Аллергиясы барлар көктем мен жазда қайда кетіп қалғаны жөн?
Поллиноздан шетелге кетіп құтыламыз
Маусымаралық аллергия (поллиноз) — аз уақытқа болсын адам өмірінің быт-шытын шығаратын жыл сайын болатын ауру. Көктемде және жаз басында адам күш-қуатқа бөленгеннің орнына аллергияның кесірінен мұрны бітеліп, көзі ашып, басы ауырып, тез шаршап қала береді.
Тіпті қазіргі антигистамин дәрілер де құтқара алмайды, себебі айналамызда тозаң көп. Сондықтан аллергиясы барлардың кейбірі маусым басталғанда басқа жаққа кетіп қалғанды жөн көреді.
Көктем туғанда аллергиядан құтылу үшін қайда кетіп қалған жөн? Осы мақалада айтып береміз.

Қазақстанда жаз бен көктемде аллергияға не түрткі болады: шешек ататын кезең
| Өсімдік | Шешек ататын кез (ауада тозаң көп кезең) | Қазақстанның қай өңірінде өседі? |
| Қандыағаш, орманжаңғақ | наурыздың аяғы – сәуір | Солтүстік, орталық (Астана, Көкшетау, Павлодар, Қостанай, Қарқаралы) |
| Қайың | сәуір – мамыр | бүкіл жерінде (әсіресе орманды өңірде) |
| Тал, терек, шегіршін, шаған, үйеңкі | сәуір – мамыр | бүкіл жерінде, қалаларда, өзен аңғарларында |
| Қарағай, шырша | мамыр – маусым | орманды жерлерде (Шығыс Қазақстанда, Алматы) |
| Жөке | маусым | Оңтүстік және орталық қалаларда |
| Дәнді шөптер (бидайық, бетеге, тарғақшөп, райграс) | мамыр – шілде/тамыздың аяғы | далада, ауыл жерлерде (Алматы, Қарағанды, Ақтөбе өңірлері) |
| Бақбақ | мамырдың басы – маусым | бүкіл жерінде, парк, жайылым |
| Жолжелкен, таран | маусым – шілденің ортасы | дала, жайылымы мол жерде |
| Қалақай | шілде – тамыздың ортасы | бүкіл жерінде |
| Арамшөп (жусан, алабота, көкпек, ойраншөп) | шілденің аяғы – қазан | оңтүстік, шығыс өңірлер (Алматы, Шығыс Қазақстан) |

Аллергиясы барлар нені білгені жөн
Аллергия бар-жоғын анықтайтын тест
Басқа өңірге барар алдында аллергия профиліңізді анықтап алған маңызды. Мында жазылған айлар біреуге қауіпті болса, өзгесіне білінбей өтуі мүмкін.
Дәрігер мен арнайы анализдер қай өсімдікке аллергияңыз бар екенін, оның қаншалықты ауыр өтетінін анықтауға көмектеседі. Оған қоса уақытша я біржола көшкен дұрыс, дұрыс емесін, көшкеннің өзінде дәрі ішу керек, керек емесін айтып береді.

