Арақ-шарап алып ұшу: қолжүк пен багаждағы алкогольге салынған шектеулер
Ішімдік сүйер қауымға арналған мақала
Қолжүк пен багажға алкоголь салып ұшуға болады, бірақ оның көлемі мен санына шек қойылған.
Қолжүкке салынатын бір сұйықтық ыдысының көлемі 100 мл, ал бәрін қосқанда 1 литрден аспауы керек. Ал алкоголь Duty Free-дан алынса, көлеміне ондай шек қойылмайды.
Тіркелген багажға декларациясыз салынатын градусы 70% аспайтын арақ-шараптың көлемі 5 литрден аспауға тиіс.
Мынау — арақ-шарапты ұшақпен тасуға қатысты жалпы ережелер. Осы мақалада солардың егжей-тегжейі мен әуе компанияларының ережелерін айтып берейік.
| Ішімдіктің күштілігі | Ішімдіктің түрі | Қолжүк | Багаж | Маңызды |
| 24% дейін | Сыра, шарап, сидр, шампан | Алдын ала алынса салуға болмайды (сұйықтық туралы ережеге қарайды). Duty Free-ден алынса, салуға болады | Иә | Шектеу багаждың салмағы мен кеден ережелеріне байланысты болады |
| 24–70% | Арақ, уиски, ром, джин, коньяк, ликёр | Duty Free-дан алынбаса, салуға болмайды | Иә, салуға болады, бірақ шектеу қойылған | Классикалық ереже: бір адам ары кеткенде 5 л алып жүре алады, ыдысы 5 литрден аспауы керек әрі өзінікі болуға тиіс |
| 70% көп | 96% спирт, 80%+ күшті арақ тұнба | Жоқ | Жоқ | Жолаушылар ұшағымен тасуға тыйым салынған |

Бұл ережелер қайдан шыққан?
Авиация қауіпсіздігі
Қолжүкке салынатын сұйықтыққа шектеу қойылған. Бұл — әуежайлардың бәрі ұстанатын IATA халықаралық стандарты. Негізгі ереже: қолжүктегі бір ыдыстағы сұйықтықтың көлемі 100 мл-ден аспауы керек. Мұндай талап қауіпті сұйықтықтар араластырып қару жасайтын лаңкестердің алдын орау үшін енгізілген. Әуежай қауіпсіздік қызметі кәдімгі тексеріс кезінде әр жолаушының бөтелкесіндегі сұйықтықтың құрамын жылдам тексере алмайды. Сондықтан көлеміне шек қойылған.
Әуежай/әуе компаниясының ережесі
Әр тасымалдаушы компания халықаралық авиация ұйымы не мемлекет қойған талапты күшейте алады. Мысалы, Duty Free-ден алынбаған арақ-шарапты тасуға тыйым сала алады, багажға салынған бөтелке санын шектеуі мүмкін. Ұшар алдында әуе компанияныңыздың ережесін оқып шығыңыз.
Баратын елдің кедені
Арақ-шарапқа қатысты ережелердің ең қаталы осы жерде. Алкоголіңізді бар ережеге сай алып барсаңыз да, әр елдің өз заңы болады. Кей ел әкелгеніңізді тым көп деп тәркілеп, айыппұл салуы мүмкін. Сондықтан баратын еліңіздің заңы әуе компаниясының ережесінен маңыздырақ.
Қолжүктегі алкоголь
Спиртті ішімдікті қолжүкке салып алуға болады, бірақ көлеміне шек қойылады. 100 мл ережесі сұйықтықтардың бәріне қатысты.
