне қарағанда әлдеқайда сәнді безендірілген. Қабырғалары мен еденіне сұр, қызғылт, сары және қара мәрмәрдан геометриялық өрнектер салынған.

Оң жақ көлденең нефте I Мария патшайымның қабірі орналасқан. Мұнда назар аударарлық тағы бір жәдігер бар. Ол — Жуакин Машаду де Каштру мен оның шеберханасы жасаған Крисмас вертепі. Композиция шамамен 500 терракота мен тығын ағашынан жасалған мүсіннен тұрады. Онда Інжіл кейіпкерлерінен бөлек Португалияның XVIII ғасырдағы өмірін бейнелейтін қолөнершілер, саудагерлер, музыканттар, жануарлар мен тұрмыс көріністері бар.

Рұқсат етілсе, базиликаның төбесіне көтеріліп, күмбездің айналасын аралап шығыңыз. Ол жерден қаланың батыс бөлігін, Тежу өзені мен 25 сәуір көпірін тамашалауға болады. Элевадор ди Санта Жушта мен Әулие Георгий қамалына қарағанда базиликаға баратындар аз. Сондықтан айналаны асықпай қызықтайтын мүмкіндігіңіз бар. Ғибадатханаға қарама-қарсы жерде Эштрела бағы орналасқан, ал қасында №28 трамвай аялдайды.

Berardo заманауи өнер музейі

Бұрынғы гайдтарда жазылатын «Berardo коллекциясы музейі» деген ат қазір ескірген. Музей 2006–2022 жылдар аралығында осылай аталды, 2023 жылы MAC/CCB — Заманауи өнер музейі және Белен сәулет орталығы болып қайта құрылды. Ол қазір де Белен мәдени орталығында тұр. Алайда қазір мұнда Берардо коллекциясындағы туындылармен қатар мемлекеттік және жеке коллекциялардан алынған өнер туындылары да бар. 

Белен мәдени орталығы 1990 жылдардың басында салынған. Қызғылт реңкті әктастан тұрғызылған алып кешен ішкі аулалары, өткелдері мен террасалары бар заманауи қамал іспетті. Мұнда музейден бөлек концерт және театр залдары, дүкендер мен дәмханалар да бар.  

Экспозицияның басым бөлігі — кәсіпкер Жозе Берардоның коллекциясы. Онда 500 суретшінің 900 туындысы жиналған. Бұл жинақ XX ғасыр басындағы батыс өнері модернизмнен бастап бүгінгі фотосурет, бейнеөнер мен инсталляцияларға дейін қалай дамығанын көрсетеді. Коллекциядан Пабло Пикассо, Сальвадор Дали, Рене Магритт, Френсис Бэкон, Энди Уорхол, Паула Регу мен басқа да танымал суретшілердің туындылары жиылған. 

MAC/CCB коллекциясындағы барлық туындыны бір мезгілде көрсетпейді. Оларды түрлі тақырыпқа бөліп, көрмелерді үнемі жаңартып отырады. Сондықтан музейге барардан бұрын ресми сайттағы көрме бағдарламасын қарап алған жөн. Тұрақты экспозиция XX ғасырдың басынан бүгінгі күнге дейінгі өнерді қамтиды, ал уақытша көрмелер өнер мен сәулет тақырыптарына арналған. 

Стандарт билеттің құны — €15. Оған өтіп жатқан барлық өнер және сәулет көрмелеріне кіру кіреді.  

Ел-жер ашқандарға арналған ескерткіш

Лиссабонның Белен ауданын аралағанда, Ел-жер ашқандар ескерткішіне де көтеріліп көріңіз. Ол жақтан Жеронимуш монастыры, Тежу өзені мен алып жел раушаны алақандағыдай көрінеді.

Белен жағалауындағы тас «каравелла» Ұлы ел-жер ашу дәуірінен қалған ескерткішке ұқсайды. Алайда ол әлдеқайда кейін салынған. Ескерткіштің алғашқы нұсқасы 1940 жылы Португалияда өткен дүниежүзі көрмесіне арнап уақытша материалдардан тұрғызылған. Ал бетон мен әктастан жасалған қазіргі монумент 1960 жылы Теңізші Энрикенің дүниеден озғанына 500 жыл толғанына орай ашылды.

Биіктігі 52 метр ескерткіш кеме тұмсығына да, желкен мен Тежу өзеніне қарай бағытталған креске де ұқсайды. Мүсіндер шеруінің басында қолына каравелланың макетін ұстаған Теңізші Энрике тұр. Оның артынан тағы 32 тарихи тұлғаның мүсіні іркес-тіркес салынған. Олардың арасында Васко да Гама, Бартоломеу Диаш, Фернан Магеллан мен Луиш де Камоэнс бар. Композициядағы жалғыз әйел — Энрикенің анасы, Ланкастер әулетінен шыққан Филиппа патшайым.

Монументтің алдында диаметрі 50 метрге жетер-жетпес жел раушаны тұр. Оны 1960 жылы Оңтүстік Африка үкіметі Португалияға тарту еткен. Ортасындағы картаға португал экспедицияларының бағыттары мен күндері бейнеленген. Жерден қарағанда картаны тұтас көру қиын. Сондықтан ескерткіштің төбесіне көтеріліңіз.

