Work and Travel: Бағдарлама туралы білуіңіз керек бар ақпарат

Work and Travel: Бағдарлама туралы білуіңіз керек бар ақпарат
Анықтама 6 мин оқисыз
05.11.2025

Work and Travel: Бағдарлама туралы білуіңіз керек бар ақпарат

АҚШ-та жұмыс істеу һәм сапар шегу

Жаз сайын әлемнің мыңдаған студенті Work and Travel бағдарламасына жазылып, АҚШ-қа аттанып жатыр. Соның арқасында жұмыс істейді, саяхатқа шығады және өзге елдің адамдарымен танысады. Осы бағдарламаға қатысамын десеңіз, мына мақаламызды оқыңыз. 

Work and Travel бағдарламасы деген не? 

Work and Travel (Уорк әнд тревел) — студенттерге арналған халықаралық алмасу бағдарламасы. Ол жазғы каникулды АҚШ-та өткізіп, жұмыс істеу және саяхаттау мүмкіндігін береді. Қатысушылар уақытша жұмысқа тұрып, ағылшын тілін жетілдіреді, жергілікті мәдениетпен танысады және елдің ішінде саяхаттауға қаржы жинайды. Бағдарлама шамамен 3–4 ай жалғасады. Оған күндізгі бөлімде оқитын студенттер ғана қатыса алады. 

Бағдарламаның тарихы

Work and Travel USA бағдарламасын 1950 жылдары АҚШ үкіметі ойлап тапқан. Сондағы мақсат — басқа елдерден студент тартып, олардың мәдениет және білім алмасуына жәрдем беру. Басында АҚШ-қа осы бағдарламаға қатысып барғандар J-1 Exchange Visitor визасын алатын болған. Ол виза халықаралық қарым-қатынасты білім және жұмыс бере отырып дамыту үшін ойлап табылған.

Бағдарламаның бірінші қатысушылары АҚШ-қа білім және зерттеу жобаларына қатысатын болған, ал жазда жұмыс істеу форматы 1970 жылдары шыққан.

Қазір Work and Travel бағдарламасына 200 елдің студенттері қатыса алады, ал АҚШ-қа жыл сайын мыңдаған студент барады!

Work and Travel бағдарламасының шарттары

Work and Travel USA бағдарламасына мүше боламын десеңіз, АҚШ Мемлекеттік департаменті мен қабылдайтын ұйымдардың ресми талаптарына сай болуыңыз керек. 

1. Студент болу

Бас талап — Work and Travel-ға қатысу үшін жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде (бакалавриат я магистратура) оқып жүрген студент болуыңыз керек. Университет түлектері қатыса алмайды.

Студент өтінім бермей тұрып кемі бір семестр бітіруі керек әрі өтінім бергенде және елшілікке сұхбатқа барғанда студент болуы керек.

2. Жас

Бағдарламаға 18–28 жастағы студенттер қатыса алады. Кей демеуші студент 25-тен аспасын деуі мүмкін, сондықтан жас жағын ұйымнан сұрап анықтап алғаныңыз жөн. 

3. Ағылшын тілі деңгейі

Қатысам деген адам ағылшын тілін сөйлей алатын деңгейде білуі қажет, яғни деңгейі intermediate я одан жоғары болуы керек. Деңгейіңіз демеушімен я агенттік өкілімен сұхбаттасқанда анықталады. 

4. Виза демеушісі

Әр қатысушыда J-1 бағдарламасының ресми демеушісі болуы керек. Ол демеуші АҚШ мемлекеттік департаментіне тіркелген болуы керек. Демеуші — DS-2019 формасын толтыратын адам. Бұл формасыз виза алу мүмкін емес. Демеуші жұмыс іздегенде, сақтандыру алғанда және АҚШ-та жүргенде қолдау көрсетеді. 

5. Жұмыс пен жұмыс беруші

Жұмыс бір-ақ маусым жалғасуы керек және тәжірибе талап ететін жұмыс болмауы керек. Мысалы, қызмет көрсету саласы, туризм, қонақүй бизнесі, ойын-сауық парктері мен сауда-саттық саласы болуы керек. 

