Қазақстан азаматтары 2026 жылы шенген визасын қалай ала алады?

Қазақстан азаматтары 2026 жылы шенген визасын қалай ала алады?
Анықтама 13 мин оқисыз
08.02.2026

Қазақстан азаматтары 2026 жылы шенген визасын қалай ала алады?

Еуропаны көргісі келетіндерге арналған нұсқаулық

Шенген визасы — Еуропа елдерінің көбін көруге мүмкіндік беретін құжат. Соның арқасында 29 елді шекарада тұрмай аралай аласыз.

Бұл визаның бірнеше түрі бар. Осы мақалада Еуропаға баратындағы мақсатыңызға қарай қандай виза алу керегін айтып береміз.

2026 жылғы өзгерістер

2025 жылғы 12 қазанда Шенген аймағына кіру/шығуға қатысты EES (Entry/Exit System) деген жаңа жүйе енгізілді. Ол биыл істей бастады. 

Оның Қазақстан азаматтарына қандай қатысы бар:

  • паспортқа енді мөр қойылмайды: кірген/шыққандардың бәрін электрондық жүйеге енгізеді;
  • шекарада биометрияңыз (фото және/не саусақ таңбаңыз) алынады;
  • кей әуежайға жолаушыларды тез өткізу үшін өз-өзіне қызмет көрсету автоматтары қойылады.

Визаңыз қысқамерзімді болса, шекарада саусақ ізін қайта тапсырудың керегі жоқ. Себебі оларды виза аларда тапсырып қойдыңыз. Еуропаға бірінші рет кіргенде жүйе деректеріңізді онлайн базаға тіркейді, сондықтан кейінгі тексерістер тезірек өтеді. 

EES жүйесі Еуропаға көп дегенде 90 күнге баратын шетелдіктерге арналған.

Шенген визасы деген не?

Шенген аймағында емін-еркін жүруге жағдай жасайтын виза. Осы визаңыз болса, мына елдерге бара аласыз:

АустрияЛатвияСловакия
БельгияЛитваСловения
БолгарияЛихтенштейнФинляндия
ВенгрияЛюксембургФранция
ГерманияМальтаХорватия
ГрекияНидерландЧехия
ДанияНорвегияШвейцария
ИсландияПольшаШвеция
ИспанияПортугалияЭстония
ИталияРумыния
2024 жылғы наурыздың 31-інде Шенген аймағына Болгария мен Румыния қосылды.

Шенген аймағына жатпайтын, бірақ шенген визасы барларды кіргізетін елдер:

Албания, Кипр, Бонайре аралы, Саба мен Синт-Эстатиус, Кюрасао және Синт-Мартен аралы, Гибралтар, Реюньон мен Француз Гуианасы.

Шенген визасының түрлері

Шенген визасының үш түрі бар:  A және B типті транзит визасы, С типті қысқамерзімді виза мен D типті ұлттық виза. 

  • А не B визасы — әуежай транзит визасы. Шенген аймағы елінде Шенгенге жатпайтын елге ұшатын рейске ауысып мінгенде керек. Мысалы, АҚШ-қа Франкфурт арқылы ұшсаңыз, транзит визасын алуыңыз керек. Ол құжат әуежайдан шықпай, басқа рейске мініп кетуіңізге рұқсат береді. 
  • С визасы — қысқамерзімді виза. Еуропаға туризм я іссапар үшін баратындарға арналған. Осы визаның арқасында Еуропада 180 күннің ішінде ары кеткенде 90 күн жүруге болады. С визасының бірнеше түрі бар: бір реттік, екі реттік, көп реттік. 
  • D визасы — ұлттық виза. Шенген аймағының белгілі бір елінде 90 аса күн тұруға рұқсат беретін құжат. Оны Шенген елдерінің бірінде оқитын, жұмыс істейтін я ұзақ тұратындар алады. Мерзімі — 3–12 ай.

Қысқамерзімді (С типі)

Еуропаға түрлі мақсатпен қысқа мерзімге баратындарға арналған ең танымал шенген визасы. 

С визасы көбіне мынандай мақсаты барларға беріледі: туризм, іссапар (жұмысқа тұру емес), туысын я досын көру, емделу, қысқамерзімді оқу, мәдениет және спорт іс-шарасына я ғылыми конференцияға бару. 