Лифт келген қонақтарды ескерткіштің жоғарғы бөлігіне дейін көтереді. Одан кейін баспалдақпен аздап жүру керек. Шолу алаңынан Жеронимуш монастырын, Белен мұнарасын, Тежу өзені мен 25 сәуір көпірін көресіз. Алаң шағын болғандықтан, күндіз адам қарасы көп болады. Ескерткішті сыртынан тамашалауға 15–20 минут жарайды. Ал көрмені аралап, төбеге көтерілем десеңіз, бір сағат уақыт бөлген жөн.

Толық билеттің құны — €10.

Теңіз жағасында күннен де, желден де қорғанатын жер аз. Сондықтан ескерткішке таңертең немесе күн батар алдында барған дұрыс.  

Теңіз музейі

Лиссабондағы Теңіз музейі (Museu de Marinha) Жеронимуш монастырының батыс қанатында және оған тіркесіп тұрған Патша баржалары павильонында орналасқан. Музей экспозициясы XV–XVI ғасырлардағы теңіз саяхаттарымен ғана шектелмейді. Мұнда Португалиядағы кеме жасау ісі, навигация, балық аулау, сауда және әскери флоттың дамуы тарихы да көрсетілген.

Музейге 23 мыңға жуық жәдігер қойылған.

Алғашқы залдарда каравеллалар, галеондар мен басқа да кемелердің макеттері, көне карталар, глобустар, компастар мен астролябиялар тұр. Макеттерден кеме корпустарының пішіні қандай болғанын, палубаларының құрылымы мен желкендер қалай тұрғанын жан-жағынан көре аласыз. Ең танымал жәдігерлердің бірі — ағаштан жасалған бас періште Рафаилдің мүсіні. Жұрт оның Васко да Гаманың 1497–1499 жылдары Үндістанға барған алғашқы теңіз сапарына қатысы бар дейді.

Музейдің ең әсерлі бөлігі Патша баржалары павильонында орналасқан. Мұнда ою-өрнекті, елтаңбалы алтын жалаған ұзын ескекті салтанатты кемелердің түпнұсқаларын көресіз. Олардың жанында 1922 жылы Гаго Коутинью мен Сакадура Кабрал Оңтүстік Атлант мұхитының үстімен ұшып өткен Santa Cruz теңіз ұшағы қойылған.

Мафра сарайы

Мафра сарайы Лиссабоннан 30 шақырымдай қашық орналасқан. Бұл сарайда не жоқ десеңізші: патша резиденциясы, базилика, францискан монастыры, кітапхана, емхана, бақ — бәрі бар. Кешен 2019 жылы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралары тізіміне кірді.

Сарайдың құрылысы 1717 жылы V Жуан патшаның бұйрығына сай басталған. Аңызға сенсек, бір монарх мұрагерім дүниеге келгенде монастыр салам деп уәде берген екен. Алайда сарайдың құрылысы діни уәде ғана болып қалмай, абсолют монархияның құдіреті мен Португалия империясының байлығын паш етуге тиіс еді. Құрылыстың негізгі бөлігі отар Бразилиядан келген алтын мен алмаздан түскен қаражатқа салынды. Құрылыс қаншалықты қиын болғанын кейін Жозе Сарамаго «Монастыр туралы естелік» романында суреттеген.

Сарай қасбетінің ұзындығы — 220 метрдің шамасы, ал ішінде 1 200-ге жуық бөлме бар. Патша мен патшайымның жеке бөлмелері бір-біріне қарама-қарсы тұрған екі мұнарада болған. Оларды ұзын галерея жалғап тұрған. Яғни патша әулетінің үйі бір болғанымен, мүшелері бір-бірінен бірнеше жүз метр қашық тұрған. Мұнда салтанатты залдардан бөлек XVIII ғасырдан сақталған монастыр камераларын, асүйі мен емханасын да көруге болады. Емханада төсектер науқастар жатқан күйінде алтарды көріп, құлшылық рәсіміне қатыса алатындай етіп жасалған.

Мафраның ең қызық жерлерінің бірі — ұзындығы 88 метр шамалас кітапхана. Онда 30 мыңға жуық кітап сақталған. Арасында қолжазбалар, атластар, медицина трактаттары, алғашқы баспа кітаптары мен бір кездері католик шіркеуі тыйым салған шығармалар бар. Кітаптарды жәндіктерден кітапхана күмбезінің астын мекендейтін жарғанаттар қорғайды екен.

Базиликаның ішінде жұртқа әйгілі алты орган бар: олар музыканы бір мезгілде орындауға арнап жасалған. Мұнда сондай-ақ екі карильон бар. Мұнараларға бас-аяғы 120 қоңырау орнатылған. Қазір базиликада реставрация жұмыстары жүріп жатыр, сондықтан кіруге болмайды.

Алфама ауданы

Лиссабонға бірінші рет барып тұрсаңыз, көруге татитын жерлердің қатарында Алфама ауданы да бар. Бұл кварталы — қаланың ортағасырлық көше құрылымы әлі күнге дейін тұрған ең көне аудандарының бірі. Мұнда түзу көше деген өте аз. Аудан Тежу өзенінің жағасынан Әулие Георгий қамалына қарай өрлейтін баспалдақтардан, аркалардан, тұйық көшелер мен тар өткелдерден тұрады.

