Қыста жылы жаққа ұшқанда не киген жақсы?
Әуежайға барарда қатып қалмаудың және жылы елге жеткенде бықсымаудың амалы
Қазақстан қысынан тропик жазға ұшып бара жатсаңыз, ұшаққа не кию керегін айтып берейік.
Бастысы — киімнің көлемі емес, неше қабат екені
Қыстан жазға ұшқанда қабат-қабат киіну қағидасын ұстаныңыз. Әуелі футболка киіңіз, кейін кофта мен жұқа күртеше киіңіз. Терлесеңіз, біреуін шешіп тастауға болады.
Бірнеше қабат киінген ұшақта айтарлықтай көмектеседі. Онда температура жиі өзгереді. Ұшар алдында және қонарда борт бықси бастайды, ал әуеге көтерілгеннен кейін суиды. Температураға қарай киіміңізді не шешесіз, не киесіз.

Қалай киіну керек: ішкі қабаттан үстіңгі қабатқа дейін
Бірінші қабат: шешпейтін негізгі қабат
+28 °C температураға жарайтын футболка не жұқа майка киіп алыңыз. Үстіңізден мүлдем шешпейсіз, ана жаққа барғанда күнде киіп жүре бересіз. Бірақ бөлек кигенге жарар-жарамасын тексеріп алыңыз.
Бірінші қабатыңыз мақтадан не меринос жүнінен жасалғаны жақсы. Синтетика да болады, себебі спортқа арналған мата ылғалды жақсы сіңіреді әрі тез кебеді. Бастысы — киім ауа өткізсе әрі денеге жабысып тұрмаса болды.
Екінші қабат: ұшақта жылытатын киім
Футболканың үстінен жұқа свитер, кардиган не жұқа флис кофта киіңіз. Бұл киімді терлегенде оп-оңай шешіп тастай аласыз я керісінше тоңғанда киіп аласыз. Екінші қабаттың киімі қолжүкке сыятындай болсын.
Ілгекті кардиган не сыдырмалы кофта киіп алсаңыз, оны терлегенде шешпесеңіз де болады, тек алдын ашсаңыз жетеді. Бортта жамылғы берілмесе, кардиганды шешіп, алдыңызға жая аласыз. Екінші қабаттың киімін алдағы орындықтың астында тұрған сөмкеге салыңыз. Алғанда оңай болсын.
Үшінші қабат: пуховиктің орнына жұқа күртеше алыңыз
Барғанда сөмкеңізге сала салатын күртеше киіп алыңыз. Қалыңдығы қайда бара жатқаныңызға және суықта қанша уақыт жүретіңізге қарайды.
- Жұқа пуховик — ең жақсы вариант. Көп орын керек емес, бүктеп-бүктеп салуға болады, аса қалың емес, аса жұқа емес. Бірақ қақаған қысқа жарамайды. Ішінде жылытқышы бар-жоғын тексеріңіз.
- Желбегей (ветровка) — жел мен жаңбырдан қорғайды, бірақ жылытпайды.
- Джинс күртеше курортта кешкі салқында қыдыруға жарайды, бірақ қатты суыққа жарамайды әрі пуховиктен көп орын керек.
Қалың қысқы күртеңізді үйге тастап кетсеңіз де, бүктеп сала салатын қалың киім алып жүріңіз. Ұшақтан шыққанда автобусқа мінсеңіз де, траппен жүрсеңіз де, қысқы ызғар сүйектен өтеді.

Әуежайға киетін сырт киім
Дала −20 °C болса, әуежайға қалың киініп барыңыз. Бірақ ұшар алдында оны қайда тастайтыңызды ойластырып қойыңыз:
- Шығарып салуға келген жақындарыңызға беріңіз. Күтіп алуға келгенде ала кел деп айтып қойыңыз.
- Сақтау камерасына салыңыз: Алматы және Астана әуежайларында сақтайтын камералар бар. Бар шартын: бағасын, сақтайтын мерзімін, не салуға болатын, қалай салу керегін біліп алыңыз.
- Багажға өткізбей тұрып салып тастаңыз. Шабаданыңызда сырт киіміңізге орын қалдырып қойыңыз.
- Салонға ала кетіңіз. Бірақ әуе компаниясының ереже-шартын оқып алыңыз: кей жерде бөлек пакетке салынған киім қолжүк саналады.
Сақтау камерасына салсаңыз, күртеңізді курортқа алып кетпейсіз, дегенмен қайтарда оны терминалға кіріп, багаж алғаннан кейін ғана ала аласыз. Ұшақтан әуежайға дейінгі жолда жаурап қалуыңыз мүмкін.
Бұтыңызға не киесіз?
