2026 жылғы күзде қайда барып демалуға болады?
Жыл құстары сияқты суықтан қашайық
Күз — саяхатқа шығатын ең қолайлы мезгілдердің бірі. Ондаған елде барқыт маусым басталады. Теңіз суы жылы, жағажайларда турист қарасы аз, ал турлар жаздағыдан арзан.
Қазақстан туристеріне бірнеше мүмкіндік бар: Еуропаның курорттарында туризм маусымы енді аяқталып жатса, Тайланд пен Вьетнамда жаңбырлы маусым біртіндеп басылып жатады, ал Мысыр мен Біріккен Араб Әмірліктері ауа температурасы басылып, туристерді қарсы алуға дайындалып жатады.
Осы мақалада қазақ туристері күзде қайда барып демала алатынын, оған қанша ақша кетінін және сол елдердің визаға қатысты талаптарын айтып берейік.
Күзде теңізге түсуге баратын елдер
Түркия

Ыстанбұл
Қазақстан туристерінің арасында ең танымал ел — Түркия. Онда күзгі уақытта туристердің қарасы азайып, аптап ыстық басылады, бірақ теңіз суы әлі де жылы болады.
| Ауа температурасы | Су температурасы | |
| Қыркүйек | +28–32°C | +26–28°C |
| Қазан | +23–27°C | +23–25°C |
| Қараша | +16–20°C | +19–21°C |
Кіру ережесі: Түркия Қазақстан азаматтарынан виза сұрамайды. Онда біздің туристер 180 күннің ішінде 90 күн визасыз жүре алады. Паспорт Түркияға кіргенде әлі 150 күн жарамды болуы керек.
Қазақ туристерінің көбі Алания, Сиде, Белек пен Анталия курорттарын таңдайды.

Алания порты
Алания — XIII ғасырда салынған алып селжұқ бекінісі орналасқан курорт қала. Бекініс теңіз деңгейінен 250 метр биік тұрған жартастың үстінде тұр. Жұртқа қаланың ұсақ әрі ерекше ақ құмды Клеопатра жағажайы мен түнгі тіршілігі ұнайды.

Сиде амфитеатры
Сиде — түбекте тұрған сүп-сүйкімді шағын қала. Мұнда II ғасырда теңіз жағасында салынған Аполлон ғибадатханасының көне бағандары әлі күнге дейін тұр. Таңертең теңізге шомылып, күндіз ежелгі өркениеттің қирандыларын аралауға болады.

Қонақүй жағажайлары
Белек — теңіз жағасындағы қарағай орманы қоршап жатқан элиталық гольф курорты. Мұнда халықаралық деңгейдегі оннан астам гольф алаңы бар. Қонақүйлерінің басым бөлігі — инфрақұрылымы жақсы дамыған бес жұлдызды кешендер, олардың көбінде all inclusive жүйесі ұсынылады.

Анталия порты
Анталия — Түркиядағы Ыстанбұлдан кейінгі ең ірі туристік хаб. Осы жерден Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы курорттарына жеткен ыңғайлы. Қаланың тарихи Қалаіші ауданында Рим дәуірінен қалған Адриан қақпасы, Осман дәуірінің үйлері мен тас төселген тар көшелер сақталған. Сонымен қатар Анталияда мейрамханалар, мұражайлар мен сауда орындары бар толыққанды қала өмірі қайнап тұр.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан 7 түнге ұшып барып, all inclusive қонақүйде демалуға арналған тур қыркүйек–қазан айларында бір адамға кемі 400 мың теңгеге шығады. Қазанның аяғында және қарашада арзанырақ «күйіп кеткелі тұрған» турлар табуға болады.
Грекия

Самос аралы
Қыркүйек пен қазан айлары — Грекияда демаларға өте қолайлы кезең. Бұл уақытта күн жылы болғанымен, жаздағыдай аптап ыстық болмайды. Туристер саны да азайып, қонақүй мен таверна бағалары төмендей бастайды.
| Ауа температурасы | Су температурасы | |
| Қыркүйек | +27–30°C (Крит, Родос) | +25–27°C |
| Қазан | +22–25°C | +22–24°C |
| Қараша | +16–19°C | +20–22 °C |
Кіру ережесі: Грекия — Шенген аймағындағы ел. Ол елге барамын деген Қазақстан азаматтары Шенген визасын алуға тиіс. Грекияның Қазақстандағы елшілігі визаға қатысты өтініштерді Алматыдағы GLOBAL VISA CENTER виза орталығы арқылы қабылдайды.