Біреулер алфама деген сөз арабтың al-hamma («ыстық бұлақ» немесе «монша») сөзінен шыққан дейді. Мұсылмандар билегенде бұл маңда бұлақтар мен тұрғын кварталдар болған.

Жұрт Алфаманы 1755 жылғы жер сілкінісінен зардап шекпеген жалғыз аудан дейді екен. Алайда мұнда да ғимараттар қираған, бірақ төменірек орналасқан Байша ауданымен салыстырғанда зардап аз болған. Қыратта тұрғанының арқасында Тежу өзенінен келген толқындардан біраз аман қалған. Сондықтан ауданды қайта жоспарлап, тұтастай жаңартудың қажеті болмаған. Соның арқасында оның көне көше жүйесі сақталып қалды.

Алфаманы аралауды Лиссабон соборынан бастаған ыңғайлы. Одан әрі Санта Лузия және Порташ ду Сол шолу алаңдарына көтеріліңіз. Бұл жерден қызыл шатырлы үйлерді, Ұлттық пантеон мен Тежу өзенін көресіз. Содан кейін Әулие Георгий қамалына қарай көтеріле беріңіз не үйлер арасындағы тар көшелермен төмен түсіп, Фаду музейі мен өзен жағасына барыңыз.

Алфама португалдардың фаду музыкасымен тығыз байланыса дамыған. Дегенмен бұл жанр Лиссабонның бірнеше жұмысшы ауданында қатар қалыптасқан. Қазір фадуды шағын концерт залдары мен мейрамханалардан тыңдауға болады.

Әулие Георгий қамалына қоғам көлігімен көтеріліп, одан кейін өзенге қарай жаяу түскен абзал. Сонда көп шаршамайсыз. Аяғыңызға ыңғайлы аяқ киім алыңыз.  

Росиу алаңы

Лиссабонның тарихи орталығындағы ең көрікті алаңдардың бірі. Ресми аты – IV Педру алаңы, алайда қаланың тұрғындары оны әлі күнге дейін бұрынғы атын атайды екен.

Бұл алаң XIII ғасырда қалыптасып, уақыт өте келе қала өмірінің орталығына айналған. Мұнда базарлар болған, мерекелер, шерулер мен көпшілікке арналған салтанатты шаралар өткен. Жақын маңда орналасқан Эштауш сарайында кейінірек инквизиция мекемесі болған. Ал алаңның өзінде аутодафе деген инквизиция үкімдерін жариялау рәсімдері өткізілген.

Алаңның солтүстік бөлігінде 1846 жылы Эштауш сарайының орнына салынған II Мария патшайым ұлттық театры орналасқан. Алаңның дәл ортасында IV Педрудің мүсіні орнатылған бағана тұр. Ол тәуелсіз Бразилияның алғашқы императоры ретінде де белгілі. Онда ол I Педру деген атпен билік еткен. Ескерткіш 1870 жылы орнатылған.

Бағананың екі жағында XIX ғасырда жасалған қола субұрқақтар бар. Алаңның тағы бір ерекшелігі — аяқ астындағы ақ-қара португал тас төсемі. Тастар толқын тәрізді өрнек іспетті. Кейін мұндай өрнек Рио-де-Жанейродағы Копакабана жағалауында да төселген. Бұл өрнектерді театр баспалдағы сияқты сәл биіктеу жерден тамашалаған дұрыс.

Алаңның солтүстік-батыс бұрышында неомануэлин стилінде салынған қасбеті ерекше Росиу теміржол вокзалы тұр. Бұл жерден қала орталығының астымен өтетін түнел арқылы Синтраға баратын пойызға мінуге болады.

Лиссанбонды осы алаңнан бастап араласаңыз болады. Бұл жерден Азаттық даңғылына қарай бет алып, Шиаду ауданына көтеріліңіз не Аугушта көшесімен Тежу өзенінің жағасына түсіңіз.

Ажуда сарайы

Ажуда сарайының тарихы 1755 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін басталады. І Жозе патша тас ғимараттарға қайта оралуға қорыққандықтан Ажуда төбесінде ағаштан резиденция салдырады. Сөйтіп Ажуда сарайы «Патша лашығы» деп аталып кетеді. 1794 жылы өртке оранған соң оның орнына тастан жаңа сарай тұрғызу туралы бұйрық шығады. Құрылыс 1802 жылы басталса да қаражат жетіспегендіктен, француз әскері кіргендіктен әрі патша сарайы Бразилияға көшіп кеткесін бірнеше рет тоқтап қалған. Ақыры бастапқы жоба толық жүзеге аспай, құрылысы аяқталмай қалды. Сарайдың асимметриялы пішіні де содан қалған.

Ажуда сарайы 1861 жылы I Луиш таққа отырып, Савой әулетінен шыққан Мария Пияға үйленгеннен кейін патша әулетінің тұрақты резиденциясына айналды. Патшайым сарай бөлмелерін сол кездегі сәнге сай эклектика стилінде безендірген. Бөлмелерге кілем төселіп, қалың перде ілінді, жұмсақ мата қапталған жиһаздар, фарфор бұйымдары мен сәндік заттары қойылды.