Мұндай визасы барлар Шенген аймағында 180 күннің ішінде ары кеткенде 90 күн жүре алады. Бұл мерзім шенген шекарасынан өткенде басталады. Мысалы, сіздің визаңызда 90 күн жүруге әрі бірнеше рет кіріп-шығуға болады жазылып тұр. Шенген аймағында 30 күн жүріп шығып кетсеңіз, 180 күн толғанша шенген аймағына қайта кіріп, әлі 60 күн жүре аласыз.

С визасына қатысты шектеулер:

  • Бұл виза жұмысқа тұруға арналмаған. Жұмыс үшін D ұлттық визасын алу керек. 
  • Шенген аймағында жүретін мерзім қысқа болады. Бұл ережеге бағынбасаңыз, айыппұл төлейсіз, визаңыздың күші жойылады және келешекте виза алуыңыз қиындайды. 
  • Сапардың мақсаты. Шенген аймағына қыдырамын деп барып, оқуға түсемін десеңіз, жаңа виза алуыңыз керек.

Ұзақмерзімді (D типі)

Ұлттық виза деп те аталады. Ол Шенген аймағында 90 аса күн жүргісі келетіндерге арналған. Бұл виза — тұру ықтиярхатын алғысы келетіндер немесе жұмыс істеуге рұқсат алғысы келетіндер алуы керек құжат. 

D визасы көбіне мынандай мақсаты барларға беріледі: жұмыс (6–12 ай, кейін ұзартылуы мүмкін), оқу (бакалавриат, магистратура я аспирантура + оқып жүріп жұмыс істеу), отбасына қауышу, ғылыми зерттеу, тағылымдама, ұзақмерзімді ем.

Бұл виза көбіне 6–12 айға беріледі, кейін мерзімін ұзартуға болады немесе тұру ықтиярхатын алғым келеді деп ниет білдіруге болады. Мысалы, оқуы аяқталып, жұмыс тапқан студенттер жұмыс ықтиярхатын ала алады, ал келісімшарты ұзартылған жұмысшылар визасының мерзімін де ұзарта алады.

D визасының шарттары мен мүмкіндіктері:

  • Білім алуға, емделуге болады;
  • Жұмыс істеуге болады, бірақ жұмысшы құқығы әр жерде әртүрлі. Мысалы, студенттер аптасына көп дегенде 20 сағат жұмыс істей алады; 
  • Сапар шегуге болады. Ұлттық виза белгілі бір елде тұруға рұқсат берсе де, Шенген аймағында емін-еркін қыдыруға болады. Бірақ 180 күннің ішінде ары кеткенде 90 күн жүруге болады;
  • Азаматтық алу мүмкіндігі. D ұлттық визасы әуелі тұру ықтиярхатын алуға, кейін бар шартын орындасаңыз, азаматтық ала алуға мүмкіндік береді;
  • Әлеуметтік құқық пен басымдық. Кей елде ұзақмерзімді визасы барлар түрлі әлеуметтік бағдарламаға қатыса ала алады, жеңілдік ала алады, мысалы, үй алуға субсидия алуы мүмкін я мәдени іс-шараларға қатыса алады.

Ұзақмерзімді визасы барларға қойылатын шектеу

  • Тұрақты тұру. D визасы барлар виза берген елде ғана тұрады, оны Шенген аймағының басқа елінде тұруға қолдана алмайды. 
  • Мәртебе ауыстыру. Мысалы, оқу визасын жұмыс визасына ауыстырғыңыз келсе, жаңадан өтінім беру керек болады, көші-қон қызметі қойған талаптарды орындауға тура келеді.

Транзит визасы (А және В типтері)

Шенген елі арқылы басқа елге ұшатындарға арналған. Мұндай визасы барлар әдетте транзит аймағынан я әуежайдан шыға алмайды.

Әуежай транзит визасы (A типі) Шенген елі арқылы ұшатын, бірақ әуежайдағы транзит аймағынан шықпайтындарға арналған. Мысалы, А визасын Қазақстаннан АҚШ-қа Шенген елдерінің бірі арқылы ұшатын турист алады. 

Бұрын B деген виза болған еді. Оны алып, Шенген аймағын көлікпен я пойызбен кесіп етуге болатын еді. Транзитке 5 күн берілетін. Оның орнына енді туристер C визасын алады.

