Еуропаны пойызбен аралағысы келетіндерге арналған 12 бағыт

Еуропаны пойызбен аралағысы келетіндерге арналған 12 бағыт
Топтама 14 мин оқисыз
22.12.2025

Еуропаны пойызбен аралағысы келетіндерге арналған 12 бағыт

Альпийские луга, фьорды и луга

Еуропаны аралаудың қызық амалдардың бірі — пойызға міну. Жол бойы терезеден табиғат көріністері мен тіпті ауа райы қалай біртіндеп өзгеретінін көресіз. Еуропада XIX ғасырдан бері сақталған көне теміржол бағыттары да, жолаушы табиғат сұлулығын тамашаласын деп салынған заманауи панорамалы желілер де бар. Осы материалда Еуропаны жаңа қырынан танытатын 12 үздік пойыз бағытын тізіп шығамыз. 

1. Орталық Рейін теміржолы, Германия

  • Бағыт: Көлн ↔ Бинген / Кобленц
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: Германияның ең көрікті теміржолдарының бірі
  • Қай мезгілде мінген жақсы: сәуір — қыркүйек
  • Жолға кететін уақыт: 1,5–2 сағат 
  • Бағасы: бір сегментке 10–30 еуро кетеді

Пойыз Рейін өзенінің бойымен асықпай жүріп, жолай жүзімге толы бау-бақшалар мен асқар жартастарды, Бахарах, Обервезел, Рюдесхайм сияқты ортағасыр қалалары мен тау басында тұрған ондаған қамалды көрсетеді. Бұл өңірді жұрт «Романтикалы Рейін» дейді.

Бұл пойызға жаз бен күзде мінсеңіз, сапардың әсері арта түседі: жүзімдіктер алтын түске боялып, өзен үстіндегі тіршілік қыза түседі. Билеттерді Deutsche Bahn сайтынан оңай алуға болады.

2. Раума желісі, Норвегия

  • Бағыт: Домбос → Ондалснес
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: Скандинавияның жолы ең әдемі пойыздарының бірі  
  • Қай мезгілде мінген жақсы: маусым – қыркүйек
  • Жолға кететін уақыт: 1 сағат 40 минут
  • Бағасы: бір жаққа баратын билет 25–40 еуро тұрады

Пойыз көгілдір түсті Раума өзенінің бойымен жүріп, Трөллтиндене таулы жотасының астынан өтеді де, Норвегиядағы ең көп суретке түсірілетін теміржол көпірлерінің бірі — атақты тас Келлің (Келлинг) көпірін кесіп өтеді. Көпірден кейін пойыз баяулап, жолаушыларға Ромсдалендегі ең ірі сарқырама — Vermafossen-ді тамашалауға мүмкіндік береді. Шамамен 381 метр биіктен ағып тұрған бұл сарқырама вагон терезелерінен анық көрінеді.

Жолдың негізгі бөлігі Еуропадағы ең әдемі аңғарлардың бірі саналатын Ромсдаленнен өтеді: тар шатқалдар, тік жартастар мен аңызға айналған Трөллстиген — «тролльдар жолы» автожолына ашылатын көріністер көз тартады.

Онсдалснес қаласына жақындағанда соңғы шақырымдар Ромсдалсхорн тауы мен Трөллвегген жотасының шыңдарының керемет көрінісін көрсетеді. Пойыз ұзақ жүрмейді, жолға 1,5 сағаттай уақыт кетеді, бірақ берер әсері мен әдімілігі көп: ұзақ жаяу жүрмей-ақ та сарқырама, шатқал, тік жартастар мен әйгілі норвег шыңдарын бір барғанда көруге болады. Билеттерді VY сайтынан алуға болады.

