Ұшақ билетін қалай көп ақша жұмсамастан қайтаруға я ауыстыруға болады?

Ұшақ билетін қалай көп ақша жұмсамастан қайтаруға я ауыстыруға болады?
Анықтама 10 мин оқисыз
06.04.2026

Ұшақ билетін қалай көп ақша жұмсамастан қайтаруға я ауыстыруға болады?

Бар сұрақтың жауабы

Бұл өмірде қатып қалған жоспар деген болмайды. Қанша жерден оған сай жүрейік десек те, бір шаруа шығып қалады. Үйде я жұмыста бірдеңе болып қалып барайын деп отырған жерге бара алмай қаласыз я басқа күні баруыңыз керек. Сонда ұшақ билетін қайтем деп әлек боласыз. Қайтару процесі қиын деп ойлауыңыз мүмкін, себебі одан қайтар ақша билеттің тарифі мен қызмет класына байланысты. Көп ақша жұмсамастан билетті қалай қайтаруға я ауыстыруға болады? Осы мақалада айтып берейік. 

Қандай жағдайда ұшақ билетін қайтаруға және ауыстыруға болады?

Ұшақ билетін көп қаражат құртпай ауыстыру немесе қайтару — саяхатшылардың сапар шегердегі негізгі проблемасы. Билетті қайтару және ауыстыру мүмкіндігі және ақысы көп факторға байланысты болады. Мысалы, билеттің тарифіне, әуе компаниясының шарттары мен тіпті бір елдің заңына. 

Кей тарифте билетті кішігірім айыппұлға я тіпті айыппұлсыз қайтаруға не ауыстыруға болады деген шарт болады. Икемді тарифті билет стандарт билеттен қымбат тұрады, бірақ оның бір жақсысы — жоспар өзгергенде қиналмай ауыстыра саласыз не  қайтарып бересіз және оның ақшасы кері беріледі. Қайтарылмайтын билет алсаңыз, әуе компаниясы ұшатын күнді я уақытты өзгертуге рұқсат беруі мүмкін, бірақ қосымша ақы төлейсіз. Бұл шарттардың бәрі билеттің тарифінде жазылып тұрады. 

Қайтарылмайтын билетті қалай қайтаруға болатынын мына мақаламыздан оқыңыз. 

Жолаушының туысы ауырып қалғанда я қайтыс болғанда әуе компанияларының көбі билетті тарифіне қарамастан айыппұлсыз ауыстыруға я қайтаруға рұқсат береді. Тек оларға растайтын құжаттарды көрсетсеңіз болды. 

Әуе компаниясы рейстін ұшатын я қонатын уақытын өзгертіп жіберсе, жолаушы билетін айыппұлсыз қайтара немесе ауыстыра алады. Рейс мүлдем ұшпайтын болса, тасымалдаушы билетті басқа рейске ауыстыруға не ақысын толық қайтарып алуға мүмкіндік береді.

Кей елдің заңына сай, белгілі бір жағдайға әуе компаниялары жолаушылардың билеттерінің ақысын толық қайтарып беруге не басқа альтернатива ұсынуға міндетті. Мысалы, Еуропа одағының елдерінде кей жағдайда жолаушылар ақшасын түгелдей қайтаруға я билет ақысының үстінен өтемақы талап етуге құқылы. 

Тариф шартын қайдан оқуға болады?

Тарифіңіздің ережесінде билетіңізге қатысты бар ақпарат жазылып тұрады: бағасы, ауыстыру және қайтару шарттары, шектеулер мен айыппұлдар. Бұл мәлімет мына жерлерде жазылып тұрады:

  • Әуе компаниясының сайтында. Сайттан немесе қолданбадан билет аларда бір бұрышта «Тарифтің ережелері» я «Тарифтің егжей-тегжейі» жазылып тұрады. Оны сіз билеттің ақысын төлер алдында көресіз.  
  • Агенттік я агрегатор арқылы брондағанда. Туризм агенттігі я онлайн платформа арқылы алғанда тариф туралы ақпарат әдетте билет брондағанда көрінеді. Түсінбесеңіз, агенттен нақтылап алсаңыз болады. Freedom Travel-да бұл ақпарат билет іздегенде көрінеді. Біз қай билеттің ақысы қайтарылатынын, ал қай билеттікі қайтарылмайтынын бірден көрсетеміз. Ал кейін өзіңіз таңдаған тарифтің егжей-тегжейін оқи аласыз. 
  • Билет брондалғанын растайтын электрондық хат. Ұшақ билетін алғаннан кейін сол туралы электрондық растау хатын аласыз. 
  • Қолдау қызметіне хабарласып білу. Сайттан я электрондық поштада тарифіңізге қатысты ақпарат болмаса, әуе компаниясының я туризм агенттігінің қолдау қызметіне тікелей хабарласа аласыз. Ондағылар керек ақпаратты ауызша айтып береді немесе электрондық поштаңызға жолдайды. Freedom Travel-дың қолдау қызметіне жеке кабинетіңізден хабарласа аласыз. Біз сізге тез арада жауап береміз. 
  • Ресми құжаттар. Кейде күрделі бағытқа билет алғанда тарифтердің ережелері әртүрлі болады, бір билет багажды, ал бір билет багажсыз болады. Ол ережелер билет сататын агент келісімшартына немесе тасымалдау туралы келісімшартқа енуі мүмкін. 

Ұшақ билетін қалай қайтаруға болады?

  1. 1

    Тарифтің шарттарын тексеріп алыңыз. Ұшақ билетіңіз қайтарылатынына көз жеткізіңіз. Оны тариф ережелері жазылатын жерден көресіз. Қайтарарда әуе компаниясы салатын айыппұлдың сомасы мен қашан қайтару керегіне мән беріп қараңыз. 

  2. 2

    Әуе компаниясына я агенттікке хабарласыңыз. Билетті әуе компаниясының өзінен алсаңыз, ресми сайтына кіріп не қолдау қызметіне хабарласып қалай қайтару керегін біліп алыңыз.  

  3. 3

    Онлайн қайтарыңыз. Әуе компаниялары мен билет сататын сервистердің көбі жолаушы билетін өз бетімен қайтарсын деп түрлі амал ойластырып қояды. Мысалы, Freedom Travel-да жеке кабинетке кіріп қайтара аласыз. Ақшаңызды сондағы «Қайтару» батырмасын басып ала аласыз.

  4. 4

    Сұраған мәліметті енгізіңіз. Билетті қайтарғанда сайт я агенттік қызметкері билеттің бронь нөмірін, жолаушының аты-жөні мен басқа да дерегін сұрауы мүмкін. Одан бөлек қосымша құжаттар да керек болады. Мысалы, жолаушы ауырып қалып ұша алмаймын десе, соны дәлелдейтін медициналық сараптама көрсетеді. 

  5. 5

    Расталғанын күтіңіз. Қайтару туралы өтінім бергеннен кейін әуе компаниясы ол өтінімді қарағанын растайтын электрондық хат жібереді.

  6. 6

    Ақшаңыз шотыңызға түседі. Билеттің ақысын қалай төлесеңіз, ақша солай оралады. Қашан түсетіні әуе компаниясы мен банкке байланысты болады. Ақшаңыз кейде картаңызға емес, ваучерге қайтарылуы мүмкін. Мысалы, FlyArystan көбіне солай қайтарады. Ол ваучерді кейін осы компаниядан билет алғанда жұмсауға болады. 

Билеттің күнін я уақытын қалай өзгертуге болады?

Ұшатын күн мен уақытты былай ауыстырасыз:

  1. 1

    Тарифке сай, билетті ауыстыруға болатын-болмайтынын біліп алыңыз. Ауыстыруға болады десе, үстінен айыппұл төлейтін шығарсыз.

  2. 2

    Билет алған сервиске, сайтқа, қолданбаға кіріңіз. «Ұшақ билеттерім» (басқаша да аталуы мүмкін) деген бөлімге кіріңіз. Ауыстырғыңыз келген билетті таңдаңыз. 

  3. 3

    Таңдағаннан кейін «Броньды өзгерту» дегенді басыңыз. 

  4. 4

    Билетті қай күнге ауыстыратыныңызды таңдаңыз, қазіргі бағасы мен жаңа билеттің бағасын салыстырыңыз.

  5. 5

    Билетті ауыстыратыныңызды растап, қосымша ақысын не айыппұлын төлеңіз. Қаперіңізде жүрсін: кей әуе компаниясы билетін колл орталығына хабарласып ауыстырғандарға қосымша ақы төлетуі мүмкін. 