Work and Travel-қа қатысқысы келетін адам:

  • Демеуші арқылы жұмыс беруші жіберген дайын ұсынысты қабылдайды (Job Offer);
  • Жұмыс берушіні өзі табады, бірақ оны демеуші мақұлдауы керек.

6. АҚШ-та жүретін мерзім

Бұл бағдарлама жазғы демалыс кезінде өтеді. Жұмысқа әдетте 3–4 ай, ал саяхатқа 30 күн кетеді. Бұл кез grace period деп аталады. Қазақстан мен Ресей азаматтарына арналған кезең мамырда басталып, қыркүйекте аяқталады. 

Қатысушы не ұтады?

1. АҚШ-та тұрып көру

Қатысушы бірнеше ай басқа елде тұрып көреді, Америка мәдениетін, тұрмысы мен атмосферасын көреді. Бағдарлама өзге халықтың әдеп-ғұрпы мен тұрмысымен танысуға, өзгеге тәуелді болмай өмір сүруге, сенімді болуға көмектеседі.

2. Ағылшын тілі деңгейін көтеру

Жұмыс беруші, жұмыстастар мен жергілікті тұрғындармен сөйлескенде адамның ағылшын тілі деңгейі арта түседі. 3–4 ай бойы күн сайын ағылшынша сөйлеген адам тіл деңгейін бұл тілді университетте оқып жүргендерден жақсы дамыта алады. 

3. Шетелде жұмыс істеп көру

АҚШ-та жұмыс істеу — алғашқы халықаралық тәжірибе алу мүмкіндігі. Оны кейін түйіндемеңізге қосып қоясыз. Жұмыс берушілер осындай тәжірибе барларды алуға асық, себебі шетелде жұмыс істеп көргендер бастамашыл, жауапты, жаңа ортаға тез бейімделгіш болады. 

4. Ақша жағынан тәуелсіздік

Бұл бағдарлама көп ақша табасыз деп кепіл болмаса да, қатысушылар жол мен саяхатқа кеткен шығынын жабуға жетерлік ақша табады. Олардың көбі елге ақша жинап келіп жатады, әсіресе туристер көп баратын, мол шайпұл беретін қалаларда жұмыс істегендер олжалы қайтады. 

5. Саяхатқа шығу мүмкіндігі

Студенттер жұмыс біткеннен кейін 30 күн бойы АҚШ-ты аралай алады. Бұл — Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Гранд каньон, Ниагара сарқырамасы мен басқа да көрікті жерлерді көре аласыз сөз. 

Work and Travel USA бағдарламасының құны

Work and Travel USA-ға қатысуға кететін ақшаның көлемі демеушіге, жіберетін ел мен қызметтер легіне байланысты. Бірақ шамалап айтқанда құны мынандай: 

  • Бағдарлама пакетінің (рәсімдеу, DS-2019, сақтандыру, жәрдем) бағасы $1500 – $2500 айналасы. 
  • Work and Travel-ға Орталық Азиядан қатысатындарға бағдарламының толық пакетінің бағасы $2300 – $2600 шамасы. 
  • Қосымша шығын: визаның құны ($185), SEVIS алымы ($35), ұшақ билеті, тұратын жер, тамақ. 
  • Бағдарламадан басқа мыналарға да ақша кетеді: виза ақысы ($185), SEVIS алымы ($35), ұшақ билеті, тұратын жер, тамақ.

Сөйтіп, қатысушы шамамен $3 000 аса шығынға дайын болуы керек. 

Work and Travel бағдарламасына қатысу кезеңдері

1. Агенттік таңдау, тіркелу

Бірінші қадам — J-1 бағдарламасының өкілетті демеушілерімен серіктес ресми делдал агенттік табу. Агенттік сізге құжатыңызды, сұхбаттан өтуге және жұмыс беруші табуға көмектеседі. Компания табылғаннан кейін анкета толтырып, келісімшартқа отырасыз, кейін тіркеу ақысын төлейсіз. 

