Әлемнің жеті кереметі
Бәрі біліп жүруі керек сәулет туындылары
Әлемнің жеті кереметі деп аталатын сәулет және өнер мұралары — адамзат тарихының үлкен жетістіктерінің бірі.
Ежелгі авторлар кезінде Ежелгі әлемнің жеті кереметі деген тізім жасап, оған қандай туындылар кіру қажеті туралы үлкен бір дау туғызған еді. Тізімнің түпнұсқасы дәуірімізге дейінгі 225 жылы Филон Византиялықтың жұмысында жарияланған.
Өкінішке қарай, қазір жеті кереметтің біреуі ғана сақталған. Қалғандары табиғи апаттан я адам қолынан қираған. Айтпақшы, кей адам бір керемет мүлдем болмаған дейді.
Гиза пирамидалары, Мысыр


Ұлы пирамидалар Нілдің батыс жағасында орналасқан. Жеті кереметтің арасында сақталған жалғыз керемет.
Гиза үш пирамидалы: Хуфу (Хеопс), Хавра (Хефрена) мен Менкаура (Микеримуса). Әрқайсы дәуірімізге дейінгі 2700–2500 жылдары салынған. Ең үлкені — Хуфу (Хеопс), оның аумағы 13 акрға жетеді әрі екі миллион тас блоктан тұрады. Пирамида 4 мың жыл бойы ең биік үй боп саналған. Одан биігі тек ХІХ ғасырда салынды.
Ғалымдар мысырлықтар симметриялы үлкен ғимараттарды қалай заманауи технологиясыз салған деп әлі күнге дейін дауласып келеді. Кейбірі тастарды тасу үшін сырғанақ пен шана қолданған дейді.
Пирамидалардың ішінде ұры түспесін деп тар дәліздер мен жасырын камералар салынған. Қазіргі археологтар қирандылардың арасынан бірнеше қазына тауып алған еді, бірақ көбін қираған 250 жылдан соң ұры-қарылар бөліп алған.
Семирамида аспалы бағы, Бабыл


Аспалы бақ қазіргі Ирақтағы Ефрат өзенінің жағасында салынған. Аңызға сенсек, бақты салыңдар деп Бабыл патшасы Навуходоносор дәуірімізге дейінгі 600 жылы бұйырған екен. Басқа аңызға сенсек, идеяның авторы Семирамида патшайым болған.
Бақ көпқабатты каскад террасаға ұқсайды, әр қабатында түрлі тал мен гүл өскен. Бір қызығы, бұл бақ болғанына ешқандай археологиялық дәлел қалмаған. Қазу жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Ғалымдардың көбі бақ мүлдем болмаған, жай ғана аңыз-ертегіде болған мекен дейді.
Олимпиядағы Зевс мүсіні, Грекия


Атақты Зевс мүсінін Афин Фидий деген мүсінші салған. Ескерткіш Олимпиада өтетін жерде орналасқан. Кейін дәуірімізге дейінгі V ғасырда қиратылған.
Ежелгі ақындардың жазғанына сенсек, Зевс кеудесі жалаңаш ағаш тақта отырған. Ал аяқ қояр тақтаны екі сфинкс көтеріп тұрған. Ескерткіш алтын жалаған әрі піл сүйегінен жасалған.
Гректің «Әлем кереметінің» биіктігі 40 фут (12 метрдей) болған әрі тіпті ғибадатхананың төбесіне жеткен. Зевс Олимп ғибадатханасында сегіз ғасырдан аса тұрған, бірақ VI ғасырда оны христиандар жауып тастаған. Мүсін Константинопольға көшірілгеннен кейін 462 жылы өртеніп кетті.
Эфестегі Артемида ғибадатханасы, Түркия


Гректің аң құдайы Артемидаға Эфесте (Түркияда) үлкен ғибадатхана салынған.
Артемида ғибадатханасын Крит сәулетшісі Херсифрон мен оның ұлы Метаген жобалаған, ал ежелгі әлемнің әйгілі суретшілері безендірген. Құрылымдардың ішіндегі ең күштісі біздің дәуірімізге дейінгі 550 және 350 жылдары салынған екі мәрмәр ғибадатхана болған.
«Олимптен басқа, күн ешқашан мұндай керемет нәрсеге қарамады» деген Сидон Антипатры Артемида ғибадатханасын көріп.
Ғимарат біздің дәуірімізге дейінгі 356 жылы 21 шілдеде өртеніп кетті. Аңызға сенсек, дәл сол түні Александр Македонский дүниеге келген екен. Ғибадатхананы атым шықсын деп Херострат деген грек азаматы өртеп жіберген. Бірақ оны өлім жазасына кескеннен кейін билік оның атын айтуды заңсыз деп жариялады.
Шамамен алты жылдан кейін билік жаңа Артемида ғибадатханасын сала бастады. Ғимаратты ұзындығы 120 метрден асатын террасаға барар мәрмәр баспалдақтар қоршап тұрған. Ал ішінде 127 18 метрлік мәрмәр бағана мен Артемида мүсіні тұрды. Біздің заманымыздың 262 жылы остготтар ғибадатхананың тас-талқанын шығарып кеткен, ал археологтар оның бағандарының қирандыларын тек 1860 жылдары қазып алды.
Халиқарнастағы табытхана, Түркия


