Қонақүйлерде қандай тамақ беру түрлері болады?
BB, HB, FB, AI… деген не әріптер? Жататын жер таңдарда қателеспеудің амалы
Турист қонақүй таңдағанда көбіне бағасы мен жұлдызына қарайды. Бірақ жататын жердің тамақ беретін-бермейтіні де маңызды. Тамақ беретін жерде демалысыңыз әлдеқайда ыңғайлы бола түседі. Сондықтан осы мақалада қонақүйде қандай тамақтану түрі болуы мүмкін екенін, қайсын таңғадан жөн екенін айтып береміз.

RO (Room Only)
Қонақүйде тек тұрасыз. Қонақ жататын жердің ақысын ғана төлейді, ал тамағын өзі сол қонақүйден не басқа жерден алуы керек. Халықаралық букиң сайттарында мынандай белгілерді де көруіңіз мүмкін: BO (Bed Only), AO (Accommodation Only), RR (Room Rate), NO (No Meals) не EP (European Plan). Осылардың бәрі сізге тек жататын жер берілетінін айтып тұр.
Есесіне бөлмеңіздің ақысы төменірек болады. Ол ақшаны сыртқа шығып тамақтануға, түрлі тамақ жеп көруге жұмсай аласыз.
Кімге жарайды?
- Барған елінің мейрамхана, дәмханасын аралап көргісі келетіндерге;
- Дәмхана, көше тамағын сататын жері көп ірі қалаларға баратын саяхатшыларға;
- Таңғы ас ішпейтін я мезгілсіз тамақтанатындарға.
Кімге жарамайды?
- Балалы отбасыларға;
- Шалғайда жатқан курортта демалатын туристерге;
- Күнде тамаққа ақша жұмсағысы келмейтіндерге.

BB (Bed and Breakfast)
Таңғы асы бар қонақүй. Ақысына бөлме мен таңғы астың құны қосылған. Түскі және кешкі астың ақысын бөлек төлейсіз. Қаласаңыз, сырттан тамақтансаңыз болады. Таңғы ас форматы қонақүй типіне байланысты болады: континентал таңғы ас (кофе, нан өнімі, тосап), швед дастарханы және тағы басқасы.
Мұндай формат күніңізді жоспарлағанға ыңғайлы. Тұрған бойда я жатар алдында қазір не таңертең не жеймін демейсіз.
Кімге жарайды?
- Қонақүйде көп отырмайтындарға;
- Еуропа мен ірі қалаларға, яғни түскі және кешкі асын сырттан ішерге ыңғайлы жерлерге баратындарға;
- Тұрған бойда тамақ ішетін жер іздегісі келмейтіндерге.
Кімге жарамайды?
- Шалғайда жатқан әрі айналасы дамымаған курортқа барғысы келетін туристерге;
- Балалы отбасыларға;
- Күн сайын тамаққа бөлек ақша шығарғысы келмейтіндерге.

HB (Half Board)
Екі мезгіл тамақ беретін қонақүй. Ақысына жататын жер, таңғы ас пен кешкі астың құны қосылған. Түстіктің ақысын бөлек төлеу керек.
Кей қонақүйдің HB+ деген белгісі болады. Демек тамақтың қасына су-сусын, тіпті шарап та беріледі. Көп жерде қонақ тамағын швед дастарханынан таңдап алады. HB белгісінің плюсы болмаса, су-сусынды бөлек сатып алу керек.
Кімге жарайды?
- Күндіз сыртта жүретіндерге;
- Кешке тамақ ішетін жер іздегісі келмейтіндерге;
- Екі-ақ мезгіл тамақтанатын ересектерге;
- «Бәрі қосылған» қонақүйге артық ақша төлегісі келмейтін және шығынның бір бөлігін қадағалағысы келетіндерге.
Кімге жарамайды?
- Кішкентай баласы бар отбасыларға;
- Қонақүйдегі кешкі асқа қарап қалғысы келмейтіндерге;
- Курорттан тыс жерлерге жиі шығып, кеш оралатындарға.