3. Уест Хайланд желісі, Шотландия

  • Бағыт: Глазго → Обан / Маллайг (Форт Уиллиам арқылы)
  • Неге бұл пойызға мінгеніңіз жөн: Хәрри Поттер әлеміндегі «Хогуартс Экспресс» пойыз жүрген жолымен жүріп өту ұшін 
  • Қай мезгілде мінген жақсы: мамыр–қыркүйек
  • Жолға кететін уақыт: 5 сағат
  • Бағасы: бір жаққа баратын билет 30–45 фунт тұрады 

Пойыз Ұлыбританиядағы ең жабайы әрі адам көп бара бермейтін өңірлердің бірі — Раннох-Мур иен даласы арқылы көтеріліп, кейін елдегі ең биік тау Бен-Невистің етегінен өтеді. Бағыттың басты нышаны — аты аңызға айналған Гленфиннан виадугі. Дәл осы көпірмен «Хәрри Поттер» фильмдерінде Хогуартсқа бет алған «Хогуартс экспресі» өткен: пойыз оның 21 арқаның бойымен жайлап бұрылып, Лох-Шил көлі мен  якобиттерге арналған ескерткіштің керемет көрінісін ашады.

Сапардың соңғы бөлігінде жол теңіз жағалауына шығып, Морверн мен Арднамурханның балықшы ауылдарынан өтіп, Скай мен Мәлл аралдарына қатынайтын паромдар аттанатын Маллайг қаласына барып тоқтайды. Билеттерді ScotRail сайтынан алуға болады.

4. Бернина Экспресс, Швейцария мен Италия

  • Бағыт: Кур / Санкт-Мориц → Тирано (Бернина өткелі)
  • Неге бұл пойызға мінгеніңіз жөн: әлемдегі жолы ең әдемі пойыздардың бірі 
  • Қай мезгілде мінген жақсы: кез келген айда
  • Жолға кететін уақыт: 4,5 сағат
  • Бағасы: бір сегмент 60–100 еуро тұрады

Бернина экспресі жол бойы әлемге әйгілі Ландвассер виадугымен жүреді. Одан кейін пойыз Мортаерач мұздығына қарай көтеріліп, 2253 метр биіктегі Бернина асуында орналасқан Лаго-Бианко көліне жетеді. Бұл тұста пойыз Швейцарияның ең әдемі жерлерінің бірі саналатын, Пиц Палю тауы мен Бернина жотасының өзге де шыңдары айқын көрінетін биік үстірт жолмен жүреді.

Асудан асқан соң пойыз Бругна маңындағы әйгілі спиральды виадуктармен төмен қарай түсе бастайды. Сол жерде пойыз ашық көпірдің үстімен бір айналады — бұл маршруттағы ең көп суретке түсірілетін, туристер ерекше жақсы көретін орындардың бірі.

Сапардың соңында пойыз Тирано қаласына жетіп, жол италиялық Валтеллина өңірінің жүзімдіктері мен көне тас ауылдарының арасымен жүре береді. Билеттерді RhB ресми сайтынан алуға болады.

5. Берген теміржолы, Норвегия

  • Бағыт: Осло → Берген
  • Неге бұл пойызға мінгеніңіз жөн: адам аяғы баспаған норвег таулары мен мұздықтарды көретін жалғыз мүмкіндік 
  • Қай мезгілде мінген жақсы: кез келген айда
  • Жолға кететін уақыт: 6,5–7 сағат
  • Бағасы: бір жаққа баратын билет 40–80 еуро тұрады

Берген теміржолы Норвегияның ең көркем өңірлерінің бірі — Хардангервидда деген биік үстірттің үстімен өтеді. Пойыз Шығыс Норвегияның орманды аймақтарынан біртіндеп жоғары көтеріліп, маршруттың ең биік нүктесі саналатын Финсе бекетіне (1222 м) жетеді. Бұл — мұздықтар мен мәңгі қар жамылған алқап. Дәл осы жерде «Жұлдыз соғыстары: Империя қарсы шабады» фильміндегі Хот планетасының арктикалық көріністері түсірілген. Күн ашық күндері мұннан Хардангерйёкюлен мұздығын тамашалауға болады.

