Ұшақ билетінің бағасы қайдан шығады?

Ұшақ билетінің бағасы қайдан шығады?
Білген жөн 4 мин оқисыз
27.06.2026

Ұшақ билетінің бағасы қайдан шығады?

Тариф, салық, алым, қызмет ақысы туралы бар ақпарат

Ұшақ билеті қаншалықты қымбат болатынына бірнеше фактор әсер етеді: әуе компаниясының тарифі, әуежай алымы, салық, сұраныс, туризм маусымы, билетті алатын уақыт, тіпті оны қай сайттан алғаныңыз да ықпал етеді. Сондықтан бір рейстің бағасы таңертең және кешке, ұшуға бір ай қалғанда және бір апта қалғанда, сондай-ақ әуе компаниясының ресми сайтынан не агрегатордан алғанда әртүрлі болуы мүмкін. Ұшақ билетінің бағасы қалай қалыптасатынын бірге талдап көрейік. 

Билет бағасы неден тұрады?

  • Әуе компаниясының өз тарифі. Бұл – жолаушыны бір жерден екінші жерге жеткізу құны. Әуе компаниясы оны ұшу бағытына, маусым мен сұранысқа, рейстің толылығына, жанармай шығындарына, қызмет көрсету класы мен экипаждың жұмысына қарай есептейді.
  • Салық пен мемлекет алымы. Жолаушы тасуға салынатын салықтар, сондай-ақ қауіпсіздік, шекара мен кеденде қызмет көрсету алымдары. Олардың мөлшері ұшып шығатын, баратын және транзит арқылы өтетін елге байланысты болады. Бұларды әуе компаниясы билет бағасына қосып, жолаушыдан алады да, мемлекет органына аударады. 
  • Әуежай алымы. Әуежай әуе компаниясынан терминалымызды, ұшу-қону жолақтарын, инфрақұрылымы мен қауіпсіздік жүйелерін пайдаланасыз деп ақы алады.
  • Жанармай мен өзге де ақы. Кейбір әуе компаниясы авиация жанармайына кететін шығынның не басқа да шығындардың кесірінен жолаушыдан үстеме ақы алуы мүмкін. 
  • Қызмет көрсету алымы. Бұл алымды әуе компаниясы, туризм агенттігі немесе брондау сервисі билет рәсімдеп бергені үшін алуы мүмкін. Оның мөлшері билетті қалай қайдан алғаныңызға қарайды. Әуе компанияларының көбінде мұндай алым жоқ, бірақ билетті делдалдан алғанда ақы билет ақысы төленерде қосылады.
  • Қосымша қызметтер. Ең арзан тарифке багаж, орын таңдау, тамақтану, басымдыққа қарай мінгізу мен билетті тегін өзгерту не қайтару мүмкіндігі кірмеуі мүмкін. Осылардың бәрі не бірі билетімде болсын десеңіз, тағы ақы төлейсіз.

Әуе билетінің бағасын кім қояды?

Ұшақ билетінің негізгі бағасын әуе компаниясы қояды. Ол әр билеттің тарифін белгілейді, орындарды түрлі баға санаттарына бөледі. Сондықтан бір ұшақта отырған жолаушылар билеттерін бір шартқа сай алғанмен әртүрлі ақы төлеген болуы мүмкін.

Әуе компаниясының тарифтері мына факторларға да байланысты болады:

  • жанармайға, ұшаққа техникалық қызмет көрсетуге және экипаж жұмысына кететін шығындар;
  • бағыттың ұзақтығы мен танымалдығы;
  • маусым мен сұраныс;
  • осы бағыттағы бәсекелестік деңгейі;
  • бос орын саны;
  • ұшуға қалған уақыт;
  • билеттің қайтару, ауыстыру және багаж тасу шарттары.

Неліктен ұшақ билетінің бағасы бір күнде бірнеше рет өзгереді?

Ұшақ билеттерінің бағасы динамикаға сай артады не түседі. Арнайы жүйелер сұраныс, бос орын санын, сатып алушылардың белсенділігі мен ұшуға дейін қалған уақытты талдап, соған қарай белгілі бір тариф санаттарын ашып немесе жауып отырады. Сондықтан бір рейстің бағасы күніне бірнеше рет өзгеруі мүмкін.

Мысалы, аз уақыт ішінде билеттерге деген сұраныс күрт артса, ең арзан тарифтер тез сатылып кетеді де, қымбаты қалады, яғни баға өседі. Ал сұраныс ойлағаннан төмен болса, әуе компаниясы арзанырақ тариф санатын қайта ашуы немесе ұшақты толтыру үшін науқан жариялауы мүмкін.

Бағаның өзгеруіне ұшатын күн жақындағаны, бәсекелес әуе компанияларының әрекеті мен валюта бағамының өзгергені де әсер етеді.

«Күйіп кеткелі тұрған» билеттер деген не?