Крит
Крит — Грекиядағы ең ірі арал әрі мұнда кез келген талғамға сай жағажай табуға болады. Көгілдір суы мен ақ құмы танылған Балос лагунасына қайықпен я тау соқпағымен ғана жетуге болады. Ал Элафониси жағажайы суы таяз болғандықтан балалы отбасыларға таптырмас жер. Ретимно қаласында XVI ғасырда салынған Венецияның Фортецца бекінісі жағалаудың дәл жанында тұр. Сонымен қатар аралда 3 500 жыл бойы Миной өркениетінің орталығы болған Кносс сарайы бар.

Родос
Родос — ортағасырдан бері келе жатқан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралары тізіміне енген арал. Мұнда дуал қабырғалары, Ұлы магистрлер сарайы мен тас төселген тар көшелер әлі жақсы күйде тұр. Қамалдың маңында түнгі өмірі қызу жүретін Фалираки курорты мен жартастың үстінде тұрған акрополі және аппақ үйлерінің арқасында танылған Линдос ауылы орналасқан.

Кос
Кос — Түркияға жақын орналасқан шағын арал. Мұнда тұрақты желдің арқасында, әсіресе Мастихари жағажайының маңында, кайтсөрфиң пен уиндсөфиңмен айналысуға бар жағдай жасалған. Бұл арал Хиппократтың туған жері ретінде де белгілі. Мұнда бір аңызда ғұлама саясында отырып медицинадан дәріс оқыған делінген шынар ағашы мен ежелгі гректердің емдеу орталығы болған Асклепион сақталған.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан ұшып барып, таңғы асы бар қонақүйде 7 түн тұратын тур қыркүйекте адам басына 600 мың теңгеден шығады.
БАӘ

Дубай
Дубай мен Әбу-Дәби күзде, жазғы аптап басылған соң қайта жандана түседі. Әсіресе қазан–қарашада БАӘ-де басты туризм маусымы басталады.
| Ауа температурасы | Су температурасы | |
| Қыркүйек | +38°C | +27-29°C |
| Қазан | +33-35°C | +27°C |
| Қараша | +30°C | +25–27°C |
Кіру ережесі: Қазақстан азаматтары БАӘ-де 30 күнге дейін визасыз жүре алады.

Дубайдың жағалауы
Дубай — араб әмірлектеріндегі ең әйгілі қала. Мұнда Бұрж-Халифа сияқты зәулім ғимараттар мен алып сауда орталықтары Жүмейраның алтын түсті жағажайларымен және тарихи Әл-Фахиди ауданымен қатар тұр. Ескі сауда жолы саналатын Дубай Криктің бойымен дәстүрлі абра қайығымен серуендеп, қаланың тарихи жағын көріңіз.

Зайыт шейх музейі
Әбу-Дәби — Біріккен араб әмірліктерінің астанасы әрі елдің басты мәдени орталықтарының бірі. Мұнда әлемдегі ең әсем мешіттердің бірі саналатын Зайыт мешіті орналасқан. 40 000 адам сыйып кететін мешіт ақ мәрмәрмен қапталып, ішіне қолдан тоқылған ең үлкен кілемдердің бірі ілінген. Қалада дүниежүзінің өнер туындылары жинақталған Лувр Әбу-Даби де бар. Ал Яс Марина автодромында жыл сайын «Формула 1» жарысының маусымдағы соңғы кезеңі өтеді.

Рас-әл-Қайма
Рас әл Қайма — БАӘ-нің ең солтүстігіндегі әмірлік. Ол Дубайдағыдай қарбалас тіршілік пен қымбатшылықты жақтырмайтын, жайлы жағажай демалысын іздеп барған саяхатшыларға жақсы жер. Мұнда адам тобыры аз ұзын жағажайлар, жаяу серуендейтін Қажар (Хаджар) тауларындағы соқпақтар және тау жоталарының үстімен өтетін әлемдегі ең ұзын зиплайн бар. Сонымен қатар бес жұлдызды қонақүйлердің бағасы көршілес әмірліктерге қарағанда әлдеқайда төмен.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан ұшатын 7 түндік тур бір адамға кемі 400 000 теңгеге шығады. Тур алғыңыз келмесе, Air Astana, Flydubai мен Air Arabia-ның тікелей ұшатын рейстеріне мініп, өз бетіңізбен барсаңыз болады.
Мысыр