Финседен кейін пойыз батыстағы фьордтарға қарай төмендей отырып, тар шатқалдар, сарқырамалар мен Альпі көлдерінің арасымен өтеді. Әсіресе Мүрдал (Мюрдал) мен Восс бекеттерінің маңындағы учаскелер ерекше әдемі: мұнда тау жоталары теміржолға тиіп тұр.

Бергенге жақындағанда жолаушыларды Батыс Норвегияға тән зүмірет түстес аңғарлар мен фьорд көлдердің көрінісі қарсы алады. Билеттерді VY компаниясының ресми сайтынан алуға болады.

6. Земмериң теміржолы, Аустрия

  • Бағыты: Глоггниц → Мюрццушлаг (жұрттың көбі Вена → Грац бағытын таңдайды)
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: әлемдегі биік тауда жүретін алғашқы пойыз, ЮНЕСКО мұралары тізіміне кірген
  • Қай мезгілде мінген жақсы: мамыр—қазан, қыс айлары
  • Жолға кететін уақыт: 1,5–2 сағат
  • Бағасы: бір сегменттің билеті 15–30 еуро тұрады

Земмериң теміржолы XIX ғасырда салынған тарихи инженерлік нысандар арқылы өтіп, Земмериң асуына көтеріледі. Жолдың бойында көпарқалы тас көпірлер, айта кетсек Кәлте-Рутте-Брюке мен әйгілі Куртине-Брюке кезігеді.

Жолдың орталық бөлігі Шнееберг тауының беткейлерімен өтіп, пойыздың тік жартасты жарға «жабыса» жүруіне мүмкіндік берген әсерлі виадуктарға шығады. Құрылысы аяқталған кезде бұл шешім нағыз инженерлік төңкеріс саналған.

Одан әрі бағыт қалың Альпі ормандар мен терең шатқалдар арқылы жалғасып, Аустро-Венгрия дәуіріне тән сәулетпен безендірілген көне бекеттерден өтеді де, Ракс тау жотасының етегіндегі Мюрццушлаг қаласына жетеді. Жол бойында Мюрц пен Штирия аңғарларының көріністері бірде ашылып, бірде түнелдермен алмасып отырады. Олардың ішінде ұзын Земмериң түнелі де бар. Билеттерді ÖBB компаниясының ресми сайтынан алуға болады.

7. Чентовалли теміржолы, Швейцария мен Италия

  • Бағыты: Локарно (Швейцария) → Домодоссола (Италия)
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: Жүз шатқал аңғарын құс ұшар биіктен көресіз, жаяу бара алмайтын түрлі құз бен сарқыраманы көресіз
  • Қай мезгілде мінген жақсы: сәуір–қазан.
  • Жолға кететін уақыт: 1 сағат 50 минут.
  • Бағасы: 20–35 еуро

Чентовалли теміржол желісі ондаған шағын аңғардан өтеді. Сол себепті бұл бағыт «Жүз аңғар» деп аталып кеткен. Пойыз әуелі Лаго-Мажоре көлінің жағасымен жүріп, Тичино тауларына көтеріледі. Осы жерде тар шатқалдар, аспалы көпірлер мен тас виадуктар басталады. Солардың ішінде Интрацца виадугі — желідегі ең маңызды инженерлік нысандардың бірі. Швейцария аумағында Вернацца, Кортичио ауылдары мен терең каньондарға ашылатын көріністер ерекше әсерге бөлейді.

Шекарадан өткен соң пойыздың алдынан Италиядағы Вәлтеллина өңірінің табиғаты шығады. Мұнда жол жүзімдіктердің арасымен, көне тас қоныстар мен ашық террасалар арқылы өтіп, ақыры Домодоссола қаласына жетеді. Бұл — ірі теміржол торабы, осы жерден Миланға немесе Туринге оп-оңай кетіп қалуға болады. Билетті Centovalli Railway ресми сайтынан алуға болады.

