2026 жылы қайда барған жөн: нағыз саяхатшыларға арналған ерекше 20 жер
Жаңа әрі ерекше қызық іздегендер баратын жерлер
2026 жылы қайда барған жөн? 20 ерекше жер туралы әңгіме айтып берейік.
2026 жылы қайда баратыныңыз белгілі ме?
Оман



Таяу Шығыс табиғатының шынайы келбетін көргіңіз келсе, Оманды таңдаңыз. Мұнда алып шатқалдар, көгілдір сулы уәдилер, шексіз созылған Уахиба құмдары мен Араб теңізінің әдемі жағажайлары бар. Онымен қоса Оман — ең қауіпсіз елдердің бірі.
Оман — туризм трендіне енді ғана қарқынды қосылып келе жатқан бағыт. Экономикасы тұрақты, инфрақұрылымы жақсы дамығанына қарамастан бұл ел ұзақ уақыт бойы Дубай мен Әбу-Даби сияқты танымал қалалардың тасасында қалып келді. Бірақ қазір оған қызығатындар артып келеді. Сондықтан бұл ел Таяу Шығыстың ең хит еліне айналып, қымбаттап кетпей тұрғанда барып көріп қалыңыз.
Неге барған жөн?
Оман — табиғаттың сан алуан келбетін бір сапарда көруге болатын ерекше ел. Таңертең Әл-Хажар тауына шығып, күндіз Уәди Шаб табиғи бассейнінің мөлдір суына шомылып, кешке жұлдызды аспан астында шөлдегі лагерьде түнеуге болады. Оманның тау-шатқалын, мұхитын, шөл-шөлейті мен тарихи қалаларын бір аптада ұшпай-ақ та аралап шығуға болады.
Масқат пен Сур маңындағы жағажайлар тыныш әрі жатып демаларға өте қолайлы. Ал мамыр мен қыркүйек аралығында теңіз тасбақаларын көруге болады. Оманның бір жақсысы — онда турист шұбырып жүрмейді, сондықтан көрікті жерлерді кезекке тұрмай аралай аласыз.
Қай мезгілде бару керек?
Оман еліне сапар шегетін ең жақсы мезгіл — қазан–сәуір айлары. Бұл уақытта ауа температурасы +22…+30 °C шамасында болады. Жазда елдің көп бөлігінде күн қатты ысиды (+45 °C дейін). Бірақ оңтүстіктегі Дофар өңірінде, әсіресе Салала маңында шілде мен қыркүйек аралығында «хәріп» (хариф) маусымы өтеді, яғни муссон жаңбыры жан-жақты көк желекке бөлеп, ауа температурасын түсіреді.
Түркияның Қара теңіз жағы




Қара теңіз (Карадениз) аймағы — жарнама буклеттерден жиі көре бермейтін, Түркияны басқа қырынан танытатын өңір. Бұл жердің табиғаты оңтүстік-шығыс Түркияның табиғатына қайшы келері анық: тұман басқан таулар, шексіз созылған шай алқаптары, сарқырамалар мен тау бөктеріне қоныстанған шағын ауылдар. Бұл өңір Қара теңіз жағалауы бойымен Самсун қаласынан Грузия шекарасына дейін созылып жатыр. Қара теңіздің басты ерекшелігі — ылғал субтропик климат пен таулы ландшафттың бірегей үйлесімі.
Неге барған жөн?
Қара теңіз аймағына табиғатын тамашалап, таза ауасын жұту үшін барыңыз. Айдер жайлауы, Фыртына аңғары, Ұзынгөл көлі мен жартасқа қашалып салынған әйгілі Сүмела монастыры бұл өңірге ерекше көрік береді. Мұндағы көріністер кәдімгі түрік курорттарынан гөрі Альпі немесе Грузия табиғатына ұқсайды.


