2030 жылға дейін Air Astana мен FlyArystan астанадан шетелге ұшатын жаңа рейстер ашпақ
Әуе компаниялары Ереван, Измир, Әбу-Дәби, Баку, Дели, Шанхай мен басқа қалаларға тікелей ұша бастайды
Air Astana әуе компаниялары тобы — Air Astana мен FlyArystan — 2030 жылға дейін Астанадан шетелге ұшатын бағыттар желісін ұлғайтанын мәлімдеді.
2027–2030 жылдары Air Astana Баку, Әбу-Дәби, Душанбе, Дели, Сиан мен Шанхайға ұшатын рейстер ашпақ. Ал FlyArystan Астанадан Ереван, Измир, Исламабат, Құлжа мен Қашқар, Наманған, Армитсарға (Үндістан) ұшамыз дейді.

Фото: телеграмдағы Air Astana press-releases каналы
Компанияның хабарына сенсек, 2025–2026 жылдары елордадан Гуанжоу, Бангкок, Ларнака, Даламан, Батуми, Ыстықкөл, Салала мен Құлжа, Сания, Жидда, Медине, Нячаң, Данаң, Алания мен Кутаисиге ұшатын рейстер ашылды.
Одан бөлек, Air Astana Астанадан ұшатын халықаралық рейстерінің апта сайынғы санын 99-дан 116-ға дейін көтереміз дейді. Бұл рейстердің арасында Бейжің, Сеул, Франкфурт, Ыстанбұл мен Дубай да бар.
Air Astana әуе компаниялары тобы елордадағы операциялық қызмет ауқымын да нығайтып келеді. 2024 жылы Астанада 13 ұшақ тұратын еді, ал 2026 жылғы жазда олардың саны 16-ға дейін артқан. 2027 жылы бұл көрсеткіш 22-ге жетеді деп отыр әуе компаниялары тобы.