Пирамидалар мен Сфинкс
Мысырға жыл бойы саяхаттап баруға болады, бірақ оның күзі — ең керемет шақ. Төбеңді тесетін ыстық басылса да, суы әлі де жылы болады, ал туристер саны жазға қарағанда азаяды.
| Ауа температурасы | Су температурасы | |
| Қыркүйек | +32–36°C | +28–29°C |
| Қазан | +28–32°C | +26–27°C |
| Қараша | +23–27°C | +24–25°C |
Кіру ережелері: Синай түбегінің курорттарында (Шарым-әл-шейх) демалсаңыз, 14 күнге барып алатын виза (visa on arrival) жасатасыз. Ал басқа өңірлеріне барам десеңіз, визаны Қазақстандағы елшілігіне барып аласыз. Визаның құны — 35 доллар.

Құрғада (Хургада)
Құрғада — Мысырдың Қызыл теңіз жағалауындағы ең танымал әрі туристерге арналған инфрақұрылымы жақсы дамыған курорттардың бірі. Мұнда all inclusive форматындағы қонақүйлер көп, дайвиң мен снорклиңге тамаша жағдай жасалған. Маржан рифтері жағалаудан бірнеше метр жерде-ақ басталады. Ал ашық теңізге шықсаңыз, дельфин, теңіз тасбақасы мен манта сияқты теңіз жануарларын кезіктіресіз.

Шарым-әл-шейх
Шарым-әл-шейх — Синай түбегінің ең оңтүстігінде, Қызыл теңіз бен Ақаба шығанағы түйісетін жерде орналасқан жайлы әрі жақсы салынған курорт. Мұндағы маржан рифтері, әсіресе әйгілі Рас-Мұхаммет қорығы, әлемдегі ең үздік дайвиң орындарының қатарына кіреді. Мөлдір суы мен алуан түрлі суасты әлемі Шарым-әл-шейхті су астына түсіп, фото-видео түсіретіндерге таптырмас мекен етті.

Қайыр
Қайыр — мыңдаған жылдық тарихы бар алып мегаполис. Бұл қалаға кем дегенде бір күніңізді арнаңыз. Гиза пирамидалары мен Ұлы Сфинксті өз көзіңізбен көргеніңіз абзал. Ал Мысыр музейінде 120 000-нан астам жәдігер сақталған. Олардың қатарында Тутанхамон қабірінен табылған қазыналар, алтын маскасы мен 3000 жылдан астам тарихы бар жерлеу тағы да бар.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан ұшатын 7 түндік all inclusive турға бір адам кемі 280 000 теңге төлейді.
Тайланд

Майя Бэй
Тайландта жағалауына қарай демалыстың атмосферасы да өзгереді. Пхукет, Краби және Пхи-Пхи аралдары елдің батыс жағалауында, яғни Андаман теңізі маңында орналасқан. Мұнда жаңбырлы маусым мамырдан қазанға дейін созылады, ал теңізге түсетін маусымы қарашада басталады. Паттайя шығыс жағалауда, Сиам шығанағында жатыр. Бұл өңірде жаңбырлы маусым басқа айларда өтеді, сондықтан ол жаққа қазан–қараша айларында барған жөн.
- Ауа температурасы: қарашада +28–32 °C — күн ыстық болғанымен, демалуға кедергі емес.
- Су температурасы: қарашада +28–30 °C.
- Кіру ережесі: Тайландта 30 күн визасыз демалуға болады. Бірақ бұл елге барар алдында туристердің бәрі TDAC электрондық келу картасын толтыруға тиіс. Оны ұшаққа 72 сағат қалғанда толтыру керек.

Пхукет
Пхукет — Тайландтағы ең ірі арал. Оны материкпен көпір ғана жалғап тұр. Аралдың әр ауданында демалыс форматы әртүрлі. Патоңда шулы клуб, бар мен түнгі өмір қызып тұрса, Қамала мен Қатаның тыныш жағажайлары мен сөрфиңге қолайлы теңізі ерекше. Арал танымал болғандықтан туристерге арналған инфрақұрылымы жақсы дамыған: халықаралық әуежайы, сауда орталықтары мен түрлі жұлдызды қонақүйлері бар.