Қара теңіз аймағында туристер көбіне тауға шығады, Ризе шай алқаптарына барады, жүгері нан, хамса мен михлама ірімшігі деген жергілікті тамақтарды жеп көреді. Жазда онда қатты ыстық болмайды.
Қай мезгілде бару керек?
Ең жақсы мезгіл — маусым-қыркүйек айлары. Бұл мезгілде ауа температурасы +20…+28 °C болады, тау жолдары ашылады, ал айнала көк желекке толады. Көктемде де әдемі болады, бірақ жаңбыр көп жауады.
Кімге ұнайды: Қара теңіз аптап ыстықты жақтырмайтын, Түркияның шөбі шүйгін әрі аса танымал емес аймағын көргісі келетіндерге я көлікпен аралаймын дегендерге арналған.
Реюнион аралы (Африка, Үнді мұхиты)



Реюнион аралы — Африканың шығыс жағалауына жақын жатқан француз аралы. Құрлықтан шамамен 700 шақырым алыс жатқанмен инфрақұрылымы мен қызмет көрсету деңгейі жағынан Еуропадан кем түспейді.
Бұл жер — Үнді мұхиты аймағындағы бағаланбай жүрген бағыттардың бірі. Мұнда белсенді Питон-де-ла-Фурнез жанартауы, Силаос, Салази және Мафат шұңқырлары сияқты алып табиғи амфитеатрлар, тік жартастар, қатып қалған лава алқаптар мен қалың тропик орман бар.
Неге барған жөн?
Реюнион аралы — қыдырып жүріп демалғанды жақсы көретіндерге арналған мекен. Мұнда жанартауға қарап треккиң жасап, Питон-де-Неж шыңына шығып (3070 м), күн шыққанын тамашалауға, сарқырамаларды аралап, шатқалға өрмелеуге не мұхит үстімен ұшып өтуге болады.



Сонымен қатар жағажай демалысын да ұмытпаған жөн: әсіресе Сен-Жил-ле-Бен аймағындағы жағажайлар өте танымал. Мұндағы лагуналарды маржан рифтері қорғағандықтан, суы тынық әрі демалғанға қолайлы.
Қай мезгілде бару керек?
Мамыр мен қараша аралығы — ауасы құрғақ, қоңыр салқын маусым (теңіз жағасында температура +20…+27 °C шамасында болады). Желтоқсан–наурыз — ылғал әрі ыстық болатын кезең.
Кімге ұнайды: жүріп демалғысы келетіндер, треккиң сүйерлер мен Еуропа вайбы бар экзотика көргісі келетіндерге арналған.
Кадис, Испания



Кадис — Еуропадағы ең көне қалалардың бірі. Оның негізін үш мың жылдан астам уақыт бұрын финикиялықтар қалаған. Қала түбекте орналасқандықтан оны үш жақтан су қоршап тұр. Осы ерекшелігі үшін Кадисті жұрт Испанияның «кішкентай Хаванасы» дейді.
Неге барған жөн?
Таңертең көне кварталдарды аралап, әйгілі Кадис кафедралы соборы мен Тавира мұнарасы сияқты тарихи жерлерді көріп, небәрі 10–15 минуттан кейін Ла-Калета жағажайы немесе Виктория жағажайынан бір шығуға болады.
Кадис Фламенко өнері туған жерлердің бірі саналады, сондықтан әлемге карнавалы арқылы да танылған.
Кадиске барамын десеңіз, Херес-де-ла-Фронтераның шарап бодегаларын, Андалусияның ақ ауылдарын, Дониана ұлттық паркін немесе желі мен сөрфиңі әйгілі Коста-де-ла-Лус жағалауын аралап шығуға болады.
Бір ескеретін жайт — Атлант мұхитының суы Жерорта теңізіне қарағанда салқынырақ, ал желі күштірек. Дегенмен онда күн батқанын тамашалаған естен кетпес тәжірибе болары анық.
Қай мезгілде бару керек?
Кадиске баратын ең қолайлы мезгіл — сәуір-маусым мен қыркүйек-қазан айлары. Бұл уақытта ауа температурасы +20…+28 °C шамасында болып, турист аяғы азаяды, ал теңіз суы шомылатындай жылы болады.
Шілде мен тамыз айлары жағажайда жатып демаламын дегендерге қолайлы болады, бірақ бұл мезгілде жел күштірек соғуы мүмкін. Ал ақпан айы Кадистің әйгілі карнавалы өтетін уақыт болғандықтан, ерекше атмосферасын көргісі келетіндерге қызық кезең саналады.
Жафна, Шри-Ланка