Халиқарнастағы (Галикарнас) табытхана — Түркияның оңтүстік-шығысында орналасқан ежелгі кесене. Оны Артемисия деген патшайым күйеуі Мавсолға арнап салдырған. Ғимарат ақ мәрмәрдан салынған, биіктігі шамамен 40 метр болған.
Табытхана үш қабатты болған, әр қабаты әртүрлі мәдениет стилін бейнелеген: ликиялық, грек және мысырлық. Бірінші қабаты – биік баспалдақты іргетас. Екінші қабаты — 36 бағанды грек стиліне сай салынған бөлме. Ал үстіңгі қабаты – пирамида тәрізді төбе. Оның ең төбесіне мазар мен төрт ат жегілген күйме қойылған.
XIII ғасырда табытхана жер сілкінісінің кесірінен қираған. Кейін оның қалдықтарын жақын жерге қамал салғанда пайдаланылған. 1846 жылы кесененің кейбір бөлігі қазылып, Британ музейіне қойылған.
Родос мүсіні, Грекия


Родос мүсіні — дәуірімізге дейінгі III ғасырда 12 жыл ішінде родиялықтар салған күн құдайы Хелиостың үлкен қола мүсіні. Мүсінде жалаңаш тұрған Күн құдайы бейнеленген. Құдай бір қолымен алауды көтеріп, ал екінші қолында найза ұстап тұрған.
Ескерткішті мүсінші Харес жобалаған. Биіктігі 100 фут мүсін ежелгі әлемдегі ең биік мүсін болған. Құрылыс шамамен б.з.д 280 жылы аяқталып, жер сілкінгенде қирағанға дейін алпыс жыл тұрған. Оны кейін ешкім қалпына келтірмеген.
Жүздеген жыл өткен соң арабтар Родосты басып алып, мүсіннің қалдықтарын сынық ретінде сатқан. Мүсіннің нақты орналасқан жері әлі күнге дейін белгісіз.
Александрия шамшырағы, Мысыр


Александрия шамшырағы Мысырдың Александрия қаласының маңындағы Фарос аралында орналасқан. Шамшырақ кемелер кедергісіз жүзсін деп ІІ Птоломейдің бұйрығынан кейін салынған.
Александрия шамшырағы дәуірімізге дейінгі 285 жылы сәулетші Сострат Книдскийдің басшылығымен салынған. Ғимараттың барлық бағытына қарайтын төрт беті бар үш деңгейі болған. Шамшырақтың биіктігі 120 метрге жеткен. Оған арналған жанармай арбалармен жеткізілген.
Шамшырақ мың жыл тұрды, бірақ 796 жылы қатты жер сілкінісінің салдарынан құлай бастады. Енді Александрия шамшырағынан тек бағандардың қирандылары қалды. Оның орнында қазір тарихи мұражай орналасқан Кайт-бей форты бар.
Жаңа «Әлемнің жеті кереметі»







2007 жылы «Әлемнің жаңа жеті кереметі» қоры «Әлемнің жаңа 7 кереметі» деген байқау өткізді. Тізімге енген ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары арасынан ондаған миллион адам жеті кереметті таңдап алды. Жаңа кереметтер төрт құрлықта орналасқан және оларға жыл сайын мыңдаған турист барады:
- Ұлы Қытай қорғаны (құрылысы дәуірімізге дейінгі 220 жылдан басталып, қазіргі дәуірдің 1644 жылы аяқталған)
- Тәж-Махал, Үндістан (1632–1648 жылдары салынған)
- Петра, Иордания (б. з. д. 4 ғасыр — б. з. 2 ғасырда салынған)
- Римдегі Колизей, Италия (б. з. 72–82 жылдары салынған)
- Құтқарушы Иса мүсіні, Рио-де-Жанейро, Бразилия (1926–1931 жылдары салынған)
- Чичен-Ица, Мексика (V–XIII ғасырлары салынған)
- Мачу-Пикчу, Перу (XV ғасырының ортасында салынған)