Арақ-шарап Duty Free-ден алынбаса
Күштілігі: 70% аспайтын алкоголь (70% асқан спирт алып жүруге тыйым салынған)
Көлем: бөтелке көлемі 100 миллилитрден аспауы керек
Қолжүктегі сұйықтық бар құтылардың жалпы көлемі 1 литрден аспауға тиіс
- Шарап (0,75 л) мен сыра (0,33–0,5 л) салуға болмайды, себебі олардың көлемі 100 мл асады
- Көлемі 50–100 мл аспайтын миниатюра бөтелкеге құйылған сыра не шарап алсаңыз болады
- Сұйықтық қосылған бөтелкелердің бәрі 20×20 см зип пакетте тұруы керек

Duty Free-ден алынған алкоголь
Ұшу не транзит аймағындағы Duty Free-ден алынған ішімдік 100 мл ережесіне қарамайды.
Ол тауар STEB деген жабық пакетке түбіртегімен бірге салынуы керек. Ұшар алдында оны ашуға болмайды.
Транзит рейстерінде жағдай өзгеше болады: кей ел (мысалы, Аустралия, Қытай) басқа әуежайдың Duty Free-нен келген заттарды өткізбей, тартып алуы мүмкін.
Багажға кететін алкоголь
Багажға салынатын арақ-шараптың көлеміне ондай қатты шектеу қойылмаған. Ішімдікті бір елден шығаруға қатысты дау тумауы керек, бірақ оны басқа елге кіргізгенде мәселе тууы мүмкін. Сондықтан ұшар алдында баратын елдің ережелерін оқып шығыңыз.
Алкоголь күштілігі
| Ішімдіктің күштілігі | Ішімдіктің түрі | Багажға жіберу ережесі |
| 24% дейін | Сыра, шарап, сидр, просекко | Санына IATA шектеу қоймаған; шектеуді әуе компаниясы мен баратын елдің кедені қояды |
| 24–70% | Арақ, уиски, коньяк, ром, джин | Бір жолаушы декларациясыз ары кеткенде 5 литр алкоголь сала алады (бұл да IATA нормасы); әуе компаниясы шектеу қоюы мүмкін |
| 70% дейін | Ішуге болмайтын спирт, концентрациясы көп абсент | Багажға да, қолжүкке де салуға болмайды |

Арақ-шарапты багажға қалай орап салу керек?
Багажға салынған шөлмек сынып қалса, оған әуе компаниясы жауап бермейді. Оны орап салуға, амандығына өзіңіз жауаптысыз.
- Бөтелкені түссіз бұдырлы орамаға не киімге 3-4 рет ораңыз;
- Бөтелке жарылып кетеді десеңіз, герметик пакетке салыңыз да, жұмсақ заттардың арасына салыңыз;
- Багаждың орта жағына салыңыз;
- Шарапқа арнайы пенопласт қорап алыңыз. Ол әуежайлар мен маркетплейстерде сатылады. Бөтелкеңіз екеу болса қалайда алыңыз;
- Салмағын тексеріңіз: бөтелкелеріңіз ауыр болса, багаж салмағына қойылған лимит асып кетуі мүмкін.
Қазақстанда ішкі рейстермен арақ-шарап тасу
Ішкі рейстерде кеден шектеуі деген болмайды;
Шектеуді тек әуе компаниясы мен әуежай қауіпсіздік қызметі қояды;
Алкогольді қолжүкке саламын десеңіз, оның бір құтысының көлемі 100 миллилитрден, сұйықтықтардың жалпы көлемі 1 литрден аспауы керек. Багажға салатын ішімдіктің көлеміне шек қойылмаған.
Air Astana, SCAT, Fly Arystan мен Vietjet Qazaqstan (қазіргі Qazaq Air) жаңа біз айтқан IATA нормаларына бағынады. Сондықтан 70% асқан алкогольді ұшақпен тасуға болмайды.
Бортта жолаушы өз ішімдігін іше алмайды.
Қазақстанда халықаралық рейстермен арақ-шарап тасу
Алкогольді халықаралық рейспен тасу ішкі рейспен тасу сияқты. Бірақ Duty Free-ден алынған ішімдік пен пакетке қатысты ережелері өзгеше.
Бізде шетелге арақ-шарап тасуға тыйым салынбаған. Бірақ ол ішімдікті өзіңіз ішемін деп шығарғанда ғана шек қойылмайды.