Жафна — Шри-Ланканың басқа қырын көрсететін ерекше өңір. Ол елдің табиғаты, сөрфиңі мен жағажайлы қонақүйлерінің арқасында танылған оңтүстігіне мүлде ұқсамайды. Аралдың солтүстігі жылдар бойы азаматтық соғыстың кесірінен жабық болғандықтан жаппай туризм бұл жаққа тек кейінгі жылдары ғана келе бастады.
Неге барған жөн?
Жафна — шағын әрі ерекше атмосфералы қала. Мұнда XVII ғасырда салынған Жафна форты, аймақтың қайта жанданғанының символына айналған әйгілі кітапхана мен елдегі ең маңызды индуизм ғибадатханаларының бірі — Наллур Кандасвами орналасқан.
Қаланың маңындағы көрікті жер толып тұр. Экскурсияға ілесіп барсаңыз болады: Найнатива аралында ежелгі будда ғибадатханасы мен индуизмнің килері орындары бар, ал Делфт аралына барып, асау понилері мен отаршылдық дәуірден қалған қирандыларын көре аласыз.
Бұл өңірдің жағажайлары елдің оңтүстігіндегідей жайлы емес әрі туристерге арналмаған. Себебі табиғаты қаталырақ, адам аз. Бірақ тамақтары ерекше: теңіз өнімдері көп, дәмдеуіштері қою, тәміл тағамдарының ықпалы айқын сезіледі. Дегенмен инфрақұрылымы танымал туристік аймақтарға қарағанда қарапайымырақ.
Жафнада тәміл күнтізбесі бойынша Жаңа жыл (13–14 сәуір) ерекше сән-салтанатты өтеді: ғибадатханаларда адам аяғы толып, көшелер мерекеге сай безендіріледі.
Қай мезгілде бару керек?
Жафнаға баратын ең жақсы кезең — мамырдан қыркүйекке дейін аралық. Бұл уақытта ауа құрғақ әрі жайлы болып, температура +28…+34 °C шамасында тұрады. Ал қазаннан қаңтарға дейін солтүстік-шығыс муссоны әсерінен нөсер жаңбыр жиі жаууы мүмкін.
Кімге ұнайды: Бұл бағыт Азияның туристер көп бара бермейтін, мәдениеті мен тарихы үйлескен өңірін көргісі келетін, өз бетімен саяхаттағанды ұнататындарға арналған.
Типперери, Ирландия



Типперери — Ирландияның қақ ортасында тұрған графтық, қырат, көне қамалдар, тынық көлдер мен жоспарламай-ақ барғың келетін жайлы ауыл жолдары тоғысқан өлке.
Неге барған жөн?
Өңірдің ең көрікті жері — Кәшел қамалы. Әктас төбенің үстінде орналасқан бұл ортағасырлық сәулет кешені кезінде Мюнстер патшаларының ордасы болған. Оның маңында Холи Кросс аббаттығы, Кахир қамалы мен Суир аңғарының көз тартар көк алқабы жатыр.
Типперери — Ирландияның шынайы келбетін сақтап қалған мекен: таңғы тұман басқан кең алқаптар, көне қирандылар, ирек тар жолдар мен шағын жайлы пабтар мекені. Оның көркі күз бен көктемде арта түседі.
Қай мезгілде бару керек?
Мамыр-қыркүйек айлары ең қолайлы мезгіл болады. Бұл уақытта ауа температурасы +15…+22 °C шамасында болады, күн ұзарып, табиғаты жайқалып тұрады.
Кімге ұнайды? Тарихқа қызығатындарға, автосаяхат әуесқойлары мен Еуропаның турисі аз, табиғаты тыныш жерін қадірлейтіндерге таптырмас бағыт.
Сиемреап, Камбоджа