Тозаңды қадағалап отыратын қолданбаларды жазып алыңыз
Неге аллергияңыз барын, ол қашан құтыратынын білсеңіз де, қателесуіңіз мүмкін. Тозаңның ауадағы концентрациясы ауа райы, жел, жауын-шашын мен өңіріне қарай күн сайын өзгеріп отырады, сондықтан бір күнтізбеге қарап қалуға болмайды.
- Pollen Wise — нақты аллергендерге (ағаш, астық тұқымдас, арамшөп) қатысты тозаң деңгейін көрсететін сервис. Алдағы бірнеше күнге арналған болжамы бар, қауіп деңгейі көрнекі шкалаға салып көрсетіледі. Аллергиясы барларға қай аймаққа барарын анықтарда, далаға қашан шығуға болатынын анықтарда көмектеседі.
- Pollen Forecast — тозаң деңгейін ауа райы деректерімен бірге көрсететін сервис: желдің бағыты мен күшін, жауын-шашын мен температураны ескереді. Ыңғайлы жағы — тозаң деңгейінің неге бүгін жоғары немесе керісінше төмен екенін түсіндіріп көрсетеді.
- Air Matters — тозаң деңгейі мен ауа сапасы туралы деректерді (PM2.5, шаң, тұмша) бірге көрсететін қосымша. Аллергиясы өсімдіктерден ғана емес, лас ауадан құтыратындарға өте пайдалы.
- Plume Labs / IQAir AirVisual — негізі ауа сапасын бақылап отыратын сервис, бірақ қалада я ыстық жақта тұратын аллергиясы бар адамдарға аса маңызды. Шаң мен тұмша әсерінен аллергия күшейіп кетуінен сақтанғанда көмектеседі. Әсіресе ауасы лас жерлерде, мысалы, Алматыда, Өскеменде я Теміртауда тұратындарға пайдалы.
- Pollen Diary — ауру белгілерін жазып, тозаң деңгейімен салыстыра алатын күнделік қосымша. Аллергияңызға нақ не түрткі болатынын анықтарда және келесі тозаң кезеңіне дайындаларда пайдалы.

Өңіріңізде шешек қашан ататынын біліп алыңыз
Бұл күнтізбе:
- аллергия белгілері қашан күшейетінін нақты анықтауға, қай айда алаңдамауға;
- қай ай сізге қауіпсіз, ал қайсы қауіпті екенін анықтауға;
- аллергия қай өсімдіктен күшейіп тұрғанын анықтауға: ағаш, дәнді дақыл я арамшөп;
- тұрып жатқан жеріңізді барғыңыз келген өңірмен салыстырып, ең жақсысын таңдауға көмектеседі.
Тозаңның күйін нақ білгіңіз келсе, ауа райын болжайтын сервистерден аллерген деңгейін қадағалап отыра аласыз. Мысалы, Яндекс Погоданың тозаңның қазіргі белсенділігі туралы бөлек бөлімі бар (Алматы: https://yandex.kz/pogoda/ru/almaty/allergies).
Шешек атқанда қай жаққа кетіп қалған дұрыс?

Кедровое дерево
Көктемде бүршік жаратын ағаштар (қаңдыағаш, қайын, жаңғақ ағашы)
🗓Гүл шашатын күндер: наурыздың басы — мамырдың басы.
📍Сізге жарайтын аймақтар:
- Қазақстан таулары. Биік таулы өңірлерде (Іле Алатауы, Алтай) тозаң концентрациясы төмен, сондықтан аллергия болмайды-ау. Шешек ататын кезек кеш басталады немесе әлсіз өтеді. Аллергиядан елден шықпай құтылудың амалы.
- Кипір. Бұл жерде қайың мен қандыағаш өте аз кезігеді, жоқтың қасы деуге болады, ал ағаштардың бүр жаратын кезеңі ертерек аяқталады. Сәуірде демалысқа барғысы келіп жүрген аллергиясы барларға керемет ел.
- Қанар аралдары. Ең тұрақты бағыттардың бірі: қолайлы мұхит климаты, аллергенді ағаштар аз өседі және тозаң күрт көбейеді деген болмайды.
- Исландия. Ағаш тектес аллерген жоқтың қасы. Суық климат пен қатты жел тозаңның таралуын барынша азайтады. Аллергиясы көктемде шешек атқанда құтыратын адамдарға қолайлы жер.
- БАӘ. Көктемде бүршік жаратын ағаштардан тозаң шықпайды. Алайда бұл елдің шаңы мен құмын ескергеніңіз маңызды. Дубай, Әбу-Дәби аллергиктердің бәріне бірдей жарай бермейді.
- Израиль. Көктемде шешек ататын кезең Қазақстанға қарағанда ертерек басталып, сәуір–мамыр айларына қарай бәсеңдейді. Әсіресе теңізбен шектесіп жатқан аймақтарда аллергия жеңілірек өтеді.
- Қырым мен Сочи. Теңіз климаты тозаң концентрациясын азайтады, ал ағаш бүршік ататын кезең құрлықтағы өңірлерге қарағанда қысқа әрі жай өтеді.
- Кавказ Минералды Сулары. Көктемде аллергені аз болады, климаты қолайлы.

