2026 жылы Шри-Ланка визасын қалай аламыз?

2026 жылы Шри-Ланка визасын қалай аламыз?
Білген жөн 4 мин оқисыз
17.09.2026

2026 жылы Шри-Ланка визасын қалай аламыз?

Туристерге арналған нұсқаулық

Қазақстан азаматы Шри-Ланкаға қыдырып барамын десе, алдын ала ETA электрондық рұқсатын алуға тиіс. Шри-Ланканың туризм визасын қалай алатыныңызды, оған қандай дерек керегін, жасатуға қанша уақыт кететін айтып берейік.   

Шри-Ланкаға барамын деген Қазақстан туристері виза алуға тиіс пе?

Иә, Шри-Ланкаға барамын деген әр қазақ турисі ETA электрондық рұқсат, басқаша айтқанда турист визасын алуға тиіс. Оны ресми сайтына кіріп жасату қажет. 2026 жылғы 25 мамырдан бері ол рұқсатты Қазақстан туристері тегін ала алады. Соның арқасында Шри-Ланкада 30 күн емін-еркін жүре алады әрі екі рет кіріп-шыға алады.  

Бұрын бұл визаны Шри-Ланкаға барғанда ғана жасатуға болатын еді. Қазір алдын ала жасату керек! 

Туристер рұқсат алып қана қоймай, мына талаптарға да бағынуға тиіс. Әуежайда кемі алты ай жарамды паспорыңызды, қайтатын билетіңіз бен сапар бойы жететін ақшаңыз барын көрсетесіз.   

Шри-Ланканың қандай визалары бар?

  • Туризм визасы (ETA) демаламын, экскурсияға барамын, туыстарымды көремін, емделемін дейтіндерге арналған. Сапар ұзарса, визаның уақытын да ұзарту керек, ол онлайн жасалады әрі ақылы болады. 
  • Іссапар визасы келісімшарт жасасуға, конференция, семинар мен қысқамерзімді оқуға баруға арналған. Мұндай визасы барлар Шри-Ланкада жалданып, жұмыс істей алмайды не бизнес аша алмайды.
  • Транзит визасы үшінші елге кетіп бара жатқанда жолда транзит аймағынан шығатындарға керек. Екі күнге беріледі, тегін.  
  • Резидент визасын Шри-Ланкада жұмыс істейтіндер, оқитындар, инвесторлар, діни қызмет ететіндер, туысымен бірге тұратындар жасатады. Оның орнына турист визасын жасатуға болмайды. 

Шри-Ланканың турист визасын (ETA) қалай аламыз?

Шри-Ланканың туриске арналған визасын, яғни электрондық рұқсатын ETA ресми сайтынан аласыз. Виза Қазақстан азаматтарына 2026 жылғы 25 мамырдан бері тегін. 

  1. 1

    Apply for an Individual дегенді басыңыз. 

  2. 2

    Азаматтығыңыз, паспорттағы деректеріңіз, қашан барып, қашан қайтаныңыз, тұратын жеріңіз бен байланыс ақпаратыңызды жазыңыз. 

  3. 3

    Аты-жөніңіз қалай жазылғанын тексеріңіз. Паспорттағыдай тұруы керек.  

  4. 4

    Өтінішті жіберіп, тіркеу нөмірін сақтап қойыңыз. 

  5. 5

    Электрондық поштаңызға растау хаты келгенін күтіңіз. Оны телефоныңызға сақтап қойыңыз я қағазға шығарып алыңыз.  

Шри-Ланкаға барғанда паспортыңыз кем дегенде әлі 6 ай жарамды болып тұруы керек. Шекарашылар қайтатын билет пен сапарға жететін ақшаңыз бар-жоғын сұрауы мүмкін.  

Тур алғанда оператор ETA жасатып беруі мүмкін, бірақ оны өзіңіз де онлайн жасата аласыз.  

Шри-Ланка визасын алуға керек құжаттар

ETA жасату үшін фотоңызды салып, паспортыңызды скандап жіберудің керегі жоқ. Мына құжаттардағы мәліметіңізді енгізсеңіз болды: 

  • паспорт, барғанда кемі алты ай жарамды болуы керек;
  • ұшақ билеті я сапар туралы ақпарат;
  • Шри-Ланкада тұратын жердің мекенжай;
  • елге қайтайтын не басқа елге ұшатын билет;
  • сапарға жететін қаражатыңыз барын дәледеу.

ETA мақұлданғанда соны растайтын хатты сақтап қойыңыз.   

Қайтатын билетіңіз бен қаражатыңыз барын рұқсат жасатқанда көрсетпейсіз, бірақ шекарашылар сұрауы мүмкін.

