Қазақстан пойыздарында Starlink интернеті істей бастады
Негізгі тариф тегін болады, ақылы тарифтер қарашада шығады
Қазақстан пойыздарында Starlink жерсерік интернеті істей бастады. Бұл хабар «Қазақстан темір жолының» Астанада өткен конференциясында жарияланды.
Интернет қазір 51 бағытпен жүретін 108 пойыздың 1 500 астам вагонында істеп тұр. Бұл бағыттармен жылына 11 миллион жолаушы жүреді екен.
ҚТЖ-ның конференциясында нақты қай бағыттарда интернет бары айтылған жоқ. Бірақ Көлік министрлігінің 2026 жылғы 9 қыркүйекте шыққан жаңалығына сенсек, Starlink интернеті кем дегенде мына бағыттарда істеп тұр. Ол кезде интернет 31 бағыттың пойыздарында қосылған:
- Нұрлы жол (Астана) — Алматы
- Нұрлы жол — Өскемен
- Нұрлы жол — Орал
- Нұрлы жол — Петропавл
- Алматы-2 — Өскемен
- Қызылорда — Семей
- Ақтөбе — Алматы-1
- Маңғыстау — Ақтөбе
- Орал — Маңғыстау
- Ақтөбе — Қазалы
- Ақтөбе — Атырау
- Павлодар — Алматы.
2026 жылғы қазанның аяғына интернеттің тек тегін тарифі істейді. Соның арқасында жолаушылар мессенджерлерден мәтін хабарлама жібере алады. Ал фото не видео жібергісі келгендер я алғысы келгендер, интернеттен бір нәрсе іздегісі келгендер ақылы тарифтерін қостыруы керек. Ол тарифтер қарашада шығады. Бағасы әзір белгісіз.
ҚТЖ интернеттің сапасы қаншалықты жақсы болатыны ауа райы мен құрылғының жұмысына қарайды дейді.