Одуванчики
Жазғы астық тұқымдас өсімдіктер мен бақбақ
🗓Гүл шашатын кезең: мамыр–шілде, кейде тамыздың басына дейін. Құрғақ әрі желді күндері ауадағы тозаң мөлшері күрт артады да, әдетте жайлы саналатын жерлердің өзі аллергиясы бар адамдарға қолайсыз болуы мүмкін.
📍 Аллергияңыз асқынып кетпесін десеңіз, қайда кетіп қалғаныңыз жөн:
- Түркия мен Черногория. Теңізбен шектесіп жатқан аймақтарда астық тұқымдас өсімдіктер сирек өседі, ал теңіз ауасы мен ылғалдық аллергендердің әсерін азайтады. Ауыл жерлерден гөрі теңіз жағалауында тұрған дұрыс.
- Қазақстанның тау жерлері мен Алтай (1000 метрден биік). Биік аймақтарда астық тұқымдас өсімдіктер көп гүлдемейді я тозаң айтарлықтай көп тарамайды. Ұшақпен алысқа бармай, елімізде демалғысы келетіндерге арналған жер.
- Карелия. Салқын климат пен қысқа жаздың арқасында шөп шешек ататын кезең қысқарады. Сондықтан бұл өңірде аллергия орта белдеумен салыстырғанда оңайырақ өтеді.
- Мурман облысы. Аллергиясы барларға ең қолайлы жерлердің бірі: онда астық тұқымдас өсімдіктерден тозаң көп шықпайды. Жазы қысқа, ауа райы қоңыржай.
- Солтүстік Орал. Биік аймақ, салқын ауа мен табиғи ландшафт аллерген шоғырын азайтайды. Қимылдап демалғысы келетіндерге де, шипажайда жатып демалғысы келетіндерге күшті аймақ.
- Калининград облысы. Ылғалдығы жоғары әрі желі жиі тұратын Балтықта тұқымдас өсімдіктер маусымы құрлықтағы өңірлерге қарағанда жеңілірек етеді.

Амброзия
Амброзия мен құмшөп
🗓Шешек ататын күндер: шілденің аяғында басталып, қыркүйекте я қазанда аяқталады. Бұл мезгілде аллергия қатты күшейеді: амброзия мен құмшөптің тозаңы өте ұсақ, жел тұрғанда оңай таралады, алысқа жетеді.
📍 Бұл аллергиядан құтылу үшін қайда кетіп қалған жөн:
- Грузия (таулы аймақтар). Сванетия, Рача, Қазбегі — тауда амброзия өте аз өседі, ал құмшөптің шешек ататын кезеңі қысқа әрі көп тозаң шықпайды.
- Ыстықкөл, Қырғызстан. Биіктігі — 1600 метрдің айналасы, тау климаты пен үнемі есіп тұратын жел тозаң шоғырын айтарлықтай азайтады. Жаз аяғына қарай баратын жақсы жер болып тұр.
- Алтай. Алтай тауы аймағы тіпті тамыз–қыркүйек айында да аллериясы барларға қауіпсіз мекен: құмшөп аз, амброзия жоқтың қасы.
- Кавказ. Кавказдың тау басында жатқан курорттары мен табиғи аймақтары аллергиясы барларға оңтүстіктің жазық өңірлеріне қарағанда әлдеқайда қолайлы болады.
- Солтүстік Байқал. Жазы салқын, арамшөптері жаппай шешек атпайды, өсімдік сирек өсетіндіктен маусым аяғында бұл өңір тозаң жағынан ең таза аймақтардың бірі саналады.

