Жолға қандай шабадан аламыз?
Сапарға дайындалғанда неге мән береміз?
Саяхатқа шыққанда шабаданыңыз ыңғайлы әрі сыйымды болғаны маңызды, әйтпесе басыңызға бәле болады. Сондықтан билетіңіз багажды болса, шабаданыңызды алғанда көп нәрсеге мән беруіңіз керек. Осы мақалада жолға дайындалғанда нені ескеруіңіз керегін айтып береміз.
Неден бастау керек: шабадан алардан бұрын мына сұрақтарға жауап беріңіз
Әуелі қайда және неше күнге баратыныңызды шешіп алыңыз. Жолға әдетте не алатыныңызды есіңізге түсіріңіз: тек киім-кешек пе, әлде оның қасына техника, сынғыш заттар, базарлық та аласыз ба? Бір қолжүк жарай ма, әлде багаж керек пе?
Кейін қалтаңызға қараңыз, шабадан алғанда бағасына ғана емес, сапасына да мән беріңіз. Осы бес сұрақтың жауабы талай саяхатта жаныңыздан табылар шабадан табуға көмектеседі.
Қазақстан әуе компанияларының багаж нормалары
Біз жазған нормалар әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан компаниялардың ресми сайтына кіріп анықтап алыңыз.
| Әуе компаниясы | Қолжүкке қатысты лимит | Багажға қатысты лимит |
| Air Astana | Эконом мен премиум эконом: 1 орын, макс. 8 кг, 56 × 45 × 25 см. Бизнес: 2 орны, әрқайсы макс. 8 кг | Эконом: Basic — қосылмаған; Classic — 1×23 кг; Plus — 2×23 кг. Бизнес мен премиум эконом — 2×32 кг. Әрқайсы макс. 158 см (үш өлшемнің қосындысы) |
| FlyArystan | 1 орын, макс. 7 кг, 56×23×36 см. Үстінен ақы төлеп, 10 келіге дейін көтеруге болады | Standard — қосылмаған; Comfort — 20 кг; Comfort Plus — 32 кг. Бір орын макс. 158 см (үш өлшемнің қосындысы) |
| SCAT | Эконом: макс. 10 кг, 55×40×25 см | Light — қосылмаған; Optimum — 1×23 кг; Flex — 2×23 кг. Әр орын макс.158 см |
| Vietjet Qazaqstan | Promo, Eco мен Deluxe — 1 орын, макс. 7 кг; SkyBoss — макс. 10 кг. Өлшем — 56 × 36 × 23 см | Promo мен Eco — қосымша ақыға; Deluxe — 1 орын, 23 кг; SkyBoss — 2×23 кг; субсидиялы тариф — 20 кг. Бір орын — макс. 158 см |

Шабадан өлшемі: S, M, L, XL
Шабадан өлшеміне қатысты стандарт жоқ. Бір компанияның S өлшемі басқа жерде M болуы мүмкін. Шабадан биіктігін дөңгелектерімен бірге, тұтқасына ішіне салып өлшеу керек.
| Өлшем | Биіктігі | Көлемі | Қандай сапарға жарайды? | Формат |
| S | макс. 55 см | 30–45 л | 2–4 күндік демалысқа | Көбіне қолжүк бола алады, әуе компаниясының ережесін оқыңыз |
| M | 60–69 см | 50–75 л | 5–10 күндік демалысқа | Багаж |
| L | 70–79 см | 75–110 л | 10–14 күндік демалысқа не екеу болып демалғанда | Багаж |
| XL | мин. 80 см | 110–140 л | Ұзақ жолға, көшуге, бірнеше адам болып демалғанда | Багаж; көлемі кей жерге стандартқа сай болмауы мүмкін, сондықтан ақша төлейтін шығарсыз |
Корпусы мата болсын ба, пластик болсын ба?
Пластик шабадан

- Поликарбонат — соққыға және температура өзгерісіне берік әрі қатты материал. Жиі ұшатын әрі жүгін багажға тапсыратын адамдарға жақсы.
- Полипропилен — иілгіш әрі бағасын қалта көтеретін материал. Салмақ түскенде корпусы майысқанымен тез қалпына келеді. Сондықтан іші жартылай ғана толып тұрса да, багажға тапсыра беруге болады. Бағасы, салмағы мен беріктігі жағынан тиімді вариант.
- ABS пластик — қатты әрі арзан материал, бірақ қатты соққыға және төмен температураға поликарбонат пен полипропиленге қарағанда төзімсіздеу. Көп сапар шекпейтіндерге жарайды. Ал жиі ұшып жүрсеңіз, поликарбонаттан немесе полипропиленнен жасалған шабаданды таңдаған дұрыс.
Мата шабадандар