Ұшқанда шалбарыңыз ішіңізге батпайтындай және аяқ бүгіп-кергенге кең болуы керек. Міне, үш ең ыңғайлы вариант:
- Жұқа шалбар не чинос. Ішіне термо ішкиім киіп алыңыз. Қосалқы қабат әуежайға бара жатқанда жылытады, ал жылы жаққа жеткенде шешіп тастайсыз.
- Кең джинс. Жолға және салқын бортқа не кием дегенде ойға бірінші келетін шалбар. Белі де кең тұратын жұмсақ деним таңдаған жақсы. Ондай шалбар терлегенде бұтыңызға қатты жабысып тұрмайды.
- Трико не жоггер. Ұзақ ұшатындарға жарайды, ондай шалбар денеге батпайды, ал балағы тобықты қысып тұрмайды.
- Лосина не белі кең тұратын легинс. Созылғыш матасы қозғаларға жақсы. Жылы жаққа көктемде ұшсаңыз, жұқа түрін киіңіз, ал қыста ұшсаңыз, қалыңын киюіңіз керек. Белі кең тұрғанын алыңыз. Ескере жүріңіз: қалың лосина терминалда тұрғанда-ақ терлетіп жіберуі мүмкін, сондықтан тропикке ұшқанда қолжүкке ауыстырып киетін жұқа киім сап алыңыз.
Ұшаққа қысқа балақты шалбар (шорты) киюге болады, бірақ борт суық болады. Оны қолжүкке салып қойыңыз да, ана жаққа барғанда ауыстырып киіп аласыз. Бірақ баратын еліңізде ғибадатханаға барамын десеңіз, шорты кигенде кірмей қалуы мүмкін.
Ал аяғыңызға не киесіз?
Қысқы етік әуежайға барғанда керек болады, бірақ Тайланд сияқты елде артық жүк болады. Аяқкиіміңізді маршрутыңызға қарай таңдаңыз.
- Кроссовка мен қалың шұлық — ең жақсысы осы. Қалың шұлық киіп алсаңыз, тоңбайсыз, ыстықтасаңыз, жұқасын киіп аласыз.
- Қысқы бәтеңке не угги: әуежайға барам дегенше тоңып қаламын десеңіз киіңіз. Терминалға барғанда аяқкиіміңізді ауыстырыңыз да, қысқысын пакетке не қапқа салып, багажға өткізіп жіберіңіз.
- Қолжүкке сандал я шәркей (шлепанцы) салып алыңыз. Ана жаққа ұшып барғанда кие саласыз. Аяқкиімді ұшақтан шығып, терминалға кіргеннен кейін кигеніңіз жақсы.
Жолға тез шешіп-киетін аяқкиім алыңыз. Себебі әуежайдағы тексерісте қызметкерлер аяқкиіміңізді шеш деп талап етуі мүмкін. Аяқкиіміңіз кең болсын. Ұшқанда, әсіресе ұзақ ұшқанда аяғыңыз ісуі мүмкін.

Қолжүкке не киім салған жөн?
Ұшып барған бойда ауыстыру керек киімді бөлек пакетке салып қойыңыз. Сонда ана киімім қайда, мына киімім қайда деп әуежайда бүкіл шабаданды ақтарып тұрмайсыз. Қолжүкке мыналарды салыңыз:
- Екі-үш жазғы киім: футболка, шорты не жұқа шалбар, ауыстырып киетін ішкиім.
- Сандал я шәркей. Қапқа салыңыз да, алғанда оңай болсын деп сөмкенің бетіне салыңыз. Ұшақтан түскен бойда киіп аласыз.
- Жұқа шарф не орамал. Ұшаққа мінерде иығыңызға тағып алыңыз, бортта кондиционерден, ал ана жақта күннен не желден қорғанасыз.
Жазғы киімдердің бәрін бірдей шабаданға салмаңыз. Багаж кідіріп қалса, жаңа жазғы зат керек деп шығындалмайсыз.
Қандай мата жақсы?
- Мақта мен зығырдан жасалғаны ауа өткізеді, ыстыққа жарайды. Ұшаққа кең киім киген жақсы. Бірақ ескере жүріңіз: зығыр мата тез қыртыстанады, ал қалың мақта кеуіп болмайды.
- Жұқа меринос жүні жылуды ұстап тұрады әрі тер иісін шығармайды. Футболкаңыз бен екінші қабат киіміңіз осы жүннен жасалғаны жақсы. Бірақ тым қалың болмасын, қайткенмен де жылы жаққа ұшып бара жатырсыз.
- Синтетиканың түр-түрі болады. Спорт полиэстері көп терлемеуге көмектеседі, ал қалың акрил свитер бықсытып жіберуі мүмкін. Сондықтан синтетикаға келгенде нақты киімге мән беріңіз.