Пхи-Пхи
Пхи-Пхи аралдары — таңғажайып көгілдір суы мен көркем жартастары бар ұлттық парк аумағында тұрған архипелаг. Аралдар әлемге Леонардо Ди Каприо ойнаған «Жағажай» фильмінен кейін кеңінен танылған. Оның суасты әлемі де алуан түрлі. Теңізіне түссеңіз, теңіз тасбақалары, акула-нянькалар және түрлі түсті маржан рифтерін көруге болады. Алайда аралдардың танымалдығы табиғатына салмақ түсіретіндіктен өкіметі олардың экожүйесін қалпына келтіру үшін кейбір шығанақты уақытша жауып отырады.

Краби
Краби — табиғаты ерекше өлке. Джунгли басқан тік әктас жартастар теңізге сұғына орналасып, көркем шығанақтар мен лагуналар түзген. Осы жерден адам аяғы сирек басатын Ко-Ланта және Ко-Липе аралдарына жетуге болады. Ал Рейли-Бич жартастары Оңтүстік-Шығыс Азиядағы альпинизмге арналған ең танымал жерлердің бірі саналады.

Паттайя — бағасын қалта көтерер теңіз курорттарының бірі. Ол Бангкоктан небәрі екі сағат алшақ орналасқан. Мұнда жағажайдан шаршасаңыз, экскурсияға баруға болады. Онда не бар десеңіз, оймыштап жасалған ағаштан салынған Шындық храмы, сафари парк, аквапарктер мен пілдер ш-оуы бар.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан 8-10 түнге тур алып барсаңыз, кемі 450 000 теңге төлейсіз. Қараша — қызу маусым басталатын кезі, сондықтан турыңызды ертерек алып қойыңыз.
Сейшел


Сейшел аралдары — саяхатшылар адам аяғы сирек басатын табиғатын, аппақ жағажайларындағы алып гранит тастары мен тыныш атмосферасын көремін деп баратын бағыт.
- Ауа температурасы: қыркүйек–қазанда +27–29 °C, қарашада +28–30 °C.
- Су температурасы: жыл бойы +27–29 °C.
- Кіру ережесі: Елден 30 күнге жетпей шығып кетемін десеңіз, виза жасатпайсыз. Бірақ елге кіргенде қайтатын билет пен қонақүй бронін көрсетіп, рұқсат жасатсыз.
Негізгі Маэ аралында Морн-Сейшеллуа ұлттық паркі орналасқан. Романтикаға толы Праслин аралының Анс-Лацио жағажайы танымал болса, шағын Ла-Диг аралында көрікті Анс-Сурс-д’Аржан жағажайы бар.
Қазан–қараша — жауын-шашын аз түсетін, ал баға қызу маусыммен салыстырғанда сәл төмендейтін кезең.
Жолға кететін шығынның шамасы: Сейшел аралдары — баруы да, қайтуы қымбат бағыттардың бірі. Алматыдан тікелей ұшып бара алмайсыз. Орта жолда кемі бір рет ауысып мінесіз. Бір адамның 7–10 түнге арналған турының бағасы қонақүй деңгейіне қарай 2 миллион теңгеден басталады.
Канар аралдары

Испанияның Африка жағалауына жақын жатқан автономиялы аймағы. Канар аралдарына жыл бойы саяхаттап баруға болады. Жанартау мен Атлант мұхиты жақтан есетін желдің арқасында мұнда жыл мезгіліне қарамастан күн ашық болып тұрады.
- Ауа температурасы: қыркүйек–қарашада +22–26 °C, күн ашық болады.
- Су температурасы: +21–24°C.
- Кіру ережесі: Канар аралдары — Испанияның жері, ал Испания — Шенген аймағана мүше. Сондықтан Қазақстан азаматтары Шенген визасын алуға тиіс.

Тенерифе
Тенерифе — Канар аралдарының арасындағы ең үлкені. Шағын аумақта табиғаттың сан алуан түрін тап болуға болады. Биіктігі 3 718 метр Тейде жанартауы — Испаниядағы ең биік нүкте әрі ұлттық парк аумағында қорғалады. Плайя-де-Лас-Америкастың қара жанартау жағажайлары, гүрілдеп тұрған түнгі өмірі мен әдемі Коста-Адехемены ерекше. Ал аралдың солтүстігінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралары тізіміне енген лавр ормандары жайқалып тұр.