Төменгі қабатта патша әулетінің жеке бөлмелері орналасқан. Олардың қатарында жатын бөлмелер, Көгілдір бөлме, Қысқы бақ, Музыка залы мен асхана бар. Ал жоғарғы қабат салтанатты рәсімдер мен ресми қабылдауларға арналған. Мұнда Тақ залы мен Банкет залы тұр. Олардың кейбірі әлі де мемлекет іс-шаралары үшін пайдаланылады.

1910 жылы Португалия республика деп жарияланғаннан кейін сарай жабылып, 1968 жылы сәндік-қолданбалы өнер музейі ретінде қайта ашылды. Тарихи ғимаратқа заманауи ғимарат жалғанған. Онда патша әулетінің асыл қазынасы мен мемлекет рәміздері қойылған Король қазынасы музейі тұр. Бұл музей бөлек мұражай саналады, сондықтан билетін бөлек алуыңыз керек.

Сарай бейсенбіден сейсенбіге дейін сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ашық. Соңғы қонақтар 17:15-те кіргізіледі. Сәрсенбі – демалыс күні. Толық билеттің құны – 15 еуро. Алайда ресми іс-шаралардың кесірінен жұмыс кестесі өзгеруі мүмкін.

Белен сарайы

Лиссабоннан Белен сарайынан (Palácio Nacional de Belém) көрмей кетуге болмайды. Оның қызғылт түсті әрі аласа қасбетіне қарасаңыз, қала сыртындағы саяжай дермісіз. Сарай 1910 жылдан бері мұнда Португалия президентінің ресми резиденциясы.

Оның орталық бөлігін XVI ғасырда ақсүйек Мануэл де Португал салдырған. 1726 жылы бұл иелікті V Жуан патша сатып алып, жазғы резиденциясы қылған. Сол кезде сарайдың аумағында экзотик жануарлар ұсталған. Сондықтан бір ауласы әлі күнге дейін Pátio dos Bichos, яғни «Жануарлар ауласы» деп аталады.

Портулагия республика болады деп жарияланғаннан кейін ғимарат президенттің иелігіне берілді. Мұнда тұрған алғашқы президенттер тіпті сарайды жалға алғаны үшін ақы төлеген. Осылайша жаңа билік бұрынғы патша ордасы бір адамның емес, мемлекеттің меншігі екенін көрсеткісі келді.

Сарай бірнеше кезең дегенде салынғандықтан қасбеті тұтас әрі симметриялы емес. Ішінде салтанатты залдар, президент кабинеті, капелла мен шағын бақтар бар. Бұл бөлмелерді дипломатия жиындары туралы жаңалықтардан жиі көруге болады. Ғимараттың үстінде мемлекет елтаңбасы бейнеленген жасыл ту желбіреп тұрса, президент резиденцияда деген сөз.

Сарайға өз бетіңізбен кіре алмайсыз. Оған экскурсияға еріп қана кіруге болады. Алайда президенттің жұмыс кестесіне қарай экскурсия уақыты өзгеруі немесе мүлде өткізілмеуі мүмкін. Әдетте экскурсиялар сенбі күндері ұйымдастырылады және 1–1,5 сағат жалғасады. Сағат 16:30-дағы экскурсия ағылшын тілінде, ал қалғандары португал тілінде өтеді. Стандарт билеттің құны – 5 еуро.

 Агуаш Либриш акведукы

Акведук XVIII ғасырда Лиссабондағы ең өзекті мәселелердің бірі – ауызсу тапшылығын шешу үшін салынған. Қаланың халқы көбейіп, су ағып тұрған жерлер жұрттың қажетін өтей алмады. Ал ежелгі римдіктер салған су құбыры жүйесі әлдеқашан істен шыққан еді.

Құрылысы 1731 жылы V Жуан патша бұйрығына сай басталды. Синтра тауының етегіндегі бұлақтардан жиналған су қалаға өздігінен ағатын етіп жеткізілді. Инженерлер су арнасының еңісін жіті есептегендіктен, сорғы қолданудың қажеті болмады. Дегенмен су үйлердің басым бөлігіне тікелей тартылмады. Ол көшедегі субұрқақтарға түсіп тұрды, тұрғындар суды сол жерден өздері алып немесе су тасушылардан сатып алатын.

Агуаш-Либриш — көптармақты күрделі су құбыры жүйесі. Негізгі арнаның ұзындығы — 14 шақырымның шамасы. Оған ондаған су көзінен келетін тармақтар қосылған. Уақыт өте келе бүкіл желінің ұзындығы 58 шақырымға жеткен. Жүйенің соңғы нүктесі Mãe d’Água das Amoreiras су қоймасы болды. Осы жерден су қалаға таратылған. 

Акведуктың ең танымал бөлігі Алкантара аңғарының үстімен өтеді. Ұзындығы 941 метр аркада 35 аркадан тұрады. Ал ортасындағы сүйір арканың биіктігі 65 метрден асқан. Ғимарат 1755 жылғы жойқын жер сілкінісіне төтеп беріп, одан кейін де Лиссабонға су жеткізіп отырды. Бірақ 1960 жылдары билік акведукты қолданбаймыз деп шешкен. 

Бүгінде акведук аркаларының үстімен жаяу серуендеуге болады. Жол жабық су арнасының бойымен өтіп, теміржол желілері мен Камполиде және Кампу-ди-Орики аудандарының әдемі көрінісі ашылады. Бұл жерге кәдімгі музей деп емес, тарихи инженер нысаны деп барыңыз, әйтпесе көңіліңіз қалады, себебі онда көретін экспонат аз.

Кармелит монастыры

Карму монастырының қирандылары — Лиссабондағы 1755 жылғы жойқын жер сілкінісіне қатысы бар ең әсерлі тарихи ескерткіштерінің бірі. Бұрынғы шіркеу ғимаратында готикалық аркалар әлі де сақталған. Алайда төбесі опырылып түсіп қалған. Қаланың билігі шіркеуді осылай тастай салған деп ойламаңыз. Оны қалпына келтіру жұмыстары басталғанымен қаражат жетіп қалғандықтан және саяси өзгерістердің кесірінен аяқталмай қалған.

Монастырдың негізін 1389 жылы қолбасшы Нуну Алвареш Перейра қалаған. Ол мұны португал әскерінің Кастилияны Алжубарроте шайқасында жеңгеніне алғыс білдіріп салдырған. Кейін Перейра сарайда тұрмаймын деп кармелиттер алқасына қосылады да, өзі салдырған монастырға көшеді. 2009 жылы католик шіркеуі оны әулие деп таныған.

1755 жылғы жер сілкінісі кезінде монастырдың төбесі мен едәуір бөлігі қирайды. Қалпына келтіру жұмыстары келесі жылы басталып кеткенімен процесс өте баяу жүрді. 1834 жылы Португалияда діни алқалар таратылып, монастыр жабылып қалады. Онымен бірге құрылыс жұмыстары да біржола тоқтап қалды.

1864 жылы шіркеудің аман қалған бөлігінде Карму археология музейі ашылды. Оның қорында Рим дәуірінен қалған жазбалар, орта ғасыр мүсіндері, құлпытастар мен сәулет бөлшектері бар. Музейдегі ең құнды жәдігерлердің бірі – король I Фернанду патшаның готик үлгіде жасалған қабірі.

Әулие Рох шіркеуі

Әулие Рох шіркеуі – сыртқы келбеті ішкі сән-салтанатын аңғарта бермейтін жер. Қарапайым ақ қасбеттің ар жағында алтын жалаған капеллалар, түрлі түсті тас жапсырылып безендірілген қабырғалар, азулежу тақталары, оймышталған ағаш бұйымдар мен мозаикалар жасырынған.

Бұл жердің тарихы XVI ғасырда жұрт жұқпалы аурулардан қорғайды деп сенген Әулие Рохтың құрметіне салынған шағын капелладан басталады. 1553 жылы ол иезуиттер алқасына берілді. Кейін оның жанынан Португалиядағы осы алқаның алғашқы ірі шіркеулерінің бірі бой көтерді. Кең әрі тұтас бір нефке бөлінген ғимараттың жобасының арқасында жамағатқа құрбандық үстелі жақсы көрініп, уағызды анық естіліп тұрған.

XVI ғасырдың аяғында жасалған жалпақ ағаш төбеге күрделі сәнді күмбезге ұқсайтындай етіп суреттер салынған. Шіркеу 1755 жылғы жер сілкінісінен айтарлықтай зардап шекпеген.

Ғибадатхананың басты қазынасы — Әулие Иоанн Шоқындырушы капелласы. Сәулетшілер оны 1742 жылы V Жуанның тапсырысына сай жасаған. Капелла Римде толығымен құрастырылып, арнайы рәсім өткізіп құрметтелген. Содан кейін бөлшектеліп, үш кемемен Лиссабонға жеткізілген. Оны сәндегенде алтын жалаған қола, түрлі-түсті мәрмәр мен жартылай бағалы тастар қолданылған. Құрбандық үстелінің үстіндегі бейнелерге алыстан қарасаңыз, картинаға ұқсайды. Алайда олар тас пен шынының мыңдаған ұсақ бөлшегінен құрастырылған.

1759 жылы иезуиттер Португалиядан қуылғаннан кейін шіркеу осы күнге дейін кешенді басқарып келе жатқан Santa Casa da Misericórdia қайырымдылық ұйымына берілді. Ішіне кіру тегін.

Лиссабон хайуанаттар бағы

Лиссабон хайуанаттар бағы (Jardim Zoológico de Lisboa) 1884 жылы ашылған, Пиреней түбегіндегі алғашқы ірі зоология саябағы. Бірнеше рет орнын ауыстырғаннан кейін 1905 жылы Сете Риуш ауданына көшті. Мұндағы көне пальмалар, көлеңкелі аллеялар мен жайқалған ағаштар саябақтың бір бөлігін кәдімгі қалалық баққа ұқсатады.

Хайуанаттар бағында 300 түрлі 2 мыңға жуық жануар бар. Олардың арасында суматра жолбарыстары, керіктер, пілдер, гориллалар, қызыл пандалар мен пиреней сілеусіндері кезігеді. Зоопаркке келгендерге көбіне «Приматтар ғибадатханасы», Африка саваннасы және бауырымен жорғалаушылар павильоны қызық. Жануар тұратын аумақтар шыққан жеріне қарай бөлінбеген. Сондықтан серуенге шықпас бұрын ресми картасын жүктеп алып, алдымен көргіңіз келетін жануарлар мен қоршауларды белгілеп алған жөн.

Саябақтың үстіне аспалы жол салынған. Оның құны паркке кіретін билеттің бағасына қосылған. Кабинадан бақ пен кейбір жануарлар қоршауын биіктен тамашалауға болады. Алайда ауа райы не техникалық қызметтің кесірінен аспалы жол жүрмей қалуы мүмкін. Мұнда танымдық презентация да өткізіледі, бірақ кестесі маусымға қарай өзгеріп отырады.

Хайуанаттар бағы сирек кезігетін жануарларды көбейту бағдарламаларына қатысып, оларды табиғи ортасында сақтап қалуға бағытталған жобаларды қолдап жүр. Дегенмен олардың табиғатты қорғау жұмыстары аңдарды тұтқында ұстап отрығанына және теңіз сүтқоректілерін ойын-сауық ретінде көрсетіп отырғанын жоққа шығармайды.

Билетінің құны 13–64 жастағы ересектерге 31 еуро, 3–12 жасар балаларға 19 еуро, ал 65 жастан асқандарға 22 еуро.

25 сәуір көпірі 

25 сәуір көпірі Лиссабонды Тежу өзенінің оңтүстік жағалауындағы Алмада қаласымен жалғап тұр. Белен, Алкантара аудандарынан және қаланың батыс жағалауындағы көптеген жерден көруге болады.

Көпірдің құрылысы 1962 жылы басталып, 1966 жылғы 6 тамызда аяқталды. Алғашында оған авторитар режимнің басшысы Антониу Салазардың есімі беріліп, Салазар көпірі деп аталды. Қалампырлар революциясынан кейін, яғни диктатура құлаған соң, көпірдің аты 1974 жылғы 25 сәуір оқиғасына құртметіміз болсын деп 25 сәуір көпірі деп өзгертілген.

Көпірдің орталық аралығының ұзындығы — 1 013 метр, ал болат тіректері су бетінен шамамен 190 метр биік тұр. Құрылысы мен түсі жағынан оны Сан-Францискодағы Golden Gate көпіріне ұқсайды. Алайда екі көпірді екі бөлек компания салған. 25 сәуір көпірі Америкадаға көпірдің көшірмесі емес, жай сол кезде осындай көпір дизайны тренд болған.

Көпірдің жоғарғы қабатымен алты жолақ жол өтеді, ал төменгі қабатында 1999 жылы ашылған екі теміржол желісі бар. Көпірден көлікпен өткенде құлаққа ерекше қатты гуіл естіледі. Оған жол төсеміндегі металл тордың үстімен жүрген дөңгелектердің дыбысы себеп. Мұндай құрылым ауаның еркін өтуіне мүмкіндік беріп, желдің көпірге түсіретін қысымын азайтады. Көліктерден ақы тек Лиссабонға қарай өткенде алынады.

Көпірден жаяу және велосипедпен өтуге болмайды. Бірақ жақыннан көргіңіз келсе, Алкантара жағындағы жетінші тіректің жанында орналасқан Pilar 7 Bridge Experience орталығына барыңыз.

Васко да Гама көпірі

Васко да Гама көпірі Тежу сағасының шығыс бөлігін кесіп өтіп, Сакавенді өзеннің оңтүстік жағалауымен жалғап тұр. Ол 25 сәуір көпіріндегі көлік кептелісін азайтып, Лиссабон орталығынан транзит көліктерінің бір бөлігін бұру үшін салынған. Көпірдегі қозғалыс 1998 жылғы 29 наурызда, Expo 98 дүниежүзі көрмесінің ашылуына аз уақыт қалғанда басталды.

Көпір Васко да Гама деп оның Үндістанға барған экспедициясының 500 жылдығына орай аталған.

Әр жерде көпірдің ұзындығы 12,3 және 17,2 шақырым деп жазылған. Мұнда ешқандай қайшылық жоқ: 12,3 шақырым — өзен мен оған іргелес аумақтың үстінен өтетін көпір құрылысның ұзындығы, ал 17,2 шақырым — кіреберіс жолдарын қоса есептегендегі бүкіл көлік өткелінің ұзындығы. Ашылған кезде ол Еуропадағы ең ұзын көпір саналған. Қазір де құрлықтағы ең ұзын көпір кешендерінің бірі болып отыр.

Кемелер жүретін негізгі арнадан 150 метр биік тұрған екі тіреуге бекітілген аспалы бөлігі өтеді. Ал көпірдің басым бөлігі — аласа бетон виадуктар. Кейбір тіректің іргетасы жер астына 95 метр терең салынған. Көпір қатты жел мен жер сілкінісіне төтеп бере алатындай етіп жобаланған.