Сиемрап — әйгілі Angkor Archaeological Park ғибадатханалар кешеніне апарар қақпа іспеттес қала. Уақыт өте келе ол транзит нүктесі ғана емес, өзіндік ерекше атмосферасы бар бір бағытқа айналды: гастрономиясы дамыған, қолөнер шеберханасы мен бутик қонақүйі толып тұрған, елдің астанасы қарағанда әлдеқайда тыныш әрі жайлы орта.
Неге барған жөн?
Камбоджаға баратындардың көбі әлемдегі ең ірі діни кешендердің бірі Аңқор (Ангкор) Уатты көруге барады. Мұнда бірнеше күн бойы Аңкорды тамашалап, тасқа қашалған жүздері әйгілі Bayon Temple храмын аралап, алып ағаш тамырлары қабырғаларымен астасып кеткен Ta Prohm ғибадатханасын көруге болады. Кешеннің ішінде жалға алынған велосипед не тук-тукпен жүріңіз.
Ғибадатханалардан шаршасаңыз, Tonlé Sap Lake көліндегі қалқыма ауылдарға барып, жергілікті қолөнершілерді қолдайтын заманауи галереялар мен шеберханаларды аралауға болады.
Қай мезгілде бару керек?
Қараша–ақпан айлары — ауасы құрғақ, күн салқынырақ болатын кез (+25…+30 °C). Наурыз–мамыр — ең ыстық кезең, ал маусым–қазанда жаңбыр көп жауады.
Кімге ұнайды? Аралағанды жақсы көретін, дүниежүзіндегі ең керемет жерлердің бірін өз көзімен көргісі келетіндер мен Indiana Jones вайбын сезгісі келетіндерге арналған.
Хиуа, Өзбекстан




Хиуа — ашық аспан астындағы музей қала десек артық айтпаспыз. Оның Ичан қала деген тарихи орталығы бүгінге дейін өз келбетін сақтап қалған ерекше жер. Хиуаның Самарқан мен Бұхара қалаларынан айырмашылығы — Хиуа шағын әрі жинақы салынған қала: оның көрікті жерлерін жаяу араласаңыз болады, бәрі қамал ішінде шоғырланған.
Неге барған жөн?
Хиуаға жұрт адамзат пен Өзбекстанның өткенін көру үшін барады. Тар көшелер, саз балшықтан соғылған қабырғалар, көгілдір керамика көмкерілген мұнаралар мен медреселер қаланың көркін ашады. Мұнда тарихи үйлесімділіктің сиқын кетіретін заманауи ғимараттар жоқ.
Қаланың бас символы — әдемілігі адам айтса сенгісіз Қалта Минор мұнарасы. Одан басқасы — Хорезм тарихынан сыр шертер Таш Хаулы сарайы, Ислам қожа мұнарасы.
Қай мезгілде бару керек
Сәуір–мамыр және қыркүйек–қазан айларында барғаныңыз дұрыс болар. Бұл уақытта ауа температурасы +20…+30 °C шамасында болып, серуендерге де, суретке түсерге де жақсы. Жазда ауа температурасы +40 °C-тан асып кетуі мүмкін.
Кімге ұнайды? Тарих пен сәулет өнерін сүйетіндер, ерекше атмосферасы бар көне қалаларды ұнататындар мен ұзақ ұшқанды жақтырмайтындарға арналған.
Осака, Жапония




Осака — Токиоға да, Киотоға да ұқсамайтын өзіндік мінезі бар жапон қаласы. Оған Токиодан не Сеулден тікелей ұшып бара аласыз.
Неге барған жөн?
Осакаға ең әуелі ерекше атмосферасы мен дәмді тағамдары үшін барады. Қаланың жүрегі саналатын Дотонбори ауданы — жарқыраған неон шамдары, көше тағамдары мен қайнаған өмірдің ортасы. Мұнда әйгілі такояки, окономияки мен раменнің жеп көріп, изаякаға барып ішімдік ішуге болады.
Осака қамалы самурай дәуірінің тарихынан сыр шертсе, Умеда секілді зәулім ғимараттардың шолу алаңдары қазіргі заманғы Жапонияның көркін құс ұшар биіктен көрсетеді.
Осакадан Кансай провинциясының басқа қалаларына бара аласыз. Пойызға мінсеңіз, бар болғаны 30–60 минутта Киото, Нара немесе Кобеден бір шығасыз.
Қай мезгілде бару керек?
Наурыз–сәуір айлары — сакура шешек ататын ең әдемі әрі жылы мезгіл, ал қазан–қараша айлары — табиғат қызыл-сары түске боялып құлпыратын кез. Бұл уақытта ауа райы +15…+25 °C шамасында болады. Осаканың жазы ыстық әрі ылғал болады, ал қыста қалың қар біразға дейін кетпейді.
Кімге ұнайды? Гастрономиялық саяхатты ұнататындарға, заманауи Жапонияның тіршілігін көргісі келетіндерге, Кансай өңірін аралауға ыңғайлы жер іздеп жүргендерге арналған.
Буэнос-Айрес, Аргентина



