Қазақстанды көлікпен аралау: жазда қайда баруға болады?

Қазақстанды көлікпен аралау: жазда қайда баруға болады?
Топтама 4 мин оқисыз
20.05.2026

Қазақстанды көлікпен аралау: жазда қайда баруға болады?

Қазақстан жолдарының сапасын тексереміз

Қазақстан — контрастқа толы өлке: мұнда бір ғана демалыс барысында сан алуан ғажайып мекендерді аралап шығуға болады. Қып-қызыл Марсқа ұқсайтын шатқалдар, зүбәржаттай мөлдір тау көлдері, сайын даладағы айбынды жартастар мен ғасырлар сырын сақтаған ортағасырлық кесенелер — мұның бәрі Қазақстанның сәнін келтіріп тұр. Жазғы саяхатқа арнап, көлікпен аралауға болатын Қазақстандағы ең көркем бес бағытты жиып қойдық. 

🚗 1-бағыт: «Алматы қазынасы» — 4–5 күн

Старт: Алматы 

Ең қолайлы айлар: мамыр — қыркүйек

Қандай көлік жарайды: жолталғамас (внедорожник) көлік

Жолдың ұзақтығы: 950–1100 км

Шарын шатқалы

📍 1-күн: Алматы → Шарын шатқалы (~200 км)

Алматыдан таңертең ертерек шыққан дұрыс, өйткені жол шамамен 3 сағат созылады. Шатқалға күннің аптап ыстығы басталмай тұрып жетіп алған абзал. Шарынға баратын жол Талғар мен Шелектің бойында жатыр, кейін асфальт жолдан түсіп жолсызбен жүру керек. Сондықтан жолға жолталғамас көлікпен шығыңыз. 

Төменге түсе бастаған сәтте-ақ көргеніңізге аң-таң боласыз. «Қамалдар аңғарын» көрген де, көрмеген де арманда: биіктігі 300 метрге дейін жететін қызыл-сары жартастар жел мүсіндеген ғажайып мұнаралар мен аркаларға ұқсап тұр. Мұнда серуендегенге ең жақсы уақыт — таңертең немесе күн батар шақ. Сол мезетте күн сәулесі әлсіз түсіп тұрады, шатқалдың іші нұрлана түсетіндей. 

Шатқалда қонамын десеңіз, онда түрлі гләмпиңдер мен ағаш үйлер бар. Кешке от басында кешкі ас ішіп, жұлдыздарға қарап ұйықтасаңыз болады. Біз білетін қонатын жерлер мыналар:  Yurtada, Pana Unique Charyn.

Қайыңды

📍 2-күн: Шарын → Саты → Қайынды (~120 км)

Таңғы ас ішкеннен кейін Саты ауылына қарай жол тартыңыз. Саты — тау бөктерінде жатқан елді мекен. Жол Күнгей Алатау шатқалдың арасымен өтеді. Орта жолда серпантин жолдар, жартас, тіпті жылқы табыны кезігеді.

Сатыда көлігіңізден түсіп, трансферге мініңіз. Қайыңдыға баратын жолға асфальт төселмеген. Көлге 20–30 минутта жетесіз. 

Қайыңды көлі аты айтып тұрғандай қайыңдар өсіп тұрған көл, құдды суға батқан орман іспеттес. Ол 1911 жылы жер сілкінгеннен кейін пайда болған. Суы суық, бірақ кей адам суға түсіп жатқанын көрсеңіз таңғалмаңыз. Біреулер тіпті арнайы жабдық киіп алып, су астындағы орманды аралайды. Түсемін десеңіз, нұсқаушыңыз болғаны жақсы: көлдің кей жері өте терең.

Көлсай

📍 3-күн: Бірінші Көлсай көлі

Мұнда ешқайда асықпайсыз! Тек жаяу жүріп, мініп-түсіп, жан-жағыңызды тамашалайсыз. Бірінші Көлсай көлі Сатыдан бірнеше шақырым қашық жатыр. Автотұрағына көлікпен жетіп, ары қарай жаяу жүре беріңіз. 

Жағасына жетіп, көк-жасыл суына қолыңызды батырыңыз, айналасындағы қалың орманды қызықтаңыз. Онда да туристерге арналған база мен шатыр тігетін жерлер бар, сондықтарға қонарда проблема болмайтын шығар.

