2026 жылы Францияның шенген визасын қалай жасатамыз?
Егжей-тегжейі жазылған нұсқаулық
Қазақстан азаматы Францияға барам десе С санатының шенген визасын (қысқамерзімді) алуға тиіс. Соның арқасында ол Франция мен Шенген аймағының 28 елінде 180 күн сайын 90 күнге дейін емін-еркін жүре алады. Құжаттарды Алматы мен Астанадағы VFS Global деген виза орталығы қабылдайды, жауабы 15 жұмыс күні ішінде шығады.
Францияның шенген визасын өз бетімен алғысы келетіндерге егжей-тегжейлі нұсқаулық жаздық.
Француз визасының түрлері
Франция беретін визаның ең түрі бар: шенген визасы (Еуропа елдерінде жарамды) мен ұлттық қысқамерзімді виза (Францияның мұхиттағы иеліктерінде жарамды).
Францияның мұхиттың ар жағындағы жері деген — Гуаделупа, Мартиника, Француз Гуианасы, Реюнион, Сен-Мартен, Сен-Бартелеми, Жаңа Каледония, Француз Полинезиясы, Майотт пен басқа жерлер. Ол жаққа бару үшін ұлттық виза алуға тиіссіз. Бір визаның құны — 60 € (6–12 жасарларға 35 €).
Ал құрлықтағы Франция мен Еуропаға барамын десеңіз, мына визалардың бірін аласыз:
| Виза | Максимал мерзім | Шарттары |
| Туризм (C, бір-ақ рет кіретін) | 180 күн сайын 90 күнге дейін | Расталған қонақүй броні, баратын және қайтатын билет, қаражат жеткілікті екенін дәлелдейтін құжат |
| Мульти виза (C, көп кіретін виза) | 180 күн сайын 90 күнге дейін; мерзімі 1–5 жылдан кейін аяқталады | Бұрын алған шенген визаларыңыз, тұрақты табыс, Шенген аймағына бірнеше кіріп-шығуға негіз болатын себеп |
| Іссапар (C) | 180 күн сайын 90 күнге дейін | Француз компаниясының шақыру хаты, ЖШС/ЖК тіркелген деген анықтама, бизнес аясында хат-хабарлама |
| Оқу / ұзақмерзімді (D) | 3 айдан 1 жылға дейін (кейін ұзарту мүмкіндігі бар) | Францияның жоғары оқу орнына түскеніңізді растайтын құжат, тұратыныңыз расталған жер, қаражатыңыз жететін дәлелдейтін қағаз |
| Транзит (A) | Әуежайдың транзит аймағында ғана жарамды болады | Франция арқылы ұшатын байланыстырушы рейстің билеті, ақырғы пункт Шенген аймағынан тыс елде болуы керек |

Францияның шенген визасын алу үшін тапсырылатын құжаттар
Мына негізгі құжаттарды бәрі тапсырады:
1
Анкета. Оны france-visas.gouv.fr сайтына кіріп толтырып, шығарып алып, қол қоясыз. Қалай толтыру керегін мына жерден оқыңыз;
2
Паспорт — елге оралғаннан кейін кемі 6 ай жарамды болуы керек, 10 жылдан астам уақыт бұрын берілген жарамайды, аз дегенде 2 беті таза болуға тиіс;
3
Қазіргі паспорттағы беттердің көшірмесі мен кейінгі 3 жылда алған шенген визалардың көшірмесі;
4
Жеке куәліктің көшірмесі;
5
Ақ фонды 35×45 мм түрлі-түсті фото 35×45 мм (ары кеткенде 6 ай бұрын түсірілген болуға тиіс);
6
Медициналық сақтандыру, өтейтін сомасы 30 000 € болуы керек, ал өзі Шенген аймағында сапар бойы жарамды болуға тиіс;
7
Барып қайтатын билеттердің броні;
8
Тұратын жердің растайтын броні: қонақүй броні, апартамент жалға алатыныңыз туралы құжат не күтіп алатын жақтың шақыру хаты;
9
Жеткілікті қаражатыңыз барын дәлелдейтін қағаз: банк берген кейінгі 3–6 айдың үзінді-көшірмесі (картаңызда болуы керек қаражатты былай есептеңіз: әр күнге кемі 100 € керек деңіз);
10
Жұмыс істейтініңізді растайтын құжат: лауазымыңыз, жалақыңыз бен демалыс күндеріңіз көрсетілген жұмыс туралы анықтама (түпнұсқа + көшірме);
11
Отбасыңыз барын көрсететін құжат (отау құрған, бала-шағалы болсаңыз): неке туралы куәлік, балаңыздың туу туралы куәлігі.