Транзит визасы ауысып мінетін рейстің билетінде жазылған күндерге ғана беріледі. Транзитке әдетте 24 сағат беріледі. Оны алу үшін байланыстырушы рейс билеті мен жолаушы бара жатқан елдің рұқсаты я визасын көрсету керек. 

Визасы барлар Шенген аймағында неше күн жүре алады?

А (әуежай транзит) визасы барларға ауысып мінетін рейске мінуге жететін уақыт беріледі, көбіне ол 24 сағаттан аспайды. 

C (қысқамерзімді) визасы бір реттік я көп реттік болғанына қарамастан 180 күннің ішінде ары кеткенде 90 күн жүруге рұқсат береді.

D (ұлттық ұзақмерзімді) визасы Шенген елінде 90 аса күн жүруге рұқсат береді. Оны алатындар Шенген аймағында оқитынын, жұмыс істейтінін я отбасына қауышатынын дәлелдеуі керек. Көп жағдайда D визасы Шенген елдерін 180 күннің ішінде ары кеткенде 90 күн емін-еркін аралауға мүмкіндік береді. Бірақ солай екен деп виза берген елден басқа елде тұруға көшіп кетуге болмайды.

Шенген визасын алып, бірнеше елді аралауға бола ма?

Иә. Шенген визасы (транзит визасынан басқа) барлар басқа елге өтерде тағы виза алуға тиіс емес. Олар тіпті Шенген ішінде шекарадан өткенде құжат тексертпейді. Бір барғанда бірнеше ел аралаймын десеңіз, ең көп күн өткізетін елдің визасын алыңыз. Егер әр елде бірдей күн жүремін десеңіз, бірінші баратын елдің визасын алыңыз. 

Шенген визасын қалай аламыз? Қадам-қадамы жазылған нұсқаулық

Шенген визасының шарттары жалпы бірдей дерлік болғанмен құжат тапсырар алдында барғыңыз келген елдің шарттарын анықтап алыңыз. 

0-қадам. Визаны қалай жасататыңызды шешіп алыңыз

Құжаттарды өзіңіз тапсырасыз ба, әлде агенттік көмегімен тапсырасыз ба, шешіп алыңыз. Өзім тапсырам десеңіз, уақытыңыз жететін-жетпейтінін сараптап алыңыз. Кейде агенттік көмегіне жүгінген жақсы. 

1-қадам. Құжат жинаңыз. Елшіліктің сайтынан қандай құжат керегін, ол қай тілде болуы керегін біліңіз

Шенген визасына керек құжаттар

1. Өтінім формасы не анкета. Оны әр консулдықтың сайтынан жүктеп алуға болады. Мысалы, мынау — Германияның формасы, ал мынау — Италиянікі

Анкетаны ағылшын тілінде я барғыңыз келген елдің тілінде толтырасыз. Қағаздың тек сол жағын толтырасыз, оң жағын консулдық толтырады. Анкетаға фотоңызды жапсыруды ұмытып кетпеңіз.

2. Паспортыңыздың түпнұсқасы мен бұрынғы визалардың көшірмесі. Құжаттың бірінші бетінің көшірмесін жасатыңыз. Паспорттың екі беті бос болуы керек. 

3. Паспорт форматындағы анфас фото. Фоны ақ, өлшемі 3,5×4,5 болуы керек. Фотоны фотосалонға барып жасатыңыз. Шенген визасы үшін фотоға түсетіңізді айтыңыз. 

4. Қонақүй я пәтер жалға алатыныңыздың расталған броні.

5. Банк үзінді-көшірмесі. Онда Шенген елдерін аралауға жететін ақшаңыз бары жазылып тұруы керек. Қанша ақша керек десеңіз, ол баратын еліңізге байланысты: Италия бір күнге кемі 70 еуро, ал Швеция мен Норвегия 100 еуро керек дейді. 

6. Туриске арналған медициналық сақтандыру. Оның сомасы 30 мың еуро болуы керек. Сақтандыру Шенген аймағында кетуі мүмкін шығынды өтей алуы қажет.

7. Барып қайтатын билетіңіз барын растайтын бронь.