2. Құжат тексеру мен сұхбат

Work and Travel-қа қатысу үшін бағдарламаның бар талабына сай болу керек. Өйту үшін оқу орны берген анықтама, паспорттың көшірмесі мен фотоңызды көрсетуіңіз керек, анкета толтыруыңыз керек.

Одан кейін ағылшын тілінде сұхбат өтеді: агенттік я демеуші ағылшын тілі деңгейіңіз бен Америкадағы өмір мен жұмыс дайын екеніңізді я дайын емесіңізді тексереді.

3. Жұмыс істеу, ұсыныс алу (Job Offer)

Ендігі қадам — жұмыс іздеу. Жұмысты екі түрлі жолмен табуға болады:

  • Job Fair (жұмыс орындары жәрмеңкесі): онда қатысушыларды жұмыс берушілер өздері таңдап алады;
  • Self-placement: студент жұмысын өзі табады (мысалы, достары я бұрынғы әріптестері арқылы) 

Демеуші жұмысты мақұлдағаннан кейін Job Offer жасалады. Бұл құжат — жұмыс орныңыз, лауазымыңыз, жалақыңыз бен келісімшарттың мерзімі жазылатын ресми құжат.

4. DS-2019 формасын алу

Құжаттардың бәрін жасатқаннан кейін демеуші DS-2019 формасын береді. Бұл сіздің бағдарламаға қатысушы ретіндегі бас құжатыңыз болады. Ол бағдарламаға қатысатыныңызды растап, J-1 визасын алуға негіз болады. Онсыз виза берілмейді. 

5. Міндет алымдарды төлеу

Виза алу үшін құжат тапсырырар алдында мыналарды төлеу керек: алмасу студенттерін қадағалап отыратын жүйеге тіркелгенде төлейтін SEVIS алымы ($35) мен J-1 визасының алымы ($185). 

6. АҚШ елшілігінде өтетін сұхбат

Қатысушы АҚШ елшілігінде өтетін сұхбатқа жазылады. Оған мыналарды апарасыз: 

  • DS-160 анкетасы, DS-2019 формасы, паспорт, алым төленгені туралы түбіртек, университет берген анықтама;

Онда АҚШ-қа неге бара жатқаныңызды айтасыз, оқуыңыз бен келешегіңіз туралы сұрақтарға жауап бересіз. 

Сұхбат жақсы өтсе, J-1 визасын аласыз.

7. Жолға дайындалу

Виза алғаннан кейін агенттік ұшақ билетін, сақтандыру алуға, жолға дайындалуға көмектеседі. Бағдарламаға қатысушылар ориентациядан (pre-departure orientation) өтеді. Онда студент АҚШ-та қалай жүруі керек, қандай заңға бағынуы керек, демеушінің байланыс дерегі, құқығы мен міндеті туралы ақпарат алады. 

Бағдарламаға қатысуға керек құжаттар

  • Паспорт: сапар бойы жарамды болуы керек (елге қайтқаннан кейін 6 ай бойы жарамды болса жақсы);
  • DS-2019 формасы — виза демеушісі берген бағдарламаға қатысатыныңызды растайтын ресми құжат;
  • DS-160 анкетасы — J-1 визасын алу үшін онлайн толтыратын анкета;
  • Visa Fee Receipt деген виза алымын төлегеніңізді растайтын құжат — $185;
  • SEVIS алымы төленгені туралы түбіртек ($35). Оны алмасу бағдарламасына қатысатын студенттерді қадағалайтын жүйеге тіркелгенде төлейсіз;
  • Job Offer — АҚШ-тағы жұмыс берушіден келген әрі демеуші мақұлдаған шақыру;  
  • Университет берген анықтама — күндізгі бөлімде оқып жүргеніңізді дәлелдейді;
  • Үлгеріміңіз туралы анықтама (транскрипт) — елшілікте өтетін сұхбатта керек болып қалуы мүмкін;
  • АҚШ визасына керек фото — 5×5 см, фоны ақ;
  • Агенттікпен жасасқан келісімшарт — бағдарламаға қатысатыныңызды және делдал қызметінің ақысы төленгенін растайды;
  • Қаржыңыз жететінінің кепілі — банктен бірінші жалақы алғанға дейін тұрмысыңызға жетер ақшаңыз барын дәлелдейтін анықтама аласыз.