Қосымша құжаттар
Зейнеткер: зейнет туралы куәлік, зейнетақы мөлшері туралы анықтама, банк үзінді-көшірмесі не қосымша табысы барын растайтын құжат;
Бала (18-ге толмаған): туу туралы куәлік, (бала тек әкесімен не шешесімен бірге не басқа біреумен баратын болса) әке-шешенің паспорттарының көшірмесі, (ата-анасымен бірге баратын болса) туыс екенін растайтын құжат. Ата-ананың бірі қайтыс болған не құқығынан айырылып қалған болса, соны растайтын куәлік немесе сот шешімі;
Студент: оқуы қашан аяқталатыны жазылған оқу орны берген анықтама, студент билеті, сапарға кім (ата-ана не өзі) демеу болатыны жазылған қағаз;
Кәсіпкер: бизнесі тіркелген куәлік, салық декларациясы не кейінгі жылда қанша тапқаны туралы анықтама, компаниясының есеп айырысу шотының үзінді-көшірмесі, іссапардың мақсаты жазылған хат (іссапар визасын алғанда керек).

Франция визасын 2026 жылы жасатуға неше теңге кетеді?
Визаның құны екі ақыдан тұрады: консулдық алымы (Еуропа одағы қойған ақы, валютасы теңге) мен VFS Global-дың қызмет ақысы.
| Өтініш беретін адамның жасы | Консулдық алымы | Қызмет ақысы |
| Ересек (12-ден асқан) | 90 € | ~27–30 € (теңге қылып беру керек) |
| 6–12 жасар бала | 45 € | ~27–30 € (теңге) |
| 6-ға толмаған бала | Тегін | ~27–30 € (теңге) |
| Еуропа одағы азаматының ағайыны (жұбайы, баласы, ата-анасы) | Тегін | ~27–30 € (теңге) |
| Мұхиттың ар жағында жерлердің визасы (Гуаделупа, Мартиника, тағы басқасы) | 60 € (6-12 жасарларға 35 €) | ~27–30 € (тенге) |
Виза жасатуға кететін қосымша шығын:
- Медициналық сақтандыру: 10 күнге арналған полистің бағасы — 10–15 €.
- Құжаттарды аудартып, нотариусқа растату (кейде керек болуы мүмкін) — бір бетке 3 000–5 000 ₸ кетеді.
- Виза агентінің ақысы (маманнан көмек алам дегенде) — 20 000–70 000 ₸.
Солай бір адамның визасын жасатуға кемі 120 € (+ сақтандыру) төлейсіз. Мұнда ұшақ билеті мен қонақүйдің құны қосылмаған.
Виза неше күнде қаралады?
Визаға қатысты жауапқа кететін стандарт мерзім — құжат тапсырғаннан кейінгі 15 жұмыс күні. Сұраныс көп кезде (мамыр-тамыз, желтоқсан) артуы мүмкін.
| Параметр | Мерзімі |
| Өтініш қаралатын стандарт уақыт | 15 жұмыс күні |
| Қашан жасатқан жөн? | Ұшарға 4–6 апта қалғанда (жазда бұдан ертерек қамданыңыз) |
| Ең ерте дегенде қашан жасата аламын? | Сапарға 6 ай қалғанда |
| Ең кеш дегенде қашан жасатуым керек? | 15 күн қалғанда (тағы да айтамыз, ертерек қамданыңыз, есесіне жауабын күтіп, сары уайымға түспейсіз) |
| Ең көп дегенде неше күн күтемін? | 45 жұмыс күн (кей кезде) |
Қадам-қадам нұсқаулық: Франция визасын өз бетіңізбен қалай аласыз?
1
Қандай виза алатыныңызды, қай ел негізгі еліңіз болатынын шешіп алыңыз. Францияға ғана барамын не осы елде ең көп күн өткіземін десеңіз, француз виза орталығына барасыз. Франция тек транзит елі болса, шенген визасын сол елдің елшілігіне я виза орталығынан жасатасыз.