Шонжыдағы ыстық қайнар

📍 4-күн: Саты → Шонжы/ ыстық қайнарлар (~200 км)

Көлсайдан аңғарға қайтып барыңыз. Орта жолда Шарын өзенін көресіз. Алдыңызда табиғат көзді ашып жұмғанша өзгереді: шырша басқан тау жазық дала мен сары-қоңыр төбелерге ауысады. 

Шонжы — Қытай шекарасының маңындағы кішігірім қала. Дәл сол жерде ыстық қайнарлар орналасқан. Судың температурасы 40 градустың шамасы. Екі күн тау-тас аралаған аяқ пен белге демалыс керек. Екі сағат шомылып, серігіп алыңыз.

Алматы

📍 5-күн: Алматыға қайту (~300 км)

Үйге Қазақстан-Қытай шекарасының бойымен қайтасыз. Онда биік тау болмаса да, еліміздің кең байтақ жазық жерін көресіз. 

Орта жолда Жаркентке соға кетіңіз. Онда XIX ғасырда салынған ұйғыр мешіті тұр. Оның несі қызық десеңіз, бұл ғибадатхана шегесіз салынған, ал төбесі пагода іспеттес. Ашық болса, ішіне кіріңіз. 

Жаркент пен Алматының арасында 200 шақырым жол жатыр. Сол жолда сапарда көргеніңізді есіңізге алып, жаңа бір авто саяхат ойластырып барасыз.

🏞️ 2-бағыт: «Астана мен көлдер» — 3–4 күн

Старт: Астана 

Ең қолайлы айлар: маусым – тамыз

Қандай көлік жарайды: кез келгені

Жолдың ұзақтығы: ~750–800 км

Бурабай

📍 1-күн: Астана → Бурабай (~250 км)

Астанадан таң атпай шығыңыз: Бурайбайдың жолы тегін, асфальты жақсы, үш сағатта жетесіз. Оған жақындай бергенде пейзаж күрт өзгере бастайды: жазық дала әуелі шоқыға, кейін қарағай мен көлге ауысады.

Бурабайға жеткенде қылқан мен қоңыр салқынның иісін бірден сезесіз. Жазда содан басқа не керек адам баласына? Бурабайда да көл жағасына салынған жолмен жан-жағымызды қызықтаймыз, алыстан Жұмбақтасқа қараймыз, керек десеңіз, қайық мініп, көлді аралаймыз, суретке түсеміз, күн батқанын тамашалаймыз. Кешке шипайжай не туризм базасынан кешкі ас ішеміз. Ертесі ары қарай жол тартамыз.

Зеренда

📍 2-күн: Бурабай → Зеренді (~120 км)

Көлікпен біраз жүрсеңіз, Зерендіден бір шығасыз. Онда Бурабайдағыдай турист көп болмайды. Көл жағасында балық аулайтын жерлері мен демалыс орындары бар қарапайым аудан қаласы. Бұл жер тыныш болғаны соншалық уақыт тұрып қалды ма дерсің.

Балық аулауды білсеңіз, керек-жарағын ала барыңыз. Ауламаймын десеңіз, көлді жағалай қыдырыңыз, кітап оқыңыз, демалыңыз. Зерендінің сізден ештеңе талап етпейтіні жақсы.

Имантай көлі

📍 3-күн: Зеренді → Имантай → Астана (~300 км)

Үйге қайтар жолда Имантай көлін көре кетіңіз. Шілде-тамызда бұл көлдің суы микро балдырдың арқасында қызғылт түске ауысады. Көрініс енді өте әдемі болады: қызғылт көл, айнала – жазық дала, көк аспан. Қалайда суретке түсіріп алыңыз: мұндай табиғат Қазақстанда жоқ дегенге көрсетесіз.

Имантайдан кейін Астанаға жол тартасыз. Қалаға кешке қарай жетесіз. Бірақ қалай жетесіз? Демалып, келешекте еске алар әсерлермен бірге қайтасыз.