Гран-Канария
Жұрт Гран-Канарияны табиғаты алуан түрлі болғандықтан «шағын құрлық» дейді екен. Аралдың оңтүстігінде мұхит жағасында шөлге ұқсайтын, аумағы 400 гектарға жуық әйгілі Маспаломас құм төбелері жатыр. Ал аралдың астанасы Лас-Пальмаста Рио-де-Жанейродан кейін ең ірі карнавалдардың бірі саналатын бірнеше апта болатын карнавал өтеді.


Лансароте — Канар аралдарының арасындағы ең ерекше бағыттардың бірі. Табиғаты Марстікіне ұқсайды. Тиманфайя ұлттық паркі — 300-ден астам жанартау конусы бар қатып қалған лава алқабы. Мұнда жер астынан шығып тұрған жылуды әлі де сезуге болады. Сәулетші әрі суретші Сесар Манрике аралдың келбетін тұтас өнер туындысына айналдырып, ғимараттарын жанартау үңгірлері мен жартастардың табиғи пішініне ұқсатып салған. Лансаротенің өзіндік табиғи әрі шынайы атмосферасы осылай қалыптасқан.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан баратын 7 түндік турға бір адам кемі 1,5 миллион теңге жұмсайды.
Күзде теңізге түспей қыдыратын жерлер
Испания




Күз — Андалусияның көрікті жерлерін аралауға таптырмас уақыт. Жаздағы +40°C-қа дейін жететін ыстық басылып, Севилья, Гранада және Кордоба көшелерін асықпай аралауға болады.
- Ауа температурасы: қыркүйекте +28–32°C, қазанда +22–25°C, қарашада +16–20°C.
- Кіру ережесі: Шенген визасын жасату керек, оны Испанияның арнайы виза орталықтарына барып аласыз.
Севильяда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралар тізіміне енген кафедралы собор мен Әлқасар сарайы орналасқан. Қалада фламенко мәдениеті де жақсы сақталған, ал тапас барларын кез келген жерде толып тұр.
Гранададағы ең көрікті орын — Хенералифе бақтары тұрған Әлгамбра сарайы. Мұнда қазан айында барыңыз, себебі жаздағыдай ұзын-сонар кезек болмайды.
Кордоба кезінде мешіт болған Мескита шіркеу мен еврейлер кварталындағы тар әрі көркем көшелерін көріңіз.
Жолға кететін шығынның шамасы: әуелі Алматыдан Мадридке немесе Малагаға жетіп алу керек, ауысып мініп ұшатын билетке кемі 200 000 теңге жұмсайсыз. Жақсы қонақүйде бір түн тұруға аз дегенде 40 000 теңге керек.
Италия




Қыркүйек пен қазан — Италияда қыдырарға керемет кезеңдердің бірі. Бұл кезде туристер азайып, күн күшті болып тұрады әрі трюфель, зәйтүн және жаңа шарап маусымы басталады.
- Ауа температурасы: қыркүйекте +23–27°C, қазанда +17–20°C, қарашада +12–15°C.
- Кіру ережесі: Шенген визасы қажет.
Күзде Римдегі Колизей мен Ватиканды жаздағыдай ұзын-сонар кезексіз аралайсыз. Жол-жөнекей Флоренцияға да барыңыз. Мұнда Боттичелли мен Леонардо да Винчидің суреттері қойылған Уффици галереясы, Понте-Веккио көпірі және Санта-Мария-дель-Фиоре соборына барыңыз.
Итальян саяхатыңызды Тосканада аяқтаған дұрыс. Оның көне үйлерін, жүзімдіктер мен кипарис көмкерген жолдарын қызықтаңыз.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан Римге не Флоренцияға ауысып мініп бару үшін кемі 200 000 теңге төлейсіз. Тосканада бір түнеуге кем дегенде 40 000 теңгеңіз кетеді.
Португалия