Буэнос-Айрес — мәдениетке терең бойлағысы келетіндерге таптырмас қала. Онда Сан-Телмо ауданына барып танго билейсіз, түн ортасына дейін ашық тұратын кітап дүкеніне кіріп, уақыт өткізесіз, әдебиет туралы әңгімеге араласасыз. Иә, бұлар көп туриске ұнар қызық емес, десек те олар күнделікті өмірдің бір бөлшегі.
Неге барған жөн?
Қаланың ең әдемі аудандарының бірі — саябағы, сәнді кафесі мен сүйкімді көшесі көп Палермо мен Реколета. Сан-Телмо — антиквариат базары мен көше тангосының орталығы болса, Ла Бока — түрлі-түсті ғимараттары мен футболы әйгілі аудан.
Буэнос-Айресте дүниежүзіндегі үздік опера театрларының бірі саналатын Teatro Colón театры орналасқан.
Буэнос-Айрестің гастрономиялық мәдениеті де ерекше: әйгілі аргентиналық стейк, мәлбек шарабы мен паррилия мейрамханалары туристерге ғана арналған қызық қана емес, жергілікті тіршіліктің ажырамас бөлігі.
Буэнос-Айреске барсаңыз, Патагония аймағын, Игуасу сарқырамасы мен Мендозаның шарап аймақтарын да көре кетіңіз.
Қай мезгілде бару керек?
Буэнос-Айреске көктемде (наурыз–мамыр) не күзде (қыркүйек–қараша) барған абзал. Бұл уақытта аптап ыстық болмайтындықтан ( +18…+26 °C) қаланы қиналмай жаяу аралай аласыз. Оңтүстік Американың жазы (желтоқсан–ақпан) ыстық әрі ылғал, ал қысы (маусым–тамыз) салқынырақ болады.
Кімге ұнайды? Үлкен мәдени қалаларды, бай гастрономия мен Еуропа және Латын Америкасының рухтары үйлескен жерлерді көргісі келетіндерге арналған.
Мадейра, Португалия



Мәңгі көктем мекені деп аталып кеткен әлемнің ең әдемі жерлерінің бірі. Арал типикал жағажайлы курорттарға ұқсамайды. Себебі онда ұзын-сонар құмды жағажай жоқ, есесіне жартас, лава бассейн, тропик саябақ пен треккиң жолдың түр-түрі бар.
Неге барған жөн?
Мадейраға саяхатшылар табиғат пен қозғалыс үшін барады. Туристер Понта-де-Сан-Лоренсу мүйісіне барып, таң атқанын тамашалайды, Пику-ду-Ариейру мен Пику-Руйву шыңдарына шығады, ЮНЕСКО тізіміне кірген лавр орманынын жағалай салынған левадалардың бойымен жүреді.



Аралдың астанасы Фуншалға барып, португалдың мәдениеті мен гастрономиясын да көріңіз: маракуя мен эшпада балығын сататын базарға соғыңыз, мадера шарабын татып көріңіз, аспажолмен ботаника саябағына шығыңыз, ескі қаланың отаршылдық кезінен қалған көшелерін аралаңыз.
Қай мезгілде бару керек?
Сәуір-маусым және қыркүйек-қазан айларында температура +20…+25 °C шамасында болады. Жазы жылы, бірақ құрғақ болады, қыс түспейді, бірақ жаңбыр көп жауады, тауларында күн құбылмалы болады.
Кімге ұнайды? Португалияның тау-тасын аралаймын, әдемі табиғатын көремін, турист аяғы азырақ Еуропа қаласын көргім келеді дегендерге арналған.
Афина, Грекия