FB (Full Board)
Мұндай тамақтану түрін толық пансион дейді қонақүйлердің кейбірі. Жататын жердің ақысына үш мезгіл тамақтың бағасы қосылған. Су мен сусынды бөлек алыдыру керек. Су тегін берілсе, тек таңғы аста беріледі. Кей қонақүйде FB+ деген формат болуы мүмкін, яғни түскі және кешкі аста алкогольсіз сусындар болады.
FB қонақүйлерде тамақ швед дастарханы не дайын сет мәзір форматында беріледі.
Кімге жарайды?
- Балалы отбасыларға;
- Инфрақұрылымы нашар шалғайда жатқан курортқа баратындарға;
- Тамаққа бөлек шығындалғысы келмейтіндерге;
- Қонақүй + жағажай форматын жақсы көретіндерге.
Кімге жарамайды?
- Экскурсияларға жиі шығып, қонақүйге кеш оралатындарға;
- Сырттан түрлі тамақ жеп көргісі келетіндерге;
- Қонақүйдің белгілі бір уақытта берілетін тамаққа байланып қалғысы келмейтіндерге.

AI (All Inclusive)
«Бәрі қосылған» форматы деген — қонақүйдің ақысына тамағы, сусындары мен аумағындағы бірнеше қызмет кіреді деген сөз. Алкоголь берілсе, жергілікті зауыттан шыққаны беріледі.
Мұндай тамақтану түрінің арқасында белгілі бір уақытта бар мен снек зонасына кіріп, тегін тамақтана аласыз. Одан бөлек қонақүйдің спорт залын, балалар клубы мен аниматор қызметін тегін пайдалануға болады. Шетелдік алкоголь, la carte мейрамхана мен SPA керісінше ақылы болуы мүмкін.
All inclusive кімге жарайды?
- Балалы отбасыларға;
- Қонақүй аумағынан көп шықпайтындарға;
- Жағажайда жатып демалғысы келетіндерге;
- Демалысқа кететін ақшасының басым бөлігін алдын ала төлеп, кейін алаңдамай жүргісі келетіндерге.
Кімге жарамайды?
- Экскурсияға жиі шығатындарға;
- Түрлі жерден тамақтанғысы келетіндерге;
- Қонақүйге қарап қалғысы келмейтін, қалаған жеріне қалаған уақытта барғысы келетін туристерге.

UAI (ULTRA All Inclusive)
«Бәрі қосылған» форматының кеңейтілген түрі: қызметі, ас-суы, мейрамханасы мен бары көбірек.
Қонақ иморт алкоголін тегін іше алады, мейраманаларға алдын ала жазылып бара алады, ал барлар 20–24 сағат бойы ашық тұрады.
Ultra all inclusive құнына бөлмедегі мини бар, SPA-дағы бірнеше қызмет пен басқа да сервистердің ақысы қосылған болуы мүмкін.
Кімге жарайды?
- Қонақүйден мүлдем шықпаймын дегендерге;
- Премиум тамақ пен сусын беретін мейрамхана, бар сұрайтындарға;
- Қонақүй барынша ыңғайлы болсын дейтін отбасыларға;
- Тек жағажайда жатып демалғысы келетіндерге.
Кімге жарамайды?
- Бар уақытын сыртта өткізіп, қонақүйге қону үшін баратындарға;
- Қосымша сервис керек еместерге;
- Ақшасы санаулы туристерге.

CB (Continental Breakfast)
Континентал таңғы ас дегенде кофе (шай), шырын, нан (круассан, бөлке), тост, май мен тосап болады. Кей жерде йогурт, жеміс-жидек, ірімішік пен ветчина беріледі. Ыстық тамақ (қуырылған жұмыртқа, омлет, шұжық) берілсе де, ақылы болады.
Кімге жарайды?
- Ұйқыдан тұрғаннан кейін жеңіл-желпі тамақтанғанды ұнататындарға;
- Бар уақыты сыртта өтетін туристерге;
- Үш мезгіл тамаққа артық ақша шығарғысы келмейтіндерге.
Кімге жарамайды?
- Таңертең ыстық тамақ ішкісі келетіндерге;
- Балалы отбасыларға;
- Жағажайда жатып демалатындарға не таңертең ерте шығып кететіндерге.

EB (English Breakfast)
Ағылшын таңғы асын беретін қонақүй. Оның континенталдан айырмашылығы — мұнда ыстық тамақ беріледі: суға піскен жұмыртқа, қуырылған жұмыртқа, омлет, бекон, шұжық, қызанақ тұздығына малынған үрмебұршақ, тост. Қасына көбіне саңырауқұлақ, грильге піскен қызанақ, картоп, қара пудиң беріледі.
Кімге жарайды?
- Таңғы асын тойып ішкісі келетіндерге;
- Күні бойы сыртта жүретіндерге;
- Британ тағамдарын жақсы көретіндерге.
Кімге жарамайды?
- Жеңіл-желпі тамақтанатындарға, диета ұстанатындарға;
- Вегетарианға не веганға;
- Сан алуан тамақ ұсынатын швед дастарханын таңдайтындарға.
Қонақүйлердегі тамақтану форматы
А-ля карт (A La Carte)

Бұл форматтың арқасында барған жеріңізде тамағыңызды мәзірден таңдай аласыз. Қонақ позициясын таңдайды, ал асүй кәдімгі мейрамханадығыдай қылып пісіріп береді. А-ля мейрамханасы қонақүйіңіздің ақысына қосылмаса, алдырған тамағыңыздың ақшасын бөлек төлейсіз.
Кімге жарайды?
- Гастрономиялық әсер мен қызмет алғысы келетіндерге;
- Тыныш кешкі ас ішкісі келетін жұптар мен ересек қонақтарға;
- Тамағы сан алуан болғаны маңызды туристерге.
Кімге жарамайды?
- Тез жейтін тамақ керек кішкентай баласы барларға;
- Тамағы шексіз болсын дейтіндерге, оны күтіп отырғысы келмейтіндерге;
- Алдым - отырдым - жедім деген форматты қалайтын, қызмет талап етпейтін туристерге.
Швед дастарханы

Қонақ тамағын дастарханға ұсынылған ассортименттен өзі таңдап алатын, кейін қаласа тағы салып ала алатын формат. Ұсынылатын тағамдар да қонақүй санатына байланысты болады. Арзанында ассортимент жұпыны, ал қымбатында түрлі болады.
Швед дастарханы кімге жарайды?
- Балалы отбасыларға;
- Бір тамақтанғанда тамақтың түр-түрін татып көргісі келетіндерге;
- Порция өлшемін өзі қадағалағысы келетіндерге;
- Топ болып қыдырып жүргендерге.
Кімге жарамайды?
- Мейрамхана сервисін жақсы көретіндерге;
- Порциясы нақты тамақтарды ұнататын, тойып жегенді жақтырмайтын туристерге.

Тамақтану түріне қатысты нұсқаулық
| Түрі | Не берілетіні | Ерекшелігі | Көбіне кімге жарайды |
| RO / BO / AO / RR / NO / EP | Тамақ берілмейді | Тек тұратын жер | Бар уақытын қыдырып өткізетіндер |
| BB | Таңғы ас | Тек бір мезгіл тамақ | Экскурсия, белсенді демалыс сүйерлер |
| CB | Континентал таңғы ас | Ыстық тамақсыз жеңіл-желпі таңғы ас | Қысқа сапар, іссапар |
| EB | Ағылшын таңғы асы | Мәзірден таңдайтын тойымды ыстық таңғы ас | Белсенді туристер, таңғы асын тойып ішіп алып, түскі ас ішпейтіндер |
| HB | Таңғы ас + кешкі ас | Екі мезгіл тамақ | Курорттағы күндіз сыртқа шығып қыдыратын демалыс |
| FB | Таңғы + түскі + кешкі ас | Үш мезгіл тамақ | Отбасылар, шалғайда жатқан курортқа барғандар |
| AI | Үш+ мезгіл тамақ + сусын + бірнеше қызмет | Бірнеше шектеуі бар «Бәрі қосылған» форматы | Жағажай демалысына барғандар, отбасылар |
| UAI | Ультра бәрі қосылған | Үш+ мезгіл тамақ, импорт алкоголі, күні-түні ашық барлар, қызметтің түр-түрі | Резорттан тыс жерлерге бармайтындар |