  6. 6

    Жаңа ұшақ билетін алыңыз. Өзгерістер расталғаннан кейін әуе компаниясы сізге жаңа рейсіңіздің егжей-тегжейі жазылған электрондық билет жібереді. 

Freedom Travel-дағы (Авиата) жеке кабинетте билет ауыстыру мен қайтару процесі тез өтеді. Оған қолданбадан да, сайттан да кіре аласыз. Қазір осы сервисті мысал етіп, процесс қалай өтетін айтып береміз. 

  1. 1

    Билетіңіз тіркелген телефон нөміріңізді теріп, жеке кабинетке кіріңіз.

  2. 2

    Ұшақ билеттерім деген бөлімге кіріңіз де, «Ендігі сапар» дегенді басыңыз.

  3. 3

    Керек рейсті таңдап, «Ауыстыру» дегенді басыңыз. 

  4. 4

    Ауыстыру түрін таңдаңыз. Өз еркіңізбен ауыстырасыз ба, әлде амалсыздан (форс-мажор жағдайда ауыстыруға мәжбүр болу) ауыстырасыз ба? Мысалы, рейсіңіз ұшпайтын болды делік не уақыты қолайсыз уақытқа ауысты, ауырып қалдыңыз я жақыныңыз қайтыс болды — мұның бәрі форс-мажор.  

  5. 5

    Ауыстырғыңыз келген бағытты таңдаңыз. Екі билетті де, екі билеттің біреуін де ауыстыруға болады. 

  6. 6

    Ұшқыңыз келген күн мен уақытты таңдаңыз да, ауыстыру батырмасын басыңыз. 

  7. 7

    Кейін сервис сізге жаңа билет тауып береді, оның қосымша ақысы болуы мүмкін. Кейде сервис жаңа билетті тез тауып бере алмайды, ондайда шығып кете беріңіз. Кейін жаңа билет шыққанда жеке кабинетіңіздегі чатқа қолдау қызметкеріміз жазып, ауыстырудың егжей-тегжейін сұрайды, қосымшы ақы төлеу керек болса, қашықтан шот жібереді. 

  8. 8

    Болды, билетіңізді ауыстырдыңыз. Жаңа билет поштаңызға жіберіледі!

Билетімді қалай қайтара аламын?

  1. 1

    Билетіңіз тіркелген телефон нөміріңізді теріп, жеке кабинетке кіріңіз.

  2. 2

    «Билеттерім» деген бөлімге кіріңіз де, «Ендігі сапар» дегенді басыңыз.

  3. 3

    Керек рейсті таңдап, «Қайтару» дегенді басыңыз. 

  4. 4

    Қайтару түрін таңдаңыз. Өз еркіңізбен қайтарасыз ба, әлде амалсыздан (форс-мажор жағдайда ауыстыруға мәжбүр болу) қайтарасыз ба? Мысалы, рейсіңіз ұшпайтын болды делік не уақыты қолайсыз уақытқа ауысты, ауырып қалдыңыз я жақыныңыз қайтыс болды — мұның бәрі форс-мажор.  

  5. 5

    Қайтарғыңыз келген жолаушыны таңдаңыз. Қаперіңізде жүрсін: тек баратын билетті не тек қайтатын билетті тапсырғыңыз келсе, бір броньды таңдауыңызға тура келеді. Қайтатын билетті ғана қайтарамын десеңіз, баратын жеріңізге ұшып барып қана қайтара аласыз. 

  6. 6

    Қайтару туралы өтінім жібергеннен кейін сізге қанша қайтарылатыны жіберіледі. Соған келіссеңіз, билетіңізді қайтарыңыз.

  7. 7

    Болды, билетіңізді қайтардыңыз. 

Ауырып қалсам, билетімнің ақысын кері ала аламын ба?

Жолаушы ауырып қалып, билетін қайтарғанда ақысын кері алу-алмауы бірнеше факторға байланысты. Мысалы, әуе компаниясының қағидасына, тарифтің шартына. 

  1. 1

    Тариф шарты. Тарифтердің кейбірі, әсіресе икемдісі не қымбаты ұшақ билетінің ақысын аз ғана айыппұл төлеп я түк төлемей қайтарып алуға мүмкіндік береді. Бастысы — онда жолаушы ауырып қалғанда билеттің ақысын кері ала алады деген шарт жазылуы болуы керек. 