Көпір ашылар алдында оның үстіне ұзындығы бес шақырымға жетер-жетпес дастарқан жайылып, 15 мыңға жуық адамға ас берілген. Бұл оқиға Гиннес рекордтар кітабына енді. Қазір көпірдің үстімен алты жолақты көлік жолы өтеді. Жаяу не велосипед мініп өтуге болмайды. Жол ақысы тек Лиссабонға қарай өткенде алынады.

Time Out Market базары

Time Out Market базары Кайш ду Содре бекетінің қарсы бетіндегі Mercado da Ribeira тарихи ғимаратында тұр. Мұнда бір шаңырақ астында екі түрлі сауда орны жұмыс істейді: азық-түлік сататын дәстүрлі муниципал базар және Time Out медиакомпаниясы ашқан заманауи гастрономия орталығы.

Рибейра жабық базары 1882 жылы ашылып, ұзақ уақыт бойы балық, көкөніс, жеміс-жидек пен гүл сататын бас сауда орындарының бірі болған. XX ғасырдың аяғына қарай ғимараттың бір бөлігі босап қалған. 2014 жылы Time Out Lisboa редакциясы мұнда фудхолл ашты. Ондағы мақсаты басылымның мейрамхана сыншылары таңдаған үздік мейрамханалар мен аспаздарды бір жерге жинау еді.

Time Out Market деген базар деп бағалары төмен болады деп ойламаңыз, мейрамхана сияқты қымбат. 

Заманауи гастрономия залы — жақсы ұйымдастырылған коммерциялық жоба. Мұнда алдын ала тапсырыс бермей-ақ Лиссабондағы танымал мейрамханалардың тағамдарынан дәм татуға болады. Дегенмен ол шағын отбасы дәмханалары мен дәстүрлі асханалардың орнын баса алмайды.

Базардың басты кемшілігі — адам көптігі. Түскі және кешкі уақытта іші у-шу болып, бос үстел табу қиын болады. Сондықтан онда 12:00-ге дейін не 15:00–18:00 аралығында барыңыз.

VII Эдуард паркі

Эдуард VII саябағының ауданы — 25 гектардың айналасы. Ол Маркиз де Помбал алаңынан бастап, төбенің баурайымен жоғары қарай созылып жатыр. Саябақтың жоғарғы жағынан Лиссабонның ең әдемі тегін панорамаларының бірін көресіз. Мұнда Азаттық даңғылы, Байша ауданы, Әулие Георгий қамалы орналасқан төбе мен Тежу өзені алақандағыдай көрінеді.

Алғашында бұл аумақ Азаттық саябағы деп аталған. Қазіргі аты оған 1902 жылы Ұлыбритания королі VII Эдуард Лиссабонға келгеннен кейін берілді.

Саябақтың жоғарғы жағында 1974 жылғы 25 сәуір революциясына арналған абстракт ескерткіш бар. Алайда саябақтың ең қызық жері — Estufa Fria, яғни «Суық жылыжай». Ол қараусыз қалған базальт карьерінің орнына ылғал микроклиматты пайдалана отырып салынған. Ішінде қырыққұлақтар, пальмалар мен кактустар өседі. Арасында шағын тоғандар, үңгірлер мен сарқырамалар бар. Жылыжайдың жұмыс кестесі бөлек, кіру үшін билет алу қажет.

Саябақтың шығыс бөлігінде азулежу тақташалары жапсырылып безендірілген Карлуш Лопеш павильоны тұр. Ғимарат алғашында 1922 жылы Рио-де-Жанейрода өткен көрмеге арналып салынған, кейін Лиссабонға көшірілген. Көктемде немесе жаз басында саябақта Лиссабон кітап жәрмеңкесі өтеді. Сол кезде саябақ жолдарының бойына баспалардың арнайы павильондары тігіледі.

Саябақтың негізгі аумағына кіру тегін.

Салтанатты арка

Руа-Аугушта салтанатты аркасы Праса-ду-Комерсиу алаңы мен Байшаның бас жаяу жүретін жолын байланыстырып тұр. Тежу өзені жағынан қарағанда қалаға кіретін салтанатты қақпаға ұқсайды. Ал көше жақтан қарасаңыз, 1755 жылғы жер сілкінісінен кейін қайта салынған шағын аудандардың көрінісін түйіндеп тұрғандай.

Арканы XVIII ғасырда салынған деп ойлайтындар көп. Өйткені ол жаңа Байша ауданының бастапқы құрылыс жоспарына енгізілген. Алайда оның құрылысы бір ғасырдан астам уақытқа созылды. Түпкілікті жобасы тек 1873 жылы бекітіліп, құрылысы 1875 жылы түгелдей аяқталды.

Арканың жоғарғы жағында қанатты Даңқ құдайы мен Ерлік және Данышпандықты бейнелейтін мүсіндер легі тұр. Одан төменірек Васко да Гама, Нуну Алвареш Перейра, Вириат пен Маркиз де Помбалдың мүсіндері, сондай-ақ Тежу мен Дору өзендерін бейнелейтін аллегория мүсіндер бар. Латын тіліндегі жазуда ескерткіш «бабаларымыздың ізгі қасиеттеріне» арналған делінген. Бұл XIX ғасырда португалдардың тарихы батыр, билеуші мен теңізшілердің ерлік істерінің тізбегі ретінде қарастырылғанын көрсетіп тұр.

