Багаж туралы бар ақпарат: салмағы, өлшемі, шектеулер
Туристерге арналған өзекті мәлімет
Ұшақ билетін алдыңыз, енді заттарыңызды жинаңыз. Бірақ жолға неше зат алатыныңызды билеттегі багаж нормасынан білесіз.
Багаж тасу нормасына әр жерде әртүрлі. Бір билетте багаж, ал екіншісінде тек қолжүк болуы мүмкін. Осы мақалада багаж нормасы қандай болатынын, оған қатысты шектеулер мен ережелер қандай екенін айтып береміз.
Тіркелген багаж бен қолжүктің айырмасы не? Оны неге біліп жүргеніңіз абзал?
Тіркелетін багажды жолаушы әуежайда рейске тіркелгенде өткізеді, содан кейін шабадан ұшақтың жүк бөлімінде жеткізіледі. Қолжүкті жолаушы ұшаққа өзі апарады, салондағы жүк сөресіне не алдыңғы орындықтың астына қояды.
Кейбір әуе компаниясында қолжүктен бөлек жеке зат (personal item) деген жүк болады. Жеке зат деген көбіне-көп шағын сөмке, рюкзак не ноутбукқа арналған қап. Лоукостерлердің көбінде жеке зат деген бөлек жүк жоқ, әр зат қолжүк саналады, сондықтан ұшаққа өзіңіз апаратын заттардың бәрін бір жерге салуыңыз керек, әйтпесе ақы төлейсіз.
Багаж пен қолжүктің айырмасы не?
Жүк ұшақтың қай бөлігіне кететініне қарай былай бөлінеді:
- Тіркелетін багаж — шабадан, үлкен сөмке, үлкен габаритті спорт жабдығы;
- Қолжүк — рюкзак, мына өлшемге сай келген кішігірім шабадан (55×40×20 см не 55×40×25 см)
- Жеке зат — орындық астына сыятын кішігірім әйел сөмкесі, ноутбук сөмкесі
FlyArystan мен Wizz Air секілді лоукостерлер қолжүк өлшемі мен салмағын жете тексереді.

Багажға қатысты қандай халықаралық стандарт пен ережелер бар?
Багажға қатысты қатып қалған халықаралық ереже жоқ: ICAO мен IATA ережелері ұшақ пен жолаушы қауіпсіздігіне қатысты, ал багаж нормасын әуе компаниясы шығарады, бағасын қоятын да сол.
Әуе команиясының багаж нормасын қайдан біле аламын?
Багаж нормасын әуе компаниясының ресми сайтындағы «Багаж» бөлімінен, мобайл қолданбасынан не қолдау қызметіне хабарласып біле аласыз.
Ұшақ билетін агрегатордан аламын десеңіз, ондағы ақпарат ескіріп кетуі мүмкін екенін ескеріңіз. Сондықтан тасымалдаушының ресми сайтынан қараңыз.
Багаж салмағы
Багажды билеті бар эконом жолаушысы жүк бөліміне 20–23 келі багаж жібере алады. Мысалы, Air Astana-ның Classic тарифін алғанның 23 келі багажы, ал FlyArystan-ның Comfort тарифін алғанның 20 келі багажы болады. Лоукостерден ең арзан тариф алғандар багаждың ақысын бөлек төлейді.
Билет багажды не багажсыз болатыны сол билетті сатқан әуе компаниясы, қызмет класы, бағыт пен билеттің шарттарына қарайды. Тасымалдаушылар екі жүйенің біріне бағынады: салмақ жүйесіне қарайтын тасымалдаушы багаждың санына емес, жалпы салмағына қарайды, ал сан жүйесінде тасымалдаушы шабадан саны мен оның салмағына қарайды. Көп жерде багаж салмағы 32 келіден аспауға тиіс.

Багажды тариф пен багажсыз тариф: билет аларда тарифін қалай таңдаймыз?
Багажсыз тариф басында арзанырақ болып көрінуі мүмкін, бірақ багаж қосылғаннан кейін билеттің жалпы құны қатты өзгеріп кетеді.
Билет алар алдында екі нұсқаны салыстырыңыз: «негізгі билет + багажды алдын ала онлайн қосу» және багажды билет. Лоукостер әуе компанияларында багажды әуежайдан алған көбіне алдын ала онлайн сатып алғаннан қымбатқа түседі. Әуе компанияларының көбінде ақысы төлеген броньға да багаж қосуға болады, бірақ рейске бірнеше күн қалғанда мұндай мүмкіндік не алып тасталады, не ақысы қатты өседі. Сондықтан багажды барынша тезірек алуға тырысыңыз.
Багаж өлшемі
Багаж өлшемі шабаданның не сөмкенің ұзындығы, ені мен биіктігінің қосындысына қарап есептеледі.
Багажға ең көп қойылатын шектеу — 158 см (ұзындық + ені + биіктігі). Бірақ әр әуе компаниясының өз ережесі бар екенін ұмытпайық, сондықтан рұқсат етілген нақты өлшемді алдын ала сұрап, біліп алған дұрыс. Кейбір әуе компаниясының бизнес және премиум класы тарифтерінде бұл шектеу 203 см-ге дейін өсуі мүмкін.
Қолжүк өлшеміне де басқа талап қойылады. Себебі ол ұшақтағы багаж сөресіне немесе алдыңыздағы орындықтың астына оңай сыюы керек. Әуежайда қызметкерлер қолжүгіңіздің өлшемін арнайы өлшейтін жақтауға (калибраторға) салып тексеруі мүмкін.
Багаж өлшемі:
- S — 55×40×20 см шамасында: лимитке сай;
- M — 65×45×25 см шамасында: көп жерде лимиттен аспайды;
- L — 75×50×30 см шамасында: қосымша тексерістен өтеді.

Қолжүк өлшемі мен салмағы
Қолжүкке қатысты лимит әр әуе компаниясында әртүрлі:
- Air Astana — 56×45×25 см, 8 кг;
- FlyArystan — 56×23×36 см, 7 кг;
- SCAT — 55×40×25 см, 10 кг;
- Turkish Airlines — 55×40×23 см, 8 кг;
- Qatar Airways — 50×37×25 см, 7 кг.
Жұмсақ сөмке калибраторға оңай сыяды, ал дөңгелекті шабадан сұраған өлшеміне сай болса да сыймай қалуы мүмкін. Сондықтан шабаданды дөңгелектерімен бірге өлшеу керек.
Багажға не салуға болады? Рұқсат пен тыйым
Күнде қолданып жүрген нәрселердің көбін салуға болады. Олар: киім-кешек, аяқ киім, косметика, кітап пен басқа да тұрмыс заттары.
Багажға қатысты тыйымдардар мен шектеулердің көбі сұйықтық, электроника мен қауіп төндіруі мүмкін нәрселерге байланысты.

Сұйықтық, гель мен аэрозоль: 100 мл ережесі
Қолжүкке салынатын бір сұйықтықтың көлемі 100 миллилитрден аспауы керек. Жалпы, қол багажына максимум 10 сұйықтық сала аласыз, ал олардың жалпы көлемі 1 литрден аспауы керек. Олардың бәрі түссіз пакетке салынуға тиіс.
Сұйықтық деген:
- су, йогурт, ішімдік және тағы басқасы.
- тіс пастасы;
- крем мен гель;
- қырынуға арналған көбік;
- аэрозоль мен тушь.
Ал багажға үлкен көлемді сұйықтықтар салуға болады. Бірақ ол қауіпті зат болмауы керек.

Дәрі-дәрмек, бала тамағы мен арнайы құрылғылар
Ұшқанда керек дәрі-дәрмектерді, яғни сұйық дәрілер мен инсулинді қолжүкке салуға болады.
Көлемі 100 миллилитрден асқан рецепке сай берілетін сұйық дәрілерді алып жүреміз десеңіз, дәрігер рецепті не медициналық анықтамасы болғаны дұрыс. Қауіпсіздік тексерісі болғанда қызметкерлер осы екеуінің бірін қалайда сұрайды.
Балалар тағамын, ауызсуы мен сүт қоспаларын да қолжүкке салуға рұқсат берілген. Бірақ олардың мөлшері ұшқанда қажет болатын көлемнен аспауы керек.
Балтақ, арба мен жүріп-тұруға қажет басқа да құралдарды әуе компаниялары әдетте тегін тасиды, десе де лоукостпен ұшсаңыз, ақпарат шын-өтірік екенін алдын ала тексеріп алғаныңыз абзал.

Электроника мен литий батареясы
Пауербанктер мен қосалқы литий-ионды аккумуляторларды тек қолжүкке салу керек. Себебі олар дұрыс оралмаса не істеме тұтанып кетуі мүмкін.
Ноутбук, планшет не фотоаппаратты әуе компанияларының көбі қолжүкке салғызады, багажға саламын десеңіз, батареясын қолжүкке салып аласыз. Ноутбуктың аккумуляторы алынбайтындықтан оны қолжүкке салуға мәжбүр болатын шығарсыз.
Қуаты 100 Вт·сағаттан аспайтын аккумулятор тасу үшін әуе компаниясынан рұқсат сұрамайсыз. Ал оның қуаты 100–160 Вт·сағ болса, рұқсат алу қажет. 160 Вт·сағ-тан көп аккумуляторларды жолаушы рейсімен тасуға тыйым салынған.

Багажға не салуға болмайды: тыйым салынған заттар тізімі
Багажға қатысты ережеге бағынған маңызды. Тексерісте багажыңызда тыйым салынған зат бары анықталса, әуежай тәркілеп алады не ұшаққа өткізбейді. Тіпті әкімшілік не қылмыстық жауапқа тартылуыңыз ықтимал.
Багажға қатысты қойылған талаптар авиация қауіпсіздігі ережелері мен әуе компаниясының ішкі ережелеріне қарай шығарылған.
Бұл талаптардың екі түрі бар: багажға салуға болмайтын заттар мен талаптарды орындап қана тасуға болатын заттар.
Мүлдем тасуға болмайтын зат деген – жолаушы, экипаж бен әуе кемесіне қауіп төндруі мүмкін нәрселер. Оны багажға да, қолжүкке де сала алмайсыз:
- жарылғыш заттар, пиротехника, отшашулар мен белгі ракета;
- оңай тұтанатын сұйықтықтар мен қатты заттар: жанармай, еріткіш, бояу мен кейбір химиялық қоспа;
- әуе компаниясы рұқсат етпесе, сығылған және сұйытылған газ;
- улы, уытты, радиоактив, коррозиялық және жұқпалы заттар;
- өз қаптамасы жоқ, құрамы белгісіз сұйықтықтар мен заттар;
- құрамындағы алкоголь мөлшері 70%-дан жоғары алкогольді сусындар;
- зақымдалған немесе өндіруші кері қайтарып алған литий батареялары, сондай-ақ қызып кетуі мүмкін не деформация белгілері бар құрылғылар.

Қару-жарақ, оның көшірмесі, оқ-дәрі, өткір зат бөлек тексеріледі. Кәдімгі жолаушылардың мұндай заттарды ұшақ салонына кіргізуіне рұқсат берілмейді. Ал оларды багажға салғыңыз келсе, арнайы рұқсат алып, әуе компаниясының ережесіне бағына отырып тасуыңыз керек.
Ұшақпен не тасуға болмайды: багаж бен қолжүкке қатысты шектеулер
Мына заттарды тасуға тыйым салынбаған, бірақ белгілі бір ережеге сай тасисыз:
- қайшы, егеуіш, ұстараны әдетте багажға ғана салу керек;
- пауербанк пен қосалқы литий-ионды аккумуляторды қолжүкке ғана саласыз, олардың қуаты белгілі бір нормадан аспауы керек, әуе компаниясына хабарласып анықтап алыңыз;
- 24–70% күшті ішімдік санына шектеу қойылған, алкоголь өз ыдысында тұруы керек;
- дәрі-дәрмек, ине, медицина құралын таситындар дәрігер анықтамасын көрсетуге тиіс.
Ұшар алдында әуе компаниясы мен әуежайдың сайтынан тасымалдауға тыйым салынған заттар тізімін міндетті түрде қарап алыңыз. Өйткені ережелер елге, бағытқа және рейстің түріне қарай түрлі болуы мүмкін.

Нормадан асқан әрі ерекше багаж
Спорт жабдықтары, көлемі үлкен, сынғыш және стандарттан тыс басқа да заттарға басқа ережелер жүреді. Мұндай арнайы жүкті багажға өткізу әуе компаниясымен алдын ала келісіп, ақысын төлеу керек.
Жолаушылардың жиі қателесетін жерлердің бірі — әуе компаниясына нормадан тыс багаж барын алдын ала ескертпеу. Төменде спорт жабдықтары, жануарлар мен сынғыш заттарды тасу ережелерін толығырақ айтып береміз.

Спорт жабдықтары мен ірі заттарды тасу ережелері
Шаңғы, сноуборд, велосипед, гольф таяқшалары мен сөрфборд арнайы багаж ретінде тасымалданады. Тасу шарттары әр жерде әртүрлі: кейбір әуе компаниясында спорт құралын багажға тегін өткізуге болады, ал кейбірінде оған бөлек ақы төлейсіз немесе билет аларда арнайы тариф аласыз. Ондай тариф болмаса, билет алғаннан кейін әуе компаниясына ірі жүгіңіз барын айтып ескертесіз.
Мысалы, Air Astana рейсіне ірі спорт жабдығын өткізу үшін рейс ұшарға 24 сағат қалмай тұрып өтініш жіберуіңіз керек. FlyArystan-да спорт жабдығын тасу үшін бөлек қызмет алуыңыз керек. Бұл әуе компаниясы мыналарды таси алады: велосипед, шаңғы, сноуборд, гольф жабдықтары, сөрфбордтар мен басқа да спорт құралдары.
Шаңғы мен тақталарды қабына салу керек. Велосипедті ұшаққа арнайы қорапқа немесе қапқа салып, педальдарын шешіп, рөлін бұрып бекіту қажет.
Ұшар алдында спорт жабдығын өткізуге рұқсат алғанда оның салмағы, өлшем мен тасу ақысына қатысты бар ақпаратты нақтылап алыңыз.

Ит-мысықты ұшақпен қалай тасимыз?
Ұшақта жануар арнайы багаж санаты саналады.
Мысық не кішкентай ит пен оның контейнерінің салмағы әуе команиясы белгілеген салмақтан аспаса, ұшақ салонына кіргізуге болады. Мысалы, Air Astana ондай малдың салмағы 8 келіден аспауы керек дейді. Ал ірі жануарлар ұшақтың арнайы жүк бөліміне өткізіледі.
Жануарды ұшақпен тасу үшін әуе компаниясына ветеринария паспорты, екпе туралы мәлімет, ветеринария анықтамасы мен баратын ел сұраған құжаттар керек болады. Қысқа тұмсықты (брахицефал) жануарларға басқа да талаптар қойылуы мүмкін.
Жануарымен бірге ұшатын жолаушылар оның орнын ертерек алып қоюы керек, өйткені бір рейсте жануарларға берілетін орын санаулы болады.

Сынғыш және құнды багаж
Сынғыш заттарды шабаданның ортасына салып, киімге немесе көпіршікті қорғаныш үлдірге орап қойған дұрыс. Сақтық ретінде үстіне FRAGILE (сынғыш) деген белгі жапсырыңыз. Сонда әуежай қызметкерлері оны абалай тасуға тырысады, алайда бұл заттар сынбай жететініне кепіл бола алмайды.
Тіркелетін багажға мына заттарды салмаған жөн:
• зергер бұйымдары;
• қолма-қол беретін ақша;
• паспорттар мен құжаттар;
• қымбат электроника.
Құнды заттарды қолжүкке салыңыз. Багажға саламын десеңіз, туриске арналған сақтандыру аларда багажды да қамтитын полис алыңыз. Аса сынғыш заттарды тасу шарттарын әуе компаниясынан нақтылап алыңыз.
Багаж жоғалғанда, кідіргенде не бүлінгенде қайткен жөн?
Багаж келмей қалса не бүлініп қалса:
1
Багаж беретін жерден шықпай тұрып Lost and Found бөліміне барыңыз;
2
PIR формасын толтырып, көшірмесін алыңыз;
3
Шабаданның ішіндегісін не қай жері бүлінгенін фотоға түсіріп алыңыз;
4
Отырғызу талонын, багаж белгісі мен багаж кідіргендіктен не бүлінгендіктен алуға мәжбүр болған заттардың түбіртегін жинап қойыңыз;
5
Әуе компаниясына шағым хатын уақытынан асырмай жіберіңіз.
Багажыңызды әуе компаниясы халықаралық рейсте жоғалтып алса, оның шығынын Монреаль конвенциясына сай өтейді: багажыңызды тауып беріп, кідірткені үшін өтемақы төлейді әрі тегін жеткізіп береді, тауып бере алмаса, багаждағы бар заттың құнын өтейді әрі өтемақы төлейді.
Багажы жоғалып кеткен жолаушыға берілетін өтемақының мөлшері оқиғаның мән-жайы мен ұсынылған құжаттарға қарай есептеледі.
Түйін
Ұшар алдында мына 6 ережені ұмытпаңыз:
- Багаж бен қолжүктің салмағын өлшеп шығыңыз;
- Қолжүк пен багаж екі түрлі екенін біліңіз;
- Сұйықтық пен батареяны талапқа сай ораңыз (қаптаңыз);
- Багажға кететін шабаданға құнды зат салмаңыз;
- Арнайы багажыңыз болса, әуе компаниясына ертерек ескертіңіз;
- Багаждың қағазын қонғанға дейін ұстап жүріңіз.

Көп қойылып жүрген сұрақтар
Қазақстанда багаж салмағы неше келіден аспауы керек?
Әр рейсте багаж максимумы осындай болуы керек деген талап жоқ. Салмақ билеттің тарифі мен бағытына қарайды. Эконом класында багаж салмағы әдетті 20–23 кг болады. Лоукостерлердің ең арзан тарифіне тек қолжүк құны қосылады, сондықтан багажды бөлек алу керек. Билет алар алдында багаж бар-жоғын тексеріңіз.
Багажға тамақ салуға бола ма?
Көбіне салуға болады, бірақ ол тамақ тыйым салынған (тез ашып кететін, ағып кететін) тамақ болмауы керек әрі оны талапқа сай орауға тиіссіз. Шетелге ұшсаңыз, әуе компаниясының ережелеріне ғана емес, баратын елдің кеден талаптарына да бағынасыз. Мысалы, кей ел ет, сүт, жеміс-жидек пен өсімдік кіргізуге тыйым салған.
Шабаданның өлшемі неше болуы керек?
Әуе тасымалдаушылардың көбі багажға кететін шабаданның ұзындығы, ені мен биіктігінің қосындығы 158 см болуы керек дейді. Өлшегенде тұтқасын, дөңгелектері мен басқа да детальдарын қосып өлшеу керек. Багажға қатысты нақты талаптарды әуе компаниясының сайтынан не билеттен қараңыз. Қолжүктің өлшемі басқа болады.
FlyArystan-да артық келілі багаж қанша тұрады?
Оның бағасы салмағы мен алған күніне, қайда ұшатыныңызға қарайды. FlyArystan-да Алматыдан Ақтауға ұшатын рейсте 10–60 келі багаждың құны 14 200 теңге мен 29 500 теңгенің арасы. Ұшатын күн таяған сайын бұл ақы өсе береді. Әуежайда анықталған артық салмақтың бағасы келісіне қарай төленеді, сондықтан артық габарит тым қымбатқа шығуы мүмкін. Ең тиімдісі – багажды ертерек онлайн алып қойыңыз.
Шабаданға ішімдік салуға бола ма?
Алкогольді ішімдікті өз ыдысында тұрса ғана багажға салуға болады. Көлемдік үлесі 24% жетпейтін арақ-шарапқа арналған талап жоқ. Бірақ жолаушы багажға 24–70% алкоголь саламын десе, максимум 5 л сала алады. 70% аса күшті ішімдікті багажға салуға болмайды.
Шабаданым лимиттен асып кетсе, қайткенім жөн?
Әуе компаниясы багажыңызды нормадан тыс не ірі габаритті жүк деп үстінен ақы сұрайды. Қызметкерлер рұқсат етсе, артық салмаққа түрткі болып тұрған затыңызды қолжүкке салыңыз. Жүгіңіз нормадан тым қатты асып тұрса, әуе компаниясы тасымаймыз деп алмай қалуы да мүмкін. Сондықтан оған ертерек хабарласып, багаж өлшеміне қатысты бар ақпарды біліп алғаныңыз жөн.
Музыка аспабын қалай тасимыз?
Шағын аспапты әуе компаниясының ережесіне сай болса қолжүк қылып ұстауға болады. Ал ірісіне бөлек орын аласыз не арнайы жүк ретінде қатты қапқа салып, багажға өткізесіз. Ақысын әуе компаниясына алдын ала хабарласып біліп алыңыз. Аспап сынғыш болса, қап дұрыс ұстап тұруы керек.
Спорт жабдығым барын ертерек хабарлауым керек пе?
Иә, велосипед, шаңғы, сноуборд, сөрфборд не басқа спорт жабдығыңыз болса, әуе компаниясына хабарлаңыз. Әйтпесе тіркеуден өткенде қызметкерлер спорт құралыңызды арнайы багаждарға арналған орын таусылып қалды деп алмай қалуы мүмкін. Орын болғанның өзінде дұрыс қапталмаған деп өткізбей қалуы да ғажап емес. Сондықтан әуе компаниясынан спорт жабдығына қатысты бар ақпарды сұрап алыңыз.


