Air Astana ұшақтарына Wi-Fi орната бастады
2027 жылғы 1 ақпанға дейін Airbus A321LR борттарында интернет жолаушылардың бәріне тегін болады
Air Astana Airbus A321LR борттарына жерсерік Wi-Fi орната бастады. Мұндай интернеті бар бірінші рейс 2026 жылғы 29 қазанда Алматыдан Ташкентке ұшқан.
Бұл жобаны Air Astana Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Транспорт министрлігінен қолдау ала отырып әрі SES халықаралық жерсерік байланысы провайдерімен бірге жүзеге асырып отыр.
— Жылдам Wi-Fi жүйесі басқа Airbus A321LR борттарына 2027 жылы біртіндеп орнатылады, — дейді әуе компаниясы.
Wi-Fi-ды кімдер қолдана алады?
2027 жылғы 31 қаңтарға дейін борт интернеті бар ұшақтарына мінетін жолаушылардың бәріне Wi-Fi тегін болады. 1 ақпанда шарттар былай өзгереді:
- Бизнес жолаушылары мен Nomad Club жүйесінің Gold және Diamond деңгейіндегілер интернетті тегін қоса алады;
- Nomad Club-тың кез келген мүшесі мессенджерлерді тегін пайдалана алады;
- Қалған жолаушылар борт интернетін қосымша ақы төлей отырып қолдана алады. Ақылы тарифтер мен олардың бағасы 2027 жылы 1 ақпанда шығады.