8. Жұмыс орны берген анықтама мен демалыс туралы бұйрық. Ол компанияның ресми қағазында жазылған болуы керек. Бұйрыққа ауазымыңыз бен жалақыңыз жазылып, астында басшыңыздың қолы тұруы керек. 

9. Неке не ажырасу туралы куәлік я 18-ге толмаған балаңыздың куәлігі.

Кәмелет жасына толмай жалғыз саяғаттағысы келетін турист туу туралы куәлігін, әкесі де, шешесі де қол қойған анкета мен олар берген әрі нотариус растаған шетелге шығу туралы рұқсатын тапсыруы керек.

2-қадам. Консулдыққа я виза орталығына жазылыңыз  

Жазылғанда ақша төлемейсіз. Сайтынан тек керек консулдықты я орталықты, күні мен уақытын таңдаңыз. Өтініміңізді саяхатыңызға ары кеткенде 180 күн қалғанда тапсыра беруге болады. 15 жұмыс күнінен аз уақыт қалса, өткізе алмайсыз. Кейде виза орталығы сұраныс көп кезде (әсіресе жазда) сапарға бір айдан аз уақыт қалғанда қабылмадайды. 

Құжатыңызды ертерек өткізгеніңіз жөн, себебі виза бермейміз десе, тағы бір рет тапсырып, жауабын алып үлгересіз☝

Жазылғаныңыз туралы хат поштаңызға барады, оны шығарып алыңыз.

3-қадам. Консулдыққа не виза орталығына барыңыз

Дайындаған құжаттарыңызды алып, консулдыққа я виза орталығына барыңыз. Онда консулдық алымын төлейтіндіктен ақшаңызды да ұмытпаңыз. 

4-қадам. Консулдық алымын төлеңіз

Консулдықтағылар құжаттарыңызды қабылдаса, консулдық алымын (кейде қызмет алымын да) төлеуге және биометрия дерегіңізді тапсыруға жібереді. 

Сдавали когда-нибудь биометрию для визы? kz

Виза жасауға кететін уақыт пен оның жарамдылық мерзімі

Виза берілетін-берілмейтіні туралы шешімге кемі 15 жұмыс күні кетеді. Бірақ консулдық тағы құжат сұраса я сұраныс көп болса (мысалы жазда), бұл мерзім ұзаруы мүмкін.

 Осы мақаланың авторы былтыр Италия елшілігінің жауабын бір ай бойы күтті. Осыны ескеріп, визаны барынша ертерек жасатқаныңыз абзал☝

2026 жылы Қазақстан азаматтары шенген визасын жасатуға қанша ақша жұмсайды?

Шенген визасының ақысы қай елдің визасын алатыныңызға байланысты болады. Шенген елдерінің көбі құжаттарды арнайы орталықтар арқылы қабылдайды, сондықтан турист консулдық алымын ғана емес, қызмет ақысын да төлейді. Мысалы, неміс визасын Visametric орталығына барып жасатасыз. Демек, қызмет ақысын да, консулдық алымын да төлейсіз. 

Шенген визасының консулдық алымы қазір ересектер мен 12-ден асқан балаларға 90 еуро, 6–12 жасарларға 45 еуро болады. 6 жасқа толмаған баланың визасы тегін жасалады. 

Кей консулдық қызмет ақысы мен консулдық алымын тек қолма-қол ақшалай алады. Валютасы — теңге. Мысалы, Италия мен Германия. Ал кейбірі, мысалы, Венгрия еуро алады, ал басқалары (Швеция) тек банк картасын қабылдайды. Теңге алатындар валюта бағамына қарайды.

Консулдық шенген визасын бермеуі мүмкін? 

Иә, виза алмай қалуыңыз мүмкін. Оған мыналардың бірі немесе бәрі себеп болуы мүмкін.

Виза берілмеуіне себеп болатын факторлар

  1. 1

    Шотыңыздағы қаражат жеткіліксіз. Консулдық туристен жататын жері, тамағы мен қайтар жолына жететін ақшасы болсын деп талап етеді. Ақшаңыз жетпесе я табысыңыз қайдан түскенін көрсетпесеңіз, виза алмайсыз. Өйтпеу үшін банкіңізден кейінгі 3–6 айда қанша ақша алып, қанша жұмсағаныңызды көрсететін үзінді-көшірмені, табысыңыз туралы құжаттарды немесе сапарыңыздың ақысын біреу төлесе, сол демеушінің хатын көрсететіз.