Ежелгі дәуір мен заманауи дәуір түйіскен қала Афина деген. Акрополь қала орталығының кез келген жерінен көрінеді, ежелгі Грекия заманынан қалған қирандылар шатырда тұрған барлардың интерьері болып отыр, ал көне агора шулы базарлар мен стрит арттан бірнеше минут алыс жатыр.
Неге барған жөн?
Афинаға турист дәуірлер түйісін көруге барады. Акрополь мен Парфенон — Еуропа өркениетіне арқау болған негіздер.
Жаңа айтқанымыздай, Афинада антик дәуіріне заманауи дәуір үйлесім болып отыр: Псири мен Кукаки дәмхана, галерея мен жергілікті дизайн орталығына, ал Ликавит пен Филопаппу күн батқанын тамашалайтын жерге айналды.
Афинада күнге күйіп жататын жағажай жоқ, десе де, Сарон аралдарына бір күнге барып келсеңіз болады.
Қай мезгілде бару керек?
Афинаға сәуір-маусым және қыркүйек-қазан айларында барған абзал: температура +20…+28 °C болады, турист жаздағыдай шұбырып жүрмейді. Шілде мен тамызда күн жанып тұрады, ал қыста қар жаумайды, күн жылы болып тұрады.
Кімге ұнайды? Ежелгі тарих пен заманауи заманды бір барғанда көргісі келетіндерге, қала ырғағы мен теңіз толқынын үйлестіргісі келетіндерге арналған.
Сардиния, Италия



Сардинияның суы Италияның құрлықтағы жағалауларына қарағанда әлдеқайда мөлдір. Мұндағы табиғат ерекше әдемі: гранитті жартастар, жайылымдар мен қола дәуірінде салынған ежелгі нураг мұнаралары аралға ерекше атмосфера беріп тұр.
Неге барған жөн?
Сардинияға жазда теңізге түсу үшін барған жөн. Коста-Смеральда өңірінің зүбаржат түстес суы, әсем шығанақтары мен люкс курорттары танымал. Кейде селебрити кезіктіріп қалуыңыз мүмкін. Аралдың оңтүстігінде Вилласимиус пен Калиари маңындағы жағажайлар әлдеқайда тыныш, ал батысында әсерлі жартастар мен турист аяғы азырақ жағалау аймақтары бар.
Аралда жағажайлардан бөлек түрлі көрікті жерлер бар: Ла-Маддалена архипелагы қайық-кеме мініп аралағанға өте ыңғайлы, ал Супрамонте тауын жаяу араласаңыз болады.
Қай мезгілде бару керек?
Мамыр–маусым және қыркүйек айларында теңіз суы да, күн де жылы (+20…+25 °C) болады, турист шілде–тамызға қарағанда азырақ болады.
Кімге ұнайды? Мөлдір теңіз, әдемі табиғат, люкс атмосфера мен Италияның материктен бөлек қырын көргісі келетіндерге арналған.
Рабат, Марокко



Рабатта Марокконың танымал қалаларындағыдай турист қаптап жүрмейді, сондықтан мединасы, қасбасы мен мұхитын асықпай тамашалауға болады.
Неге барған жөн?
Рабатқа жұрт Марокконың өткені мен бүгіні қалай үйлескенін көру үшін барады. Ақ-көк түсті үйлері бар, терезесінен мұхит көрініп тұратын Ұдая қасбасы Жерорта теңізінің жағалауындағы тұрған грек қалаларына ұқсайды. Ал Хасан мұнарасы мен V Мұхаммед кесенесі ежелгі Марокко патшалығынына куә болған жерлер. Мұндағы медина да елдің басқа қалаларына қарағанда ықшам әрі тынышырақ.
Рабат мәдени орталық ретінде де қызық: заманауи музейлер, арт кеңістіктері мен фестивальдар қаланы алғаш көргеннен де жандандырып көрсетеді. Мұнда тәртіп пен қауіпсіздік деңгейі жоғарырақ, тауар және қызмет бағасы тұрақтырақ, қала ықшам болғандықтан адасып кетуіңіз екіталай. Рабатты Касабланкаға, Шефшауэнге не Атлант мұхиты жағалауына барғанда жолай көріп кетсеңіз болады.
Қай мезгілде бару керек?
Наурыз–маусым, қыркүйек–қараша айлары — ауа температурасы +18…+28 °C шамасында болатын кез. Жазы ыстық болғанымен Атлант мұхитының арқасында онысы қатты сезілмейді.
Кімге ұнайды? Марокконы қарбалассыз, тыныш әрі рет-ретімен көргісі келетіндерге арналған.
Брюссель, Бельгия