Португалияның күзі жайлы болады. Атлант мұхитының самалы сергітіп, көк төбелердің өңі аумаған, ал кафелерде жаңа жасалған шарап ұсыныла бастайтын шақ.
- Ауа температурасы: қыркүйекте +22–25°C, қазанда +18–21°C, қарашада +14–17°C.
- Кіру ережесі: Шенген визасы қажет.
Лиссабон — ерекше атмосфералы қала. Мұнда №28 трамваймен таудағы көшелерді аралап, Алфама ауданындағы барда фаду тыңдауға, Жеронимуш монастырына барып, кейін Белен ауданында әйгілі паштел-де-ната десертінен дәм татуға болады. Порту — Рибейра жағалауы, Вила-Нова-де-Гайядағы портвейн жертөлелері, «Лелу» кітап дүкені мен Сан-Бенту вокзалы ерекше қала. Қазан–қараша айларында онда жаңа жасалған шарап маусымы басталады. Сол себепті Дору алқабындағы жүзімдіктерге қыдырып барып, шарап өндірісін көріңіз.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан Лиссабонға немесе Портуға Ыстанбұл арқылы ұшуға ең кем дегенде 180 000 теңге бересіз. Лиссабонда локациясы жақсы қонақүйде бір түн тұруға кемі 30 000 теңге кетеді.
Германия

Франкфурт
Германияға күзде баруға басты себептердің бірі — Мюнхенде өтіп жүрген әйгілі Октоберфест фестивалі. 2026 жылы фестиваль 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өтеді.
- Ауа температурасы: қыркүйекте +15–18°C, қазанда +10–13°C, қарашада +5–8°C.
- Кіру ережесі: Шенген визасы қажет.


Октоберфест — 14 алып сыра шатырын, Баварияның салт-жоралғысын, карнавал аттракциондары мен екі апта ішінде келетін 6–7 миллионға жуық адамды біріктіретін ауқымды фестиваль. Октоберфестке бармаймын десеңіз, Мюнхенге Нимфенбург және Херренкимзе сарайларын, әлемдегі ең ірі техника музейі саналатын Неміс музейін көруге барыңыз.
Күзде Германияның әр түкпірінде алтын түске оранады. Бавария Альпісі, Тюриңгер орманы мен жүзімдіктерге толы Рейн жағалауы ерекше әдемі көрінеді.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан ұшатын билеттің бағасы 200 000 теңгеден басталады. Мюнхенде Октоберфест кезінде тұратын жерді бірнеше ай бұрын брондаған дұрыс. Әйтпесе кешірек алсаңыз, баға 2–3 есе өсіп кетеді.
Марокко

Айт-Бен-Хадду, Ксар
Күзде Мароккода аптап ыстықтың беті қайтады. Бұл мезгілде Марокко туристерді мединасы мен қамал-қалашықтарымен баурап, Шефшауеннің көгілдір көшелерімен таңғалдырса, Атлант жағалауы сапарға ерекше атмосфера қосады.
- Ауа температурасы: қыркүйекте +25–28°C, қазанда +20–24°C, қарашада +16–20°C.
- Кіру ережесі: 30 күнге дейін визасыз жүруге болады.



Марракеш — елдің танымал қалаларының бірі. Мұнда көше саудагерлері мен жылан арбаушылар жиылатын Жема-әл-Фна алаңын, мединадағы көне кварталдармен Бахия сарайын аралаңыз.
Фес — әлемдегі ең көне қалалардың бірі. Дүниежүзіне иек-ирек тар көшелері мен былғары шеберханаларының арқасында әйгілі болып отыр.
Шефшауен — жұртқа Риф тауларындағы көгілдір көшелері арқылы танылған қала. Бұл жерді көбіне-көп фотографтар жақсы көреді. Қарашада Эрфудтан Сахараға экскурсияға барсаңыз болады.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан Ыстанбұл немесе Дубай арқылы ұшып баруға ең аз дегенде 250 000 теңге құртасыз. Риадта (дәстүрлі қонақүйде) тұру үшін күніне кемі 50 000 теңге бересіз.
Кения

Марафа шатқалы
- Ауа температурасы: жыл бойы +24–28°C, құрғақ маусым шілдеден қазанға дейін созылады.
- Кіру ережесі: Барарда ETA формасын толтыру қажет. Рұқсат бір рет кіруге жарайды әрі елде 90 күнге дейін жүруге мүмкіндік береді. ETA құны — 30 доллары.