«Күйіп кеткелі тұрған» билеттер деп әдетте ұшуға аз уақыт қалғанда арзандаған билеттерді айтады. Алайда мұндай билеттер тұрақты рейстерге қарағанда турист пакеттері мен чартер рейстерде жиі болады.

Туризм операторы алдын ала ұшақтағы белгілі бір орындар блогын сатып алады не чартер рейс ұйымдастырады. Ұшатын күн таяғанда билеттердің бір бөлігі сатылмай қалса, орындарды бос ұшырғаннан гөрі бағасын төмендетіп сатқан тиімді болады. Сондықтан ең қатты арзандаған билеттер рейс ұшарға бірнеше күн, тіпті бірнеше сағат қалғанда шығуы мүмкін. 

Алайда «күйіп кеткелі тұрған» билеттердің минустары бар. Олардың көбі қайтарылмайды, багаж құны тарифке кірмейді және сапар күнін өзгерте алмайсыз. Оның үстіне, билеттердің бәрі сатылып кетіп, күйіп кеткелі тұрған билет мүлде болмай қалуы да мүмкін. Сондықтан билетті соңғы сәтте аламын десеңіз, аз уақыт ішінде, мысалы, екі сағатта кез келген жерге ұшуға дайын болыңыз. 

Неліктен бір рейстің бағасы әр күнде әртүрлі болады?

Әуе компаниясы билет бағасын рейске деген сұраныс пен оның толылығына қатысты болжамға қарай үнемі қайта есептеп отырады. Сондықтан ұшатын күн өзгермесе де, бір орынның бағасы дүйсенбі мен жұмада әртүрлі болуы мүмкін. 

Әр рейс бірнеше тариф санатына бөлінеді. Ең арзан билеттер санаулы болады. Олар сатылып біткен соң жүйе келесі, қымбатырақ тариф санатын ашады. Ал кейбір жолаушы билетін қайтарса немесе сұраныс ойлағаннан төмен болса, арзанырақ тарифті билеттер қайта шығуы мүмкін.

Билет бағасына турист маусымы мен жолаушылардың алу белсенділігі де әсер етеді. Мереке күндері, мектеп каникулдары мен ірі іс-шаралар қарсаңында билеттер әдетте тезірек қымбаттайды. Іссапар бағыттарында сұраныс көбіне апта басы мен аяғында артса, туризм бағыттарында демалыс күндері мен демалыс маусымындағы танымал күндері жоғары болады.

Билетті қашан сатып алатыныңыз да маңызды. Ұшатын күн жақындаған сайын бос орындар мен арзан тарифтер азая береді.

«Сейсенбіде билет арзан болады» деген сияқты нақты ереже жоқ. Билет бағасы күнге емес, ең алдымен сол сәттегі сұранысқа, қалған бос орындар мен әуе компаниясының табысты басқару жүйесінің шешімдеріне қарай қалыптасады.

Неліктен бір рейстің билет бағасы әртүрлі сайттарда өзгеше болуы мүмкін 

  • Қызмет ақысы. Агенттіктердің кейбірі билет рәсімдеу, төлем қабылдау немесе клиентке қолдау көрсету үшін комиссия, яғни қызмет ақысын алады. Кейде бұл алым бірден көрсетіледі, ал кейде билет ақысын төлер алдында ғана шығады. 
  • Әуе компаниясымен жасасқан келісімшарт. Ірі агенттіктер әуе компаниясымен арнайы келіскесін билет бағасын түсіріп, жеңілдік жариялауы мүмкін. Сондықтан кей агрегатор сайтта билет бағасы әуе компаниясының сайтындағы бағадан төмен болуы мүмкін. 
  • Тарифтердің айырмашылығы. Бір платформадағы билет бағасына тіркелген багаждың құны қосылуы мүмкін, ал екіншісінде тек қолжүк алып жүруге арналған тариф көрсетіледі. Сонымен қатар билет қайтару, ауыстыру және орын таңдау шарттары да әртүрлі болуы ықтимал. 
  • Деректердің жаңару жылдамдығы. Іздеу жүйесі әуе компаниясының жүйесінде өзгеріп кеткен ескі бағаны көрсетуі мүмкін. Таңдаған билетіңізді брондауға көшкенде құны өсіп кетуі мүмкін.
  • Валюта және төлем тәсілі. Баға айырмашылығы валюта бағамына, банк комиссиясына не белгілі бір амалмен төлегенде алынатын қосымша ақыға байланысты болуы мүмкін.
  • Қосымша қызмет. Кейбір сайт броніңізге сақтандыру, рейс туралы хабарлама, орын таңдау мен ақылы қолдау қызметін автоматты түрде қосып жіберуі мүмкін. Алып тастамасаңыз, билеттің бағасы өседі. Кейбір сайтта броньға бірнеше рейс қосқанда ол билеттерді сақтандырусыз ала алмайсыз. Оларды аламын десеңіз, сақтандырудың ақысын төлейсіз. 

Билеттерді салыстырғанда іздеу нәтижесінде көрсетілген бағаға емес, төлем жасар алдындағы соңғы құнына назар аударған дұрыс. Сондай-ақ багаж нормасын, билетті қайтару шарттарын, комиссиялар мен рейс кейінге қалдырылғанда не ұшпайтын болғанда мәселені кім шешетінін алдын ала тексеріп алған жөн.

Freedom Travel-дың ұшақ билетін алғанда үнемдегісі келетіндерге ақыл-кеңесі

  1. 1

    Басқа күндерді де көріңіз. Ұшуыңыз керек күні емес, одан бір күн бұрын не бір күннен кейін ұшсаңыз, билет бағасы айтарлықтай түсуі мүмкін. Жұмыс күндері мен демалыс күндеріндегі, мереке алдындағы және мерекеден кейінгі рейстердің бағасын салыстырған дұрыс. 

  2. 2

    Билетті ертерек алыңыз, бірақ тым ерте алмаңыз. Иә, билетті ертерек алғаныңыз жақсы. Дегенмен билетті бір жыл бұрын сатып алсаңыз, көп үнемдейсіз деген сөз емес. Өйткені әуе компаниясы барлық тариф санатын бірнеше ай қалғанда ғана жариялайды.

  3. 3

    Жақын маңдағы әуежайларды да қарастырыңыз. Кейде Париждің өзіне емес, соған көрші жатқан қалаға ұшып барған әлдеқайда арзанға шығуы мүмкін. Иә, Парижге көлікпен не пойызбен жету үшін де ақша шығарасыз. Бірақ соның өзінде билет бағасы тиімдірек болуы әбден мүмкін.

  4. 4

    Ауысып мінетін рейстерді де қарастырыңыз. Тікелей рейс ыңғайлырақ болғанымен, көбіне-көп қымбатырақ болады. Жолға кететін жалпы уақыт қолайлы болса, бір рет ауысып мініп, билетті арзанға алып көріңіз.

  5. 5

    Тарифтің толық құнын салыстырыңыз. Лоукостер билеті бастапқыда арзан көрінуі мүмкін. Бірақ оған багаж, орын таңдау және тамақтану құны қосылғанда кәдімгі әуе компаниясының бастапқыда қымбат көрінген тарифі тиімдірек болып шығуы ғажап емес.

  6. 6

    Баға төмендегенде хабарлама алып отырыңыз. Бұл функция өзіңізге керек рейстің билетінің бағасы қалай өзгеріп жатқанын бақылауға көмектеседі. Соның арқасында бағаны күніне бірнеше рет өзіңіз тексеріп отырмайсыз. Дегенмен бір рет баға түсті дегенде хабарлама келді екен деп ол баға әлі де түседі деп ойламаңыз. Түсуі де мүмкін, түспеуі де мүмкін. 

  7. 7

    Барып қайтатын билеттерді түрлі жолмен іздеп көріңіз. Көп жағдайда барып қайтатын билетті не екі адамның билетін бірге алған тиімді. Кейде барып қайтатын билетті екі түрлі әуе компаниясынан алған да арзан болуы мүмкін. Бірақ ескере жүріңіз: ұшақ билеттері екі түрлі әуе компаниясынан болса, бірінші рейс кешіккеннің кесірінен екіншісіне үлгере алмай қалсаңыз, оның компаниясы билетіңіздің ақшасын қайтармайды. Алайда оның ақысын рейсі кешіккен компания төлеуге тиіс. Оны сіз сол компанияға шағым жазып талап ете аласыз.

  8. 8

    Ақша үнемдеймін деп ауысып мінетін уақыты аз рейсті таңдамаңыз. Билет қанша жерден арзан болса да, бірінші рейс пен екінші рейстің арасы қанша уақыт екеніне аса мән беріңіз. Ол уақыт қайта тіркелгенде, багажыңызды кері алып, тапсырғанда одан сайын азая түседі.

Freedom Travel сервисі билет аларда оның бағасын ғана емес, жолдың ұзақтығын, багаж нормасын, билетті қайтару шарттары мен байланыстырушы рейстердің тиімділігін көрсетеді.

2

0

Автордың суреті
Любовь Каракулова

автор, қайда бара жатқанын, онда не істейтінін, қалай жететінін жол жүрер алдында анықтап алады

Осы айдардан:

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Турист, қонақ, оқу, жұмыс, іссапар визасы

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Қытайда 30 күннен артық жүремін десеңіз...

Шетелге барамын дегендерге арналған гайд

Шетелге барамын дегендерге арналған гайд

Қалай бірнеше елде заңға сай жұмыс істеуге болады?

Қалай бірнеше елде заңға сай жұмыс істеуге болады?