ETA алғанда сақтандыру жасату міндет емес, бірақ өзіңіз үшін жасатқаныңыз абзал.  

Шри-Ланка визасының құны қанша? 

2026 жылғы мамырдың 25-інен бері ETA Қазақстан азаматтарына тегін беріледі. Оны алған адам Шри-Ланкада ары кеткенде 30 күн жүре алады, сол аралықта елге екі рет кіріп-шығуға болады.   

ETA-ны Ресей, Тайланд, Малайзия, Қытай, Үндістан, Индонезия туристері де тегін жасата алады.

Шри-Ланка визасы балаларға да тегін бе?  

Иә. Қазақстанның кәмелет жасына толмаған азаматы да Шри-Ланканың турист визасын тегін жасата алады. Ал кез келген елдің 12-ге толмаған азаматы бұл визаны тегін ала береді.

Бірақ визаның 30 күндік мерзімін ұзартамын я виза агентінің көмегіне жүгінемін десеңіз, ақы төлейсіз. Сондықтан ETA-ны өзіңіз жасатқанда ақы сұралса, алдыңызда тұрған сайт ресми сайт екеніне көз жеткізіңіз.

Виза жасатуға кететін уақыт 

ETA-ға қатысты жауап электрондық поштаңызға көп дегенде 24 сағатта баруы керек, бірақ кешірек келуі де мүмкін. Бір күн өтсе де келмесе, ETA сайтына тіркеу нөмірін теріп тексеріңіз.

Өтінішті ұшарға 3-4 күн қалмай беріңіз: қосымша тексеріс болса, виза жасату ұзаруы мүмкін мүмкін. ETA Approval Notice хабарламаса келмей Шри-Ланкаға баруға болмайды. Өтінішіңіз қабылданғаны рұқсат берілді дегенді білдірмейді.

Визаның жарамдылығы мен Шри-Ланкада жүретін күндер

ETA рұқсатын берілген күннен соң 3 ай ішінде қолданып тастауыңыз керек. Шри-Ланкаға кіргеннен кейін 30 күн емін-еркін жүре аласыз.

Бұл елге бір рұқсаттың арқасында екі рет кіріп-шыға аласыз. Қайта кіргенде 30 күнді мерзім жаңармайды. Мысалы, бірінші рет кіргеннен кейін 20 күн жүрсеңіз, екінші кіргеннен кейін 10-ақ күн жүре аласыз.

30 күннен аса жүремін десеңіз, мерзім бітпей тұрып визаңызды жаңартуыңыз керек. Оған ақша төлейсіз.

Визаны барғанда алуға болмай ма?

Жоқ, бұрын болатын, қазір тек алдын ала жасатып барасыз.  

Виза берілмей қалуына не себеп болуы мүмкін?

  • аты-жөніңізді, паспортыңыздың нөмірін, туған күніңізді я азаматтығыңызды қате жазғансыз; 
  • өтірік я әдейі жасырылған дерек жазғансыз; 
  • паспорт Шри-Ланкаға барғаннан кейін алты айдан аз уақыт жарамды болады; 
  • өтініш берген адам Шри-Ланкада жүр; 
  • өтініш берген адамның резидент не көп рет пайдаланатын визасы бар; 
  • бұрын барған сапарында айтылған мерзімнен аса жүріп қалғансыз не соның айыппұлы төленбеген; 
  • сапарыңызды мақсаты турист ETA-на қарама-қайшы. 

Егер өтінішіңіз автоматты түрде қабылданбаса, Referral Notice деген хабарлама келеді. Бұл виза берілмеді деген сөз емес. Хабарламада жазылып тұрған миграция қызметінің бөлімшесіне не Шри-Ланканың ең жақын өкілдігіне хабарласып, сұраған деректерін беріңіз деген сөз.   

ETA берілгені Шри-Ланкаға еш кедергісіз кіріп кетесіз деген сөз емес. Елге кірер-кірмесіңізді шекарада тұрған қызметкерлер паспорыңызға, қайтатын билетіңіз бен ақшаңыз барын дәлелдайтін құжатқа қарап шешеді. 

2

0

Султан Бахытджанов

автор,

Сізге қызық болып қалар:

О чем стоит знать перед поездкой на остров?
28.09.2022

О чем стоит знать перед поездкой на остров?

Как получить разрешение на въезд на остров

Как получить разрешение на въезд на остров

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар
28.09.2022

Шай алқабы, жағажайлар мен ғибадатханалар

Осы айдардан:

Тариф, салық, алым, қызмет ақысы туралы бар ақпарат

Тариф, салық, алым, қызмет ақысы туралы бар ақпарат

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Шетелге барамын дегендерге арналған гайд

Шетелге барамын дегендерге арналған гайд