🌄 3-бағыт: «Маңғыстау роудтрипі» — 5–6 күн

Старт: Ақтау

Ең қолайлы айлар: сәуір – мамыр, қыркүйек – қазан (жазда күн жанып тұрады) 

Қандай көлік жарайды: жолталғамассыз болмайды

Жолдың ұзақтығы: ~1100–1300 км

Тамшалы

📍 1-күн: Ақтау → Тамшалы → Қапамсай

Ақтаудан таңертең ертерек шығыңыз: жол ұзақ, талай сағат жолсызбен жүру керек. Қаладан шыға бергенде асфальт жол аяқталып, Үстірт — шексіз, тас-тас жазық дала басталады. 

Бірінші аялдама — Тамшалы. Бұл жартастарда қола дәуірінде салынған суреттер (киік, жылқы, аң аулау сәті) әлі күнге дейін сақтаулы. Тамшалы Ақтаудан 150 км алыс жатыр. Жолы жоқ болғандықтан 2,5–3 сағат жүресіз.

Қапамсай

Қамапсай шатқалына кешке қарай жетесіз. Вертикал тұрған сары-қызғылт жартастың биіктігі — 100 метр. Шетіне шатыр тігіп, от жағыңыз. Маңғыстаудың жұлдызды түні — бөлек әлем: бұлт жоқ, ешқандай жасанды жарық кедергі болмайды, тек сіз бен бүкіл аспанға жайылған Құс жолы ғана. 

📍 2-күн: Қамапсай → Бозжыра (~250 км)

Бозжыра

Қара жолмен жүрген қиын болса да, әр шақырымында жатқан әдемілік үшін не істемейсіз? Ұзақ жолдан шаршағандарға Бозжыра олжа болары ап-анық. Сіз жазық далада келе жатырсыз, кең байтақ жер кенет таусылып қалып, алдыңызға аппақ өткір ұшты жартастар шығады. Міне сізге Бозжыра! 

Шерқала

Бозжыраға барғандардың бәрі осы жерді суретке түсіреді, бірақ бәрібір фотолар оның ауқымын жеткізе алмайды. Таңертең ерте тұрып, оның алтын түстес нұсқасын көріп қалыңыз. 

Торыш

📍 3-күн: Бозжыра → Шерқала → Торыш

Бозжыра Маңғыстаудың бас визит картасы болса да, сапарымыз осы жерде тоқтап қалмайды. Ары қарай жүрсек, Шерқалаға тап боласыз. Шерқала — ағаш үйге ұқсаған, симметриясы мінсіз тау. Жер ана қалай жаратқаны белгісіз, бірақ жемісі көздің жауын алады. Тауды айналып қараңыз, төрт жағы төрт түрлі. 

Ендігі аялдама — Торыш деген шарлар мекені. Жазық далада доп-домалақ тас шарлар шашылып жатады. Ол тастар не тастар десеңіз, миллиондаған жыл бұрын жаралған минерал тастар.

Каратау

📍 4–5-күн: Самал / Қаратау → Ақтау

Демалыстың соңғы күндері асықпай өтсін. Торыштан Шетпе ауылына қарай тартыңыз. 35 шақырым қара жолмен жүргеннен кейін асфальт жолға шығасыз. Самал шатқалы Шетпеден 18 километр қашық жатқандықтан Торыштан оған дейін 50–60 шақырым жүресіз. Қара жолды есептегенде бір, бір жарым сағат жүресіз. 

Самал шатқалы

Қаратау тауы — айналасын қоршаған аппақ борлы даламен айқын контраст түзетін қара базальт жартастары. Оған қарап тұрып, мұның бәрі бір ғана табиғи ландшафт екеніне сену қиын.

Актау

Ақтауға қайтатын жол Каспий теңізіне жақын жатыр. Сондықтан тоқтап, суға бір түсіп алыңыз, үстіңіздегі шаңнан құтылыңыз.

🌊 4-бағыт: «Табиғат пен тарихтың ізімен: Түркістан, Отырар, Сайрамсу» — 3–4 күн

Старт: Шымкент

Ең қолайлы айлар: сәуір – мамыр, қыркүйек – қазан басы

Қандай көлік жарайды: кез келгені

Жолдың ұзақтығы: ~1100–1300 км

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

📍 1-күн: Шымкент → Түркістан (~170 км)

Шымкенттен баратын жол теп-тегіс, ары кетсе екі сағатта жетесіз. Түркістанға кірген бойда оның Қазақстанның басқа қалаларына ұқсамайтынын көресіз. Сәулеті бөлек. 

