Еуропаның сегіз треккиң жолы
Аяқ талса да, көз талмас әдемі жолдар
Еуропа — жылына миллиондаған турист баратын аймақ. Біреу француздың Ривьеріне барып жатып демалады, ал біреу Берлинде шулы кештерге барып көңіл көтереді, басқасы Шенген аймағын аралап шығады. Еуропадағы туризмнің тағы бір танымал түрі — жаяу жүру және тауға шығу.
Сондықтан осы мақалада бұл туризм қай елдерде дамығанын айтып береміз.
Киелі Олаф жолы
📍: Швеция, Норвегия


Бұл жол Швецияның Селангер қаласынан басталып, Норвегияның Тронхеймде бітеді. Бойында орман, сарқырама мен фьордтар бар. Қашықтығы — 564 шақырым. Жолдың бір шетінен екінші шетіне жетуге 25-30 күн кетеді.
Жолдың бойында түнеуге арналған жерлер бар: қонақүй, ферма, кемпиң. Қонуға ақша шығарғыңыз келмесе, қасыңызға шатыр ала кетіңіз.
Киелі Олаф жолымен шілде-қыркүйек айларында жүрген жақсы. Көп турист Тронхеймде өтетін киелі Олаф мерекесіне үлгеру үшін шілде басында жолға шығады.
Маршрутты жоспарлауға Pilegrimsleden және Pilegrim сайттары көмектеседі.

Көк соқпал жол
📍: Италия


Жол Чинкве-Терре ұлттық паркінде орналасқан. Оның бір шеті Жерторта теңізімен шектесіп жатыр. Жолдың бойында кішкентай ауылдар, көне қамалдар, жүзім жылыжайлары, жағажайлар мен айлақ кезігеді.
Көк жол — тегіс жатқан жол, сондықтан онымен тәжірибелі спортшылар ғана емес, өзгелері де жүре алады. Ұзындығы — 12 шақырым, 4-5 сағатта жүріп өтуге болады. Басы — Риомаджоре, аяғы — Монтероссо. Негізгі жолдан ауытқып, кішкене тармақтарына бұрылсаңыз болады. Бірақ оған екі күн кетеді.
Жолды бастарда 5-9 еуро төлеуіңіз керек. Толығырақ ақпарат мында тұр.
Керри айналымы
📍: Ирландия


Бұл — Айверах түбегіндегі Керри графтығында орналасқан дөңгелек жол. Жолдың бойында Росс қамалы, көне Ән-Штег айлағы, Қара алқабы, Торк сарқырамасы, Скеллиг қамалы жатыр.
Жолдың ұзындығы — 215 шақырым. Жаяу да, көлікпен де барсаңыз болады. Көлікке арналған жолдың ұзындығы — 179 шақырым. Айналымды тоғыз күнде жаяу өтіп шығуға болады.
Маршрут тоғыз бөлікке бөлінген: Killarney — BlackValley — Glencar — Glenbeigh — Cahirciveen — Waterville — Caherdanie — Sneem — Killarney.
Жолда жүру үшін ақша төлемейсіз. Бірақ орта жолда тарихи жерлерге соғамын десеңіз, төлейсіз. Оларды тегін аралауға мүмкіндік беретін карта сатып алсаңыз болады. Оны бір жыл бойы қолдана аласыз.
Гранд Рандонне (GR 20)
📍: Франция


Соқпақ жол Корсик аралында орналасқан. Оның бойында қылан жапырақты орман мен жайылым бар, тау шыңдарына (128 шың бар) да шығуға болады.
Жолдың ұзындығы — 180 шақырым, екі бөлікке бөлінген: Calenzana — Vizzavona (солтүстік), Vizzavona — Conca (оңтүстік). Солтүстік бөлігімен жүру біраз қиынға түседі, себебі жол тегіс емес, еңісті. Жолды 15 күнде жүріп өтуге болады.
Жолдың бойында түнейтін я тамақ ішетін керуен сарайлар бар (бір жатын орын 15 еуро тұрады). Ол жақта шатыр тігетін жерлер де бар (бір орынға 6 еуро төлейсіз). Маршрут туралы толық ақпарат мына жерде бар.
Ликия жолы
📍: Түркия


Ликия жолы Жерорта теңізінің жағасы, эклектик қалалар мен апельсин тоғайы, Тавр таулары мен шатқалдардың бойында жатыр. Орта жолда Көбелек даласы, Гөйнүк шатқалы, Янарташ тауындағы Химера алауы, Николай шіркеуі, Өлі теңіз бен Патара жағажайын көруге болады.
Жолдың ұзындығы — 540 шақырым. Соқпақ жол Өлі теңізде басталып (Фетхие), Анталияда бітеді. Жолмен жүріп өтуге 29 күн кетеді. Туристер кейде тек бір-екі бөлігін жүріп өтеді. Мысалы, Өлі теңіздің қасындағы жол. Оған небәрі 1 күн кетеді.
Ликия жолына сәуір-маусым және қыркүйек-қараша айлары барыңыз. Оның бойында да шатыр тігетін жерлер, қоналқа мен ауылдар бар. Жол туралы көбірек ақпаратты мына жерден оқыңыздар.
Лейгавегур жолы
📍: Исландия


Исландияның оңтүстік-батысында жатқан жол. Ландманалёйгар лагерінде басталып, Тоурсмөрк жотасында аяқталады. Жолдың бойында ыстық қайнар, түрлі түсті Риолит тауы, Лаугараун лава даласы, обсидиан даласы мен жанартауларды көруге болады.
Жолдың ұзындығы — 54 шақырым, жүріп өтуге 2-4 күн кетеді. Қаласаңыз, қысқартылған жолмен жүрсеңіз болады. Фиммвюрдухаулс асуы мен Тоурсмөрк паркінен өтіп, сапарыңызды Скоугафосс сарқырамасында аяқтасаңыз, жолға 1 күн кетеді.
Жолға маусым-қыркүйек арасында шыққаныңыз жөн.

Патша жолы
📍: Швеция


Кунгледен (патша жолы) Лапландия тауы, Абиску паркі, Кебнекайсе тауы мен швед ауылдарының бойында жатқан жол.
Ұзындығы — 440 шақырым, төрт бөлікке бөлінген (Abisko — Singi — Kvikkjokk — Ammarnäs — Hemavan). Әр бөлігін бір аптада бағындыра аласыз. Жолға шығатын уақыт — маусым мен қыркүйек аралығы.
Бұл жол туристерге арнап жақсы ыңғайластырылған: батпақ жерге тақтай жол салынған, тау өзендерінің үстіне көпір, көлдердің үстіне өткел қойылған. Жолдың бойында шатыр тігетін бірнеше жер бар. Мына жерден жол туралы толығырақ ақпарат оқыңыз.
Франк жолы
📍 Англия, Франция, Швейцария, Италия

Франктердің жолы (Via Francigena) — орта ғасырда Римге қажыға бара жатқандар жүрген жол. Жол Кентербериде (Ұлыбритания) басталып, Римде (Италия) бітеді. Орта жолда Витербо, Сиена, Лукка, Павия, Иврея, Лозанна, Реймс, Аррас, Теруан және Кале қалаларына соға кетуге болады. Қайтар жол, яғни Римнен Кентербериге апарар жол «Римдіктердің жолы» деп аталады.
Жолдың ұзындығы — 1 600 шақырым. Оның бір шетінен бір шетіне жетуге екі ай кетеді.
Жолдың бойында қажыға бара жатқандарға арналған жерлер бар, десе де, шатырда я қоналқада демалған жөн болар. Монастырлар мен өзге де діни үйлерге пилигрим паспортыңыз болса ғана кіре аласыз. Жолдың картасын мына жерден көріңіз.
2
0