Амброзия
Аллергиясы бар адамдар жайлы жер-аймақ таңдарда нені ескерген жөн?
☝️ Жер-аймақ таңдарда еліне емес, нақты өңіріне мән беріңіз
Бір елдің аллергиясы барларға қолайлы да, қолайсыз да аймақтары болуы мүмкін. Теңіз жағалауы мен таулы өңірлердің аллерген шоғыры мүлде бөлек. Сол себепті барамын деген жердің теңізден қаншалықты биік екенін, онда не өсімдік өсетінін, дала немесе егіншілік аймақтарына қаншалықты жақын екенін нақтылап алған жөн.
☝️ Тозаң шоғырын айына емес, күндеріне қарап болжаңыз
«Маусымда гүлдейді» деген сияқты жалпы ақпарат көшетін ел-жерді таңғанда аздық етеді. Аллергияңыз қай аптада күшейетінін білген маңызды.
☝️ Айқаспалы аллергияны ескеріңіз
Мысалы, жусанға аллергияңыз болса, басқа тамаққа да, мысалы, бал, дәмдеуіш пен шекілдеуікке де реакция көрсетуіңіз мүмкін. Сондықтан аллергиясы барлар нақты неге аллергиясы барын ғана емес, басқа не нәрсеге реакциясы болуы мүмкін екенін де ескеруіп жүруі керек.
☝️ Басқа жаққа көштім ғой деп дәріңізді ішпей қалмай жүрмеңіз
Барған жеріңіз қанша жерден қолайлы өңір болса да, ағза климат ауысқанына, шаң-тозаңға, сол жерде өсетін өсімдіктерге реакция көрсетуі мүмкін. Сондықтан басқа жаққа көшу дегенді дәрігер тағайындаған емнің орнына емес, соны толықтыратын мүмкіндік санаған дұрыс.
☝️ Аллергені аз үй таңдаңыз
Шалғын, егістік, бау-бақшаға жақын үйлерден аулақ болған жөн. Терезесі жабылатын, кондиционері бар пәтерлерді таңдаңыз әрі үйдің ылғалдығы қандай екенін алдын ала сұрап алыңыз.
☝️ Қосалқы жоспарыңыз болсын
Көшемін деген жеріңіздің маңында қосалқы қолайлы жерлер болғаны жақсы: қаланың қасында тау, жазықтың қасында теңіз жағалауы болса керемет болар еді. Тозаң шоғыры күрт артып кетсе, жақын маңдағы бір жерге көше саласыз.
☝️ Баратын жеріңізді мінсіз көрмеңіз
Қай климатта да «тап-таза» жер деген болмайды. Сапарыңыздың мақсаты — аллергендерді толық жою емес, олардың әсерін ағзаға жайлы деңгейге дейін азайту.

Басқа жаққа кете алмасам, қайткенім абзал?
1
Айналаңыздағы тозаң шоғырын азайтуға тырысыңыз. Көп шешек атқанда терезеңізді ашпаңыз. Үйді жаңбыр жауып болғаннан кейін я кешкісін желдеткен дұрыс. HEPA-сүзгісі бар ауа тазартқыш орнатып алыңыз.
2
Таза жүріңіз. Сырттан келген бойда бетіңізді жуыңыз, мұрынды тұзды ерітіндімен шайыңыз. Киіміңізді ауыстырып, далаға киген заттарды жатын бөлмеге кіргізбеңіз. Басыңызды жиі жуыңыз, себебі тозаң ең әуелі соған жабысады.
3
Шаруаңызды аллергияға сай жасаңыз. Құрғақ әрі желді күндері көп серуендемеңіз. Сыртқа кешке я жаңбыр жауып болғаннан кейін шығыңыз. Шешек көп атқанда саябақ, шалғын мен қала шетіндегі аймақтардан аулақ болыңыз.
4
Дәрігерге көрініп тұрыңыз. Аллергия белгілері жыл сайын қайталанса, бұл — қазір жасап жүрген амал-айлаңыз жеткіліксіз деген сөз. Аллерголог шешек ататын кезге қарап еміңізді түзеп, дәріні алдын ала ішіңіз деуі мүмкін, ал аллергия ауыр әрі тұрақты болса, АСИТ (аллергенге бағытталған иммунотерапия) ұсынуы мүмкін.
5
Айқаспалы әсерлерді ескеріңіз. Ағаш я өсімдік шешек атқанда тіпті қауіпсіз көрінетін тітіркендіргіштер — шаң, түтін, өткір иістер, арақ-шарап, кейбір тағам — аллергиялық реакцияны күшейтіп жіберуі мүмкін.