8. Миттенвальд теміржолы, Аустрия мен Германия

  • Бағыты: Инсбрук (Аустрия) → Гармиш-Партенкирхен (Германия)
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: Альпі тауының Орталық Еуропадағы ең әдемі жерлерін көру үшін
  • Қай мезгілде барған жақсы: мамыр–қазан, қыс
  • Жолға кететін уақыт: 1 сағат 45 минут 
  • Бағасы: 15–25 еуро

Миттенвальд теміржол желісі Тирөлдегі (Тироль) ең көрікті әрі күн шуағы мол мекендердің бірі — Зеефельд биік үстіртінен өтеді. Инсбруктан көтеріле бастаған сәттен-ақ Инн аңғары мен Нордкетте тау жотасының асқақ шыңдары көз тартады. Зеефельд пен Миттенвальд аралығында пойыз Карвендел жотасының әктас жартастарын бойлай жүріп, жаз бен күзде ерекше сұлу көрінетін Вилдзее мен Лаутерзее көлдерінің жанынан өтеді.

Гармиш-Партенкирхенге жақындағанда Веттерштайн тау массиві мен Германияның ең биік нүктесі — Цугшпитце шыңын (2962 м) көруге болады. Билетті ÖBB немесе Deutsche Bahn сайттарынан алуға болады.

9. Гласиер экспресі, Швейцария

  • Бағыты: Церматт → Санкт-Мориц / Давос
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: Альпідегі ең люкс курорттың арасында қатынап жүріп пойыздардың бірі
  • Қай мезгілде барған жақсы: мамыр–қазан, қыс
  • Жолға кететін уақыт: 7,5-8 сағат
  • Бағасы: бір жаққа баратын билеттің 120–180 еуро тұрады

Пойыз әуелі Маттертал аңғарынан өтеді, кейін Речиен шатқалына шығып, Оберальп асуына (2033 м) қарай көтеріледі. Бұл — жолдың ең биік нүктесі, мұнда қар жыл бойы жатады.

Пойыз жол бойы ондаған көпір мен түнелден өтеді. Солардың ішінде әйгілі Ландвассер виадугі бар — ол экспрестің ең танымал жері саналады. 

Оберальптан кейін жол төмендеп, ақ жартасты қабырғалары мен Рейін өзенінің ирек арналары үшін «Швейцарияның Үлкен шатқалы» атанған Рейін шатқалына түседі. Одан әрі теміржол Корвач пен Пиц-Найыр тау массивтері қоршаған Силваплана мен Санкт-Мориц көлдері жатқан Жоғарғы Энгадин аңғары арқылы өтеді. Билетті Glacier Express ресми сайтынан алуға болады.

10. Әл Транскантабрико, Испания

  • Бағыты: Сан-Себастьян → Сантьяго-де-Компостела (Gran Lujo бағыты) / Леон → Сантандер (классикалық бағыт)
  • Неге бұл пойызға мінген жөн: Испанияның солтүстігін (теңізін, тау-тасын, көне қалаларын) көргісі келетіндерге ыңғайлы бағыт 
  • Қай мезгілде мінген жақсы: мамыр-қазан
  • Жолға кететін уақыт: классикалық — 4–5 күн, Gran Lujo — 7–8 күн.
  • Бағасы: 3 000 – 6 000+

Әл Транскантабрико — Испанияның солтүстігімен жүретін сәнді туристер пойызы. Ол Gran Lujo бағытының бойымен Сан-Себастьяннан Сантьяго-де-Компостелаға дейін, ал классикалық нұсқада Леоннан Сантандерге қатынайды.

Теміржол желісі Атлант мұхитының жағалауын бойлай өтіп, Кантабрия, Астурия және Галисия өңірлеріндегі табиғи парктерді кесіп өтеді. Жолай пойыз Білбао, Сантандер, Овиедо, Хихон қалаларында және Пикос-де-Эуропа таулы массивінің маңында аялдайды.

Жол бойы көк аңғарлар, Бискай шығанағының тұманды жағалауы мен биік шатқалдар бірінен соң бірі шығып отырады. Осындай табиғи алуан түрлілігінің арқасында бұл бағыт Еуропадағы ең әдемі бағыттардың бірі саналады.