Арканың ішінде туристерді төбесіне дейін дерлік көтеретін лифт бар. Ең төбесіне тар бұралмалы баспалдақпен жаяу шығасыз. Баспалдақта екі адамның бір-біріне жол беруі қиын болмасын деп қозғалысты бағдаршам реттейді.

Шолу алаңына Байша ауданы, Аугушта көшесі, Әулие Георгий қамалы, Праса-ду-Комерсиу алаңы мен Тежу өзені көрініп тұрады. Әсіресе ортасында I Жозе патшаның ат үстіндегі мүсіні орналасқан алаңның симметриялы түрі биіктен анық көрінеді.

Сан Висенте де Фора монастыры

Аппақ Сан Висенте де Фора монастыры Алфама ауданында тұр. Аты «Қала қабырғасының сыртындағы Әулие Винсент монастыры» деп аударылады. Шынында да бұл монастыр ортағасырлық қаланың сыртына салынған. Жылнамаларға сүйенсек, I Афонсу оны 1147 жылы Лиссабонды жаулап алғаннан кейін тұрғызуға бұйрық берген.

Орта ғасырдан келе жатқан кешеннен XII ғасырда жаңбыр суын жинау үшін салынған цистерна сақталған. Оның екі мұнарасы бар қатаң үлгідегі қасбеті елдегі маньеризм сәулетінің алғашқы ірі үлгілерінің бірі саналады.

Монастырдың бас қазынасы — XVIII ғасырдағы азулежу тақташалары. Олар екі ішкі ауланың қабырғаларын бастан-аяқ жауып тұр деуге болады. Ақ-көк түсті тақташаларда ауыл көріністері, аңшылық, сарайдағы ойын-сауық пен күнделікті тұрмыс бейнеленген. Лафонтен мысалдары мен француз гравюраларына сүйеніп жасалған «Мысалдар галереясына» аса назар аударыңыз. Салтанатты кіреберістегі керамика паннолар монастырдың тарихы мен Лиссабонды жаулап алу хикасынан сыр шертіп тұр.

Экскурсияның аяғында шіркеудің шатырына шығасыз. Бұл жерден Алфама ауданы, Ұлттық пантеон, Тежу өзені мен қаланың айналасындағы төбелерге қарай аласыз. Бұл шолу алаңын әр турист біле бермейді, сондықтан адам қарасы аз болады.

Электр музейі

Лиссабон электр энергиясы мұражайы Белен жағалауындағы бұрынғы Сентрал-Тежу жылу электр стансасының ғимаратында тұр. Қазір ол Өнер, сәулет және технология мұражайы кешенінің бір бөлігі әрі ресми түрде MAAT Central деп аталады. Дегенмен туристерге арналған нұсқаулықтарда бұрынғы атауы әлі де жиі кезігеді.

Электр стансасы 1908 жылы салынып, келесі жылы Лиссабон мен оның маңындағы елді мекендерге электр қуатын бере бастады. Ірі су электр станциялары іске қосылғаннан кейін Сентрал-Тежу резерв стансаға айналып, 1972 жылы электр энергиясын өндіруді тоқтатты. 1990 жылы мұнда Электр энергиясы мұражайы ашылды. 2006 жылы жөндеуден өтіп, қайта ашылған. Музей содан бері тоқтамай турист қабылдап отыр.

Мұнда бұрынғы қазандық, турбина, генератор, құбыр мен басқару пульттері сақталған. Түпнұсқа жабдықтарға қарап отын қалай буға, механикалық қозғалысқа, одан кейін электр энергиясына айналғанын түсінуге болады. Мұражайдың жекелеген бөлімдері станса қызметкерлерінің еңбегі мен қазіргі энергетика саласына арналған.

Бір-біріне жақын орналасқан екі ғимаратты шатастырып алмау керек. MAAT Central — кірпіштен қаланған, тарихи механизмдер сақталған бұрынғы электр стансасы. Ал MAAT Gallery — өнер, сәулет және технология тақырыптарындағы уақытша көрмелер өтетін, толқын пішіндес заманауи ғимарат. Екеуінің арасында бақ бар. Заманауи галереяның шатырына көтеріліп, Тежу өзенін тегін тамашалауға болады.

Лиссабондағы көрікті жерлердің картасы

1

0

Автордың суреті
Мадина Даутова

редактор, саяхат туралы ақпаратын мәдениет пен ғылымға, тәжірибесіне сүйеніп жазғанды ұнатады

Сізге қызық болып қалар:

Осы айдардан:

Скоттардың тарихы мен табиғаты
17.04.2026

Скоттардың тарихы мен табиғаты

Тарихы бай қаланың әр жерін аралайық
09.04.2026

Тарихы бай қаланың әр жерін аралайық

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен
26.05.2025

Бірнеше мәдениет түйіскен ерекше мекен

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады
23.01.2023

Қалай ақша үнемдеуге, не алуға және қайда баруға болады