  2. 2

    Анкетадағы қателер. Анкетадағы кез келген қате, сәйкессіздік не өтірік ақпарат виза берілмеуіне түрткі болуы мүмкін. Қате жазылған туған күн я мекенжай да күмән туғызады. Анкетаны тапсырар алдында бастан-аяқ тексеріп алыңыз. Жазылғандардың бәрі құжаттағыдай болсын. Атыңыз да. Басқа біреуге тексертсеңіз жақсы болар еді. 

  3. 3

    Сапарыңыздың мақсатын дәлелдейтін құжат аз. Консулдық сапарыңыз қысқамерзімді, ал оның мақсаты айтқаныңызға сай болатынына көз жеткізгісі келеді. Сапарыңыздың мақсатына дәлел аз болса я жеткілікті болса да нақты болмаса, виза берілмейді. Сапарыңыз туризм визасының шарттарына сай өтетінін мына құжаттарды көрсетіп дәлелдеңіз: қонақүй броні, қайтатын билеттер, шақырған жақтың шақыруы, іскерлік келісімшарт (мақсатыңыз бизнес болса). Құжаты көптің виза алуы ықтималы көп. 

  4. 4

    Бұрын виза режімін бұзғансыз. Бұрын Шенген аймағына барып, виза ережесіне бағынбаған болсаңыз, мысалы, бір елде мерзіміңізді асырып жүріп қалсаңыз, бұл келесі визаңызды жасатарда проблема болады. Ондай жағдай болса, консулдыққа проблема қайталанбайтынын түсіндіріп көріңіз. 

  5. 5

    Медициналық сақтандыруыңыз жоқ. Сақтандыру Шенгенде жүретін күндеріңіздің бәрін қамтуы керек, ал минимал сомасы 30 000 еуро болуы керек. 

  6. 6

    Консулдық таңдарда қателестіңіз. Құжаттарыңызды басқа консулдыққа тапсырып қойсаңыз, виза берілмейді. Мысалы, Францияға барам деп неміс визасын алмақ болдыңыз. Қай елде ең көп күн өткізесіз, сол елдің визасын алыңыз. Бірнеше елге барамын десеңіз және әр елде бірдей уақыт өткізсеңіз, бірінші баратын елдің визасын жасатыңыз.

  7. 7

    Елге қайтатыныңызға дәлел аз. Консулдық еліңізге қайтып келетіңізге сенімді болғысы келеді. Мысалы, тұрып жатқан еліңізде жұмыс істемесеңіз, мал-мүлкіңіз я отбасыңыз болмаса, консулдықтағылар сізді басқа елге көшіп бара жатыр деп ойлайды. 

  8. 8

    Бұрын бірнеше рет виза берілмеген. Бірнеше рет жоқ, виза берілмейді деген жауап алған болсаңыз, бұл мәселе жаңа виза аларда қиындық туғызады.  

Алматы мен Астананың қай жерінде шенген визасын жасатуға болады?

Қазақстан азаматтары шенген визасын мына жерлерден жасата алады: 

1. Алматы мен Астанадағы виза орталықтары

Шенген елдерінің көбі өтінімдерді ресми виза орталықтары арқылы қабылдайды.

VFS Global виза орталығы

Телефон нөмірі (Астана мен Алматыға ортақ): +7 775 148 02 98, +7 727 364 82 04.

VisaMetric виза орталығы

2. Консулдықтар мен елшіліктер

Кей елдің консулдығы немесе елшілігі құжаттарды өздері қабылдай береді. Мысалы, Чехия. Оның елшілігі Астанада орналасқан. Мекенжайы: Қабанбай батыр көшесі, 15/1, Q2 бизнес орталығы, 7-қабат.

3. Қазақстанның басқа аймағынан тапсыру

Қазақстанның Алматы я Астана емес аймағында тұрып жатсаңыз, шенген визасын ең жақын виза орталығынан я консулдығынан алсаңыз болады. Мысалы, Италияның Қазақстанның бірнеше қаласында виза орталығы бар: Атырау, Шымкент, Өскемен.  

Виза орталықтардың кейбірі үйіңізге барып, биометрия деректеріңізді я құжаттарыңызды алып кете алады.

Виза алғыңыз келсе, бірақ қалай аларыңызды білмесеңіз немесе құжат жинайтын уақытыңыз болмаса, біздің сайтты ашып, өтінім қалдыра кетіңіз. Біз кез келген елдің визасын алуға көмектесеміз. 

Freedom Travel-дың шенген визасын алуға көмектесер кеңестері

Құжат тапсырғанда қойылатын сұрақтарға дайын болыңыз

Құжат қабылдайтын адам неше үшін бара жатырсыз, ол елде не істемексіз, қонақүйіңіз қайда орналасқан я неше күн боласыз деген сұрақтар қоюы мүмкін. Бәріне жауабыңыз дайын болсын. Қонақүйдің мекенжайын сұраса, бронін көрсетіңіз. 

Мына сұрақ та жиі қойылады: сізді еліңізге қайтуға не мәжбүрлейді? Әрине, бұл сұрақ дәл осылай қойылмайды, бірақ еліңізде жұмысыңыз, үй-ішіңіз я мал-мүлкіңіз бар ма деп сұрайды. 

Ақша туралы сұрақ та қойылуы мүмкін: жалақыңыздың мөлшерін, қайда жұмыс істейтініңізді және неше күн демалатыныңызды сұрайды. 

Бастысы — құжат тапсырғанда және сауалдарға жауап бергенде сабырлы болыңыз, өтірік айтпаңыз. Өтірігіңіз қазір виза алуға жарап қалар, бірақ келесісін алуға кедергі болуы ғажап емес. Мысалы, кейбір адам құжат тапсырғанда мына қонақүйге барамын деп бронін көрсетіп, виза алғаннан кейін басқа қонақүйге барады. Оны консулдықтағылар біліп қойып, визаңыздың күшін жойып тастауы мүмкін. Қалай біліп қояды десеңіз, консулдық қызметкері броньда тұрған қонақүйге хабарласып, сіз қонақүйге барды ма, жайғасты ма деп сұрайды. Барамын деген жерге бармасаңыз, визаңыз жойылады, жойылмаса да, ендігіде берілмейді. Ол қателігіңіз бір сіздің визаңызға ғана емес, өзге азаматтардың виза алуына кедергі болуы мүмкін.

Құжат жинарда керек болар кеңестер

  1. 1

    Керек құжаттарды жинаңыз. Консулдық не виза орталығы не сұраса, апарып беріңіз: паспорт (көшірме емес, түпнұсқа), фото, расталған броньдар, сақтандыру полисі мен қаражатыңызға қатысты құжаттар.

  2. 2

    Құжаттарыңыз елге қайтқанда да жарамды болуы керек. Мысалы, паспортыңыз Қазақстанға оралғанда кем дегенде жарты жыл жарамды болып тұруы керек, ал медициналық сақтандыру бүкіл сапар бойы жарамды болуы керек. 

  3. 3

    Құжаттарды рет-ретімен жинап беріңіз. Әдетте былай: паспорт, анкета, фото, маршрут пен расталған броньдар, сақтандыру, қаражат құжаттары, шақыру не демеуші хаты. Бәрін бір файлға салыңыз. 

  4. 4

    Құжаттар консулдық талабына сай болсын. Шенген визасына керек құжаттарға деген талаптар бәріне дерлік ортақ, десек те, кей консулдықтың өз талабы болады. Мысалы, бір консулдық банк үзінді-көшірмесіне банк қызметкері қол қоюы керек десе, басқа консулдыққа қолданбадан шығарылған үзінді-көшірме жарай береді. Қандай үзінді-көшірме керегін білмесеңіз, банк қызметкеріне қол қойдырып алыңыз. 

  5. 5

    Құжаттардың көшірмесін жасатыңыз. Олар өзіңізге я түпнұсқасын жоғалтып алғанда керек болады. Кейбір консулдық түпнұсқа құжат бар болса да, көшірмесін өткізіңіз деп талап етеді.

  6. 6

    Анкетаға енгізген күндер мен билеттегі және броньдағы күндер бір болуы керек. Кез келген кішірігім қате консулдық қызметкерінің күмәнін туғызуы мүмкін.  