Кения — жаңа айтқан елдердің табиғатын далада қалдыратын ел. Күзде Масаи-Мара қорығында аңдардың ұлы көші әлі де жүріп жатады. Бұл — планетамыздағы жануарлардың ең ауқымды қоныс аударуларының бірі.
Ұлы көші-қон шілдеден қазанға дейін жалғасады: миллиондаған ара мен зебра Танзаниядағы Серенгетиден Кенияға аттанып, Мара өзенінен өтеді. Мара өзенінің қолтырауындарының арасынан өткен — жабайы табиғаттағы ең әсерлі көріністердің бірі. Гориллаларға қарауға арналған серуенге, Найваша мен Накуру көлдерін мекен еткен қоқиқаздарды көруге я Момбаса жағалауына барсаңыз да болады.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан баратын сафари турына бір адам кем дегенде 900 000 теңге төлейді. Бұл — ұшақ билеті, ұлттық парктердегі лоджаларда тұру және гид қызметінің ақысы.
Жапония

Жапонияның күзі — қызыл жапырақты үйеңкілер (момидзи) дегеннің синонимі десек артық айтпаспыз. Қазанның аяғынан қарашаның аяғына дейін таулы аймақтардың бәрі қызыл, сары және қызғылт сары түске боялады.
- Ауа температурасы: Токиода қазанда +16–22°C, қарашада +10–16°C.
- Кіру ережесі: Жапонияға қандай да бір мақсатпен барамын деген әр Қазақстан азаматы виза алуға тиіс.



Күзде Токиода күн жаздыгүні сияқты ылғал әрі ыстық болмайды, қала керісінше айналасы жылы реңктерге боялған жайлы қалаға айналады. Киото — 1600-ден астам будда ғибадатханасы мен синтоист храмы, тас бақтары және әйгілі Кинкаку-дзи алтын павильоны бар көне қала.
Никко мен Хаконэ — Токиодан бір сағаттай алыс жатқан жерде тұрған, табиғаты көркем таулы курорттар. Жапонияға бір барғанда басқа қалаларын да көргім келеді десеңіз, маршрутыңызға көше тағамдары танымал Осака мен Химэдзи, Миядзима аралы орналасқан Хиросиманы қосыңыз.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан Ыстанбұл, Сеул я Бейжіңде ұшақ ауыстырып барам десеңіз, бір билеттің бағасы 300 000 теңгеден басталады. Жапонияда қымбат емес әрі арзан емес жерде тұрамын десеңіз, бір түнге аз дегенде 60 000 теңге жұмсайсыз.
Күзде виза алмай баратын елдер
Грузия

Грузия — қай кезде барсаң да қалта көрер бағыттардың бірі. Онда күз — барқыт маусым, Ртвели жүзім жинау мерекесі болатын, тауда күн төбемнен өтіп кетпей ме деп қорықпай қыдыруға болатын мезгіл.
- Ауа температурасы: Тбилисиде қыркүйекте +24–27°C, қазанда +16–20°C, қарашада +10–14°C. Тауда температура төменірек болады.
- Кіру ережесі: Қазақстан азаматтары Грузияда 1 жылға дейін визасыз жүре алады.
Қазанда Грузияда Ртвели маусымы басталады. Бұл кезде Кахетияда жүзім теріліп, ауылдарда дегустациялар мен түрлі мерекелер өтеді. Тбилиси — әлемге ескі қаласы, күкірт моншалары, Дезертирский базары және әлемнің ірі астаналарымен бәсекелесе алатын мейрамханалары арқылы танылған қала. Сол жақтан Мцхета, Сигнахи мен Давид-Гареджи монастырьларына барып қайтуға болады. Қарашада Гудаури мен Бакуриани тау-шаңғы курорттары қысқы маусымға дайындала бастайды.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматы — Тбилиси бағытымен ұшатын билеттердің бағасы 90 000 теңгеден басталады, ал қонақүйде бір түнеуге кемі 10 000–20 000 теңге кетеді.
Фукуок (Вьетнам)