  2. 2

    Медициналық құжаттар. Жолаушы ауырып қалдым, билетімді тапсырып, ақшасын кері алғым келеді десе, әуе компаниясы соны дәлелдейтін анықтама сұрайды. Оны жолаушының дәрігері емхананың ресми қағазына жазады да, қол мен мөр қояды. Мысалы, билетіңіз SCAT-тікі болса, анықтамада емхананың аты, дерегі, телефон нөмірі, мөрі мен сол құжатты берген дәрігер туралы ақпарат тұруы керек. 

  3. 3

    Әуе компаниясының шарты. Қатты ауырып қалғаныңыз дәлелденсе және соның кесірінен ұша алмайтын болсаңыз, ақшаңыз қайтарылады. 

  4. 4

    Қайтару процесі. Билетіңізді қайтару үшін соны алған әуе компаниясына не туризм агенттігіне хабарласуыңыз керек. Қолдау қызметкері медициналық құжаттарыңызды сұрайды, сондықтан оларды дайындап қойыңыз, олар қолыңызда болмаса, уақытын асырып алмай тапсырыңыз.

Ұшақ билетімді басқа біреудің атына ауыстыра аламын ба?

Жоқ. Барлық дерлік әуе компаниясында жолаушы дерегін түгел өзгертуге тыйым салынған. Бірақ сіз билетіңізді кері тапсырып, соның қайтарылған ақысына басқа адамға билет алып бере аласыз.

Ұшақ билетін басқа біреуге ауыстыруға да, сатуға да болмайды.

Эконом және бизнес билеттерін қайтару шартының айырмасы

Эконом билеттерінің, әсіресе науқан не арзан тарифінің қайтару шарттары өте қатал болады. Билеттің тарифі ең арзан болса, оның ақысы кері берілмеуі мүмкін. Берілсе де, көп айыппұл ұсталады. Күнін ауыстырамын десеңіз де, қосымша ақы төлеуіңіз мүмкін.

Бизнес билетінің шарттары экономға қарағанда икемді болып келеді. Ондай билеттің көбін аз ғана айыппұл төлеп не тегін ауыстыра аласыз. Ауыстырамын десеңіз, оныңыз да тегін болуы ғажап емес. Мысалы, Air Astana-ның Business Flex тарифі бар билетіңізді тегін ауыстырып қана қоймай, айыппұл төлемей қайтара аласыз. Turkish Airlines-тың Business Flex тарифінің шарттары да сондай.

Билетті өз еркіңізбен және амалсыздан қайтару

Билетті өз еркіңізбен қайтару деген — ұшақ билетіңізді өзіңізге қатысты себеппен қайтарасыз деген сөз. Оған түрлі фактор себеп болуы мүмкін: жоспарыңыз өзгерді, басқа жағдай болып қалды немесе ұшқыңыз келмейді. 

Ондайда билет тарифтің шартына сай қайтарылады. Тариф қайтарылмайтын болса, жолаушы билеттің бар ақысын кері ала алмауы мүмкін, ақысын алса да, бір ғана бөлін алады. Тарифте қайтаруға болады деп жазылса, бар-жоғы айыппұл төлейсіз, ақшаңыздың жартысы я одан астамы қайтарылады. 

Амалсыздан қайтару деген — жолаушының өзіне қатысы жоқ форс-мажор жағдайдың кесірінен қайтару. Мысалы: 

  • Рейс ұшпайтын болды, демек жолаушы билетін басқа рейске тегін ауыстыра алады немесе тегін қайтарып, бар ақысын кері ала алады;
  • Рейс ұзақ кідіргенде (кідіретін уақыт әр жерде әртүрлі, мысалы, Еуропа одағында 3 сағаттан асса) жолаушы билетін қайтарып, ақшасын түгел ала алады;
  • Тасымалдаушы рейсіңізге қатты өзгерту енгізсе, мысалы, ұшатын уақытын я класыңызды ауыстырып жіберсе және оған көңіліңіз толмаса, билетіңізді тапсыра аласыз.
  • Төтенше жағдай. Мысалы, ауруханаға түсіп қалдыңыз, жақыныңыз қайтты, табиғи апат болды, соғыс басталып кетті, әуе кеңістігі жабылды.

Осы жағдайлардың біріне тап болсаңыз, билетіңізді айыпұлсыз қайтара аласыз, тіпті кейде онымен қоса өтемақы ала аласыз. Мысалы, Freedom Travel Таяу Шығыста соғыс кесірінен қалып қойған жолаушыларына бірнеше күн қаржылай көмек берді. 