2
france-visas.gouv.fr сайтына тіркеліңіз. france-visas.gouv.fr/ru/ сайтына кіріп, аккаунт ашыңыз, анкетаны онлайн толтырыңыз, қандай виза керегін жазыңыз (Court séjour — қысқамерзімді), фотоңызды салып, сол форманы шығарып алыңыз да, қол қойыңыз.
3
VFS Global-ға құжат тапсыруға жазылыңыз. visa.vfsglobal.com/kaz/ru/fra сайтына кіріп, Астана мен Алматыдағы кеңселердің бірін, уақыты мен күнін таңдаңыз. Алдын ала жазылмай барсаңыз, кіре алмайсыз.
4
Керек құжаттарды жинаңыз. Жаңа айтқан құжаттардың бәрін жинаңыз. Паспортыңызды жарамдылық мерзімін тексеріңіз, банктен үзінді-көшірме алыңыз (көп дегенде 30 күн бұрын алғаныңыз болуыңыз керек), қонақүй мен ұшақ билетін брондаңыз.
5
Медициналық сақтандыру жасатыңыз. Полис аз дегенде 30 000 € шығыныңызды өтеуі керек. Сақтандыру Шенген аймағында жарамды болуға тиіс, ал потенциал шығынның арасында репатриация да болуы керек. Полисті онлайн Freedom Sayakhat-тан алсаңыз, қомақты кешбэк ала аласыз.
6
VFS Global-ға жазылған уақытта барыңыз. Құжаттарды тапсырыңыз, консулдық алымы мен қызмет ақысын төлеңіз (картамен не қолма-қол ақшалай). Орталықтағы қызметкер биометрия деректеріңізді алып қалады: саусақ таңбаңызды, фотоңызды түсіреді, бірақ оларды кейінгі 5 жылда өткізген болсаңыз, тапсырмайсыз.
7
Өтінішіңіздің күйін қарап отырыңыз. Құжаттарды өткізгеннен кейін сізге трек нөмірі беріледі, соны VFS сайтына теріп, визаңыздың күйін біліп отырасыз: құжат консулдыққа жіберілді, алып кетіңіз, жеткізу қызметіне жіберілді деп жазылып тұрады.
8
Паспортыңызды алыңыз. Паспортты я өзіңіз алып кетесіз, я курьерден аласыз. Айтпақшы, жеткізу ақылы, бірақ таңдамасаңыз да болады.
Жаңа EES жүйесі: 2026 жылы не өзгерді?
2026 жылғы 10 сәуірде Шенген аймағының елдері келген туристерді EES (Entry/Exit System) арқылы кіргізе бастады. Бұл жүйе — кірген-шыққанды тіркеп отыратын электрондық аппарат.
Бұрын Шенген аймағының шекарасынан өту үшін үнемі шекарашының алдына барып, паспортқа мөр қойдыру керек еді. Енді оған жолықпай, аппараттың алдынан өтесіз. Сөйтіп деректеріңіз базада сақтаулы тұрады. Ол қалай болады? Шенген аймағына бірінші рет кіргенде офицер төрт рет саусақ таңбаңызды алып, түріңізді сканға түсіріп алады. Кейін аймаққа тағы барсаңыз, аппараттан өте бересіз, себебі жүйе сізді бірден таниды.
Бұл жүйе Шенген аймағында неше күн жүре алатыныңызды есептейді де, шекарашыға неше күн жүргеніңізді жеткізеді. Лимиттен асып кетсеңіз, жүйеге енесіз, оны консул ендігіде виза берерде ескереді.
EES бар деп жүйені алдай алмайсыз. Мысалы, француз визасын алдыңыз делік, Францияда екі-ақ күн, ал Испанияда 2 апта жүрдіңіз. Бұныңыз заң бұзғаныңыз болады. Тағы виза алғыңыз келгенде консулдық мұның бәрін көреді.

Алматыдағы VFS Global
Францияның шенген визасын алу үшін құжаттарды қайда тапсырамыз?
Француз визасын алу үшін VFS Global кеңселерінің біріне барамыз. Виза істеріне солар ғана жауап береді, яғни елшілікке не консулдыққа бармаймыз.
Сайты: visa.vfsglobal.com/kaz/ru/fra.
