Әлемнің жаңа жеті кереметі
Азия, Еуропа пен Американың жауһарлары
2000 жылдардың басында Швейцарияның New Open World Corporation деген қоры қазіргі заманның кереметтерін анықтауға кіріскен еді. Әлемнің жеті кереметі жазылған бірінші тізім біздің заманға дейінгі ІІ ғасырда жасалған, содан бері оның біреуі ғана аман-есен қалған. Ол — Гиза пирамидалары.
Интернетте дүниежүзінің жаңа кереметі не деген сауалнама өтті, оған 100 миллионнан аса адам қатысқан. Оның қорытындысы 2007 жылы шықты. Біреулер финалға өткендер тізіміне келіссе, енді біреулердің көңілі толмады. Сонымен әлемнің жаңа жеті кереметі қайда жатыр? Осы мақалада тізіп шықтық.
Ұлы Қытай қорғаны, Қытай



Қазақстанға ең жақын жатқан әлемнің жаңа кереметі — Ұлы Қытай қорғаны — шамамен 8 850 шақырымға созылып жатыр. Алайда Қытай ғалымдары зерттеу жүргізіп, оның жалпы ұзындығы 21 200 шақырым деген қорытынды жасаған. Ұлы Қытай қорғанының құрылысы б.з.д. VII ғасырда басталып, екі мың жыл бойы жүргізілген.
Атауы «қорған» болғанымен, іс жүзінде ол қатар орналасқан екі параллель ұзын дуалдан тұрады. Қорғанның үстінде күзет мұнаралары мен қазармалар орналасқан. Қорған жаудан қорғану үшін салынғанына қарамастан жұрты мен әскерінің амандығын қамтамасыз ете алмады. Ғалымдардың пікіріне сенсек, ол қорғаныс нысанынан гөрі көбіне саяси насихат құралы ретінде қызмет атқарған.
Қорғанның ең танымал әрі ең көп турист баратын бөлігі — Бейжің маңында орналасқан Бадалиң. Ал тынышырақ бөліктері — Мүтиянүй (Мутяньюй), Сыматай мен Цзиншәнлин (Цзиньшаньлин). Бұл жерлерге күн батар шақта немесе таң шапағында барған жөн, себебі күннің әлсіз түскен сәулесі пейзаждарға ерекше сиқыр береді.
Ұлы Қытай қорғанына кіру билеттерінің бағасы маусым мен қорғанның нақты бөлігіне байланысты, шамамен 40–60 юань (2500–4000 теңге).
Чичен-Ица, Мексика





Чичен-Ица — Мексиканың Юкатан түбегінде жатқан мая өркениетінің қаласы. Оның гүлденген кезеңі — IX–X ғасырлар. Мая тайпасы билеген тұста көптеген маңызды ескерткіш мен ғибадатхана салынған. Олардың сұлулығына әлі күнге дейін таң-тамаша боламыз. Бұл көрікті орын жаңа әлем кереметтері тізіміне енгені де тегін емес.
Солардың ең бастысы — Күкілқанға (Кукулькан) арналған сатылы пирамида. Ол «Әл Кастилио» («Қамал») деп аталады және Чичен-Ицаның басты алаңынан 24 метр биік жатыр. Пирамиданың төрт қырынан да төбесіне шығатын 91 саты бар. Ал ең үстіндегі платформаны қоса есептегенде, бас-аяғы 365 саты шығады. Бұл бір жылдағы күндер санына сәйкес келеді. Пирамида көне маяға ғибадатхана әрі астрономия нысаны ретінде қызмет атқарған.
Чичен-Ица аумағында Американың ең үлкен спорт алаңы да орналасқан — тлачтли, ол «Гран-Хуего де Пелота» деп аталған. Бұл алаңда халық Мезоамерикаға кеңінен тараған салттық доп ойынын ойнаған.
Чичен-Ицаға кіретін билет шамамен 533 Мексика песосы (шамамен 14 мың теңге) тұрады, бірақ баға маусымға қарай өзгеруі мүмкін.
Петра, Иордания





Ежелгі Петра қаласы құмтасты таулар мен жартастардың ортасындағы шалғай аңғарда орналасқан.
Бір аңызға сенсек, дәл осы өңірде Мұса пайғамбар жартасты таяғымен бір соғып, одан су атқылаған. Кейінірек ол жерді арабтың набатей тайпасы өз астанасына айналдырып, өркендеткен. Петра сауданың, әсіресе дәмдеуіш саудасының маңызды орталығы болған.
Набатейлер әлемге тас қашау өнерінің арқасында танымал. Олар күн сәулесіне қарай түсін өзгертіп тұратын құмтастан түрлі мүсіндер ойып, тұтас тұрғын үйлер, ғибадатханалар мен қабірлер жасаған. Сонымен қатар су құбыры жүйесін салып, жайқалған бақ өсіріп, егін егіп отырған.
Петра гүлденген шақта халқының саны 30 мың адамға дейін жеткен. Алайда қала сауда жолдары өзгергендіктен құлдырай бастады. 363 жылғы жойқын жер сілкінісі жағдайды одан сайын ушықтырған. 551 жылғы тағы бір зілзаладан кейін Петра мүлдем қаңырап қалған. Бұл жер 1912 жылы қайта ашылғанына қарамастан XX ғасырдың аяғына дейін археологтар оны жеткілікті деңгейде зерттемей келді, сондықтан қаланың сыры бүгінгі күнге дейін әлі ашылмаған.
Туристер көбіне-көп тастың ішінен ойылып жасалған фасады бар Әл-Хазне қазынасын, 800 сатыдан тұратын Әт-Дейір монастырын және 3 мың көрермен сыйғызатын ежелгі рим театрына барады. Адам аяғы сирек болатын, бірақ әдемі бағыттардың бірі — набатейлер құрбан шалған орынға баратын жол, ол жерден Петраның керемет көрінісін тамашалауға болады.
Бұл көрікті жерді тамашалайтын билеттің бағасы тұру ұзақтығына қарай 50–90 Иордания динары (шамамен 30–57 мың теңге).
Мачу-Пикчу, Перу




Куско қаласының (Перу) маңында орналасқан бұл инк ескерткішін 1911 жылы Хайрам Биңхәм тапқан. Басында зерттеуші мұны инктердің соңғы панасы әрі XVI ғасырда испан үстемдігіне қарсы көтеріліс кезінде пайдаланылған құпия тірек пункті болған Вилқабамбу деп ойлаған. Алайда бұл теория 1956 жылы ғана жоққа шығарылды: сол кезде Вилқабамбу Мачу-Пикчудан 70 шақырым жерде орналасқаны анықталды.
Мачу-Пикчу — теңіз деңгейінен 2430 метр биік жатқан, Анд таулары қоршаған ежелгі инк қаласы.
Биңхәм мұны Күн қыздарының үйі болған деп есептеген. Олар монастырларда тұрып, мәңгі пәк боламыз деп ант берген деседі. Өзге зерттеушілер бұл жер қажылық орталығы болған десе, кейбіреу патша сарайы болған дейді. Әзірге нақ білетініміз — Мачу-Пикчу Колумб келгенге дейінгі дәуірде салынған, осы күнге дейін аман қалған ірі қирандылардың бірі. Анд тауының шыңында оқшау жатқанына қарамастан, мұнда ауыл шаруашылығы террасалары, алаңдар, адам тұратын кварталдар мен ғибадатханалар жақсы сақталған.
Күн қақпасынан бұл көрнекі орынның керемет көрінісі ашылады. Ол панораманы басқа жерден көргім келеді десеңіз, Уайна-Пикчу тауына шығыңыз. Сондай-ақ қалайда ежелгі инк көпірі Пуэнте-Инка мен басқа қызық археология олжалары табылған Өлілер қаласы Пуэбло-де-лос-Муэртосқа барыңыз.
Мачу-Пикчуға кіретін билеттің бағасы — 60–70 АҚШ доллары (шамамен 27–31 мың теңге).
Құтқарушы Иса ескерткіші, Бразилия




Алып Құтқарушы Иса мүсіні Рио-де-Жанейродағы Корковаду тауының үстінде тұр. Алпауыт ескерткіш Бірінші дүниежүзі соғысынан кейін салынған. Оны салғандағы себеп — кейбір бразилиян елде соғыстан кейін дінсіздік күшейеді деп қауіптенген. Олар соның алдын алу үшін мүсін тұрғызайық деген, ал жобаны Хейтор да Силва Коста, Карлос Освальд пен Павел Ландовскийге тапсырған.
Құрылыс жұмыстары 1926 жылы басталып, бес жыл дегенде аяқталған. Ескерткіштің биіктігі іргетасын есептемегенде 30 метр болып тұр, ал іргетастың өзі 8 метр. Қос қолдың арасындағы қашықтық — 28 метр. Бұл — әлемдегі ар-деко стилінде салынған ең үлкен мүсін. Оның төбесінен Рио-де-Жанейро қаласының ғажайып көрінісі ашылады.
Құтқарушы Иса темірбетоннан жасалып, шамамен алты миллион плиткадан тұрғызылған. Бір қызығы — мүсінге жай көп түседі екен, ал 2014 жылы найзағай ойнап, дауыл соққанда Исаның оң қолындағы бас бармағының ұшы зақымданған.
Мүсін орналасқан аумаққа кіретін билеттің бағасы 15–20 АҚШ долларының айналасы (шамамен 6–10 мың теңге).
Колизей, Рим, Италия




Римдегі Колизей І ғасырда император Веспасианның бұйрығына сай салынған. Ауданы 189 * 156 метр амфитеатр мен оның күрделі күмбездер жүйесі — инженерлік өнердің нағыз туындысы. Арена астында аң, мал мен құл ұстайтын хипогей — жерасты құрылымдарының күрделі кешені орналасқан.
Колизей 50 мың көрерменді сыйдыра алған, олар трибунадан әртүрлі шараларды тамашалайтын. Ең танымалы гладиатор шайқастары болғанымен адамдар мен жануарлар арасындағы жекпе-жектер де жиі болып тұрған. Кей кезі Колизейге су толтырып, теңіз шайқастары да қойылған.
Болжамдарға сенсек, Колизейде шамамен 500 мың адам қаза тапқан. Сонымен қатар сонда көп жануар өлтірілгені соншалық — оның кейбір түрі жойылып кете жаздаған.
Колизейге кіру билетінің бағасы 12–16 еуро (5–8 мың теңге шамасында), оған Рим форумы мен Палатинге кіру де кіреді. Бұл әлем ғажабын кешкі уақытта барып қараған жөн, себебі ол кезде жарықтар қосылып, көркіне көрік кіреді.
Тәж-Махал, Үндістан




Бұл Аградағы кесене кешені — әлем архитектурасының ең айшықты ескерткіштерінің бірі, моғол сәулетінің бізге жеткен ең үздік үлгісі. Ол 1631 жылы Шах Жақан патшаның босанып жатқанда көз жұмған жұбайы Мүмтаз Махалдың құрметіне салынған.
Үлкен тоғаны бар алып бақты қамтитын бұл кешеннің құрылысына шамамен 22 жыл кеткен, 20 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылған. Кесене ақ мәрмәрдан салынған, ал сырты мен ішін жартылай асыл тастардан безендірген. Ортада айбынды болып тұрған күмбезді төрт шағын күмбез қоршап тұр. Кесененің екі жағында мешіт пен қонақүй орналасқан.
Бұл әлем кереметін тамашалауға 1 100 үнді рупиясы (шамамен 6 мың теңге) кетеді. Кіруге ақша төлемегіңіз келмесе, Ямуна өзенінің жағасындағы Мехтап Багх бағына баруға болады — ол жерден Тәж-Махалға тамаша көрініс ашылады.
Сізге ең қатты ұнаған керемет