- Жұмсақ жұқа деним — ең жақсы шалбар. Қалың джинс шалбарды ұшақтан түскеннен кейін шешіп тастаған жөн.
Қыста ұшаққа не кимеу керек?
- Қайда қоярыңызды білмесеңіз, үлкен пуховик кимеңіз. Әуежайға кетіп бара жатқанда, иә, керек болады пуховик. Бірақ бортта көп орын алады. Сондықтан қайда қоярыңызды алдын ала ойластырып қойыңыз: я шығарып салатындарға беріңіз, я сақтау камерасына салыңыз, я багажға салыңыз.
- Жабысып тұратын киім кимеңіз. Мұндай киімдер былай кигенге жақсы шығар, бірақ ұшақта бірнеше сағат отырғанда белі тар шалбар, денеге батып тұрған тігісі бар футболка, ауа өткізбейтін киімнен ығырыңыз шығады.
- Бірінші рет киетін аяқкиім. Бұрын кимеген аяқкиіміңіз ұшаққа жетпей жатып мазаңызды алады. Аяғыңыз үйренген аяқкиім киіңіз.
- Металл әшекей бұйым көп болмасын. Ірі белбеу, алқа, білезік тексерісте біраз әуреге салады. Металл болғасын шешіп-тағып тұрасыз, жұртты күттіріп қойдым деп алаңдайсыз.
- Тізеден жоғары тұратын етік. Аяғыңызды бүге алмайсыз, кере алмайсыз. Әуежайдағы тексерушілер аяқкиіміңізді шешіңіз деуі де мүмкін. Ұшақтан түскеннен кейін етікке шабаданнан орын іздеуіңіз керек.
Дайын гардероб: үйден жағажайға дейін
Капсула гардеробыңызда футболка, кардиган, жұқа жиылмалы күрте, кең тұратын чинос, кроссовка, қалың шұлық болсын. Футболкаңызды ұшақтан түскеннен кейін де шешпейсіз, ал кардиган суық бортта көмек болады, ал күртені қолжүкке сала саласыз. Чинос ұшқанға да, жылы жақта бір күн киіп жүруге де жарайды. Қонғаннан кейін қалың шұлығыңызды жұқасына ауыстырыңыз я басқа аяқкиім киіңіз.
Өз қалаңызда күн аяз болса немесе көшеде әуежай автобусын көп күтемін десеңіз, гардеробқа кәдімгі қысқы күрте қосыңыз. Бірақ ұшар алдында қайда салатыныңызды ойластырып қойыңыз.
Қыз-келіншектерге арналған гардероб — лосина, ұзын футболка, кардиган. Жолға жүн лосина киіңіз, ал ана жаққа барғаннан кейін жұқа шалбар не көйлек киіп алыңыз. Бұтымды ауыстырғым келмейді десеңіз, ұшаққа кең шалбар мен қалың колготка киіп алыңыз.
Қолжүкке сандал не шәркей (шлепанцы), шорты не жұқа көйлек, күннен қорғайтын крем салыңыз. Сонда багажды алғаннан кейін киіміңізді ауыстыра саласыз да, бірден теңізге қарай бара бересіз.

Туристерге айтарымыз
1
Ұшаққа киетін киіміңізді киіп, отырып көріңіз. Аз дегенде 15 минут отырыңыз: еңкейіңіз, аяғыңызды бүгіңіз, қолыңызды көтеріңіз. Шалбардың белі тар болса, футболка қысқа болып, ішіңіз ашылып кете берсе — мұның бәрін үйде жүргенде біліп алғаныңыз жақсы.
2
Шешіп тастайтын киімдерге қолжүктен орын дайын қойыңыз. Кардиган мен күрте қолжүкке сыйғаны жақсы, әйтпесе ұшақтан түскеннен кейін қолыңызда тасып жүруіңіз керек.
3
Ауысып мінетін рейстерді ескеріңіз. Рейстен рейске мінгенде әуежай ауыстыруға не багажды алып, кері тапсыруға тура келсе, қалың киім керек болады. Сондықтан оны шабаданға салар алдында осыны ескеріңіз.
4
Киім ауыстыруға асықпаңыз. Әуелі керек тексерістен өтіп алыңыз, багажыңызды алыңыз, киімді әуежайдан шығар алдында ауыстырсаңыз жеткілікті.
5
Ауыстыратын киімге бөлек пакет алыңыз. Оған қалың шұлық пен колготканы салып қоясыз, ал аяқкиімге басқа қап арнағаныңыз жөн.
6
Қайтар жолыңызды ойластырып қойыңыз. Қайтар алдында қалың киімдеріңізді қолжүкке салып қойыңыз. Қалпақ, шұлық пен күртені ұшақтан түспей жатып киіп аласыз.