Францияның VFS Global кеңселері
- Алматы: Grand Alatau бизнес орталығы, Тимирязев көшесі, 28В, 502-кеңсе, 5-қабат. Колл орталығының телефоны: +7 (717) 279-51-00.
- Астана: «Каскад» бизнес орталығы, Кабанбай батыр көшесі, 6/1, 111-кеңсе, 11-қабат. Колл орталығының телефоны: +7 (717) 279-51-00.
Виза орталығы дүйсенбі мен жұма аралығында ашық болады:
09:00–14:00 (құжат қабылдау)
15:00–17:00 (паспорт беру)
Сенбі, жексенбі — демалыс күндері.
Құжат тапсыруға қалай жазыламыз: толық нұсқаулық
1
visa.vfsglobal.com/kaz/ru/fra сайтын ашыңыз;
2
«Қабылдауға жазылу» батырмасын басыңыз;
3
Еліңіз Қазақстан, ал қалаңыз Алматы не Астана болады;
4
Шенген визасының түрін таңдаңыз (қысқамерзімді туризм / іссапар, тағы басқасы);
5
Неше адам өтініш тапсыратынын жазыңыз;
6
Құжат тапсыратын күні мен уақытын таңдаңыз;
7
Деректеріңізді жазыңыз да, жазылғаныңызды растаңыз. Растайтын хат электрондық поштаңызға барады.
Құжатқа жазылу бірнеше апта бұрын басталады. Жазда бос күндер тез толып қалады, сондықтан слоттарды жиі тексеріп отырыңыз.
Өзім баруым керек пе?
Иә, виза құжаттарын бірінші рет өткізгелі тұрсаңыз, баруыңыз керек. Себебі виза алуға биометрия деректеріңіз керек (фото, саусақ ізі).
Ол биометрияны кейінгі бес жылда тапсырған болсаңыз, қайта өткізудің керегі жоқ. Демек құжат тапсыруға өзіңіз баруға міндетті емес, біреуге сенімхат беріп тапсырсаңыз болады.
12-ге толмаған балалар биометрия өткізбейді, олардың құжатын ата-анасы тапсырады.

Виза берілмегеніне не себеп болуы мүмкін? Оны болдырмаудың амалы не?
Қаражатыңыз жетпейді — ең көп таралған себеп. Консулдық шоттағы ақшаңызды ғана емес, түсіп-жұмсалған қаражатты да тексереді. Шотыңызға кейінгі алты айда 0 теңге түсіп, 0 теңге жұмсалғанын, бірақ құжат тапсырар алдында қомақты ақша түскенін көрген консул секемденеді. Ақша кейінгі 3–6 айда тұрақты түсіп тұрғанын көрсету керек.
Сапарыңызды мақсаты мен құжаттар бір-біріне сәйкес келмей тұр. Францияға турист болып барамын деп соны дәлелдейтін құжаттарды берген жоқсыз. Оны растау үшін қонақүй бронін, қайда баратыныңызды (концерт, пойыз, ұшақ билеті) көрсетесіз. Я броніңіз бар, бірақ демалысыңыз туралы бұйрық жоқ немесе сапарыңызға кім демеуші болғаны белгісіз.
Бұрын шенген визасының ережесін бұзғансыз. Шенген аймағында рұқсат етілген күннен асып жүріп алсаңыз, шекарадан виза бермеген елге барып өтсеңіз — осының бәрі жаңа виза аларда ескеріледі.
Кей құжатыңыз жоқ. Мысалы, сақтандыруыңыз жоқ, банк берген үзінді-көшірме 30 күн бұрын алынған, фотоңыз дұрыс түсірілмеген — осындай кез келген фактор виза берілмеуіне түрткі болады.
Қазақстанға қайтып келмейсіз деген күдік бар. Консулдық еліңізге қайтып келуіңіз ықтималын есептейді: жұмыс, отбасы, мал-мүліңіз бар-жоғына қарайды. Ресми жұмысқа тұрмаған фрилансерлер не тұрақты тұрып жатқан жері жоқтар виза алмай қалуы әбден мүмкін. Құжаттардың қасына мүлкіңіз барын, үйленген екеніңізді, бала-шағаңыз барын дәлелдейтін қағаздарды да қосыңыз.
Анкетадағы қателер. Ұшатын күндер дұрыс жазылмаған, анкета мен паспорттағы деректер бірдей емес, толтыру керек жерлер толтырылмай қалған.