Ұшақ билетін неше күн бұрын тапсыруға болады?

Ұшатын әуе компанияңыз бен тарифіңізге байланысты. Билетті әдетте кез келген уақытта, тіркеуден өтсеңіз де тапсыруға болады. Бірақ қашан тапсырғаныңызға қарай айыппұлы артуы я кемуі мүмкін. Мысалы, FlyArytsan-да ішкі рейстің билетін ұшарға 2 сағаттан артық, ал халықаралық рейстің билетін 3 сағаттан артық уақыт қалғанда қайтаруға болады.

Әуе компанияларының көбі билетті рейске 48 сағат қалмай тапсырған жөн дейді, сонда ол тариф шартына сай қайтарылады. Кей тасымалдаушы билетін рейске белгілі бір күн, мысалы, 7–14 қалғанда қайтарған жолаушыға көп айыппұл салмайды.

Билетімді қайтарғанда қаншалықты көп шығындаламын?

Алған билетіңізге байланысты. Қайтарылмайтын билеттің аты айтып тұрғандай ақысы қайтарылмайды, ал қайтарылатын билетті кері өткізсеңіз, ақысын ішінара я түгел аласыз. 

Ұшатын күн таяған сайын қайтару айыппұлы артатыны қаперіңізде жүрсін.

Айтпақшы, Freedom Travel-да белгілі бір әуе компанияларының қайтарылмайтын билетін қайтарылатын етуге болады. Өйту үшін билеттің ақысын 10% артық төлейсіз. Билетіңізді қайтарғанда ақшаңыздың 90% дейінгі бөлігін қайтарып алуға болады. Бұл қызмет туралы толығырақ ақпарат мына жерде тұр. 

Билет аннуляциясы деген не?

Ұшақ билетін жою деп билетті жолаушы немесе әуе компаниясы жойғанды айтады. Билетті жолаушы жойса, оның ақысы тарифіне сай қайтарылады. Әуе компаниясы рейсті ұшырмайтын болса, жолаушының екі амалы бар: 

  • билетті басқа рейске тегін ауыстыру;
  • билетті тапсырып, ақысын түгел кері алу. 

Билет төтенше жағдай болғанда, мысалы, табиғат апаты болғанда не саяси ахуал ушыққанда жойылуы мүмкін.

Билетімді шығынсыз қалай қайтара аламын, ауыстыра аламын? Freedom Travel-дың туристерге кеңестері

  1. 1

    Тарифі икемді билет алыңыз. Ондай билет тарифі негізгі билеттен қымбат тұрады, бірақ ауыстырғанда я қайтарғанда айыппұл көп болмайды. Ондай тариф барлық дерлік әуе компаниясында бар. Мысалы, Air Astana-ның ондай тарифі «Толықтай икемді» деп аталады.

  2. 2

    Ұшақ билетін алар алдында тарифінің шарттарын мұқият оқып шығыңыз. 

  3. 3

    Сақтаныңыз. Билетіңіз қайтарылмайтын болса, сақтандыру алып қойсаңыз болады. Ондай сақтандыру сіз ауырып қалғанда, жақыныңыз ауырып қалғанда не басқа төтенше жағдай болғанда билетіңіздің ақысын өтейді.

  4. 4

    Рейске қатысты ақпаратты тексеріп отырыңыз. Кейде әуе компаниялары рейсті кідіртуі немесе ұшырмай тастауы мүмкін. Ондайда ұшақ билетініңіздің толық ақысын қайтарып алатын немесе басқа рейске тегін ауыстыратын құқыңыз бар.

Жоспарыңыз өзгеріп кетсе, кідірмеңіз. Билетіңізді қайтару керек болса, дереу қайтарыңыз. Ұшатын күн жақындаған сай төлейтін айыппұл да өседі. 

1

0

Автордың суреті
Маржан Жалимбетова

автор, саяхатқа қатыстының бәрін біледі

Сізге қызық болып қалар:

На что могут рассчитывать пассажиры с особыми нуждами

На что могут рассчитывать пассажиры с особыми нуждами

Осы айдардан:

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Еуропаны көргісі келетіндерге арналған нұсқаулық

Еуропаны көргісі келетіндерге арналған нұсқаулық

Борттағы ең басты тыйым туралы әңгіме

Борттағы ең басты тыйым туралы әңгіме