Вагондар «бел-эпок» стилінде безендірілген: жеке жуынатын бөлмесі бар ұйықтайтын бөлмелер, мейрамхана вагондар мен жайлы лаунж аймақтары бар. Күн сайын арнайы ұйымдастырылған экскурсиялар өтеді. Экскурсия Риохадағы шарап жертөлелерінен я Галисияның балық базарынан басталып, жергілікті мейрамханаларда кешкі ас ішіп аяқталады. Билеттер мен сапар кестесін Renfe Luxury Trains ресми сайтынан іздеңіз.

11. Бохин темір жолы, Словения мен Италия

  • Бағыты: Есенице (Словения) → Нова-Горица (Словения) → Гориция (Италия)
  • Неге осы пойызға мінген жөн: Юлий Альпісі мен Соча өзенін көру үшін 
  • Қай мезгілде мінген жақсы: мамыр–қазан
  • Жолға кететін уақыт: 2,5 сағат
  • Бағасы: Словениядағы жолмен жүруге 10–20 еуро кетеді

Бұл пойыз әйгілі Бохин түнелінен (6327 м) өтіп, Соча өзенінің аңғарына барады. Бұл өзен түсінің арқасында Еуропадағы ең көрікті өзендердің бірі болып отыр. Жолдың бойында тарихи тас көпірлер көпірлер кезігеді. Арасында атақты Солқан виадугі бар. Ол теміржол көпірлерінің арасында әлемдегі ең үлкен тас арқаға ие (85 м).

Маршрут Бохин көлі мен Вогел тауының жанынан өтіп, Соча өзеніне түседі, Кобарид, Канал-об-Соча ауылдарынан өтіп Нова-Горица қаласына жетеді. Мұнда Альпі таулы көріністері біртіндеп Жерорта теңізінің табиғатына ауысады. Билетін Slovenske železnice ресми сайтынан алуға болады.

12. Вена — Амстердам бағытымен жүретін түнгі экспресс

  • Бағыты: Вена → Амстердам
  • Неге осы пойызға мінген жөн: Аустрия астанасынан Нидерланд астанасына түнде барып, саяхатыңыздың бір күнін үнемдейсіз
  • Қай мезгілде мінген жақсы: жыл бойы
  • Жолға кететін уақыт: 13–14 сағат
  • Бағасы: отыратын орын 60–150 еуро тұрады, жататын купедегі орын 120–250 еуро тұрады

Пойыз Вена орталығынан кешкісін шығып, Линц, Пассау, Нюрнберг, Франкфурт және Көлн қалалары арқылы өтеді, осыған қарап ол Орталық Еуропаның ірі көлік тораптарын жалғап отырғанын көруге болады. 

Вагондарында отыратын орындар, жататын 4–6 орынды купелер, сондай-ақ Single, Double және Deluxe санатындағы жататын купелер бар. Кейбір купеге жеке душ орнатылған. Соның арқасында жол мен жататын жерге кететін ақшаңызды үнемдейсіз.

Бұл бағыттың тағы бір артықшылығы — жолға кететін бір күніңізді үнемдейсіз, әуежайға барамын, ауысып мінемін мен ұзын-сонар кезекке тұрамын дегеннен құтқарады. Таңертең пойыз Амстердамға барып тоқтайды, сол жерден бірден қаланың көрікті жерлеріне бет алуға болады. Билетін мына ресми сайттан сатып алыңыз.

2

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Құқығымызды қорғауды үйренейік

Құқығымызды қорғауды үйренейік

Красота природы и уважение истории
17.01.2025

Красота природы и уважение истории

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?
16.09.2022

Қызғалдақтың астанасында қайда барып, не көруге болады?

Чудеса природы и невероятные создания людей

Чудеса природы и невероятные создания людей

Ендігі сапарыңызға арналған бес идея

Ендігі сапарыңызға арналған бес идея