Жұрттың көбі Брюссельді Еуропа одағының астанасы ретінде ғана біледі. Бұл қала әкімшілік қала болғанмен де талай жылдық тарихы мен өзіндік атмосферасы бар, көбі бағалай бермейтін қала екенін ұмытпаған жөн.
Неге барған жөн?
Брюссельге туристер Еуропаны тағы бір көргісі келетін, бірақ Париж, Амстердам, Берлин мен Венаға барып қойғандар барады. Гран-Плас Еуропадағы ең әдемі алаңдардың бірі саналады, әсіресе кешкі уақытта ғимараттар алтын түске боялып, келген адамды жібермейді.
Қала — ар-нуво стилінің отаны. Виктор Орта үйлері мен Сен-Жіл ауданын аралағаннан кейін ХХ ғасыр басындағы архитектураға мүлде басқаша қарай бастайсыз. Брюссельдің комикс мәдениеті де танымал: Тинтин бейнеленген мұралдар мен комикс музейі қаланың сәнін келтіреді.
Қалайда Бельгияға ғана тән тамақтардың дәмін татып көріңіз: әйгілі Бельгия вафлиі, картоп фриі, шоколад пен сыраның мыңнан астам түрі. Қаланың негізгі жерлерінің көбі бір-біріне жаяу баратындай жақын орналасқан. Сонымен қатар Брюссельден Брүгге, Гент немесе Антверпенге бір күнге барып қайтсаңыз болады.
Қай мезгілде бару керек?
Мамыр–қыркүйек айларында температура +15…+25 °C шамасында болады.
Кімге ұнайды? Еуропаның архитектурасы, гастрономиясы мен ықшам астаналарын жақсы көретіндерге арналған.
Перу



Перу — бір барғанда отаршылдық дәуірінен қалған Лиманы аралап, Анд тауларына шығып, Мачу-Пикчу, түрлі-түсті таулар мен тіпті Амазонияны көруге болатын ел.
Неге барған жөн?
Перуде ең көп турист баратын жер — Мачу-Пикчу. Бірақ бұл елдің қызығы мұнымен шектелмейді. Куско инктер мұрасы мен испан отаршылдық архитектурасын тереңірек түсіндіреді, ал Киелі аңғар — турист аяғы аз жерлердің бірі, Титикака көлі — аймара халқының биік таулы мәдениеті мен суда қалқып тұратын аралдарының арқасында танымал жер.
Лима қаласы Латын Америкасындағы ең мықты гастрономиялық бағыттардың бірі саналады. Бұл қалаға барсаңыз, қалайда севиче жеп көруіңіз керек. Севиче деген — цитрус шырынына малынып маринадталған шикі балықтан жасалатын әйгілі тағам.

Қай мезгілде бару керек?
Мамыр–қыркүйек — Анд тауында жауын-шашын жаумайтын, Мачу-Пикчуге жаяу шығарға қолайлы кезең. Бірақ тауда түн суық болады. Желтоқсан–наурыз — тауда көп жаңбыр жауатын айлар, есесіне Амазонияның табиғаты құлпыра түседі.
Кімге ұнайды? Тарих пен тауға толы, климаты әртүрлі жолмен жүргісі келетіндерге арналған.
Аруша, Танзания




Аруша — турист көп кезігетін қала емес, Африканың әдемі табиғатына апарар қақпа. Серенгети ұлттық паркіне баратын сафари, Нгоронгоға баратын сапар мен Килиманжароға көтерілетін жол осы жерден басталады.
Неге барған жөн?
Басты себебі — сафари. Арушадан Танзанияның солтүстігінедегі ұлттық парктерге оңай жетуге болады. Бір барғанда мына көрікті жерлердің бәрін көріп қайтыңыз: Ұлы миграция өтетін Серенгети, жан-жануары көп Нгоронгоро ойығы, қоқиқазы мен баобабасы танымал Маниара көлі.
Аруша — базары, кофе алқабы, Меру тауы көрінетін ықшам қала.
Қай мезгілде бару керек
Маусым–қазан — құрғақ кезең, сафариге шығарға керемет уақыт. Қаңтар–ақпан да жан-жақты аралайтын керемет маусым. Наурыз бен мамыр аралығында жаңбыр көп жаууы мүмкін.
Кімге ұнайды? Африканы бірінші рет көрейін деп тұрғандарға, жолы қолайлы сафариге барғысы келетіндерге арналған.
Уайрарапа, Жаңа Зеландия