Туризм агенттігінің көмегі

Туризм агенттіктері шенген визасын алуға көмектесе алады. Әсіресе, бұл сіздің бірінші шенгеніңіз болса, мамандардың көмегіне жүгінген жақсы. Агенттік қандай құжат керегін айтады, анкетаңызды толтырып береді, банкіңізде қанша қаражат тұруы керегін айтады, маршрут құрып береді. Одан бөлек, олардың көбі виза орталықтарымен серіктес, сондықтан сізді құжат тапсыруға оңай жазып береді. Ең бастысы — агенттік сіздің кел келген сұрағыңызға жауап береді, барлық кезеңде көмектеседі. 

Виза алғыңыз келсе, бірақ қалай аларыңызды білмесеңіз немесе құжат жинайтын уақытыңыз болмаса, біздің сайтты ашып, өтінім қалдыра кетіңіз. Біз кезген елдің визасын алуға көмектесеміз.

Жиі қойылатын сұрақтар (FAQ)

Шенген визасы бар турист жұмыс істей ала ма?

Жоқ, C визасы тек қысқамерзімді сапарға арналған, онымен жұмысқа тұруға болмайды. Жұмысқа тұрғысы келетіндер D визасын алуға я Шенген елінің рұқсатын алуға тиіс. 

Қай елшілік шенген визасын береді?

Қай елшілік виза беретін-бермейтінін бағалау өте қиын. Ол жағы сіздің бұрынғы сапарларыңыз, қаржы жағдайыңыз бен басқа құжаттарға, кейде тексеретін адамға байланысты. Біреу құжаттарыңызды бүге-шүгесіне дейін тексереді, басқа біреу олай тексермейді. 

Бір барғанда бірнеше ел араламақпын. Қай елдің визасын алайын?

Маршрутыңыз күрделі болса, мына екі ережеге сүйеніңіз: 

  1. 1

    Басты ел ережесі. Қай елде ең көп күн өткізесіз, сол елдің визасын аласыз;

  2. 2

    Бірінші ел ережесі. Барғыңыз елдердің бәрінде бірдей уақыт өткізгіңіз келсе, Шенген аймағына кіретін елдің визасын аласыз.

Мысалы, сіз былай сапар шегейін деп тұрсыз: Алматы – Прага – Рим – Милан – Швейцария – Вена – Алматы. Италияда ең көп күн жүретіндіктен итальян визасын алуға тиіссіз. Бірақ Шенген аймағына Чехиядан кіресіз. 

Визам бар паспортымды жоғалтып алсам қайтеді?

Ең жақын деген Қазақстан елшілігіне немесе консулдығына барып, елге қайтуға арналған уақытша куәлік жасатыңыз. Жергілікті полицияға паспортыңыз жоғалып кеткенін айтыңыз да, сол туралы анықтама алыңыз. Сапарыңызды жалғастырғыңыз келсе, қайтадан виза жасатуыңыз керек. 

Шенген аймағына кіргеннен кейін визамның мерзімін ұзарта аламын ба?

Кей жағдайда ұзартуға болады. Мысалы, ауырып қалып, сапар шегетін халіңіз болмаса немесе басқа жазатайым жағдай болып қалса ұзартуға болады. Өйту үшін ең жақын көші-қон қызметіне барып, сұраған құжаттарды беру керек. 

Қай ел тағы құжат сұрайды?

Шенген аймағының кейбір елі, мысалы, Германия, Франция мен Испания қосымша құжат сұрауы мүмкін, әсіресе, іссапарға я оқуға баратындардан сұрайды. Әр елдің басқа елде жоқ талабы болуы мүмкін. Сондықтан құжат тапсырар алдында консулдықтың талаптарын оқып алыңыз. 

Шенген визасын қалай жасатасыз?

13

1

Автордың суреті
Мадина Даутова

редактор, саяхат туралы ақпаратын мәдениет пен ғылымға, тәжірибесіне сүйеніп жазғанды ұнатады

Сізге қызық болып қалар:

Для учебы, лечения и просто туризма

Для учебы, лечения и просто туризма

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Испанияда демалғысы, оқығысы келетіндерге арналған

Виза тақырыбын жалғастырамыз

Виза тақырыбын жалғастырамыз

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз

Калькулятор мен екі бет қағаз шығарамыз

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат

Құжат жинау, бағасы мен мерзімі туралы бар ақпарат