2026 жылы қолжүк пен багажға не салуға болмайды?

2026 жылы қолжүк пен багажға не салуға болмайды?
Анықтама 3 мин оқисыз
13.05.2026

2026 жылы қолжүк пен багажға не салуға болмайды?

Тыйым салынған заттар тізімі

Материал жаңартылған күн: 17.05.2026

Ұшақ жолаушыларына салынған тыйымдардың екі себебі болады. Біріншісі — авиация қауіпсіздігі: бұл ережелерді шығарған — халықаралық авиация ұйымдары: ICAO мен IATA. Оларға кез келген ел, кез келген әуе компаниясы бағынады. Екіншісі — баратын елдің кедені. Әр елдің кеденге қатысты өз ережелері болады және олар әуе компаниясының ережелеріне қарама-қайшы болуы мүмкін. 

2026 жылы енгізілген ең негізгі өзгеріс — ICAO мен IATA-ның пауербанкке қатысты қатаң шарттары. Оған 2025 жылғы қаңтарда Air Busan ұшағында пауербанктің кесірінен шыққан өрт түрткі болған.

Қолжүкке не салуға болмайды?

Сұйықтық💧

Сұйықтық деген — ағатын не жағылатын кез кез келген нәрсе: бал, тосап, жаңғақ пастасы, нутелла, жұмсақ ірімшік, сұйық шоколад, гель, крем, тіс пастасы. Сондықтан базардан алған 250 грамм банкадағы балды қолжүкке сала алмайсыз.  

Ережелері:

  • Сұйықтық құйылған ыдыстың көлемі — максимум 100 мл.
  • Бәрінің жалпы көлемі 1 литрден аспауы керек және зиплок түссіз пакетке салу керек. 
  • Бір жолаушы — бір пакет.

Duty Free-ден алынған көлемі 100 мл асқан сұйықтықтарды қолжүкке салуға болады, бірақ арнайы түссіз (STEB) пакеттің ішіне салу керек. Бірақ орта жолда ұшақ ауыстырсаңыз, мысалы, Ұлыбритания, Аустралия не Канадада басқа ұшаққа ауысып мінсеңіз, ол сұйықтықтардан айырылып қалуыңыз мүмкін. Сондықтан баратын әуежайдың не елдің ережелерін дұрыстап оқып алыңыз. 

Өткір заттар🪒🪒

Үшкір және өткір заттардың бәрін дерлік тек багажға саламыз: кәдімгі ұстара, Т тәрізді ұстара, кеңсе пышағы, үлкен қайшы, шанышқы, штопор, мультитул, тырнақалғыш, маникюр қайшысы. 

☝️Бірақ мыналарды өткір, үшкір болса да қолжүкке сала аласыз: электр ұстара, көп рет қолданылатын (Gillette) не бір-ақ рет қолданатын қалпағы бар ұстаралар (яғни ұстараның жүзі жабық тұруы керек).

Техника💻

Әуе компаниялары қолжүктегі техникаға келгенде шектеу қоймайды. Көлемі стандарт болса болды. Салонға ноутбук, камера, планшет, смартфон кіргізуге болады. Багажға саламын десеңіз, батареясын алып тастаңыз. 

Электрондық темекі мен вейпті қолжүкке ғана саламыз, бірақ ұшақта шылым шегуге қатаң тыйым салынған. Кеден туралы бөлімізде темекіге қатысты қандай шектеу барын айтып береміз.

Құрылғыңыздың батареясы ісіп кеткен не бұзылған болса, әуе компаниясы өткізбей тастауы мүмкін. Себебі жарылып кетуі мүмкін. 

Тамақ пен сусын🍔🥤

Сұйық тамақ басқа да сұйықтықтарға қатысты ережелерге қарайды: қолжүкке салынатын сұйықтықтың көлемі 100 мл аспауы керек. Бал, нутелла, жаңғақ пастасы, йогурт, жұмсақ ірімшік — бәрі сұйықтық саналады.

Қатты тамақты — жаңғақ, шоколад, қатты ірімшік, шұжық, сендуич, жеміс-жидекті — қолжүкке шексіз сала беруге болады. Бірақ баратын елдің кеденінің ережелерін біліп алыңыз. Еуропа одағы, АҚШ, Аустралия мен Жаңа Зеландияға ет пен сүт өнімдерін кіргізе алмайсыз. Әуе компаниясы өткізе аласыз десе де, кеден өткізе алмайсың деуі мүмкін.

Бір ішімдікті қолжүкке 100 мл асырмай саласыз. Duty Free-ден алсаңыз, көлеміне шек қойылмайды, құтысын арнайы пакетке саласыз, түбіртегін тастамай ұстап жүресіз. Багажға салатын арақ-шарапқа қатысты ережелер: күштілігі 24% дейінгісін көлеміне қарамай сала беруге болады, ал 24–70% күшті ішімдікті адам басына 5 литрден асырмай саласыз, ал күштілігі 70% жоғарысын багажға салуға тыйым салынған. 

Бала тамағы: Балаңыз екіге толмаса, оған сұйықтық 100 мл аспауы керек деген ереженің қатысы болмайды. Сұйық және қатты тамағын ұшқанда жететіндей етіп ала берсеңіз болады. 

Дәрі-дәрмек💊

Қатты таблетка, капсуласанына шек қойылмаған. Сырты өзінікі болуы керек, қасында нұсқаулығы болуы керек. Сонда тексеріс кезінде мәселе тумайды. 

Көлемі 100 мл асқан сұйық дәрі қолжүкке саламын десеңіз, дәрігердің рецептісі керек. Оны ағылшын тіліне не баратын елдің тіліне аудару керек.

Қатты әсер ететін және психотроп дәрі саналатын трамдол, феназепам, кодеинді дәрілерді алып жүру үшін дәрігерден анықтама мен рецепт керек.

☝️ТМД елдерінде жиі кезігетін дәрілер кей елде тыйым салынған дәрі болуы мүмкін. Мысалы, біз күнде ішетін Нимесилге АҚШ, Жапония, Канада мен Еуропаның бірнеше елінде тыйым салынған. Бұл заңды білмесеңіз де, жауапқа тартыласыз. Сондықтан әлдебір елге барар алдында заң-әдебін біліп алыңыз.

Инсулин, ланцет, инсулинді помпа, соны салатын ине — дәрігер анықтамасын көрсету керек. 

Кардиостимулятор мен батареялы медицина құрылғысы — шек қойылмаған, анықтамасы болса жақсы.

Сынапты термометр — алмаған дұрыс, әуе компанияларының көбі өткізбейді. Электрондық болса, өткізе бересіз.

Спорт, хобби жабдығы🏒

Музыка аспабын көлемі асса да қолжүкке салуға болады. Бірақ ол жағы әуе компаниясынан біліп алуыңыз керек. Лоукостерлер өткізбей қалуы мүмкін. 

Үлкен спорт жабдығын багажға саласыз: коньки, шаңғы, сноуборд, садақ пен жебе, сөрфиң тақтасы. Допты қолжүкке салсаңыз болады. 

Электр самокат, гироскутер — батареясы литий болғандықтан әуе компанияларының көбі тасымалдамайды. Бірақ әуе компанияңыздан сұрап алсаңыз, артық етпейді. 

Дрон: батареясын қолжүкке, ал өзін багажға саласыз. Қаперіңізде жүрсін: кей елде дрон ұшыру үшін рұқсат алып, тіркелу қажет.

Багажға не салуға болмайды?

Пауербанк, литий батарея🔋— ИКАО/IATA ережелері

Бұл – биылғы жылдың ең өзекті тақырыптарының бірі. 2026 жылғы наурызда International Civil Aviation Organization (ИКАО) пауербанкке қатысты жаңа ереже, ал International Air Transport Association-ның 2026 жылғы 1 қаңтарда күшіне енген қауіпті жүк тасымалдау қағидаларының 67-басылымында (IATA DGR) жаңа шектеу ресми түрде бекітілді.  

2025 жылғы 28 қаңтарда Air Busan әуе компаниясының ұшағы Gimhae International Airport аумағында жерде тұрған кезде өртеніп кетті. Эвакуация болғанда 27 адам жараланды. Тергеу өрт жоғарғы жүк сөресінде жатқан пауербанктен шыққанын анықтады.

Federal Aviation Administration деректеріне сенсек, 2025 жылы әуе кемелерінде литий батареяларына қатысты 95 оқиға тіркелген. Бұл – бақылау жүргізіле бастағалы бергі ең жоғары көрсеткіш. Оның шамамен 40%-ы пауербанкке қатысты болған.

2026 жылы не өзгерді:

Ереже
Пауербанк саныБір жолаушыға ары кеткенде 2 пауербанк
100 Вт·сағ жетпейтініРұқсат алмай алып жүруге болады
100–160 Вт·сағӘуе компаниясынан рұқсат алу керек
100–160 Вт·сағ асатыныТыйым салынған
Ұшқанда қай жерге қою керек?Жоғарғы сөреге қоюға болмайды, тек орындық астына не алдыңғы орындықтың арқалындағы қалтаға
Басқа құрылғыны қуаттауҰшқанда қуаттауға тыйым салынған
Пауербанкті борт розеткасынан қуаттау Ұшқанда қуаттауға тыйым салынған

Әуе компаниялары өздері қойған шектеулер:

  • Emirates — 100 Вт·сағ аспайтын пауербанктің көп дегенде біреуін алуға болады, бортта қолдануға болмайды. 
  • Southwest Airlines — 100 Вт·сағ аспайтын пауербанктің көп дегенде біреуін алуға болады
  • Singapore Airlines — лимит — 2 пауербанк
  • Japan Airlines / ANA — 160 Вт·сағ аспайтынынан екеу алып жүруге болады, ұшқанда қолдануға тыйым салынған.

Ұшар алдында әуе компанияңызға хабарласып, пауербанкке (не басқа нәрсеге) қатысты ережесі бар-жоғын сұраңыз. Кей компания халықаралық ұйымдар қойған шектеуден де қатаң ереже шығаруы мүмкін. 

Батареялы смарт шабадан: батареясын суырып, қолжүкке салу керек;  

Багажға кететін ноутбук пен камера: батареясын алып, қолжүкке салу керек. 

Жарылғыш және тез тұтанатын заттар🔥

Оттық — қолжүкке максимум біреуін сала аласыз. Багажға салуға болмайды. Тексеріс кезінде жиі туатын мәселе. 

Сіріңке — қолжүкке бір қорабын салуға болады. Багажға өткізе алмайсыз. 

Туриске арналған жанарғыға арналған газ баллон — мүлдем болмайды. Еш жерге сала алмайсыз. Барған жеріңізде сатып алыңыз.

Аэрозоль:

  • Қолжүк: дезодорант пен соған ұқсасы — 100 мл дейін ғана.
  • Багаж: біреуінің көлемі 500 мл/500 г аспасын, ал бәрінің жалпы көлемі максимум 2 кг/2 л 
  • Бояу баллоны, монтаж көбігі, соған ұқсасын тасуға тыйым салынған.

🚫 Кез келген түріне тыйым салынған заттар: оқ-дәрі, петарда, белгі зымыраны, бенгал шамдары, бензин, от тұтатуға арналған сұйықтық, ацетон және оттыққа арналған жанармай сұйықтығы. 

Қару-жарақ⚔️

Атыс қаруын багажға белгілі бір талаптар сақталған жағдайда ғана салуға болады:

  • қаруды сақтауға, алып жүруге арналған рұқсаты болуы керек;
  • құлыпталатын қатты қаптамаға салынуы керек;
  • қару оқталмаған болуы керек;
  • оқтары бөлек — өзінің қаптамасында тұруы керек (5 кг-ға дейін).

Бұларды орындар алында әуе компаниясымен келісіп алуыңыз керек. Аңшылық қаруы барлардан аңшылық билеті сұралуы мүмкін. 

Суық қарулар (пышақ, қылыш, мачете, асүй пышағы) тек тіркелетін багажда ғана тасымалданады. Қолжүкке алуға болмайды. 

Страйкбол және пейнтбол қарулары әдетте әуе компаниясы рұқсат бергенде багажда тасуға болады. 

Қару көшірмесі мен муляжын қолжүкке салуға болмайды, себебі тексерісте қызметкерлер оны шын қарудан ажырата алмай қалуы мүмкін. Сондықтан тек тіркелетін багажға сала аласыз.

🚫 Тасуға мүлдем болмайтын заттар (қолжүкке де, багажға да салуға болмайды): 

  • электр шокер;
  • бұрышты газ баллоны.

Химиялық, улы, радиоактив заттар және сығылған газдар☣️

🚫 Тасуға тыйым салынған заттар: 

• хлор мен ағартқыш заттар;

• сынап;

• органикалық пероксидтер;

• тотықтырғыш заттар;

• қышқылдар;

• радиоактив материалдар;

• улы және уытты заттар.

Аквалаң баллондары мен велосипедтерге арналған CO₂ картридждерін алып жүруге болмайды. Дайвиң жабдығын жаныңызда ұстайсыз, ал баллондарды барған жерде толтыру қажет. 

Биологиялық үлгілерді (қан, тіндер және басқа да материалдар) арнайы медициналық қаптамасыз және тиісті құжаттарынсыз тасымалдауға болмайды.

Баратын елдің кедені

Әуе компаниясы мен ұшып шығатын елдің кеден ережелерін бұзбай, шекарадан өттіңіз делік. Енді алдыңызда баратын елдің кедені бар. Еліңізде аман-есен өткен затыңыз барған елдің кеденінде қоқысқа кетуі мүмкін не соған бола жаза алуыңыз мүмкін. 

☝️Ұшар алдында баратын елдің кедені шығарған ережелерді оқып алыңыз. Олар әуе компаниясының ережелерімен бірдей болмауы ғажап емес.

Азық-түлік:

  • Еуропа одағы, АҚШ, Аустралия, Жаңа Зеландия ет пен сүт өнімдерін өткізбейді;
  • Жаңа піскен жеміс-жидек, көкөністер елдердің көбіне кіргізілмейді.

Вейп, электрондық темекі:

  • Тайланд — 3 000 долларға дейін айыппұл төлейсіз не бостандығыңыздан айырыласыз. 
  • Аустралия мен Сингапур — кіргізуге, қолдануға қатаң тыйым салынған.

Дәрі-дәрмек: ТМД елдерінде көп сатылып жүрген кодеинді дәрілер, трамадол, феназепам баратын елдің кедені ең аз дегенде тартып алуы мүмкін. Осы дәрілер керек болса, дәрігер репептісі жаныңызда жүруі керек. Аудармасы болса, тіпті жақсы. 

Есірткі заттар: басқа жерде заңды CBD май, емге арналған каннабиске баратын елде тыйым салынған болуы мүмкін.

CITES қорғайтын базарлық: піл сүйегі, маржан мен сирек кезігетін жануардың терісінен жасалған заттарды кеден тартып алып, сізге айыппұл салады. Көне заттарды да солай тартып алады. 

Қағаз ақша: 10 000 доллардан көп ақшаны декларациядан өткізуіңіз керек. 

Тыйым салынған зат тасыған болсаңыз

  • Ақысын өтемей тартып алу — тыйым салынған заттарды өткізерде жиі болатын жағдай. Затыңыздан айырылып қаласыз, ал ақысын сізге ешкім бермейді. Бұл — ең жеңіл жазасы, ең ауыры — айыппұл төлеу не түрмеге қамалу. 
  • Тексерісте кідірту — тасыған дүниеңізге қатысты мәселе туса, тексеріс ұзарады. Рейске кешігіп қалуыңыз мүмкін. 
  • Әкімшілік айыппұл — көбіне қару не пауербанкты ережеге бағынбай тасығанда салынады. 
  • Қылмыстық жауапқа тартылу — тыйым салынған заттар мен декларациядан өтпеген қару тасығанда берілетін жаза. Сингапур, Малайзия, Тайланд сияқты елдерде оның жазасы өте ауыр болады.

💡Багажыңызда тыйым салынған зат барын әуежайға барғанда ғана білсеңіз, тексеріске дейін түрлі амалыңыз бар: ол затты я сақтау камерасына саласыз, я поштамен жібересіз, я курьерден үйге беріп жібересіз. Тексерістен кейін бітті, одан айырылып қаласыз. 

17

2

,

Сізге қызық болып қалар:

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Подробные правила перевозки

Подробные правила перевозки

Что нужно знать, чтобы без проблем пройти досмотр
30.06.2026

Что нужно знать, чтобы без проблем пройти досмотр

Осы айдардан:

Саяхатшыларға арналған нұсқаулық

Саяхатшыларға арналған нұсқаулық

BB, HB, FB, AI… деген не әріптер? Жататын жер таңдарда қателеспеудің амалы

BB, HB, FB, AI… деген не әріптер? Жататын жер таңдарда қателеспеудің амалы

Еуропаны көргісі келетіндерге арналған нұсқаулық

Еуропаны көргісі келетіндерге арналған нұсқаулық