Вьетнамның Фукуок аралы — нағыз тропик жұмақ. Мұнда жағажай маусымы қарашада басталады. Оған дейін жаңбырлы маусым болады.
- Ауа температурасы: қарашада +27–30°C, күн ашық әрі жауын-шашын аз.
- Су температурасы: +27–29°C.
- Кіру ережесі: 30 күнге дейін визасыз жүруге болады.
Қараша — Фукуокқа барарға ең қолайлы айлардың бірі: жағажай маусымы енді басталып жатады, турист аяғы аз, ал қаңтар–ақпан айларымен салыстырғанда бағалары төменірек. Лоң-Бич жағажайына, Vinpearl ойын-сауық паркі мен Дуоң-Доңдағы балық базарларына барыңыз. Жол-жөнекей Хошимин немесе Ханойда бірнеше күн демалып кетсеңіз болады.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан Хошиминге немесе Фукуокқа (Куала-Лумпур не Бангкок арқылы) ұшатын билеттердің бағасы кемі 200 000 теңге. Фукуокта баспана бағасы бір түнге 12 000–25 000 теңге шамасында шығады.
Черногория

Котор шығанағы
Черногория — Адрия теңізімен шектесіп жатқан шағын ел. Мұнда теңіз, таулар мен көне монастырьлардың арасы жақын, сондықтан бір сапарда бірнеше жерді аралап шығуға болады.
- Ауа температурасы: қыркүйекте +26–28°C, қазанда +19–22°C, қарашада +13–16°C.
- Су температурасы: қыркүйекте +24–26°C, қазанда +20–22°C.
- Кіру ережесі: 2026 жылы 1 мамырдан 1 қазанға дейінгі туризм маусымында Қазақстан азаматтары Черногорияға виза алмай бара алады. Басқа кезде барамын деген турист виза алуға тиіс.
Котор шығанағы — Еуропадағы ең көрікті шығанақтардың бірі. Мұнда ЮНЕСКО-ның Дүниежүзі мұралар тізіміне енген ортағасыр Котор қаласы орналасқан. Жұрттың көбі онда Будва жағалауындағы клубтары мен көне қамалын көру үшін барады. Ал Дурмитор — Тара шатқалы орналасқан таулы ұлттық парк. Бірнеше күнге арналған маршрут құрып, Бока-Котор шығанағын, жартасқа салынған Острог монастырын және Скадар көлін аралыңыз.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан Подгорицаға немесе Тиватқа (Ыстанбұл не Белград арқылы) ұшып баратын билеттердің бағасы 180 000 теңгеден басталады. Мейманханада бір түн түнеуге кемі 12 000–22 000 теңге жұмсайсыз.
Әзербайжан

Ләнкәран
Әзербайжанда күз — Үлкен Кавказдың бөктері алтын түске боялып, күн ашық әрі дәмді тағамдары талайды тәнті ететін мезгіл.
- Ауа температурасы: Бакуда қыркүйекте +24–27°C, қазанда +17–20°C, қарашада +11–14°C.
- Кіру ережесі: Қазақстан азаматтары Әзербайжанда 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
Бакуға барсаңыз, сәулеті бір-біріне мүлде ұқсамаса да, жарасып тұрған Ескі қала мен ультразаманауи зәулім ғимараттарды көресіз. Одан басқа жерлерге барғыңыз келсе, хан сарайы мен күзгі тоғайы бар Шәки қаласына я Гах тауына барыңыз. Әзербайжанға қазанға барғаныңыз абзал: жаңбыр аз жауады, ал қала сап-сары болып тұрады.
Жолға кететін шығынның шамасы: Бакуға Алматыдан бару үшін кемі 40 000–70 000 теңге бересіз. Бір түн қонуға аз болса 12 000–20 000 теңге жұмсайсыз.
Қатар

Қатарда күзде аптап ыстық біртіндеп басылып, күн салқындай бастайды. Дохада ислам өнерін тамашалап, сәнді қонақүйлерде демалып, шөлдің ерекше табиғатын қызықтаңыз.
- Ауа температурасы: қазанда +30–34°C, қарашада +24–28°C. Ең қолайлы ай — қараша.
- Кіру ережелері: Қазақстан азаматтары 30 күнге дейін визасыз жүре алады.
Дохадағы Ислам өнері музейі — әлемдегі үздік музейлердің бірі. Сұқ-Уақып базары — дәмдеуіштер мен маталар сатылатын, туристерге арнап салынбаған шынайы шығыс базары. Ал Әл-Шахания шөлінде құм төбелерінің арасында джип сафари ұйымдастыруға болады.
Жолға кететін шығынның шамасы: Алматыдан 5–7 түнге арналған турға бір адам аз дегенде 350 000 теңге жұмсайды. Тур алмай барамын десеңіз, Qatar Airways-тың тікелей ұшатын рейсіңізге мініңіз.