Жердің оңтүстік жағына астротуризмге барғысы келгендерге қызық болар бағыттардың бірі. Жаңа Зеландия жарық ластануы ең төмен деңгейде сақталған сертификатталған аумақтар саны жағынан әлемде көш бастап тұр. Ал Уайрарапа — сол аймақтардың арасындағы жолы ең оңай жер.
Неге барған жөн?
Ол жаққа туристер әлем деңгейіндегі пино нуар өсетін Мартинборо шарапжайлары, Грейтаунның күтім көрген викториан үйлері мен тыныш ауыл ырғағын көру үшін барады.
Уайрарапа— Жаңа Зеландияның жолы ең оңай Dark Sky Reserve-і. Жұлдыздарға лодждан шықпай-ақ қарауға болады. Under the Stars астрономдары телескоптарын тұрып жатқан жеріне апарып, жұлдызды аспанды бақылайды екен.
Қай мезгілде бару керек?
Уайрапапқа қыста барған азбал. Желтоқсан мен наурыз арасында (Жаңа Зеландияда жаз саналады) күн жылы болады: температура +20…+27 °C шамасында болады. Елдің байырғы халқы маорилердің жаңа жылын көремін десеңіз, маусымның орта жағында барыңыз. Ал Carterton Space Week үшін қазанда баруыңыз керек.
Кімге ұнайды? Барғанда жерінде шарап ішкісі келетін, Жаңа Зеландияның турист аяғы аз, адам қолы жетпеген табиғатын көремін дегендерге арналған.
Бозжыра, Маңғыстау, Қазақстан


Бозжыраға барсаңыз, ол Исландия не Юта дермісіз. Маңғыстаудың аппақ таулары, қыр-қыраты, шатқалы мен шексіз даласын көрген де арманда, көрмеген де арманда.
Неге барған жөн?
Бозжыраға Жер ананың көз көрмеген ауқымын көру үшін, тыныш сыйлар жер болғаны үшін барады. Ең көрікті жері — екі үшкір аппақ шың. Күн батарда барсаңыз, әдемілігі арта түседі.
Маңғыстауда баратын жер көп: Қарақия ойпаты, Бекет ата мен Шақпақ ата мешіті, домалақ тасқа толы Торыш жазығы.
Бозжыраға баратын жол нашар, тек асты биік көлікпен бара аласыз. Өз бетіңізбен барсаңыз болады, бірақ дұрыстап дайындалу керек. Ең жақсысы — экскурсияға еру. Маңғыстауда ондай турлар ұйымдастыратын ұйым жетерлік.




Қай мезгілде бару керек?
Сәуір–мамыр, қыркүйек–қазан айларында барыңыз: күн біраз желді болса да, температура +15…+25 °C айналасында болады. Жазы тым ыстық, кей күні температура +40 °C асып кетуі әбден мүмкін, қысы да қатал.
Кімге ұнайды? Адам қолы тимеген табиғатқа қызығып жүргендер, экспедицияға шыққысы келетіндер мен инфрақұрылымы жоқ басқа планета тәріздес жер іздеп жүргендерге арналған.
Барбадос (Кариб аралдары)



Бұл жердің инфрақұрылымы басқа Кариб аралдарына қарағанда жақсы дамыған: жолы сапалы, түсінікті логистика, сервисі жақсы, туриске арнап салынған курорт емес, мәдениеті сақталған жер екені көрініп тұрады.
Неге барған жөн?
Барбадосқа теңізі мен жағажайы үшін бару керек, бірақ оның сізге ұсынары бұдан көп әрі қызығырақ: батыс жағының суы мөлдір, ал оңтүстік жағы жастарға арналған, ал шығысындағы Атлант мұхиты сөрферлерге ұнары анық. Аралдың астанасы — ЮНЕСКО тізіміне енген Брижтаун.
Арал шағын, көлікпен бірнеше күнде аралап шығуға болады. Жағажайын да, ботаника саябағын да, Харрисон үңгірі мен балық базарын да көріңіз.
Қай мезгілде бару керек?
Желтоқсан–сәуір айлары — жаңбыр көп жаумайтын, температура +25…+30 °C шамасында болатын кез. Ал мамыр мен қараша арасында күн жылырақ, ауа ылғалырақ, тропик дауыл тұруы мүмкін.
Кімге ұнайды? Кариб аралдарының арасынан инфрақұрылымы жақсысын іздегендерге, жағажайда жатып та, жүріп те демалғысы келетіндерге арналған.
Қайда баратыныңызды шештіңіз бе?