Жұмыс орындары мен жұмыс шарттары

  1. 1

    Мейманхана мен қонақүй: тазалықшы, қызметші, асүй көмекшісі, ресепшін, кір жуатын жердің персоналы; 

  2. 2

    Дәмхана мен мейрамхана: даяшы, кассашы, аспаз, бариста, асүй көмекшісі, фастфуд қызметкері;

  3. 3

    Ойын-сауық паркі мен курорт: аттракцион операторы, сатушы, билет тексеруші, қызмет ететін персонал;

  4. 4

    Дүкен мен супермаркет: кассашы, консультант, тауар қаптаушы, қойма қызметкері;

  5. 5

    Кәмпің (кемпинг) мен демалатын парк: ресеншін қызметкері, тазалықшы, асүй көмекшісі, инструктор.

Жұмыс шарттары

  • Жұмыс кестесі: аптасына 30–40 сағат, кестеден тыс жұмыс істеуіңіз мүмкін (overtime);
  • Жалақы: орташа алғанда сағатына $10–16, кей штатта одан көп болуы мүмкін;
  • Тұратын жер: жұмыс беруші беруі мүмкін (көбіне коммунал үйлерде я жатақханадан), апталық ақысы $100–200, жалақыдан шегеріледі.
  • Тамақ: кейде тегін, алайда көбіне ақылы;
  • Форма: жұмыс беруші жұмысшыларға униформа береді я дресскод сақталсын деп талап етеді.

Work and Travel студенттері демеуші рұқсат берсе және негізгі жұмысқа кедергі болмаса тағы бір жұмысқа тұра алады. Қатысушылар көбіне курорт я туризм зоналар таңдайды, мысалы, Атлант мұхитының жағасын, Висконсин Деллс, Аляска я ұлттық парктерді. 

Work and Travel студенттері қанша табады?

Work and Travel USA бағдарламасына қатысқандардың сөздері мен ресми деректерге сенсек, студенттер табатын ақша көлемі штат, жұмыс беруші, лауазымы мен шайпұл сомасына байланысты.

Қатысушылар көп баратын позицияларда сағатына $9–15 табуға болады. Сонда бір айда $1200-$2000 табуға болады. Бірақ оның бір бөлігін тұратын жер, тамақ пен басқа шығындарға жұмсайтыныңызды ескере жүріңіз.

Жалақысы аз штаттарда я шайпұл алмағанда сағатына $7.25 я одан сәл көп ақша табуға болады (АҚШ-тағы ең аз жалақы).

Work and Travel USA бағдарламасына қатысушылардың жалақысы АҚШ-қа барғаннан кейін ашылатын америкалық банк картасына аударылады. Агенттік немесе жұмыс беруші жергілікті банктердің бірінде (көбіне Bank of America, Chase немесе Wells Fargo) есепшот ашуға көмектеседі. Жалақы апта сайын я екі аптада бір түседі. Ақшаны банкоматтан шығарып алуға, ақы төлеуге немесе бағдарлама аяқталған соң өз еліңіздегі банк шотына аударуға болады. Кейбір жұмыс беруші жалақыны pay card арқылы да береді. Pay card деген — дебет карта сияқты алдын ала толтырылған карта.

5

0

,

Сізге қызық болып қалар:

АҚШ-тың студенттерге арналған визасын қалай алуға болады?

АҚШ-тың студенттерге арналған визасын қалай алуға болады?

Қалай бірнеше елде заңға сай жұмыс істеуге болады?

Қалай бірнеше елде заңға сай жұмыс істеуге болады?