Жапонияда туристерге қатысты ережелер қатаңдайды

Жаңалық 2 мин оқисыз
16.06.2025

Жапонияда туристерге қатысты ережелер қатаңдайды

2025 жылы Күншығыс елінде не өзгермек?

Жапонияның үкіметі шетелден келетін туристерге жаңа ережелер шығарып, бұрынғы ережелерін қатаңдатпақ.

Жапония ережелерін неге қатаңдатқалы отыр?

2024 жылы Жапонияға шетелден 36,8 миллион турист барған. Бұл — жапон туризмінің тарихындағы рекорд көрсеткіш. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Овертуризмнің кесірінен ауруханалар, транспорт жүйесі мен мәдени жерлер зардап шегіп отыр. Жаңа қатаң ережелер солардың мүддесін қорғау үшін шығарылған. 

Медициналық сақтандыру

Жаңа енгізілген ережелердің бірі — турист Жапонияға медициналық сақтандыру алса ғана кіре алады. Алмаса, шекарадан өте алмайды. Бұрын мұндай шарттың жоғынан ауруханалар біраз зардап шеккен. Себебі туристердің арасында Жапонияда емделіп алып, ақысын төлемей кеткендер көп болған. 

2024 жылы дәрігер көмегіне жүгінген 11 мың шетел турисінің 90-ы 61 миллион иенге (217 миллион теңге) емделіп, ақысын төлемей қашып кеткен. Ауруханалар осындай туристердің дерегін көші-қон қызметіне тапсыра алады. Ол туристер енді Жапонияға қайта кіре алмауы мүмкін.

Tax Free жүйесіндегі өзгеріс

2026 жылғы 1 қарашада салықсыз сауда жүйесі өзгереді. Енді турист тауар ақысын төлегенде 10% құн салығын да төйлейді. Оны кері алу үшін елден кетер алдында өтінім өткізуі керек. Поштадан жіберілетін тауарлардың иелеріне құн салығы қайтарылмайды. Себебі оларды әуежайға барып, ашып көрсету керек. 

Tax Free — шетелден келген туристерге тауар құнына қосылған салықты қайтарып беретін жүйе.

Туризм салығы артады және жаңа алымдар қосылады

2026 жылғы наурызда Жапония үкіметі туристен әр қонған түні үшін алатын салығын 10 000 иенге (35 000 теңге) дейін көтермек. Сол ақшаға олар инфрақұрылымды жақсартуға және туризмді барынша зиянсыз етуге жұмсамақ. 

Одан бөлек, елге кіру салығы 1 000 иеннен 3 000–5 000 иенге дейін көтерілуі мүмкін. Ол ақшаны жапондар көлік жүйесін дамытуға, табиғатты қорғауға және турист легін қадағалауға жұмсайын деп отыр.

Екі түрлі баға мен адам санына қойылған лимит

2025 жылғы шілдеде шетел туристері мен жергілікті туристер кей жерге кіру үшін екі түрлі ақы төлей бастайды. Шетел туристеріне билет, әрине, қымбатырақ болады. Киомизу-дера (Киёмидзу-дэра), Химеши (Химэдзи) қамалы, Нисеко таудағы курорты осы жүйеге көшеді. 

Фудзи тауына күніне неше адам бара алатынына да шектеу қойылады. Оған бір күнде ары кеткенде 4 000 адам шыға алады әрі оған ақылы рұқсат алу керек болады.

Туристердің тәртібі қаттырақ қадағаланады

Жапон билігі қоғамда тәртіп бұзғандарға қатысты ережелерін күшейтпек: жергілікті халықты, мысалы, Киотодағы гейшаларды суретке рұқсатсыз түсіргендер айыппұл төлейді, танымал жерлерде тәртіп қадағалайтын полицейлер көбейеді. Жапония үкіметі туристер жергілікті салт-дәстүр мен тәртіпті құрметтесе екен дейді.

Электрондық рұқсат жүйесі енгізіледі

Жапонияда виза көрсетуге тиіс емес 71 елдің азаматтарына арнап электрондық рұқсат (Japan ETA) жүйесі жасалмақ. 2030 жылдан кейін осы 71 елдің азаматтары виза көрсетпесе де, Жапонияға барар алдында онлайн форма толтыруы керек. 

Жапонияға барғысы келетін турист енді не істеуі керек?

  • Медициналық сақтандыру жасатып барыңыз;
  • Қосымша алымдардың кесірінен жататын жеріңізге көбірек ақша жұмсайтыныңызға дайын болыңыз;
  • Tax free жүйесіндегі өзгерістерді тексеріп жүріңіз;
  • Жапондардың әдеп-ғұрпы мен тәртібін құрметтеңіз;
  • Электрондық рұқсат алып барыңыз.

0

0

,

Басқа жаңалықтар: