Әуежай алымы деген не және билет бағасына қалай әсер етеді?
Терминдерді түсіндіріп берейік
Ұшақ билетін алғанда салық пен алым деген бөлімін көріп пе едіңіз? Қазір сізге олар не екенін, жалпы билет бағасы қалай қалыптасатын айтып берейік.
Ұшақ билетінің бағасы неден тұрады?
Билет бағасының үш бөлігі болады:
- Әуе компаниясының өз тарифі;
- Салық пен алым;
- Агенттік не агрегатор қызметінің ақысы.
Тариф — ұшудың ақысы, оны әуе компаниясы қояды. Сервис ақысын билет пен қызметін ұсынған онлайн агенттіктер, кассалар мен агрегаторлар қояды.
Ал салық пен алым дегендері не?
Алым деген:
- әуежай алымы;
- мемлекет салығы;
- қауіпсіздік пен навигация төлемі;
- басқа да шығындар.
Яғни әуе компаниясы осылардың ақысын жолаушыға төлетіп, кейін әуежай, мемлекет пен авиация органдарына тапсырады.

Әуежай алымы деген не? Қысқаша жауап
Әуежай алымы — әуежай әуе компанияларынан қызметі үшін талап ететін, ұшақ билетіне қосылған ақы.
Ұшақпан ұшқанда сізге әуе компаниясы ғана емес, әуежай да қызмет етеді: ұшатын жолағын, терминалын, тіркеу үстелдері, қауіпсіздік жүйесін, багаж жеткізу жүйесін, телетрап пен персоналын береді. Оның бәріне ақша керек, сондықтан әуежай әуе компаниясынан ақы сұрайды. Ал ол ақыны әуе компаниясы сізден, яғни жолаушыдан алады.
Сондықтан екі ұқсас рейстің бағасы екі түрлі болуы мүмкін және олардың айырмасы әуе компаниясының тарифіне емес, әуежай сұраған ақыға байланысты болуы мүмкін.
Ондай алым міндет алым мен қосымша алым деп екіге бөлінеді.
Міндетті әуежай алымы
Бұл алымды кез келген рейске билет алғанда төлейсіз.
| Алым | Не үшін алынады? |
| Ұшып-қону жолағы | Ұшақ ұшатын және қонатын жолағын мен әуежай инфрақұрылымын пайдалану үшін |
| Қауіпсіздік | Жолаушылар, багаждарды тексеру және авиация қауіпсіздігі қызметі үшін |
| Жолаушыға арналған қызмет | Терминал, тіркеу үстелі, күту залы мен гейттерді пайдалану үшін |
| Багаж | Багаж қабылдау, іріктеу, беру |
| Телетрап | Ұшаққа телетраптан міну үшін |
| Транзит | Ауысып мінетін жолаушыға қызмет көрсету |

Қосымша алымдар
Кейде міндет алымдардан басқа мынандай алымдарды төлеуіңізге тура келеді:
- Әуежайды дамыту алымы — ақша терминал жөндеу, жаңа аймақ салу мен әуежайдың іші-сыртын жаңартуға жұмсалады;
- Экология алымы ұшақ ұшқанда шығатын шу мен көміртек келтіретін залалдың ақысын өтейді. Бұл алым Еуропа елдерінде жиі кезігеді;
- Ұшақтың түнде тұрақта тұруы алымы — әуе кемесе түнде әуежай тұрағында тұрғанда алынады;
- Туристік не муниципал алым — жергілікті үкімет қоятын ақы.
Әуежай алымының мөлшерін кім қалай қояды?
Әуежай алымдарының мөлшерін әуежай немесе авиация реттеушісі қояды. Нақты кім қоятынын мемлекет шешеді. Әуежай тарифін рейске қызмет көрсеткенде кететін шығынға қарап шығарады.
Кей әуежай тарифін өздері қояды, ал кей елде ол жағын мемлекет реттейді.
Алымның мөлшері әуежайдың дәрежесі, қай елде қызмет ететініне, жолаушы санына, қызметінің ақысына, рейс пен ұшақтың түріне байланысты болады. Бір алымның мөлшері әдетте 10–130 АҚШ доллары. Әуежай алымы ұшақ билетінің бағасы сияқты туризм маусымы, рейстің танымылмадығына қарамайды.
Сондықтан ірі халықаралық хабтарға ұшқаннан кішігірім өңірлік әуежайларға ұшқан арзанға шығады.

FAQ
Әуежай алымын төлемесем бола ма?
Жоқ. Әуежай алымы ұшақ билетінің бағасына кіріп тұрған ақы. Билет аламын десем, әуежай алымын төлеуге тура келеді.
Неге билет бағасы кейде салық пен әуежай алымынан аз болады?
Лоукост әуе компаниялары билет іздеген жолаушыға бірінші көрінуіміз керек деп тарифін түсіреді. Ал әуежай (басқа) алымының мөлшері тұрақты болады. Сондықтан билет бағасының тарифі 1 000 теңге, ал алымдар 10 000 теңге болғанын көрсеңіз, таңғалмаңыз.
Неге балаға арналған алым мен ересек алымының арасында көп айырмашылық жоқ?
Әуежай алымдарының көбі жолаушының жасына емес, ұшақ ұшыруға кеткен шығынға қарайды. Бала ересек сияқты орын алады, тексерістен өтеді, терминалдың бар игілігін пайдаланады. 2-ге толмаған баланың билетіне жолаушы алымы қосылмайды.
Билетіме ақша емес, миль жұмсағанда неге бәрібір салық төлеймін?
Мильді әуе компаниясының тарифіне жұмсай аласыз. Әуежай алымын билетке ақша жұмсасаңыз да, миль жұмсасаңыз да төлейсіз.
Рейсім ұшпайтын болса, алымыма не болады?
Рейсіңізді әуе компаниясы ұшырмаймыз десе, билеттің бағасы мен алымыңызды толықтай кері ала аласыз. Себебі әуе компаниясы сізге қызмет көрсеткен жоқ, яғни өйту үшін әуежай пайдаланған жоқ, сондықтан алымдарыңыз түгелдей қайтаралуы керек.