Жолыңызды, әрине, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бастайсыз. Бұл жер — ЮНЕСКО объектісі, ХIV ғасырда салынған, Әмір Темір дәуірінен қалған сәулет өнері: көк күмбез, ою-өрнек, керемет пропорциялар. Іші қараңғы, салқын әрі тып-тыныш. 

Кесенеден шыққаннан кейін Ескі қала мен базарға барыңыз. Кешке қарай Түркістанның кейпі өзгереді: жарық жағылып, турист аяғы азады, басқа атмосфера орнайды. Қалайда бір түн қонып шығыңыз.

Арыстан баб
Арыстан баб

📍 2-күн: Түркістан → Арыстан баб → Отырар (~100 км)

Отырарға кетіп бара жатқанда Арыстан баб кесенесін көре кетіңіз. Арыстан баб — Яссауиға рухани ұстаз болған адам, ал оның жатқан жері — қажылық мекені. 

Отырар

Ендігі аялдама — Орталық Азиядағы орта ғасырларда ең ірі қалалардың бірі болған Отырар, дәлірек айтқанда одан қалғаны. Дәл сол жерде 1219 жылы Шыңғысханның елшісі кісі қолынан өліп, Отырардың қирауына жол ашады. Жіберген елшісі қаза тапқан естіген моңғол ханы Отырарды жермен-жексен қыламын деп бел буады. Қазір қаланың орнында соның қирандылары мен аспан астындағы музей бар. 

Сайрамсу

📍 3–4-күн: Шымкент → Сайрамсу / Ақсукент (~150 км)

Отырардан шығып, Шымкентке аттаныңыз. Кейін тауға қарай жол тартыңыз. Сайрамсу өзені Қазығұрт тауының бөктерінде жатыр. Өрік бағында дастархан жайып, демалып алыңыз. Суға түсіңіз, асықпаңыз. Әл қалса, орта ғасырдан қалған Ақсукент қалашығына соға кетіңіз. Мұнда екі күн көзді ашып-жұмғанша өтіп кетеді.  

🌲5-бағыт: «Баянауылда өткен уикенд» — 3 күн

Старт: Астана / Павлодар / Қарағанды

Ең қолайлы айлар: маусым – тамыз

Қандай көлік жарайды: жеңіл я жолталғамас көлік

Жолдың ұзақтығы: ~850 км (Астанадан), ~600 км (Павлодардан), ~700 км (из Қарағандыдан)

Баянауыл

📍 1-күн: Баянауылға бару (Астанадан ~400 км алыс)

Астана мен Баянауылдың арасында тек жазық дала жатыр, барғанда да, қайтқанда да тек бір жазықты көріп барасыз. Бірақ Баянауылдың өзі аласа тау-төбеге толы.

Бірінші күніңіз акклиматизацияға кетсін. Көлдің жағасына барып, қарамайлы иісін иіскеп көріңіз. Қалай тамақтанамыз деп алаңдамаңыз: Жасыбай көлінің жанында түрлі дүкендер мен дәмханалар бар.

Сабындыкөл

Сабындыкөл

📍 2-күн: Сабындыкөл

Сабындыкөлді жұрт Сабынды дегендегі себебі — оның суы теріге жібектей жағады. Түсі көк-жасыл, жағасы гранит тас, ал айналасы орман. Адам аз кезде барамын десеңіз, таңертең барыңыз. 

Кешке от жағып, балық аулауға барыңыз не жұлдызды аспанға қарап жатыңыз. Шатырға қонғаныңыз абзал. 

Екібастұз

📍 3-күн: Екібастұзға не тұзды көлдерге барып қону

Қайтар жол да қызыққа толы. Көлігіңізді Екібастұзға бұрсаңыз, әлемдегі ең ірі көмір ойықтарының бірін көресіз. Арнайы іздеп барудың керегі жоқ, жолда дәу экскаватор шұбырып жүргенін көрсеңіз, алдыңызда кратер кезігеді деген сөз.