Қазақстанға 21-ге толған жолаушы көлемі 3 литрге жетпейтін ішімдікті баж төлемей әкеле алады.
- Ішімдік 3–5 литр болса, әр литрі үшін 10 еуро төлеу керек;
- Көлемі 5 литрден асқан ішімдікті елге кіргізуге болмайды (сатамын десеңіз кіргізуге болады, бірақ құжатын көрсетуіңіз керек)
Ресейде арақ-шарап тасу ережелері
Ішкі рейс
Қолжүк: 100 мл ережесі, барлық сұйықтыққа арналған
Багаж: Росавиация нормасына сай ішімдік тасуға тыйым салынбаған; әуе компаниялары (Аэрофлот, S7, Победа, басқасы) IATA нормасына бағынады, сондықтан багажға 24–70% ішімдіктің ары кеткенде 5 литрін салуға болады.
Халықаралық рейс
Ресейге баж төлемей кіргізу: бір адам көп дегенде 3 литр алкоголь кіргізе алады
3–5 литр: әр литрі үшін 10 еуро төлеу керек
5 литрден асса: кіргізуге болмайды.
Жолаушы 18-ден асқан болуы керек.
Бірқатар елден Ресейге ішімдік апаруға тыйым салынған болуы мүмкін. Санкция тізімінен тексеріп алыңыз.

Басқа елдерге ішімдік апару
Мына нормалар кәмелет жасына толған жолаушыларға арналған.
| Ел | Баж төлемей кіргізуге болады | Кәмелет жасы | Ерекшеліктер |
| Беларусь | 3 л | 18 жас | 3 л асса, баж төлейді; 5 л асқан ішімдікті кіргізуге болмайды |
| Грузия | 3 л | 18 жас | Жергілікті шарапты шетелге шығаруға шек қойылмаған |
| Өзбекстан | 2 л | 20 жас | Өңірдегі ең қатаң лимиттердің бірі осы Өзбекстанда |
| Қырғызстан | 2 л | 18 жас | — |
| Тайланд | 1 л | 20 жас | Нормадан асса, тәркіленеді де, иесіне айыппұл салынады |
| Түркия | 1 л (не 2 л шарап/сыра) | 18 жас | Duty Free-ден алынса, ары кеткенде 5 л |
| Мысыр | 1 л | 18 жас | |
| БАӘ | 4 л (не 2 блок сыра) | 18 жас (мұсылман еместер) | Мұсылмандар алып бара алмайды; Шаржа құрғақ заңға бағынады |
| АҚШ | 1 л (≈ 1 qt) | 21 жас | Нормадан асса, декларациядан өткізіп, баж төлейсіз |
| Қытай | 1,5 л | 18 жас | Кеден тексерісі қатты жүреді |
| Еуропа одағы | 1 л күшті ішімдік/ 2 л шарап/ 4 л сыра | 18 жас | Еуропа одағы елдерінің бәрінде норма бірдей |
Алған арақ-шарабымның көлемі нормадан асып кетсе, не болады?
Ережеге бұзғаныңыз қай кезде анықталғанына қарай жазасы әртүрлі болады.
Алкоголіңіз нормадан көп екені әуежайда тексерістен өтіп жатқанда анықталса тәркіленеді. Қауіпсіздік қызметкерлерімен дауласудың керегі жоқ. Ішімдігіңізді алып қаламыз десе, алып қалады.
Апарған арақ-шарабыңыз нормадан сәл асса, барып тұрған еліңіздің кедені баж төлетуі мүмкін. Ал көп асса, тәркіленеді. Тығып өткізмек болсаңыз, айыппұл төлейсіз не одан ауыр жаза алуыңыз мүмкін.
Ұшақта экипаж жолаушы өз ішімдігін ішіп отырғанын көріп қалса, оны тартып алады. Жолаушы мұнысын бірнеше рет қайталаса, әуе компаниясы оны қара тізімге енгізеді.