- Нейлон — берік, ұзақ тозатын материал. Әдетте су өткізбейтін арнайы сіңдірмесі болады. Полиэстерден қымбатырақ, десе де, сапарға жиі шығатындарға жақсы.
- Полиэстер — бағасын қалта көтереді әрі материалы жеңіл. Алайда өңі тез ауып кетеді, ылғалды сіңіреді, біраз уақыттан кейін әр нәрсеге бір қажала беретін болады.
- Полиамид — берік, қатты, ұзақ тозатын материал. Бағасы мен қасиеттері жағынан көбіне арзан полиэстер мен қымбат маталардың ортасында тұрады.

- Төрт дөңгелекті шабаданды әуежай мен тегіс жерлермен еңкейтпей-ақ сүйреп жүруге болады, бірақ бұдыр-бұдыр жолмен сүйрегенде дөңгелектеріне салмақ түседі.
- Екі дөңгелекті шабаданды еңкейтіп сүйреуге туралы келеді, сондықтан қолыңызға біраз салмақ түседі, есесіне кедір-бұдыр жермен жүргенде дөңгелектерге аса салмақ түспейді.
Дөңгелектердің материалы да шабаданның сапасына әсер етеді:
- Полиуретан — дыбыссыз, ұзақ тозады, бірақ ең қымбаты.
- Резеңке — көп дыбыс шықпайды, бірақ полиуретанға қарағанда тез тозады.
- Пластик — ең арзаны. Сүйрегенде дыбысы қаттырақ шығады әрі қатты салмақ түссе сынып қалады.

Құлып пен сыдырма
- Сыдырманың арқасында шабаданды тезірек ашасыз. Оның кей моделін қосымша сыдырма салдыруға болады. Бірақ бір минусы: шабаданды аузы-мұрнына дейін толтырсаңыз, сыдырмасы шыдамай, шешіліп кетуі мүмкін.
- Ілмек деген көбіне қатты әрі жақтаулы шабадандарға тағылады. Ол екі корпусты жалғап тұрады, аяқ астынан ашылып кетеді деген болмайды. Біраз ондай модельдер ауыр болады, ал бітеу болар-болмасы ілмегінің күшіне қарайды. Әлсіз болса, шабадан әп-сәтте ашылып кетуі мүмкін.
Сыдырмалардың да түрлері көп:
- Шиыршық — икемді, жапқанда үлкен салмаққа шыдайды;
- Трактор — тістері бөлек-бөлек тұратын сыдырма. Ірі көрінеді, бірақ салмақ түскенде формасы өзгереді не ажырап кетуі мүмкін.
- Металл — берік, бірақ ауыр әрі икемсіздеу. Шабаданның сыдырмасын таңдағанда материалы емес, лентасы, жүгіртпесі мен тігісінің сапасы маңызды. Арзан металл сыдырма жақсы пластик сыдырмадан кем түсуі мүмкін.


Шабаданның іші: бөліктері, белдігі, кеңейткіші
Шабаданның іші дұрыс ойластырылып жасалса, оның бар жерін тиімді пайдаланасыз әрі әр рейстен кейін заттарды қайта жинап әуре болмайсыз. Шабадан алғанда мына төрт ерекшелікке назар аударыңыз:
- Сыдырмалы бөлгіш шабаданды екі бөлікке бөледі. Оларға заттарды бөліп салғанда ыңғайлы болуы керек;
- Айқасқан бекіткіш белдіктер шабаданды аударғанда немесе ұшаққа тиегенде киімдерді бір орында ұстап тұрады. Белдіктер жалпақ әрі ұзындығы реттелетін болғаны жақсы.
- Ішкі қалталарына қуаттағыш, адаптер мен басқа ұсақ заттар салған ыңғайлы. Торлы қалтаның бір жақсысы — ішінде не бары көрініп тұрады. Паспорт, ақша мен құжаттардың түпнұсқаларын қолжүгіңізге салып қойыңыз.
- Шабаданды кеңейткіш — шабаданның шетін бойлай орналасқан қосалқы сыдырма. Оны ашқанда жүксандықтың көлемі 15–20% ұлғаяды. Қайтар жолда алған заттар мен базарлықтарды салуға ыңғайлы. Бірақ шабадан кеңейгенде қолжүкке жарамай қалуы мүмкін. Мұны да ескеріңіз.


Шабаданның түсі мен түрі
Шабаданға көзге түсетін ашық түсті лента не салпыншақ тағып қойыңыз. Шабаданымның түсі ерекше болсын деп біраз іздегенше осылай істей салыңыз.

Жақсы шабаданның бағасы қанша?
Бағасы, әрине, материалы мен брендіне қарайды. Қазақстанда үш сегменттің бағасы 2026 жылы мынандай болады:
- Арзан — 10 000–30 000 теңге. Арзан сегменттің шабадандары әдетте ABS пластиктен не арзан полипропиленнен жасалады. Жылына саяхатқа бір-екі рет шыққанға жарайды. Бірақ алғанда дөңгелегін, тұтқасы мен сыдырмасын тексеріп алыңыз. Себебі өндірушілер осы бөліктерге келгенде ақшасын үнемдеп қалады.
- Орта — 40 000–80 000 теңге. Бұл сегменттің шабадандары полипропилен, поликарбонат пен аралас материалдан жасалады. Дөңгелектерінің дыбысы аса шықпайды, тұтқасы мықтырақ болады, кепілдік беріледі. Мысалы, Xiaomi брендінің поликарбонат түрлері кем дегенде 50 мың теңге тұрады.
- Премиум — ең аз дегенде 100 000 теңге. Материалы жеңіл, құрылымы ойластырылған, ұсақ бөліктері сапалы, кепілдігі ұзақ болады, бұзылып қалса, бренд өзі жөндеп береді. Бұл сегментте ең қымбат шабаданның бағасы әлдеқайда жоғары: Samsonite брендінің Қазақстанда сатылып жүрген модельдері кем дегенде 300–400 мың теңге тұрады. Ондай шабадан жиі сапар шегетіндерге жарайды, бірақ бағасы қымбаттың сапасы жақсы бола бермейді. Алар алдында тексеріп алыңыз.
Шабадан алғанда бағасына ғана емес, алғаннан кейін басқа қандай шығын көретініңізге мән беріңіз. Кепілдігінің мерзімі қанша болатынын, дөңгелектері мен тұтқасы ауыстыруға болатын-болмайтынын анықтап алыңыз. 60 000 теңгенің ауыстыруға не жөндеуге келетін шабаданы бір рет қатты бүлінгеннен кейін жарамай қалатын 30 000 теңгенің шабадынынан әлдеқайда тиімді.

Шабаданды қалай күтіп ұстаймыз?
Жолдан қайтқанда шабаданды дереу шкафқа салып қоймаймыз, әуелі жуып я сүртіп, кептіріп, бұзылған жерін жөндеңіз.
- Пластик корпусты ылғал шүберекпен сүртіңіз. Абразив не еріткіш құралдарды қолданбаңыз: шабаданның сыртын бүлдіріп тастайды.
- Мата шабадандың шаңын құрғақ щеткамен сүртіңіз не шаңсорғышпен сорып алыңыз, кір жерін ылғал шүберекпен не қағаз сүлгімен сүртіңіз, сонсоң кептіріңіз.
- Дөңгелектерін құм, шаш пен ұсақ қоқыстан тазартыңыз. Ұзақ жолдан келсеңіз, дөңгелектері сынған-сынбағанын тексеріңіз.
- Сыдырмасын ашып-жауып, ал тұтқасын шығарып-салыңыз. Жүгіртпесі тұрып қала берсе, арнайы май жағыңыз. Шабаданды құрғақ жерге қойыңыз, батарея мен күн сәулесінен аулақ жерде тұрсын.
- Шабаданның үстіне ештеңе қоймаңыз, корпусы майысып қалмасын.
- Бір шетін ашып қойыңыз, ауа кіріп тұрсын, ал ішіне ылғал жұтқыш салыңыз.
Әуежайда керек болар ақыл-кеңес
Шабаданды багажға тапсырар алдында жан-жағын суретке түсіріңіз: дөңгелектерін, тұтқасы мен багаж биркасын бөлек түсіріп алыңыз. Бұл суреттер шабадан багажға өткізгеннен кейін бүлінгенін көрсетеді.
Шабадан зақымданса, әуежайдың келу аймағынан шықпай тұрып Lost & Found бөліміне жүгініп, PIR актісін толтырыңыз. Багаж биркасын, отырғызу талонын, фотосурет мен жөндеуге немесе сатып алуға қатысты құжаттарды сақтап қойыңыз. Мысалы, Air Astana компаниясы шағымға PIR актісін, багаж биркасын, жеке куәлігіңіз бен дүниеңіз қалай бүлінгенін жазып беруді беруді сұрайды.
Әуе компанияларының көбі багажы бүлініп қалғандар шағымын жеті күн ішінде жазып беруі керек деп талап қояды. Шабадан қатты зақым көрсе, өтемақы алуға болады. Ал сызат түссе я бір жер қажалса я біреу қолданса, тасымалдаушы залал деп мойындамауы мүмкін.
Шабадан аларда мыналарды ескеріңіз
1
Әуе компаниясының нормасына қараңыз. Өлшегенде дөңгелектері, тұтқасы мен сыртқы қалталарын да өлшейтініңізді ұмытпаңыз.
2
Шабадандың салмағын біліңіз. Шабадандың өзін өлшеп көріңіз, салмағы 3 келі болса, максимум 8 келі көтереді деген шабаданның 5 келісін ғана пайдалана аласыз деген сөз.
3
Материалы не екенін көріңіз. Поликарбонат мен полипропилен басқанда серпіледі, ал ABS олардан қаттырақ. Бірақ шабадан нақты қандай пластиктен жасалғанын ұстап көріп емес, затбелгісіне қарап біліңіз. Себебі өндірушілер пластиктерді араластырғанды жақсы көреді.
4
Шабаданды сүйреп көріңіз. Дөңгелектері еш кедергісіз, дыбыс шығармай жүруі керек.
5
Тұтқасын бірнеше рет шығарып-салыңыз. Ол да еш кедергісіз шығып, салынуы керек, былқылдап тұрмауы керек.
6
Сыдырмасын тексеріңіз. Шабадан оп-оңай ашылып-жабылуы керек, жүгіртпесі тұрып қалмауға тиіс.
7
Ішіне қараңыз. Қалтасы, белдігі, кеңейткіші бар-жоғын көріңіз.
8
Құлпын, кепілдігі мен жөндеуге келер-келмесін тексеріңіз. TSA құлпы бар шабадан АҚШ-қа барғанда жарайды, бірақ салдыру міндет емес. Ұлыбританияда оған қатысты бөлек талап жоқ. Алып-салатын дөңгелектері мен бөлшектері кез кез келген жерде сатылатын шабадан құлыпты шабаданнан әлдеқайда артық.

FAQ
Қолжүкке қандай шабадан жарайды?
Әдетте биіктігі 55-56 см S өлшемді шабадандар жарай береді. Десе де, әуе компанияларының өз қолжүк нормалары болады. Ұшар алдында тексеріңіз, әсіресе лоукостпен ұшсаңыз, қолжүкке қойылған талабын қайта-қайта тексеріңіз.
Мықты шабадан қандай материалдан жасалады?
Жиі ұшсаңыз, сапалы поликарбонаттан не полипропиленнен жасалғанын алыңыз. Поликарбонат соққыға төзімді, ал полипропилен ауыр салмақ түссе де, қалпына тез келеді. Шабаданның беріктігі корпустың қалыңдығы мен құрылымының сапасына да қарайды.
Қай шабадан жақсы: полипропиленнен жасалғаны ма, поликарбонаттан жасалғаны ма?
Полипропилен жеңілірек, иілгіш әрі арзанырақ. Поликарбонат қалпында тұра береді, соққыға төзімде, бірақ қымбатырақ. Жолаушылардың көбіне полипропилен жарай береді, бірақ жиі ұшып жүрсеңіз, поликарбонат түрін алғаныңыз абзал.
Қайсы жақсы: екі дөңгелекті шабадан ба, төрт дөңгелекті шабадан ба?
Екі дөңгелекті шабадан бұдыр-бұдыр жермен жүргенге жарайды. Ал төрт дөңгелектісі әуежайдың тегіс еденіне жарайды, бірақ корпустан қатты шығып тұрады, сондықтан өлшегенде калибаторға сыймай қалуы мүмкін.
Шабаданым S өлшемді, оны багажға өткізе аламын ба?
Иә, S шабаданды бір рейсте қолжүк қылып алсаңыз, басқа рейсте багажға өткізе аласыз. Бастысы дөңгелектері мен корпус салмақ көтере алса болды.
Шабаданымды оратқаным жақсы ма?
Шабаданды пленкаға оратсаңыз, кір, кішігірім сызық пен абайсызда ашылып кетуінен қорғайды, бірақ қатты соққыдан аман алып қалмайды. Ішінде тыйым салынған зат не күдікті зат болса, қауіпсіздік қызметкерлері жыртып тастайды. Сондықтан қап не багаж белдігін таққан жақсы.
Шабаданым бүлініп қалса қайтем?
Келу аймағынан шықпай тұрып, Lost & Found бөліміне барыңыз, PIR толтырыңыз. Шабаданынң сынған я бүлінген жерін суретке түсіріп алыңыз, биркасы мен мінгізу талонын алып қойыңыз. Жеті күннен асырмай тасымалдаушы компанияға шағым жазып жіберіңіз. Ондайды шағымды қалай жіберу керегін мына жерге толығырақ жазғанбыз.