Жоқ, бұған қызықпаймын десеңіз, жақын маңдағы тұзды көлдерге барсаңыз болады. Жазда олардың түсі қызғылт түске айналады. Далада басталған сапар осындай сұлу жерде мәресіне жетсін. 

Жол көлігін дайындау

Қазақстанды автомен аралар алдында көлігіңізді бір тексертіп алыңыз. Дөңгелегі толықтай үрулі болсын, майы мен салқындатқыш сұйықтықтарының деңгейін, аккумулятор қуатын, тежегіші мен белдігін тексеріңіз.

Өзіңізбен бірге қосалқы дөңгелек, домкрат пен дөңгелек кілтін, сүйреткіш арқанды, өрт сөндіргішті және алғашқы көмек қобдишасын алып жүріңіз. Жолсыз жерлерде сәнд-тректер (көлікті құмнан шығарып алуға арналған арнайы тақталар) мен хай-джек (биік көтергіш домкрат) пайдалы болады.

Жолға не алған жөн?

  • Ішетін су, әр адамға кемі 5 литр су алыңыз;
  • Жүрек жалғар тамақтар;
  • Дәрі-дәрмек;
  • Пауербанк, қуаттағыш сымдар;
  • Күннен қорғайтын крем (SPF 50+), бас киім;
  • Түрлі мобайл операторларының сим картасы (Kcell мен Beelinе әртүрлі жерде істейді); 
  • Шатыр мен қаптөсек, әсіресе, Маңғыстау мен таулы аймаққа барғанда керек;
  • Құжаттардың бәрін алыңыз: жеке куәлік не паспорт, жүргізуші куәлігі, техника паспорты, сақтандыру;
  • Офлайн карталар: 2GIS пен Maps.me.

Көпті көрген авто туристердің ақыл-кеңесі

Авто сапарды ертерек жоспарлап қою керек. Қазақстан — үлкен ел, жолы ұзақ, жанармай бекетінін көрсеңіз, толтырып алыңыз, қаладан алыс жерлерде ондай бекет аз болады. 

Ауа райын қарап отырыңыз. Тауда күн тез бұзылады. Қатты жауған нөсер қара жолмен жүргізбей тастайды. Жолға 2–3 күн қалғанда Windy мен Forecast.io сияқты қолданбалардан ауа райын тексеріп алыңыз.

Мобайл байланысқа керектің бәрін алыңыз. Шалғайда жатқан ауыл-аудандарда байланыс мүлде істемейді. Сондықтан офлайн карта жүктеп алыңыз, сим карталарыңыз түрлі оператордан болсын. Керек десеңіз, серік мессенджер жазып алыңыз.

Тамағыңыз бен суыңыз көп болсын. Шатқал мен таулы жерлерде дүкен болмайды. Қорықтарға, әсіресе, Бозжыраға барар алдында тамақ пен суды толтырып алып алыңыз.

Қазақстан жолдары туралы бірер сөз

 Елімізде жолдың түр-түрі кезігетіндіктен авто сапарды алдын ала жоспарлау керек. 

Жақсы жолдар: Астана — Алматы (А2), Алматы — Шымкент, ірі қалалардың айналасындағы жолдар. Тегіс төселген асфальт, белгісі көп, жанармай бекеті жиі кезігеді. 

Орташа жолдар: аудандық жолдардың көбінде ой-шұңқыр кезігеді, тегіс емес, жанармай бекеті аз. Абайлап, асықпай жүру керек. 

Қара жол: Бозжыра, Көлсайға жақын жолдар мен Маңғыстаудың бірнеше жолы, клиренсі кемі 20 см көлікпен бару керек.

Трассаларда камералар істеп тұрады, сондықтан жылдамдық асырмаңыз. Жексенбі күндері ауылдардың көбінде жанармай бекеті жабық болады. 

Алыс жолға шығарда бак бос болмасын, себебі келесі бекет 200 шақырымнан кейін шығуы мүмкін.

2

0

Автордың суреті
Мадина Даутова

редактор, саяхат туралы ақпаратын мәдениет пен ғылымға, тәжірибесіне сүйеніп жазғанды ұнатады

Сізге қызық болып қалар: